Ер дәулеті - еңбек
![]()
Сөздің қаймағын қалқып алған қазақта «Ер дәулеті еңбекте» деген сөз бар. Қай дәуірде де кәсіп еткеннің несібесі мол, шаңырағына береке орнаған. Кәсіп туралы айтсақ, көз алдымызға аттың жалында, түйенің қомында жүрген аталарымыздың көшпенді мал шаруашылығы елестесе, тәуелсіздік алған жылдардан бастап, егеменді еліміздің кәсібінің түрлері молая түсті. Ер жасап, арқан өрген қол, заман талабына сай келетін мамандықтарды да игеріп алып кететін, еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтық ары аласармайтын, сенім мен жауапкершілік жүгін көтере білетін тұлғалар, нарық сахнасына шықты. Жаңа ғасырдың бізге берген сыйы да осы, тәуелсіздікпен қазақ ел ретінде өз экономикасын көтеріп, Мәңгілік ел болуға ұмтылып, азаматтардың жүрегіне сенім ұялатуы еді.
Ғасыр өтсе де ғұмырлығын жоймайтын бір сала болса ол – ауыл шаруашылығы саласы. Осындай, бейнеті мен зейнеті мол салаға саналы ғұмырын арнап, бүгінде құрмет төріне көтеріліп отырған Изекенов Шабар ағамыз 1938 жылдың 16 ақпанында Атырау (Гурьев) облысы, Ембі ауданы, Ембі ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Өмірге алғашқы қадамын бастырып, еңбекке үйреткен әкесі Торғаев Изекен мен жүрегінде мейірім жүзінен нұр болып төгіліп тұрған анасы Торғаева Жамақай сол бір жылдары ұжымдастыруда еңбек етіп, көптеген колхоздар мен совхоздардың негізін салған қарапайым еңбек адамдары болған.
![]()
Бала күнінен әр нәрсеге байыппен қарап, үлкендердің есті әңгімесін тыңдағанды жаны сүйетін Изекенов Шабар сәби де болса, бауырлары үшін жанашыр, қолындағы барымен бөлісуге дайын мейірімді болып өсті. Кішкентай күнінен еңбекке баулыған ата-анасы ең алдымен өзгенің ала жібін аттамауды үйретуші еді. Көпшіл де ашық мінезімен айналасының бәріне шуақ шашып, бауыр болғысы келіп тұратын елгезек баланы сыныптастары да сыйлайтын. Мектеп қабырғасында ұйымдастырылған қоғамдық, мерекелік іс-шаралардан тыс қалмауға тырысатын кейіпкеріміз 1959 жылы орта мектепті бітірген соң, Ленин атындағы колхозда көмекші шопан болып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Бала күнінен еңбекке жаны жақын жігітке жұмыстың қандай түрі болмасын ауырлық тудырмайды. Қолына алған ісін шыр айналдырып алып кетеді. Осылай еңбек ете жүріп, Атырау (Гурьев) қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, ілімін тереңдеткен жас 1963 жылы
![]()
зооветеринар мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң «Коммунизм таңы» совхозының №6 фермасында веттехник болып жұмысқа орналасады.
Отан алдындағы борышын өтеп келу – әр азаматтың парызы. Шабар 1964-1967 жылдары Кеңес әскері сапында Қытаймен шекарада әскери міндетін атқарып келеді. Әскерден келгеннен кейін аудандық ветстанцияда эпизот-дәрігер лауазымында қызмет етіп, 1969 жылы «Коммунизм таңы» совхозының №2 фермасына веттехник болып ауысады.
Еңбек еткен уақыттары фермасы мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде совхоздың, қала берді ауданның еңбек озаттары қатарында болып, көптеген шопандар мен жұмысшылар мемлекеттік марапатқа ие болады. 1976 жылы осы совхоздың екі фермасы және көрші Ембі совхозының бір фермасы негізінде жаңадан Қосшағыл совхозы құрылып, осы совхозда мамандығы бойынша жұмысын жалғастырды.
![]()
Кейіпкеріміздің еңбек еткен ұжымы, совхоз ісімен де, жоспарды орындаумен де алдыңғы қатардан көріне білген, естіген адам мақтана қарайтындай колхоздардың бірі болды. Соның бірі - осы совхозда еңбек еткен Асабаев Кісембай есімді бір шопан қызметтің де, мәртебенің де биігіне шыға білген тұлға. Ол Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік Сыйлық Лауреаты, КПСС ХХVII съездіне делегаты атанып, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болып та сайланды. 1981 жылдың тамыз айында көрші Ембі совхозының №2 фермасына меңгеруші болып тағайындалған соң да совхоздың жұмыс ілгерілетуге күш салған Изекен Шабар ағамыз сол бір экономиканың шатқаяқтап тұрған жылдары да, өзіне сеніп тапсырылған үкімет малына шашау шығармай, шаруашылықтың арбасын түзу жолға түсіре білді. Қалай да ферманың жұмысын жақсартып, жұмысшылардың әлеуметтік мәртебесін көтеруді ойлаған кейіпкеріміз фермада «Гүлдәурен» жастар бригадасын құрып, еңбектің, жоспардың жоғарғы
![]()
көрсеткіштерін орындай білді. Сол жерден зейнеткерлікке шығады.
Совхоз тарап кеткен соң, «Бірлік» шаруа қожалығын құрып, қазіргі таңда осы шаруашылықтың жұмыстарымен айналысып келе жатқан Изекенов Шабар ағамыз жұмыс жасаған жылдары еңбегі еленіп, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосқан соң бірнеше мәрте Алғыс хатпен, Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
Нағыз жаны қайсар, жүрегі мықты азамат ретінде айналасына танылып, сымбаты мен келбеті келіскен жас жігіт талай қыздың жүрек түкпірінен орын алатын, десек қателеспеспіз. 1968 жылы өзінің адал жарын кездестіріп, Қаламбаева Маруся есімді арумен отбасын құрады. Жақсы келін – әулеттің берекесін кіргізеді демекші, өзінің текті жерден шыққандығын ибалылығымен, әдебімен дәлелдеген Қаламбаева Марусяны әулет үлкендері бірден жақсы көріп кетеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүріп, әулеттің ырысы мен құт-берекесіне айнала білді. Әрдайым отағасының мерейін асырып,
![]()
көңілін тауып, қабағын бағып, жағдайын жасауға тырысып отыратын Қаламбаева Маруся екеуі 4 ұл, 4 қыздың ата-анасы атанды. Бүгінгі таңда олар өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда 17 немере, 13 жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже.
«Еңбек адамды қашанда бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Изекенов Шабар ағамыз даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқара білді. Елмен бірге таң атырып, таңғы асын бөліп ішкен, жүрегінде қамқорлық пен мейірімділік уылжып жатқан, ешқашан азаматтық арына кір жұқтырмай, өмірден өз орнын табуға тырысқан Изекенов Шабар ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық, кәсібіне береке тілейміз!
![]()
![]()