Жандәулетов Берік

Рейтинг:

Заманауи іскер азамат

      Белгілі бір кәсіппен айналысып, нәсібін сол істен тауып отырған жандарды көргенде іштей риза боласың. Мұндай азаматтардың саны қазір аз емес. Олардың қатарында ел экономикасының көтеріліп, әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізіп жүргендері қаншама? Осы арқылы өздерінің де отбасын асырап, өзгелердің де еңбекпен қамтылуына мүмкіндік туғызып жүр. Осындай адамдардың қам-харекеті мен тіршілігіне қарап қызығасың, сүйсінесің де. Сондықтан, екінің бірінің тісі батпайтын істің қиюын келтіріп, шаруасын дөңгелеткен жандарды қалай мақтасақ та жарасады. Батыс елдері кәсіпті өнер деп бағаласа, шағын кәсіпті өсу үстіндегі балаға теңейді. Жалпы, әлемдегі өркениетті елдердің қай-қайсысын алып қарасақ та өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешу үшін кәсіпкерлікке арқа сүйейді. Жалпы, осы салада білім мен тәжірибені ақшаға айналдырып, табысқа кенелгендер ешқашан ақшаның соңына түспеуді, керісінше, ол сені іздеп табатындай кәсіп қылу қажеттігін айтады. Сонда ғана ойға алған ісі орындалып, мақсат-армандарға жетуге болатынын, ол үшін алдымен білім мен еңбектенудің маңызды екенін алға тартады. Әрине, бұл бірінші кезекте көп уақытты, ізденіс пен мол тәжірибені және сабырлылықты қажет етеді. Көбісі осы жағына мән берместен кәсіпті емес, ақша табудың жолдарын іздестіріп кетеді. Мұндай істің ұзаққа бармасына көз жеткізгендер де аз емес. Бұл ортада өз білімінің жетімсіздігі мен даму бағытындағы тәжірибесінің жеткіліксіздігін мойындағысы келмейтіндер де бар. Десек те, адам баласының алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі болмайтынын ескерсек, оған жету мүмкіндіктері өте үлкен. Бүгінде оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев өзінің кезекті бір Жолдауында: «Кәсіптің орнықты болуы халқының әл-ауқатының жақсарып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына сеп болады. Сол себепті өркениетті мемлекеттер шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын ерте түсінген. Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз», - депті. «Сонымен бірге, шағын және орта бизнес біздегі жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс», - дейді. Иә, «Ерінбеген еңбекке, дәулет дайын», - деп айтқан екен ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы. Еңбектің қадірін білген адам өмірден нәсібін тапқан десек, әлбетте, қателігі жоқ. Адам баласы үшін қажымас қайратпен адал еңбек ету үлкен абырой. Адал еңбек жолы – өмірдің байлығы. Қазір кәсіп ашып, оны дамытқысы келетіндер үшін мол мүмкіндіктер бар. Тек ықылас, ниет болса болғаны. Сырбойылық Берік Жандәулетов өз кәсібін ашып, ел игілігіне қызмет етіп отырған азаматтардың бірінен. Бір кездері өзінің туған жерінде май құю станциялары, монша, сауда орталықтарын салып, соңынан халықаралық трасса бойынан қонақ үй, шағын маркет, кафетерий, көлік жуу, жөндеу орталығынан құралған кешен бой көтеріп, ел игіліне ұсынған еді. Кәсіпкер Берік Жандәулетов кәсібін өркендету мақсатында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық трассасы бойынан көпсалалы жол бойы кешенін ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамтыды. Салтанатты ашылуына сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев арнайы қатысып, лентасын қиған болатын. Рас, аралдық кәсіпкер мұнымен тоқтап қалған жоқ. Өзінің қажыр-қайратының мықтылығымен, көкірек көзінің ашықтығымен, ізденімпаз әрі жаңашылдыққа бейімділігінің арқасында қайсыбір ісі болмасын оңынан туып, жүріп келеді. Бүгін жасаған ісімнің игілігі еліме болсын, қайырлы кәсібім ізімнен ерген балаларыма қалсын дейтін іскер азаматтың Сарыағаштан ашқан шипажайы да көпке таныс. Сарыағашты арасанымен атақты екенін жақсы білеміз. Жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыздың Келес бойына келіп тоқтаған сәтінде «Бал татыған суың-ай, Қалың қамыс нуың-ай», - деп тамсанған деседі. Бабамыз бұл өлкенің шыбық шаншысаң шынар өсетін нулы да сулы жер екенін меңзесе керек. Емдік-сауықтыру орны болып табылатын осы өлкенің 33-і демалыс орны болып бой көтерген «Ая-Жан...ММ» шипажайы да демалушыларына жайлы жағдайымен, керемет емімен мақтаулы.
      Берік Жандәулетовтың ұйымдастырушылық қабілеті зор. Қай кәсібінде болмасын өзінің ұжымын ауызбірлікте ұстап, көреген басшы ретінде көрініп келеді. Қарамағындағы қызметкерлері де сайдың тасындай іріктеліп алынған, өз істеріне адал мамандар. Адаммен жұмыс жасай білу де оңай емес. Келген демалушыны күтіп алу, келгеннен бастап, кетемін дегенше күліп қарсы алып, күліп шығарып салу, сәт сайын жағдайларын сұрап, қажеттіліктерін қанағаттандырып отыру, жай ғана сыпайылық таныту бұл шипажайдың басты мәселесі. Мәдениеттілік пен ұқыптылық бұл шипажайдың бұлжымас шарты. Қызметкерлері де соған сай, әркім өз жұмысын жоғары деңгейде біледі. Ал ем алуға келген жандар үшін ем-шипасын жасайтын алтын қолды жандардың еңбегі де бір бөлек. 
      - Шипажайға адам жанына жайлылық, деніне саулық іздеп келеді. Жоғары дәрежеде қызмет көрсету біздің басты міндетіміз. Қай қызметкер болмасын өздерінің ішкі жұмыстарын жақсы біледі. Мұнда жұмыс жасайтындардың басты қасиеті адамдармен дұрыс жасай білуінде. Тілді жақсы меңгеруінде. Мен сырбойылық азаматпын. Біздің сырбойылықтардың 96 пайызы қазақ тілін жақсы меңгерген. Қаймағы бұзылмаған қазақылықтың ордасы деп мақтана аламыз. Мен де елімнің, тілімнің жанашырымын. Қай кезде де ең алдымен қызметкерлеріме өз ана тілдеріңді құрметтеңдер!, - деп талап қоямын. Қайсыбір елге бармаңыз, турист ретінде сол елдің тілін білмесең, тілмаш жалдап артық ақша жұмсайсың ғой. Соның өзі бизнес! Ал неге біз басқа ұлт үшін солардың тілінде тегін қызмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Керек адам өзі үшін тіл үйреніп алады ғой. Менің мақсатым, өзімнің кәсібім арқылы қалтамды қампайту ғана емес, елге ілкімді істеріммен де пайдам тисе деймін. Қызметкерлерім қай жағынан болмасын мықты. Қазақ және орыс тілінде еркін сөйлей біледі. Бұл менің басшы ретіндегі талаптарымның біріншісі. Сонан соң, мәдениет. Мәдениеті жоқ ортаның жауапкершілігі болмайды. Яғни, арам нәрсені ішіп, жеп, елдің мазасын алу деген мәселелерге түбегейлі жол бермейміз. Мұнда келушілерге басқа барлық жағдайлар жасалған. Адам үшін басты байлық денсаулық қой. Елдің қалтасына да қараймыз. Кейбір жеңілдіктеріміз де жоқ емес, - дейді Берік Жандәулетов.
      Айтып кету керек «Ая-Жан...ММ» шипажайы гастроэнтрологиялық, уронефрологиялық аурулар жиі кездесетін еліміздегі маңызды орындардың бірінен. Оның минералды суы мың да бір ауруға ем. Созылмалы ішек ауруларының, асқазан және он екі ішек жарасы, созылмалы өт қалтасы мен өт жолдары сырқаттары және тас байлануы, созылмалы бауыр аурулары, көк бауыр, сусамыр, созылмалы колит, энтероколит, дисбактериоз сияқты бірнеше түрлерін сауықтырады. Бұл аталмыш дерттерді минералды судың көмегімен емдейді. Сарыағашқа ем іздеп келетіндердің арасында бауырдың және өт жолының атап айтқанда, созылмалы гепатит, созылмалы холецистит, өт бөлетін жолдың дисфункциясы секілді созылмалы аурулары бар емделушілерге минералды суды ішкізу арқылы ем жасайды. Ал шипалы су бүйректегі, өттегі құмды шаяды. Сонымен қатар, тоқ ішекті минералды сумен шаю арқылы ішектегі іш қатқанда іркіліп қалған улы заттардан, ішектегі қабыну элементтерінен, ауру туғызатын микробтардан, ішек қабырғасынан шығатын холестериннен, ауыр металдардан тазартып, тоқ ішектің шырышты қабықшасының трофикасын, қан айналысын жақсартуға әсер етеді. Микроклизма минералды сумен, дәрі шөптермен, май қоспаларымен клизма жасалынады. Минералды суды тамақтың алдында ішкен дұрыс дейді мамандар. Себебі, бұлай ішілген су қарынның ұлтабарға өтер тұсын жауып, ішекке ауысуы кідірген себепті асқазан сөлінің барынша молырақ бөлінуіне мүмкіндік туады. Сонымен бірге, бұл шипажайға келемін деушілер үшін құлаққағыс болсын, жолдама құнының ішіне демалуышыға 27 ем шара түрі мен 4 мезгіл тамақ тегін кіреді.
      Ел үшін еткен еңбектің, бағасы да жоғары болмақ. Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өзінің үлесін қосып, халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың керегін өтеп, алғысын алып келе жатқан Берік Жандәулетовтің алған марапаттары мен қол жеткізген жетістіктері да аз емес. 
      ✦ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында жол маңы сервистік қызмет көрсетуді дамыту жөніндегі серіктестік кездесуден Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының Сертификаты;
      ✦ Қазақстанның сауда кәсіпорындарының ең білікті басшысын анықтау, сервис пен қызмет көрсету деңгейін көтеру, Қазақстанның сауда саласына жаңашыл форматтарды енгізу мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Сауда Үздігі - 2018» байқауынан «Алғыс Хат» және «Грамота»;
      ✦ 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алғыс Хаты»;
      ✦ 2015 жылдың қорытындысы бойынша оқушылардың жазғы демалыстарын өткізуге қолдау көрсетіп, ұйымдастыру шараларына белсене қатысқаны үшін Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Алғыс Хаты»;
      ✦ Ұлы мереке Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаевтың «Алғыс Хаты»;
      ✦ 2017 жылы Астана қаласында Жастарды өнерге баулып, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту мақсатында өткізілген «Көңілді тапқырлар алаңы» жобасына қолдау көрсеткені және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ел арасында насихаттауға үлес қосқаны үшін КТК жоба жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтың «Алғыс Хаты»;
      ✦ Арал ауданы бойынша «Жылдың үздік жоба номинациясы - 2017» аталымының жеңімпазы.
      Дана халқымыз: «Өз жаныңа жақын кәсібіңді тап, сонда ғана жетістіктерге жетесің»,- деп, оған ерте кезден мән берген екен. Қалай десек те кәсіп ашу оны жүргізу айтуға жеңіл көрінгенімен оңай жүзеге асатын жұмыс емес. Оған да көп күш-жігер, еңбек, төзімділік қажет. Бұл ретте, кәсіпкер Берік Жандәулетовтің ілкімді ісіне береке тілеп, халыққа жайлы жағдай туғызу бойынша қолға алған ісінің одан әрі өркен жая түсуіне тілектестік білдіреміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...