Ұлты үшін туған азамат
Бойындағы қажыр-қайраты мен білігін өскелең ұрпақтың дамуы мен денсаулығына сарп етіп жүрген азаматтар жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі – Чаймарданов Ғани Чаймарданұлы.
Ол 1975 жылы 18 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданы, Аршаты ауылында дүниеге келген. Сол өңірде 1992 жылы орта мектепті үздік бітіріп, киелі Семей қаласындағы Семей медициналық университетінде «стоматология» мамандығы бойынша жоғары білім алады.
Бала кезінен қиялға қанат бітіріп, дәрігер, заңгер, қаржыгер боламын деп армандайтын ол осы мақсаттарына бірден жетті деп толықтай айта аламыз. Себебі, Ғанидың басқалардан ерекше екені кішкентай кезінен-ақ бір-біріне ұқсамайтын мамандықты таңдауымен байқалатын.
Бір нәрсені шын жүрекпен қаласаң ол орындалмай қоймайды дегеннің куәсі ретінде де Ғани Чаймарданұлын айта аламыз. Өйткені, ол жоғарыда атап өткен үш мамандық бойынша білімін жетілдірген, көзі қарақты, ойы ұшқыр, сөзге шешен жан.
1995 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен «Заңгер» мамандығын, 1996 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен «Жергілікті мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша оқып, білім алды.
Ғани Чаймарданұлының есімі Шығыс халқына жақсы таныс. Себебі, ол белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі ретінде ел игілігі үшін тер төгіп жүрген «азамат» деген атқа лайық санаулы жандардың бірі. Бұлай дейтініміз, әл-ауқаты жетсе де қолдағы барын «мен жұртым үшін не істей аламын?» деген сауалмен бас қатырып, өзіндегі барды өскелең ұрпаққа дарытуды ойлайтын азаматқа қандай мақтау айтса да жарасады.
Ұлт болашағы – келешек ұрпақ десек, сол жолда аянбай еткен ерен еңбегі мен тың бастамалары көпке үлгі.
Ол – ұлтжанды азамат. Саналы ғұмырын тіл тазалығына, бала болашағына, елге қызмет етуге тер төгіп жүрген тау тұлға. Бұған дейін небір қиындықтар мен қателіктерді бастан өткеріп, одан сабақ алып, өмір көріп, тәжірибе жинаған ол жүріп өткен әрқилы сан тарау жолдарын ерекше тебіреніспен еске алады.
«Адамның тұлға болып қалыптасуына адамдар ғана әсер етеді. Ешбір жан өміріңде кездейсоқ жолықпайды. Тіпті, сол адаммен жақын аралас-құралас боп кетпесең де, одан өзіңе керек қабілетті, не тәрбиені, не алуың тиіс болған сабақты көресің. Ол нәрсені дер кезінде түсіне қоймауың мүмкін
. Бірақ, уақыт өте келе дәл сол жанмен бекер жолықпағаныңды білесің», - деп терең философиялық оймен сөз бағамдайды.
Жас кезінен спортқа құштар боп өскен ол мектеп қабырғасында жүргенде талай облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулардың, жарыстар мен сайыстардың басы-қасында жүріп, белсенділік танытатын. Асылы, сыныпта ер балалардың ішінде үйге берілген тапсырманы өз уақытында әрі аса тиімділікпен орындай білгенінің нәтижесінде ол ұстаздарының көзіне түседі. Үнемі ізденіске құштар Ғани Чаймарданұлының осындай кішкентай жетістіктері үлкен істерді тындыруға, елдің әлеуетін көтеруге алып келді.
Мектеп табалдырығында жүрген кезінен бастап, өзгеше ойлайтын дара қабілеттерімен ерекшелене білген ол студент болған шағында да ұстаздары берген тапсырманы дер кезінде орындап қана қоймай, қосымша зерттеу жұмыстарымен де айналысатын. Білім ордасындағы профессор ұстаздарына қандай да бір сұрақтары туындаса, соңынан қалмай, сауалына қанағаттанарлық жауап алғанша, жаны жай таппайтын үздік студенттердің бірі болды.
Болашағын бағамдап, оқу ордасына келгенде күш-қайратын білімге, өнерге жұмсамақ болып келген, талабы таудай Ғанидың бұл харекеті өзімен үзеңгілес талай жасқа үлгі боларлықтай еді.
Жетелеген ақ арманының орындалуы жолында айқын мақсаттар қоя білгендігі – келешекте мемлекетіміздің дамуына дамылсыз үлес қосатын сапалы да саналы жастар осындай азаматтардан шықса керек.
Күш-қайраты тасыған, тепсе темір үзетін шағында ерік-жігерін ізденіс пен білімге жұмсап, уақытын пайдалы әрі тиімді өткізуге тырысатын Ғаниға группаластары қызығы да, қызғана да қарайтын.
Асылында, жастардың көбін жалқау деп айта алмаймыз. Себебі, замандасының білім жолындағы ізденісі мен жетістіктерін, өмірге деген көзқарасын, таным-көкжиегінің кеңдігін байқаған олар да, өмірлік позицияларын басқа арнаға бұрып, әр күнін арманының орындалуы үшін мардымды мақсат қойып, соған қарай әрекет ете бастайды. Әрине, бұл жолда білім, сабыр мен талап, күш-жігер мен табандылық, қайтпас қайсарлық сынды қасиеттер керек. Ғанидың өн бойынан осы бір таусылмас күш пен сарқылмас қайраттың ұшқыны оны тек алға қарай жетеледі.
Жастық жалынын елінің кемел
келешегі жолында тек игі істер істеуге жұмсай білген ол оқу ордасын үздік дипломмен бітіріп, білімін шыңдап, кәсіп бастауға ниеттенеді.
Іскерлігі мен табандылығының арқасында 2008 жылы шырайлы Шымкент қаласынан «Мұзтау» деп аталатын мейрамхана ашып, кәсіпкерлікке бет бұрады.
Әрбір ісін жеті рет өлшеп, бір рет кесетін ол бұл кәсібін бастарда үлкен тәуекелге барады. Өйткені, бұрын-соңды тәжірибесі болмаса да, ойға алғанын орындап, одан қателісіп қана тәжірибе жинамаса, өзіне керек сабақ алмаса, онысы жүзеге аспайтынын санасына сіңіргендіктен де бұл іске құлшына кіріседі.
Кәнігі тіс қаққан Шымкент шаһарының көргені мен жинаған тәжірибесі мол бизнесмендерімен тайталасып, осындай ауқымды жобаны қолға алуы барысында айтарлықтай кедергілерге де тап болады. Жолында кездескен әрбір қиындықта бұл іске саналы түрде келгендіктен, оны жеңіл өткереді. Қасына мықты команда жинап, білген-түйгендерімен бөлісіп, заман талабына сай жан-жақты болуға үйретеді.
Барлығын жан-жақты ойластыратын Ғани Чаймарданұлы мейрамхананы жайдан-жай «Мұзтау» атауымен ашқан жоқ. Мұхит пен теңіздерде жүзіп жүретін, қайырлап шөккен аса ірі мұз кесегі «Мұзтау» деп аталады. Бірақ, бұл қойнауы аңыз бен тарихқа толы, тіпті жазушылар қаламына арқау еткен Алтайдағы Мұзтауға қатысты айтылған.
Ұлылықты, биіктікті, даралық пен даналықты білдіретін атауы өзгеше бұл сөздің өзі де мейрамханаға клиенттерді еріксіз шақырып, анадай жерден «Мұзтауға келіп, жаныңа жайлылық тап» деп менмұндалап тұрғандай әсер қалдырады.
Қазіргінің тілімен айтқанда, «маркетингтің көкесі» осы болса керек. Кәсіп бастау жолында барлығын бас-аяғына дейін ойластырып, жіті бақылап, қадағалағанының нәтижесінде бұл саладағы ісі өз жемісін беріп-ақ келеді.
Ғани Чаймарданұлы қай салада болмасын өзіне міндет қып артқан істі еңбекқорлыққа жатқызбайтын адам. Әсілі, бойындағы бар потенциалы мен еңбек қабілетін толық қолданғандықтан болар, ол нағыз еңбексүйгіш адамға айналды. Өйткені, сүйікті ісін тапты. Жаны қалайтын дүниемен айналысу арқылы өзіне не керек екенін түсінді. Жаңа нәрсені үйренді, өзін жетілдірді, қарамағындағыларды да соңынан ерте алатындай көшбасшылық қабілетін шыңдады, жетілдірді.
Рухани қасиеттер мен құндылықтарға баса мән беріп, өзі кешіп отырған өмірдің ағымына сай бейімделіп, көксегені мен көңілдегінің бір арнада ұштасып, қиыннан қиысса да, өзіндік үйлесім табуы түбінде мұратқа жеткізетіні қандай бақыт?!..
Бір белесті бағындырған адам, «болдым, толдым» демейді. Керісінше, өзін одан бір биік асуға шығуға итермелейді. Ғани Чаймарданұлы алғаш ашқан кәсібі «Мұзтау» мейрамханасы халық игіліне жұмыс істеп, өз жемісін берген соң, келесі бір жаңа кәсіпті қолға алады.
Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Балапан» бағдарламасы аясында еліміздің үш өңірінен, яғни, Алматы, Шымкент қалаларынан 500 балаға арналған «НұрАрай», «Сұңқар», «Алтын балапан» сынды заман талаптарына сай технологиялармен жабдықталып, білікті мамандармен қамтылған ең үздік бөбекжай балабақшаларын ашады. 2021 жылы Өскемен қаласында «Премиум Ақ-Сұңқар» атты 1 маусым – балалар күніне қарсы 280 орындық жаңа балабақша тұсауын кесті.
«Балалар – біздің болашағымыз. Ал болашағымыздың жарқын болуы үшін кішкентай балапандарымызға жағдай жасауымыз керек. Бесіктен белі шыққан сәттен бастап, үйдегі ата-анасы сәбиінің жан-жақты дамуына барын салып, ең үздік балабақшаға беруді көздесе құба-құп дүние. Өйткені, өскелең ұрпақ өркендеп дамып, құлашын кеңге жайып келе жатқан жас мемлекетіміздің қуатты тірегі, өркениетке өзгерістер мен тың серпіліс әкелетін де – солар. Сондықтан балаларымыздың жан-жақты дамуына осы бастан бәсекеге қабілетті әлемнің алпауыт елдеріндегідей жағдай жасауға ұмтылып, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысып келеміз. Бұл жобамыз ұрпағымыздың жағдайын жақсарту арқылы, мемлекетіміздің кемел келешегіне бастайтын нақты мақсат жолында құрылды. Мұнымен ғана тоқтап қалмай, еліміздің әр өңірінде осы бастамамызды жалғастырсақ деген ниетіміз бар», – дейді ол.
«Ерлік, батырлық» деген сөздерді естігенде көз алдымызға бірден елін, жерін қорғайтын таутұлғалар елестейді. Үш ғасыр бойы бодандықта болып, өзгенің шекпенінен шыққан еліміз кешегі қасық қаны қалғанша жаумен айқасқан батыр да ержүрек бабаларымыздың намысының арқасында бүгінгідей бейбіт күнге жетіп, азаттықтың ақ таңын көріп келеміз. Ал тәуелсіздік алып, тыныш та бейқам өмір сүріп жатқан қазіргі сәтімізде «бүгінгінің батырлары» деп ұлтының қамын жеп, оның болашағына алаңдайтын Ғани Чаймарданұлындай азаматтар деп нық айта аламыз. Болашақтың игілігіне жұмсалған күш-қуат пен қажыр-қайрат, төккен тер жеміс беруі үшін бірнеше жылдар қажет. Алайда, соған қарамастан ойға алған ісін кемелдендіріп алға ұмтылған Ғани Чаймарданұлына «бәрекелді» дегеннен артық сөз таппайсың.
«Өлмейді ісі мәңгілік,
Өшпейді абзал есімдер.
Ұрпаққа жетіп мәңгілік
Кетпейді естен асыл ер» - деп сыршыл ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, «ерлігі – елге мұра, ұрпаққа – өнеге» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы – біз үшін үлгі. «Елім», «жерім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат, халық мұндай қаһарман ұлдарын ауыздарынан тастамай, мәңгі жүрегінде сақтайды.
Біз сөз етіп отырған Ғани Чаймарданұлы елі үшін туған азамат, бүгінгінің батыры. Туған ұлтын шексіз сүйіп, оны терең қадір тұтқан ердің бойындағы ананың ақ сүті мен әкенің қанымен келген асыл қасиет адамгершілігі көпке өнеге.
Ұлт үшін қызмет қып жүрген азаматтың жетістіктері мен алған марапаттары да жетерлік. Туған өлкесінде зор абырой-беделге ие болған ол Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен, Қатонқарағай ауданының әкімі Қ.Байғонұсовтың, Шымкент қаласының әкімі А.Жетпісбаевтың «Құрмет Грамоталарымен», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, Кеңес Одағының батыры генерал Сабыр Рақымовтың орденімен, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалиннің «Алғыс Хатымен», «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Тұрымбетовтың «Құрмет Грамотасымен» марапатталған.
Ғани Чаймарданұлының қаршадайынан-ақ жігерлілігі, қайтпас қайсарлығы оны осындай жетістіктерге жетелеп, алға шығарды. Әділетсіздікке қаны қас, қиындыққа мойымайтын қайсарлығы мен жасампаз көшбасшылығы оны өз биігіне көтеріп-ақ келеді.
Елдің қамын жеп, ұлты үшін туған азаматқа тек мықты денсаулық, таусылмас талап, сарқылмас күш-жігер тілей отырып, отбасына амандық, жұмысына толағай табыстар ғана тілейміз!