Бүкіров Төлеген

Рейтинг:

ҒЫЛЫМДА СҮРЛЕУ ЖОЛ САЛҒАН ТӨЛЕГЕН АҒА 
  
      Жаратушымыз адамзат пен табиғатты бірге жаратқан. Қойнауы қазынаға толы өңірдің құмы – күміс, тасы – алтын. Бұл да – «Алласы» аузынан түспеген қазаққа берілген Тәңірдің теңдессіз сыйы. Әңгімеміздің желісі дарқан даланың төсін емген халықтың кен байлығын осмий және рениймен арттырып, қазақ ғылымына өзгеше бір леп әкеліп, сүрлеу жол қалдырған ел ағасы, Жезқазған сирек металл өндірісінің өркендеуіне үлес қосқан ғалым, «Қазақтың Кетбұғасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ІІ және III дәрежелі  «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен марапатталған металлург, 14 патенттің, 57 ғылыми еңбектің авторы Бүкіров Төлеген Нұрмағамбетұлы  жайлы болмақ. 
      – Төлеген аға, тағдырдың желіне кеудесін тосқан әкеңіз бен түзде атқа қонған баласының тілеуін үйінде отырып тілеген анаңыз туралы айтып берсеңіз? Сіздей азаматты дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсірген, алтыннан да қымбатты ардақтыларыңыз қай өңірдің тумалары, қандай қызметте болды?
      – Менің әкем – Нұрмағамбет Әбубәкір баласы. Әбубәкір атам мал сойып жатқанда, бір саусағын пышақ кесіп кетіп, саусағы майып болып, бүкірленіп қалған екен. Содан жеңгелері «Бүкір» деп лақап есім тағып, кейін солай аталып кеткен. Қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған дәуірде босаға аттаған келіндер қайын жұртының есімдерін тіке айтпаған ғой. Міне, сол себептен «Бүкір» аталып, тегім де «Бүкіров» болып кеткен. 
       Әкем Нұрмағамбет 1909 жылы қазіргі Жезқазған қаласының маңында, Кеңгір өзенінің жағасында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ер жеткен соң, қазіргі Жезқазған қаласынан 30 шақырым жердегі Рудникте кен өндіретін шахтада, сол жердегі бір туысының үйінде жатып жұмыс істеген.
      «Ашаршылық» деп енші алған сол бір ашқұрсақ жылдар қаншама шаңырақтың отын сөндіріп,тайғанақ тағдырында қаншама жанды сүріндірді?! Одан бөлек «халық жауы» деп қолдан дұшпан жасап, ел арасындағы көкірегі ояу, көзі ашық адамдарды жазықсыздан-жазықсыз атып жіберген сол бір нәубетті жылдар әлі күнге дейін ұмытылмай, жүрекке түскен қара дақ болып келеді. Қабағынан қар жауған сол бір жылдары Түркістан, Шымкент секілді оңтүстік өңірлерге көшіп кеткен туысқандарының балаларын Жезқазғанға қайта көшіріп әкеліп, тұрмысына көмектескен. Әр жақта жүргеннің тіршілігінде береке бола ма, қудалаудан қажыған ағайын төрт көзі түгелденген соң, еңсе тіктеп, ел қатарына енеді. Аңдыған жау аяқ тартып қалсын ба, «шаш ал десе, бас алған» сол кездегі құрылымның жандайшаптары, тіршілік арбасы енді орнынан қозғалған жандардың ізіне қайта түседі. «Аша тұяқ қалмасын» деп, қалың тоны барды «бай» деп қара тізімге ендіріп, жер аударып жіберген, қызыл жағалылардың «барып кел, шауып келдері» тағы да асыра сілтеп, береке құсы шаңырағына енді қонақтаған әулетке тісін батырды. «Ләпбай, тақсырды» өздеріне абырой еткендер «халық жауымен байланысып жатыр» деп, шахтада қарапайым жұмысшы болып жүрген 25 жасар әкемді тұтқындап алып кеткен. Қызылды көзі шалған тұйғын тежеліп қалған ба, сол кездегі заңның №57 бабымен әкемді 10 жылға соттап, Сібірге айдатып жібереді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген, аязы бетті қарыған суық Сібірде 10 жылын өткізіп, соғыс аяқталған тұста, әкем аман-есен елге оралады. Әкем келген соң, ауылдағы жылу-электр орталығында слесарь болып еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Ғұмыры еңбекпен өткен адамның қолы алдына сыя ма?! Зейнетке шықтым деп қарап отырмай, 10 шақты қой-ешкіміз бен 2-3 сиырымыз бар еді, соған бас-көз болып, көктемнен күз айларына дейін қаламызға іргелес «Жетіқоңыр» совхозында шопан көмекшісі,  әртүрлі жұмыстар атқаратын. Әкем Нұрмағамбет мінезі ауыр, көп сөйлемейтін, тапсырылған жұмысын тиянақты орындайтын, туған-туыс арасында абыройы биік, елге сыйлы азамат болатын. 1976 жылы өмірден өтті. Әкемді Жезқазғанға апарып жерледік.
      Анам Жанымкүл – өңірге белгілі ел ағасы атанған Көпейдің қызы. Анамның да шыққан жері – Жезқазған өңірі. Он баланы дүниеге әкелген аяулы жан – алтын құрсақты Батыр Ана. Екеуі сәби кезінде шетінеп кеткен, қалған сегізіміз – бір-бір үйдің беткеұстар азаматы, бір-бір шаңырақтың отағасымыз. Әкем қайтқанда, мен Алматы институтында 1-курс студентімін. Содан менің «оқуым әрі қарай жалғаса ма, жалғаспай ма» деген оймен жүргенде, анам: «Біз аштан өлмейміз, оқуыңды жалғастыр», – деген еді, жарықтық. Анам – бала тәрбиесімен үй шаруашылығында болған жан. Тек әкем зейнеткерлікке шыққаннан кейін, совхозда жалданып шөп шауып, малшыларға көмекші және басқадай жұмыстар атқарғанда, анам аспаз, сауыншы болып еңбек етті. Анам Жанымкүл көркіне ақылы сай, көп сөйлемейтін, ал айтса, әділдігін сыпайы сөздермен жеткізетін тамаша қасиеті болатын, сондықтан болар ол кісіні білетіндер «Ел анасы» дейтін. Тұрмыс ауыртпашылығын көтерумен өткен абзал анамыз Жанымкүл 2016 жылдың күзінде 80-нен асып, дүние салды.
       – Өзіңіздің туып-өскен жеріңіз туралы айта отырсаңыз. Білім алған ортаңыз, алғашқы еңбек жолыңыз туралы әңгімелесеңіз.
       – Мен 1952 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келдім. Жоқшылықтың иті балақтан үріп қапса да, балдан тәтті балалығым Жезқазғанда өтті. Сол кездегі қаладағы жалғыз қазақ мектебі №8 орта мектепте білім алып, бітіргеннен соң, азаматтық борышымды орындауға әскерге аттандым. «Армия – өмір мектебі» деп бекер айтылмаған, қабырғамды қатайтып, белімді бекем буды. Бөтен жер, бөлек ортада туа бітті мінезім ұшталып, өмірге деген көзқарасым мен ұстанымым қалыптасып, өз мүмкіндігімді өлшей алатын жігіт болып оралдым Қиыр Шығыстан. Елге келген соң, 1973 жылы Жезқазған мыс заводының балқыту цехында пештер мен газ жүретін құбырларды тазалаушы болып жұмысқа орналастым. Сол жерде екі жылдай жұмыс жасадым да, 1975 жылы комбинаттың жолдамасымен Алматыға барып, Қазақ политехникалық институтының «металлургия» факультетіне оқуға түстім. Аталмыш оқу орнын жақсы бағаға аяқтап, 1980 жылы туған жерім Жезқазғаныма оралып, металлургия цехына балқытушы болып орналастым. Одан әрі қызмет сатысында жоғары өрлеп, ауысым шебері, аға шебер, учаске бастығы, цех бастығы, мыс зауытының директорының орынбасарлығына дейін көтерілдім. Жеңістің кілті қашанда еңбектің қатпарларына жасырынған. Тазалаушы болып басталған еңбек жолымда кездескен қиындықтар да аз болған жоқ. Бірақ, бітірген ісіңді көріп, ел қошеметіне бөленгенде, шаршағаның ұмытылып кетеді екен. 
       1986-1990 жылдары аралығында комбинат (ДГМК) кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары, Жезқазған мыс заводы партия комитетінің хатшысы қызметін атқардым. Менің ұсынысыммен әрі комбинат басшыларының қолдауымен Алматыдағы маусымдық кестемен жұмыс істейтін (жазғы 3 ай) «Джезказганец» пионер лагері жыл бойы балалар емделіп, демалатын және сол жерде оқуын жалғастыратын дәрежеге жеткізілді. Республикалық деңгейде тәжірибе ретінде қалалық кеңес жанынан құрылған «Экономика, қаржы және экология мәселелері» жөнінде тұрақты комиссияның төрағасы болып сайландым. Иыққа түскен ауыр жүкті сезіне білген адамға бұл да – үлкен жауапкершілік. Бірақ, ғұмыры ұзақ бола қоймаған аталмыш комиссия республика бойынша таратылғаннан кейін, еңсесін енді ғана тіктеп, жар жағалаған баладай тәлтіректеп, тәй-тәй басқан сирек металдар цехына келдім. Басқа кен орындарында кездесе бермейтін, Жезқазған кен тастары құрамының айрықша екенін танытатын осмий мен рений осы цехта алынады. 1976 жылы ашылған осы цехты 1991 жылы қабылдап алдым. Осы цех мені танымал ғалым С.Калининмен таныстырып, «техника ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми атаққа жеткізді. Осы цехта жүргенде «Осмий-187» таза металын алдым. Аталмыш цехтың негізінде «Жезқазғансирекмет» мемлекеттік кәсіпорыны құрылды да, 1995 жылы атқарушы директор, одан соң бас директор болып тағайындалып, азуын айға білегендер тиянақ таба қоймаған кәсіпорынды алты жыл басқардым.
       Ел экономикасының тізесі дірілдеп, қайсыбір кәсіпорындардың халі мүшкілдене бастаған тұста бұл кәсіпорынды да дағдарыстың дауылы айналып өткен жоқ. Бірақ, тығырықтан шығудың өзіндік бір жолын тауып, қиындықтан шыға білдік. Тоқырау жылдарының бораны ұйытқып соқса да, сирек металл қара шаңырағының керегесін қозғалтпай ұстап қалдық. Сол кездегі ешкімге қарызы жоқ, керісінше, мемлекет қоржынына табыс салған республикадағы бірден-бір кәсіпорын «Жезқазғансирекмет» болатын. 1997 жылы таза рений металының алынуы – біздің ең үлкен жетістігіміздің бірі. Бұрын 60-65 млн доллар табыс әкелетін кәсіпорынның рений мен осмий өндіргеннен бергі табысы еселеп өсті. Бұл – менің сәтті қорғап шыққан кандидаттық диссертациямның жемісі еді.
       1990-1992 жылдар аралығында қоғамдық негізде Жезқазған қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайланып, тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында атқарылар жұмысты бастап кеттік. Алғашында аяққа түскен шылбыр адымымызды аштырмаса да, жұмыла көтергесін жүгіміз жеңілдеді. Көмек қолын сұрағанымызда Жезқазғанның марқасқа азаматтары да аянып қалған жоқ. Соның нәтижесінде ана тілімізді жаңа бір деңгейге көтеріп тастадық.
       – Ер азамат қашанда жарымен көрікті. Ел ырысын жер қойнауынан іздеп, жалқының емес, жалпының пешін жағып, мыс балқытып, рений мен осмий металдарын өндіріп, өмір аламанында ұлттық дәстүрдің жабуы жабылған сәйгүлікті жиі тақымдаған ел ағасының өмірлік жолдасы қандай кісі? Атаның емес, адамның баласы бола білген сіздің ұрпақ жалғастығы болған балаларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
       – Жұбайым Ақмарал – негізінен осы өлкенің тумасы. Алайда елді есеңгіретіп жіберген ашаршылық жылдары әкелері Ташкенттің іргесіндегі Шыршық қаласына көшіп кеткен. «Балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан» сол жылдар «Ақтабан шұбырындылап, Алқакөлге сұлаған» нәубетті жылдардан кем емес еді. Сол жақта дүниеге келіп, 1967 жылы қайтадан Қазақстанға көшіп келген. 1967 жылы 7-класта біздің сыныпқа келіп, бірге оқыдық. Несін жасырайын алғаш келгенде-ақ көзім түсті (күліп). «Ең алғашқы махаббат, басталады партадан» деген өлең жолдары бар емес пе, осы өлеңді жақсы көремін. Екеуміз бір партада қатар отырдық та, содан бері қол ұстасып келеміз. Жұбайым Ақмарал – Алматы медициналық институтын бітірген дәрігер-терапевт. 1977 жылы отау құрып, жұбайым үш рет бесік тербетті. Тұңғышымыз Сәбит – кәсіпкер, Алматыда тұрады, 4 немерем бар. Биыл келінім екеуі қажылық парызын өтеп келді. Сәбит Алматыдағы Халық шаруашылығы университетінің «экономист» мамандығы бойынша бітірсе, келінім – заңгер. Екінші ұлым Әсет екі институт бітіріп, бизнеспен айналысты. Жарық жұлдыздың ерте құлайтынын ол кезде біліп пе ек?! Кәсіппен жақсы айналысып, Ақтауға көшіп, шаруашылығын тәп-тәуір жолға қойып еді. Өкінішке орай 2012 жылдың 28 маусымында кенеттен қаза болды. Екінші келінім мен немерем бүгінде Астанада тұрады. Өмірден ерте кетерін сезді ме, ботақаным, Алланың бар екендігін, барлық әлемді жаратушы екенін, Мұхаммед (с.ғ.с) оның пайғамбары екенін мойындап құлшылық қылатын еді. Барша мұсылман секілді арманы қажылыққа бару болатын. Өзі бергенін өзі алып, Алла оны нәсіп етпеді. Баламның сол арманы менің көкейімде жүретін. Ниет етіп, балам үшін аманат қажылыққа барып келдім. Топырағы торқа, иманы жолдас болсын дейміз, Тәңірдің жазғанына шара бар ма, одан басқа қолдан не келеді. Кіші ұлым Едіге – қазақ-түрік лицейін бітіріп, бүгінде Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 4-курс студенті.
       – Ұшса, қыранның қанаты талатын қазақ даласының қойнауы табиғи байлықтарға толы. Тереңін қазсаң, қара алтыны атқылап, топырағын суырсаң, алтыны жарқырап, тасын аударсаң, жезі көрінген осынау өлкеде Менделеев кестесіндегі элементтің барлығы бар. Қаншасы халық игілігіне жаратылып, қаншасы көзін ашар күнді күтіп жатыр. Сөз арасында 1995 жылы «Осмий-187», 1997 жылы таза рений металы алынды деп айтып өттіңіз. Сол кезге дейін таңсық болып келген металдар туралы айта отырсаңыз.
       – Алдымен осмий мен ренийдің не екенін, қандай металл екенін екшелеп алайық. Рений (Rhenivm) Re – Менделеев таблицасындағы элементтердің периодтық жүйесінің VII тобындағы химиялық элемент. Атомдық нөмірі 75, атомдық массасы 186,207, ақшыл сұр түсті, иілгіш металл. Ренийдің табиғатта бар екендігін 1871 жылы Д.И.Менделеев болжаса, 1925 жылы колумбит минералын зерттеу кезінде ағайынды неміс ғалымдары және Ида мен Вальтер Ноддоктар мен О.Берг ашты. Рений атауы Германиядағы Рейн өзенінің латынша (Rhenus) аталуынан шыққан. Табиғатта молибденитпен бірге кездеседі. Қазақстан ғалымдары ренийдің жалғыз минералын (Re3Mo3Pb4S16) ашып, оны «Жезқазғанит» деп атады. Ренийдің вольфраммен қорытпасы электр шамы мен электр вакуумдық аспаптардың қыздырғыш сымдарын, баяу балқитын қорытпасы ұшақ пен зымыран тетіктерін жасауда және катализатор ретінде қолданылады. Нарықтағы бағасы сапасына байланысты 1кг 2000 доллардан 10 000 долларға дейін тұрады. Біздің елде өндірілетіні, әсіресе, мен ұсынған жолмен өндірілетіні – 99,9% таза рений. Ал, енді, қаншалықты құнды екенін ойлай беріңіз...
      Осмийге келетін болсақ, элементтердің периодтық жүйесінің VIII тобындағы химиялық элемент. Атомдық нөмірі 76, атомдық массасы 190,2 болып келетін элемент платина металдар санатына жататын, күлгін түсті металл. Қазақтың геологы Қаныш Сәтпаев үстіңгі шаңын сүртіп кеткен сирек металдар өндірісінде біз көп жаңалықтар енгіздік. 1998 жылы «Құрамында рений бар аммиакты сульфатты ерітіндіден осмий алудың технологиясын жасау» деген тақырыпта Алматыда кандидаттық диссертация қорғадым. Ғылыми институттың ғалымдарымен бірлесе жұмыс істей отырып, «электродиализ қондырғысын» игеріп, өндіріс қалдығынан ренийдің тұзын ғана емес, рений қышқылын алатын ерекше бір жолын таптық. Ол кезде біздің елімізде игеріп кететіндей технология болмады да, бұны сертификатпен шет елге саттық. Біздің еңбегімізге шетелдіктердің қызығушылығы жоғары болды. Сұраныс көп. Конспектілер, ғылыми еңбектер жазып, ғылыммен етене араласқан кезім еді бұл. 1997 жылы таза рений металын алып, айды аспанға бір-ақ шығардық. Бұл да – менің көп жылғы ғылыми жұмысымның жарқын жемісі.
       Біздің Жезқазғанда шақпақ мыстың тазалығы 4/9 (99,9) пайыз болды. Біз соны 6/9-ға жеткізудің жолын тауып, ренийді таза металл ретінде алдық. Жаңа ғасыр – қалдықсыз ғасыр. Мыс өндірісі қалдықтарынан свинцовый сурик, қазақшасы «жосаны» айырып, қолданысқа енгіздік. Оны көбінесе теплоходтардың астын сырлауға т.б. өндірістерде қолданады. Ренийдің өзін ғана емес, іске жарайтын, өндіріске керекті заттарды алуды көздедік. Осы өндіріске қатысты барлық салалық мамандарын жұмылдырдық. Алматы металлургия институты, Геология институты, Қарағанды химия - металлургия институты мамандарымен бірлесе отырып, жұмыс жасадық. Еткен еңбегіміз далаға кеткен жоқ, өндірілетін өнім көлемін еселеп қана қоймай, қазақ жері үшін, қазақ ғылымына үлкен жаңалықтар енгізіп, шетел ғалымдары қызығушылық танытқан жетістіктерге жеттік.
       Сирек металдар цехы негізінен іске 1976 жылы қосылды. Цехтың негізгі өнімі – перренат аммония (ренийдің тұзы). Мыс концентратын электропештерде балқытқанда және конвертерлерде қара мыс алу кезеңдерінде пайда болған технологиялық газдар құрамында рений мен осмий металдары толығымен бөлініп шығады. Технологиялық газдарды тазалау процессінде пайда болатын жуылған күкірт қышқыл құрамына аталған екі металл толығымен өтеді. Сирек металдар цехының шикізаты – осы жуылған күкірт қышқылы. Бекітілген жоспар бойынша, мыс концентратынан өндірілген перренат аммониядағы ренийдің өнімділігі (извлечение) 45% болып бекітілген. Ертеректе осы негізгі көрсеткіштің орындалуы қиын болатын. Жұмысшы бола жүріп, қыр-сырын үйренген тәжірибем мол болғасын, өнім өндірудің жолдарын іздеп табу мақсатында ғылыми жұмыспен айналыстым. Өндірістік тәжірибе мен ғылыми жетістіктерді пайдалану арқылы үлкен табысқа қол жеткіздік. Алынатын перренат аммонийдің көлемі біртіндеп өсе бастады. 2001 жылы наурыз-сәуір айларында ренийдің өнімділігін 45% -дан 67%- ға жеткіздік. Бұл үлкен өндірістік жетістік болатын.
       1995 жылы басшылық жасаған мекемеден 2001 жылы босадым. 1997-98 жылдар өте ауыр болды. Тоқыраудың қиыншылығы аяққа оратылып, енді ғана қадам басқан сирек металдар цехының адымын аштырмады. Ғасырлар тоғысында соққан жоқшылықтың өткір желі одан әрі үдей түсіп, таршылықтан тірсегін-тірсегіне соққан қара халықтың тіршілігінен береке кеткен кез еді. 4-5 ай қатарына жұмысшыларға еңбекақыларын бере алмай, цехтың өзі де қалтадағы соңғы құртын малта қылып, талғажау етті. Әсіресе, көп балалы отбасыларға өте қиын болды. «Сәл шыда, бұл да өте шығатын өтпелі кезең. Келесі айдан бастап, толық жалақыларыңды аласыңдар», – деп бір күдік пен бір үміт арпалыс үстінде айтқан жұбаныш сөзімді, тауым шағылып амалым таусылғанда, өзіме тірек ететінмін. Үмітпен таң атырып, үмітпен кешті батырған қазақ емеспіз бе, бұлттан кейінгі шыққан күн самарқау көңілді серпілтіп, үскіріктен тоңған тіршілік гүлін нәрлендіріп жіберді. 1998 жылдан бастап, өнімнің көлемі көбейіп, «жауыннан кейінгі өрбіген жауынқұрттай» ренийге деген сұраныс артты. Сол кездегі жанарымдағы қуаныштың жасы ерекше ып-ыстық еді. Жағдайымыз түзеліп, бүкіл қарыздан құтылдық. 1999-2000 жылдары өндірісте жұмыс жасайтын 20-дан аса жұмысшыға мекеменің есебінен пәтер сатып алып бердім. Өндірісте қозғалыс болғасын жалақы да көтерілді. Қуарған жүздерге қан жүгіріп, түйілген қабақтар жазылып, кеберсіген еріндер дымқылданып, езулерге күлкі үйірілді. Сол кездегі «Қазақмыстың» орташа айлығынан «Жезқазған сирек металдар» мекемесінің жұмысшыларының айлығы 2 есе артық болды.
       Өндіріс көші енді ғана екпін алған кезде тағы да «Атлант мұхитының гольфстриумы» соғып өтті. 2001 жылы Үкіметтің шешімімен «Жезқазғансирекмет» кәсіпорнын басқа бір зерттеу орталығына қосты да, комиссия келіп, соңғы шегесіне дейін қабылдап алды. Дайын актіге қол қойдым да, өз еркіммен өтініш жазып, жұмыстан шықтым. Өндіріс жұмысшылары кеткенімді қаламай, қайта шақырса да: «Рақмет, менің қазіргі күні денсаулығым да жарамайды», – деп ұжымдастарыммен қоштастым.
       Бірақ жұмыссыз көп жүргенім жоқ, талай жыл еңбегім сіңген «Қазақмыс» корпорациясы жұмысқа шақырып, сапа бойынша директоры болып тағайындалдым. 2001-2016 жылдар аралығында «Қазақмыс» корпорациясының бас металлургі, бөлім бастығы, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары, жобалау тобында инженер-металлург болып істеп, 2016 жылы зейнеткерлікке шықтым. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Қарағандыда, Балқашта, Сәтпаевта филиалымыз бар. Офисіміз бар, сол жердегі ардагерлермен жұмыс жасаймыз.
       – Кезінде Екібастұздың үстінен өткен жолаушының тұз деп салғаны – көмір, тас деп салғаны – алтын болып шыққан қазақтың дарқан даласы қазба байлықтарға кенде емес. Қойнауы қазынаға бай Қазақстанды әлем мойындады. Десек те, әлі талай кезегін күтіп, тас бүркеніп жатқан беймәлім дүние жетерлік. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, тұңғыш геологы Қаныш Сәтпаев атамыздың ізін басқандар да жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі өзіңіз. Осмий мен рений металын зерттеуге не түрткі болды?
       – Сонау 1991 жылы сирек металл цехының басшысымын. Аңызақ желі жүзді қақтаған күздің соңғы айларының бірінде Алматыдан ғалымдар келді. Ғалымдардың ішінде 83 жастағы академик Сергей Калинин деген кісі болды. Екеуміз танысып, әңгімелесіп, біраз сұхбаттастық. Сол кісінің мына бір сөзі маған қанат бітіргендей болды. «Кезінде мен Қаныш Сәтпаев және оның жұбайы Таисия Сәтпаевамен бірге сирек металды зерттеп, Қарсақбай кен орнында түрлі зерттеулер жүргіздік. 1960 жылдарға дейін рений өндіріске керек болмады. Бірақ, болашағы – бар металл. Алдағы уақытта нағыз өндіріске керек металл. Дүние жүзіндегі ренийдің 30%-ы Жезқазған мыс кенішінде кездеседі. Осмийдің 25 изотопы белгілі, оның 7 изотопы жиі кездеседі, ал оның 187 изотопы әлемде тек қана Жезқазған мыс кенішінде кездеседі. Оның құндылығы сонда», – деп, маған осмийдің қалдығын жинай беруді аманаттап кеткен еді. Шынымен де, кейін қарап отырсам, металдың ең қымбаты осмий екен. Өндірісте қолданыс  болмағаннан кейін бе, оны зерттеуге ешкімнің құлқы болмады. Бірақ, ғалымның жаңағы бір сөзінен кейін зерттеушілердің көздерінен тыс қалған осы бір элементке деген қызығушылығым арта түсті. «Қанша күш салғанымызбен еңбекті ақтай ала ма?» деген сұрақ та көкейде қойылмай қалған жоқ. Сонымен не де болса, таным пердесін түре қоймаған таңсық металды зерттеуге тәуекелді белдік қылып байлап, білек сыбана кірісіп кеттім. Геология институтымен, артынан металлургия институтымен бірлесе отырып, 1991 жылы келісім-шартқа қол қойдық. Қай нәрсенің де ең қиыны – бастау. Сирек металл цехында мыс өндірісінің қалдықтарынан 15 мамыр 1995 жылы таза осмий металын алдық. Бұл күн – Жезқазған осмийінің туған күні. Цехтың көзі ашық, білікті, қабілетті жұмыскерлері мен инженер-техник қызметкерлерін ай сайын оқытып, Алматыдағы металлургия және кен байыту институтының лабораторияларында құрамында осмий бар шикізаттан таза осмий металын алу технологияларын меңгердік. Сол кездері жасы 80-нен асқан академик Пономарева Елизавета Ивановна деген ғалым апай: «Мен осы жасқа келгенше, институтқа келіп, қызметкерлеріне практиканы үйретіп жатқан басшыны бірінші рет көріп тұрмын», – деп менің жасап жатқаным құптарлық іс екенін айтатын. Өкінішке орай не суретке түспеппіз, не бейнежазбаға жазып қалдырмаппыз. «Металл алдық» деп, қолымызды шапалақтап жүре беріппіз.1995 жылы осмий металын алған күннен кейін араға бір күн салып жолдасым Ақмарал дүниеге ұл бала әкелді. Бұл қуанышты естіген әріптестерім: «Балаңның есімін осмийдің құрметіне «Осмийбек болмаса, Осмийбай қой»деп әзілдеп жатты (күліп). Кенже баламның есімін туған інім Бөлеген «Едігедей ер болсын!» деген ниетпен, Едіге деп қойды.
       – Қауырсын қаламынан шабыттың желі ескен ақын мен жазушы өмірге сұлудың қоса өрілген қос бұрымындай екі мақсатпен келеді. Біріншісі – өзінен бұрын айтпағанды айту болса, екіншісі  – өзгеге ұқсамай өзінше айту. Сіз де  – рений мен осмийдің жарыққа шығуына өз үлесін қосқан жансыз. Өзгелер салған ізбен жүрмей, қалдық ретінде тасталатын мыс өндірісінің қалдығынан алынатын сирек металдарды алу жолының тың жолдарын таптыңыз. Патенттелген өнімдеріңіз туралы білсек?
       – Менің патенттелген 14 ғылыми жұмысым бар. Атап айтар болсақ, «Мыс өндірісі өнеркәсіп өнімдерінен рений айыру әдісі», «Су ерітінділерінен рений айыру тәсілі», «Осмий және органикалық рений шөгіндісін өңдеу тәсілі», «Сирек элементті материалды күйдіру тәсілі және тәсілді жүзеге асыруға арналған пеш», «Пирометаллургия процесінде шашырандылығы жоғары өнімдерден рений айыру тәсілі», «Осмий ерітіндіні ұқсату тәсілі», «Органикалық кезеңнен сирек кездесетін металдар айыру тәсілі», «Қорғасын – Осмий – Рений жартылай өнімдерді өңдеу тәсілі», «Қалдық ерітіндіден рений айыру тәсілі», «Жуынды күкірт қышқылынан экстрациямен осмий және рений айыру тәсілі», «Органикалық ағзадан осмий мен рений айыру тәсілі», «Осмий, ренийлі ерітінділерді қайта өңдеу тәсілі», «Жуылған күкірт қышқылынан осмий айыру тәсілі, күкірт қышқылы жуылған ерітінділердің қайта өңдеу тәсілі», «Аминді сығындыдан рений айыру тәсілі». Шетелдік, ресейлік ғылыми журналдарда 50-ден аса ғылыми мақалаларым жарық көрді. 2001 жылы Жезқазған сирек металдар цехынан жұмыстан кеткен соң, ғылыммен айналысқан емеспін. Докторлық диссертациям дайын болатын. Бірақ, аяқсыз қалды.
       Әйеліме әзілдеп айтып отырамын:«Ертең мен түйе қарап кетсем, менің патенттерім сатылады. Сол кезде мені өзгелер іздей бастайды», – деп. Қазіргі таңда ғылыми жұмыстарым тек қағаз жүзінде, сатылмай жеке мұрағатымда шаң басып жатыр. Бүгінде осмийдің нақты қай жерде қолданатынын білмеймін. Кезінде Америкада осмийдің 187 изотопының  1 граммын 120 000,0 долларға бағалағанынан хабардар болатынбыз. Олардың (78 пайызы ғана осмий болса, ал біздікі табиғи 99,9 пайыз). Мен 3 рет Германияның зерттеу институтына осмийді алып барып, сараптама жасатқыздым. Үшеуінде де сараптамадан таза өнім бекітіліп берілген болатын. Жұмыс істеп жүргенімде Қытайға осмийдің 0,5гр (жарты грамын) ресми түрде 15 000,0 долларға саттық.
       – «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген, алтын басты ғалым болғандығыңнан не пайда, артыңда ізбасарларың болмаған соң. Қазақ сирек металының көгіне күн болып шыққан сіздің ізіңізді басып жолыңызды қуған қанша шәкірттеріңіз бар?
       – Зәуре Төлегенқызы Абдрахманова, Абайдилдинов Мұхамбетқали Сапабекұлы, Ногербеков Сабыржан деген ізбасарларым бар. Үшеуі де сирек металға маңдайының тері тамып, аталған салада жұмыс жасап жүргенде-ақ, ғылыммен айналысып, конспектісін жазып, кандидаттық диссертациясын қорғады. Бүгінде үшеуі де «Қазақмыста» лауазымды қызметтер атқарады. Одан басқа да 3-4 шәкірт даярлап келе жатыр едім, әрқайсысына жеке-жеке тақырып беріп, алайда, «Жезқазғансирекмет»-тен жұмыстан кеткеннен соң, ғылымға бет бұрған емеспін. Жас ғалымдарға айтарым: талаптану керек, еңбек ете білулері керек және тасқа тисе де, мұқалмайтын қажыр-қайрат керек.
       – Төлеген Нұрмағамбетұлы, қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған өлкенің перзентісіз. Тарыдай шашылған елдің басын біріктіріп, ұзақ қонақтағаннан тұғыры тозған бүркіттің томағасын сыпырып, бейбітшіліктің ақ туын жоғары көтерген Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» – қазақы құндылықтың алтын діңгегі. Ғасырлар тоғысына куә болып, кеше мен бүгіннің алтын көпірі болған қария ретінде қазақы дәстүріміздің қоғамдағы, ғылым жүйрігі бәйгені бермеген бүгінгі таңдағы пайдасы мен орны қандай?
       – Мектепте оқып жүргенде, тарих пәнін сүйіп оқыдым. Пән мұғалімі Ажаркүл Көпжасарова да мені ерекше жақсы көретін. Күнде-күнде менен сабақ сұраса да, мен оған ренжімейтінмін. Балалық арман құсының қанатында жүргенде ойлайтынмын, «тарихшы боламын ба?» – деп... Тағдыр ғой... металлург болдым.
       Бірақ институтта оқып жүргенде, тарихтан дәріс оқитын лекторлармен көбіне пікіріміз келіспей қалып, жиі дауласатынмын. Біз КСРО тарихын оқыдық. Қазақты тарихта жабайы, оқымаған, сауатсыз етіп көрсетеді. Мен оған қарсы пікір білдіремін. Қазақтың мыңдаған ғасырлар бойы бүгінгі күнге үзілмей жеткен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өзімнің көрген-естіген қазақ халқының небір кереметін айтып дауласамын. Қазақ деген аты бар, бірақ орысша білім алған қазақы дәстүрдің иісі мұрнына бармайтын лекторлар «оны немен дәлелдейсің?» дейді. Таным көзін ашқан адамға, тамырында қазақтың қаны айналған әрбір адамға дәлелдеудің қажеті жоқ. Кез-келген халық етті жейді, ас етеді. Алайда қазақтар сияқты ешбір ұлт етті қадірлемейді. Кәрі жілікті керегесіне ілген ата-бабаларымыз кез келген малдың он екі жілігін атын атап, ұсынылар орнын білген. Соятын малды таңдап, алқымын құбылаға қаратып, батасын алып, «Биссимилләсін» айтып бауыздап, халал ет жеген. Бүгінде токпен сұлатқан малдан біздің сол сою тәсіліміз адам денсаулығына он есе пайдалы екен. Тоқ ұрғанда қанды ыдыратып жіберіп, соның кесірінен түрлі аурулар шығып жатқан жоқ па?! Етті жіліктегенде, безді алып тастайды. Ғылым соны бүгінде дәлелдеп, бөркін аспанға атып жатыр. Ал, атам қазақ осының бәрін өз орнымен ежелден-ақ білген. Бас табақ, сый табақ, күйеу табақ деп, бөліп ұсынылады. Сүт өнімдерін де түрлі жағдайда қолданылуына байланысты атап, әр нәрсені өз орнымен керемет үйлесімділікпен атай білген. Тіпті, сары суға дейін алып ем-дом жасай білген. Ал, киімдерін қараңыз! Қазақтар киімдеріне қарап адам таныған. Қыздың тұрмыста екенін, күйеуі өлген жесір ме, әлі тұрмысқа шықпаған ба, соның бәрін ажырата білген. Сондай дана халық қалай ғана надан болмақ?!
       Мен институтты бітіріп келген соң, ауылдағы қариялармен дос болатынмын. «Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» деп, бекер айтып кетпеген ғой аталарымыз. Шежіре кеуде көнекөз қарттарымыз – тұнып тұрған байлық қой, шіркін! Сол кісілердің айтқандарынан бір сөз болса да ойға түйіп қалуға, үйреніп қалуға тырысатынмын. Жақсы әңгімелерін жадыма тоқып, саналы сөздерін тыңдап құймақұлақ бала болып өстім. Өзім ата болсам да, әлі күнге дейін айтары бар ақсақалдардың жанынан табылуға барымды саламын.
       1980 жылдың соңғы шенінде мені Жезқазған мыс зауыты партия комитетінің хатшысы етіп сайлады. Ал, 1989 жылы «Тіл туралы Заң» қабылданды. Ол уақыттары қазақ тілінің сүрініп-тұрып, жүрген әлжуаз сәті еді. Өңірдегі ел жүгін арқалаған азаматтармен ойласа келе қалалық «Ана тілі» дейтін қоғамдық қозғалыс құрғанбыз. «Ұлтым» дегенде ұйқыдағы көңіл қалай оянбасын, 1989 жылдың соңына дейін Жезқазған қаласындағы мекемелерде бастауыш ұйымын құрып, 1990 жылдың басында қалалық делегаттар сайлап «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Аталған қозғалыстың төрағасы етіп мені сайлады. Содан бірлестік мүшелері таңнан кешке дейін қазақ балабақшаларына мектептеріне бала жинау үшін, үй-үйді аралап, ата-аналарды көндіріп, үгіттеп, қолхат алдық. Ол кездері Жезқазғанда 2-ақ қазақ мектебі болатын. Аллаға шүкір, бүгінде олардың саны онның үстіне жетіп жығылады. Орыс мектебінен қазақша бастауыш сыныптарын, балабақшаларда қазақ топтарын ашқызып, тұрғындарды қазақ газеттеріне жазылуға үгіттедік. Сол кездері мені атынан ат үркитін суық таңбалы үш әріптің (КГБ) қара тізіміне «ұлтшыл» деп енгізіп қойған екен. Әйтсе де, мен еш жерде ел арасына іріткі салып, басқа ұлттарға қарсы шығып, жала жапқан емеспін. Атқарған істерімді қанша қазбаласа да,факт жоқ болған соң, дәлелдей алмағасын, Кеңес үкіметі тарағанша, соңымнан қалмады. Сөйтіп жүріп қалалық кеңеске депутат болдым. Аядай ғана Жезқазғандағы көшелердің дені орыс тұлғаларының атында еді. 1990 жылдың маусымында қалалық атқару комитеті мен депутаттардың кеңейтілген отырысында баяндама жасап, бастаған ісімді аяқсыз қалдырмай Жезқазған қаласының 52 көшесіне осы өңірге еңбегі сіңген тұлғалардың есімін беру туралы шешім шығарылды. 
       Тағы да бір айтуға тұрарлық атқарылған істердің бірі – менің туған ауылымдағы мұсылмандар қорымының қоқыстан тазалануы. Құран бағыштауға барғанда, бейіт арасынан жүре алмай қалдық. Қоқыс көп, негізінен құрылыс материалдарының қалдығы. Қала имамына барып «бейіттің ішін тазалайық» деген ұсынысым қолдау тауып, сол кездегі Жезқазған қаласының басшысы партияның бірінші хатшысы Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеевтің кабинетінен бір-ақ шықтым. «Партия екеумізді ажалдан арашалап қала алмайды. Бүгін жанынан өткенімізбен, ертең баратын жеріміз. Бейіттің ішін тазалайық!», – деген сөзіме ол да қуана келісіп, жұмыс күшін жұмылдырып, 120-дан аса машина тола қоқысты сыртқа шығарып, қорымды қоршап, өлі аруақтарға құран бағыштадық. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген, осы істен кейін жанымыз бір тынышталып қалды. Жылына бір мезгіл көктем айында, мұсылмандар қорымында сенбілік өткізіп тұру дәстүрге айналды.
       – Мектеп қабырғасындағы әрбір оқушы «Ақсақ құлан, Жошы хан» аңызын оқып өсті. Шындық тамырының дүрсілі соққан шығармада күйші Кетбұғаның қос шанақты тербеген саусағының табы қалып, сарыны үндестік тапқан. Күймен ат тұяғының дүбірі тепкен жерлерді тербеген «Қазақтың Кетбұғасы» бірлестігінің төрағасы екеніңізді білеміз. Әлі де буына буулы, бір шанағы шертілмей жатқан баба домбырасының үнін халыққа жеткізуде қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?
       – Осыдан төрт жыл бұрын осы өңірдің беткеұстар белді азаматтары С. Қожамқұлов атындағы театр ғимаратына  жиналып,  «Қазақтың Кетбұғасы» деген бірлестік құрдық. «Төраға бол» деген ағалар сөзін жерге тастай алмадым. Бірлестік есігін ашқалы бері біраз жұмыстар атқардық. Биыл рухы биік бабаға арнап, ескерткіш орнатпақпыз. Алматы қаласында дайындалып жатқан тұғыртастың мәрмәр тастары, ат үстіндегі Кетбұға бейнесі Астана қаласында қоладан дайындалуда. Амандық болса, үстіміздегі жылдың қазан айының соңында Жезқазған қаласының көрнекті жерінде Ұлы баба ескерткішін салтанатты түрде ашамыз деген жоспарымыз бар, Алла қаласа. Қазақтың біртуар тұлғасы Кетбұға бабамыз жайлы білмейтіндерге насихат етіп, түрлі жиналыстар ұйымдастырып келеміз. Аллаға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғалы жүзін шаң басқан талай мұрағаттардың бетін ашып, тарих қойнауларында қалған тарихи тұлғаларымызды халыққа танытудамыз. Қолымызға тиген мәліметтерді тізбелеп, сараптап, ұлы бабаның бейнесін ашу мақсатында жұмыстар жасап, «Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұға» деген тарихи жинақ шығардық. Қазақ тарихын зерттеп, еңбектерін жазып жүрген тарихшы, ғалым Жамбыл Артықбаевтың «Кетбұға – жырау, аталық, қолбасшы» тарихи танымдық кітабы ел арасында жүр. Көптеген республикалық, облыс, басқа да қалаларда кездесулер ұйымдастырылып, танымдық кештер өткізіліп тұрады. Қоғам және мемлекет қайраткері Мұхамбет Көпеевтің көмегімен 2015 жылы ақпанда, Астанада Еуразия Ұлттық  университетінің ректорымен келісе отырып, үлкен конференция өткіздік. Оған Сейіт Қасқабасов, Ғарифолла Есім, Өмірбек Байгелді, Қойшығара Салғарин, Қаржаубай Сартқожаев, Тұрсын Жұртбай  секілді ғылым білтесін шақпақ таспен үрлеп жағып жүрген ғалымдармен бірге сенаторлар да қатысты. Бәрі де Кетбұға баба жайлы жылы лебіздерін білдіріп, бір ауыздан зерттеу керек деп үлкен мәселе қойды. Соның нәтижесінде сан тараптан жұмыстар жүргізіліп, көнекөз қариялардың көкейінде жатталып қалған аңыз-әңгімелер қағаз бетіне түсіріліп, тыңнан деректер жиналды.
       Жастармен кездесуге барғанда, үнемі оларға қазақ халқының кереметтілігін, көрегенділігін айтудан ешқашан жалыққан емеспін. Мұрағаттардан орын меншіктеген, мұқабасы мұқалған тарихтың сары парақтарын санамалап, ақтаңдақ беттерін ақтарса, Күлтегін мен Тоныкөк жазбаларында ерлігі мен есімі таңбаланған талай тұлғалардың шығатынына сенімім мол.  Жастарға «Зерттеңдер, ізденіңдер, оқыңдар» деп айтудан шаршамаймын. Мен оны ата ретінде, аға ретінде айту – парызым деп білемін.
       – Егемендіктің қыраны көгінде қалықтаған қазақ елінің ғылымында өзгеше бір сүрлеу жол салып, ел әлеуетін көтере білген Сізге, кейінгі ұрпақтың айтар алғысы шексіз. Ғылым дейтін асқаралы Алатаудың Сіз бағындырған «сирек металл осмий мен рений» деп аталатын шыңы, басын талай бұлт шалса да аласармасын! Салиқалы сұхбатыңызға рақмет, аға!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...