Асабаев Махамбет Қайыпназарұлы

Рейтинг:

Табысты кәсіпкердің «Табыс формуласы»

      Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана – шын мәнінде қымбат табыс, - деген екен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Шындығында да, өзіне лақтырылған кірпіштерден мықты іргетас қалай алатын адамды нағыз табысты адам деп атаймыз. Иә, табыстың кілтін табу үшін өлшеусіз еңбек, қажыр-қайрат, күш-жігер, білім мен білік, мол тәжірибе керек екенін бәріміз білеміз. Яғни, табыстың тетігі кәсіптің көзінде екенін ескерсек, ерінбей еңбек еткен адам ғана жетістіктің жеңісін көріп, үлкен нәтижеге қол жеткізе алады. Бұл – өзіне сенімді, үнемі ізденісте жүретін, сыннан сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алған мақсаты айқын ел азаматтарының тілге тиек етіп отырған «Табыс формуласы». Сондай ел ағасының бірі, халық мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қоя білетін, ел игілігі үшін еңбек ететін, жаңалыққа жаны құмар, бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиеттер тоғысқан, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген табысты кәсіпкер – Асабаев Махамбет Қайыпназарұлы. Өр мінезді, зор қабілетті, ақыл-парасаты мол адамгершілік иесі 1976 жылғы 29 қазанда Түркменстанда дүниеге келген. Асабаевтар отбасы 1989-1990 жылдары Қазақстанға қоныс аударып, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылына көшіп келеді. Махамбеттің балалық шағы сол жерде өтті. Ата-анадан тараған ұлағатты ұл-қыз қазіргі таңда асқар тау әке мен аяулы ананың ізгі жолын жалғап, өздері де отбасын құрып, бала-шаға тәрбиелеп отырған ел азаматтары мен азаматшалары. Сондықтан, ұлт ұлының үш бөрікті мен бір көріктіні өмірге әкеліп, оларды қатардан қалдырмай, өсіріп, оқытып, тәлім-тәрбиенің тал бесігін тербеткен ата-анасына деген құрметі шексіз!
      Өнер-білім бәрі де оқуменен табылған,-дегендей әр еңбектің басы – оқуда, шексіз білімде екенін бала күнінен санасына сіңіріп өскен бала Махамбет 1983 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1993 жылы «жақсы» деген бағаға аяқтайды. Мектеп қабырғасында қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Арман қуып, өзі таңдаған мамандығының майталманы болсам деген ниетте 1994 жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Тамақ өнеркәсібі» факультетіне түсіп, 1999 жылы инженер-механик мамандығын алып шығады. Қиын да, қызықты мамандықты меңгере жүріп, болашақта осы істің кәсіби шебері боларына өзіне нық сенім білдіреді.
      Білімге құштар жас 2000-2003 жылдары Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аспирантурасында білім алады. Ал 2006 CEDIMS ХБА-на қабылданып, 2008 жылы «Академиялық дәреже иегері» атанады. 
      Білім қуған жас кәсіпкер ары қарай қазіргі таңда талай жас түлектің арманына айналған, инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі заманға сай, заманауи-ғылыми инфрақұрылымы бар, ең үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілер шақырылатын, шығармашылық қызметті жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған Назарбаев Университетінде «Шағын және орта бизнестің топ менеджментін оқыту» бойынша білімін жалғастырды.
      «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз», - деп әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай, жинаған теориялық білімін тәжірибе жүзінде жетілдіру үшін 1999 жылы Тараз қаласындағы «Қант» АҚ-да алғашқы қызметтік жолын инженер болып бастайды. Одан әрі 2001-2003 жылдар аралығында Алматы шаһарындағы Ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. 2003 жылы Алматы қаласындағы «КазСПО-N» ЖШС-нің сату бөлімінің директоры қызметіне тағайындалып, 2010 жылға дейін өз ісін адал атқарады. Қызметтік жауапкершілігі бұрынғыдан да еселене түскен Махамбет Асабаев өзі қызмет еткен ұжымның өсіп-өркендеуіне, алға жылжуына бар күш-қуатын жұмсайды. Содан болар ортасына сыйлы, еңбекқор ер араға аз ғана уақыт салып, өз кәсібінің іргетасын қалайды. 2010 жылы «KazComfort» ЖШС құрған ол кәсіптің кілтін тауып, көзін ашып, жеке кәсіпкер дәрежесіне көтеріледі. Осылайша, ерен еңбектің арқасында 2015 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен Алматы облысы, Іле ауданы және Тараз қаласында «KZ-«Қазақстанда жасалған» брендімен жұмыс қолғаптарын шығаратын өндірісті іске қосып, нәтижесінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Отандық өндіруші» статусын иеленді. Көзге іліне бермейтін қарапайым заттардың өзі үлкен табыс әкелетіндігін таңданыспен жеткізген кәсіпкерімізден: «Неліктен жұмыс қолғаптары?»,-деп сұрағанымызда: - Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жұмыс қолғаптарын ешкім өндірмеген еді. Шетелден ала салу оңай болды. Жергілікті нарықты мұқият талдай бастағанда, біз бұған көз жеткіздік. Бұл іс ұсақ-түйек сияқты болып көрінгендіктен, ешкім оны қолға алғысы келмеді. Қолғап тек құрылысшыларға, өнеркәсіптегі және коммуналдық жұмысшыларға ғана емес, кімге болса да қажет қой. Сондықтан, кәсіптің бұл түрі әрі ұтымды, әрі тиімді екеніне көзіміз жетті. Бірақ өкінішке орай, Қазақстанда құрылыс материалдары жасалатын шикізат өндірілмейді. Жіптерді Қытайдан, қолғаптың жұмыс бетіне қолданылатын ПВХ қабатын Ресейден әкелу керек,- дейді. «KazComfort» отандық өнім өндірумен ғана шектелмей, медициналық жабдықтар мен құрылғылар жасау, оларды тасымалдау жұмыстарын да қатар алып келе жатқан әмбебап компания болғандықтан, тұтынушылар тарапынан толассыз сұраныстар да түсіп жатады және оның көңіл қуантары да сөзсіз.
      Еңбек пен табыс тоғысқан жерде атқарылған жұмыс жемісін беріп, еңбек те еленіп жатады. Оған тағы бір дәлел – табысты кәсіпкеріміздің 2017 жылы «Қазақстанның құрметті азаматы» ордені иегері, 2018 жылы «Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының құрметті азаматы» Ордені иегері, 2020 жылы «Лидер Отрасли» Орденінің иегері атануы. 
      «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», - деген қазақпыз. Құтты шаңырақтың тәтті тілегі мен ақ батасын естіп өскен ұрпақ қанаты қатайып қанаттанғанда, өзі өскен ортасының тәлім-тәрбиесін қанжығасына байлап алатыны айдан-анық. Дәл осы ұстанымды берік ұстап, «Ата-Ана» атты ұлы ұстаздарының мектебінен өткен ардақты азамат бала тәрбиесіне де баса назар аударатын ата-ана қатарында. Ол – өз ұл-қыздарының білім нәрімен сусындап келе жатқан алтын ұясы Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан №15 гимназияның ата-анасы, қамқоршылар кеңесінің белсенді мүшесі. Әрі ата-ана, әрі кәсіпкер ретінде мектеп өмірімен, оның тыныс-тіршілігінен хабардар болып отыратын Махамбет Қайыпназарұлы аз қамтылған отбасы мүшесі балаларына, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларына да жүйелі түрде қамқорлық танытып, медициналық мекемелерге де демеушілік көрсетіп тұрады. Бұдан бөлек, жастар үйі, қарттар үйіне де табан тіреп, ондағы көзі мөлдіреген бозбала мен қауқары қайтқан қарияның қал-жағдайын сұрап, қол ұшын тигізіп жүргеніне ел куә. «Жақсылық жасау – нағыз бақыт. Сондықтан, кез-келген қайырымды істерде бой көрсетіп, жабыққан жанға жалау, көңіліне демеу, жүрегіне медеу бола отырып, көмек қолымды созу – адамгершілік міндетім деп білемін»,-дейді кейіпкеріміз. «Жақсылық қылсаң – жасыр, жақсылық көрсең – асыр»,- дегенді тіпті Махамбет мырзаның маңайындағылар да зор мақтанышпен айтып жүреді. Өйткені, жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайтынын жете түсінген жақсылық иесінің осынау ұлы қасиеті – кім-кімге болса да үлгі-өнеге. 
      «Ел игілігі үшін еңбек ету – азаматтық борышым!»,- деп түсіндірген тектілік иесі 2021 жылдың сәуір айында «Nur Otan» партиясы Алматы қаласы, Алмалы аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының (ПБК) төраға орынбасары болып тағайындалды. Қазіргі уақытта партия құрамындағы ел азаматтарымен бірге түрлі шаралардың басы-қасында жүріп, игі істер де атқарып келеді. 2020 жылдың күзінде өткен «Nur Otan» партиясының «Праймериз» партияішілік іріктеу науқанына да қатысып, Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаевтың және «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің «ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлау кезінде танытқан белсенділігі үшін» алғыс хатымен марапатталды. Қос қызметтің тізгінін қатар ұстап жүрген осындай білікті азамат үшін еңбегінің еленіп, алғыс-құрметке бөленіп жүруінен асқан бақыт бар ма дерсің?
      Ел алдында жүрген ел ағасы түзде темір тәртіп иесі болса, үйде асыл жар, қамқор әке, бауырға бауырмал, жақынға жанашыр, көпшіліктің кең жүрек иесі. Екі ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған отағасы отанасымен бірге отбасының ұйытқысы болып, алған ақылын, көрген-білгенін бар баласының бойына дарытып келеді. 
      «Биік таудың басында ештеңе өспейді, бірақ төбесіне шықса, көп нәрсені көруге болатын секілді, күнделікті тынымсыз тіршілік көзге көрінбеуі мүмкін, алайда тегеурінді талап пен ұлы ізденістің нәтижесінде бағындырған биіктік ұлы өзгерістерді өмірге әкелетіні ақиқат. Сондықтан да кәсіби білік пен жауапкершілік – межеге жетудің кепілі екенін ескеріп, табысқа жетудің жеті қағидасын ұсынғым келеді. Бұл – мені жетістікке жетелеген «Табыс формуласы»,- дейді табысты кәсіпкер. 
      Ең алдымен, өз ісіңізге ғашық болыңыз. Сонда ғана алға қойған мақсатыңызға тез жетесіз. 
      Екінші, кітап оқып, білімді арттырып отыру керек. Өйткені, білім – баға жетпес байлық.
      Үшінші, жаңалық көріп, жаңашылдыққа ұмтылуды әдетке айналдырыңыз. Себебі, бәсекеге қабілеттілік – заман талабы.
      Төртінші, жаңа орта, жағымды атмосфера қалыптастырып жүріңіз. Әлеміңіз өзгереді.
      Бесінші, мықты дипломат болыңыз. Себебі, кез-келген жұмыстың өнуі қол астыңдағы қызметкерлер мен әріптестеріңізге деген қарым-қатынасыңызға, оларға көрсетіп отыратын бағыт-бағдарыңызға тікелей байланысты. Бірлік болмай – тірлік болмайды.
      Алтыншы, жақсылық жасаудан жалықпаңыз! Әр әрекетте бір берекет бар.
      Жетінші, салауатты өмір салтын ұстаныңыз! Әр істе сенімді, әрі сергек болу үшін де, кез келген кедергіні аттап өту үшін де, алға қойған мақсатқа жету үшін де, табыстың кілтін табу үшін де ең бастысы – деннің саулығы, жанның саулығы керек екенін естен шығармаңыз! Бұл – өте маңызды!
      «Танымның үш жолы бар: ең оңайы – еліктеу, ең ащысы – тәжірибе, ең мәртебелісі – ойлау», - деген Конфуций ілімін негізге алатын болсақ, бүгінгі біз танытқан тұлға ел баласы еліктеп өсетін, тәжірибесін тұмар етіп тағатын, озық ойын өзіне азық етіп алатын, саналы да, өскелең ұрпақ үшін мықты Мотиватор бола білді. Еңбегіңіз еселене берсін, Ел Ағасы!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...