Еңбек басын иген ер
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалдың астарына терең үңілетін болсақ, онда үлкен мән жатыр. Қазіргі жаңа қоғамда ерінбеген адамға жұмыстың сан түрі жетерлік. Демек, екі қолға бір күрек табылады. Иә, еңбектің адамзатқа берер пайдасы орасан зор. Сол арқылы өзіне де, өзгеге де пайдалы болмақ. Қалай десек те, еңбектің наны тәтті емес пе?! Дана халқымыз: «Еңбектің наны, жалқаудың жаны тәтті»,- деп бекер айтпаған ғой. Бақтияр Ергешбайұлы – бүгінде кәсіптің көзін тауып, елге игілігін тигізіп отырған азамат. Өзінің басшылығымен «Нұрғиса» шаруа қожалығын құрып, оның жұмысының жүріп кетуіне талмай-қажымай еңбек етіп, бүгінде нәтижесін көріп, жемісін жеп отыр.
![]()
Қасымов Бақтияр Ергешбайұлы 1963 жылы 1 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келді. Әкесі Ергешбай Рахметұлы – қарапайымдылығымен, турашылдығымен, әділдігімен көпке үлгі бола білген азамат. Талай жылдар бойы автопаркте жүргізуші болып жұмыс істеп, 54 жасында бейнетінің зейнетін көре алмастан, дертінен айыға алмай, өмірден озған. Анасы Қасымова Назгүл Елшібайқызы көркіне ақылы сай, иманжүзді, ибалы, үй тіршілігіне мығым жан болған. Иә, бұрынғының адамдарын қалай айтсақ та, аңыз секілді естілетіні рас. «Шіркін, бұрынғының адамдары қандай еді?! Олардың заманы да, өздері де ерекше бөлек еді ғой!»- деп жататын ата-әжелеріміз. Бүгіндері сол кісілердің өзі түйе қарап кетті...Біздер бала болып, сондай сөздерді жиі еститінбіз. Енді олардың жасына жақындаған сайын әңгіме айтқаныңда, сол сөздерді өзің де қосқың келіп тұратынын байқайды екенсің. Ол нені білдіреді? Иә, мүмкін, жастық шағыңда көрген кеудесі алтын сандық қарияларға деген сағыныштан болар?! Өйткені, олардың басым көпшілігі өз дәуірінде заманның таршылығын, қуғын-сүргінді, ашаршылықты, соғыстың тауқыметін көрсе де, адами қасиеттерін жоғалтпай өткен жандар еді ғой. «Адам естелікпен есейіп, көргенімен көсем болады»,- деген әдемі сөз бар. Сол уақыттарда дініне, дәстүріне, уәдесіне берік болған адамдардың, расында да, өзгеше болғанын сезінесің. Бақтияр да көпті көрген, қазақы дәстүріне, діні мен діліне берік, аузынан Алласы түспеген азаматтың перзенті. Ол балаларына барынша қамқор болған, бала күндерінен еңбекке баулып, жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратуға, адамның ала жібін аттамауға үйреткен діні қатты адам болды.
1971 жылы Жетісай ауданы, Ленин совхозына қарасты №22 Н.К.Крупская атындағы орта мектебіне барды.1981 жылы орта мектепті бітіріп, Киров ауданында орналасқан жүргізуші курсын оқып бітірді. Сонымен қоса, өзінің туған ауылында мақта зауытында жұмысшы болып жұмыс істеді.1982 жылы қазан айында Отан алдындағы борышын атқару үшін әскер қатарына алынды. Әскери борышын Чехославакияда өтеді. 1984 жылы әскерден оралып, желтоқсан айында Киров ауданындағы ПМК-77 тресіне жұмысқа орналасты. Онда ол ІІІ разрядтағы жұмысшы қызметін атқарды. 1989 жылы Шымкент облысында «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша жоғары оқу орнының сырттай бөліміне түсті. 1990 жылы ПМК-77-ден өз еркімен жұмыстан босатылып, Ильич кентінде орналасқан Нефтебазаға жұмысқа орналасып, ІІ разрядтағы оператор қызметін атқарды.1992 жылы Ильич ауданында орналасқан КАЗС-да жанармай бекетінің меңгерушісі қызметін атқарды.1996 жылы маусым айында аталған кәсіпорынның тарауына байланысты жұмыстан босатылды.
1997 жылдан бастап «Нұрғиса» шаруа қожалығын құрып, күні бүгінге дейін шаруа қожалығының төрағасы қызметін атқарып келеді.
1998 жылы «Контал» ЖАҚ мақта зауытына МТП гаражының меңгерушісі қызметін атқарды. 1999 жылы аталған мақта зауытын Елбасы Н.Ә.Назарбаев салтанатты түрде ашып беріп, мақта зауытындағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Елбасы Алғысына бөленді. 2008 жылы «Контал» ЖАҚ мақта зауытынан «Багара» ЖШС-і мақта зауытына мақта жинау қоймасына меңгеруші қызметіне ауысты. Бұл салада қызметін 2019 жылы аяқтады.
![]()
Бақтияр 2018 жылы Асық ата кентінің әкімі Б.Серіков мырзадан кенттің нарықтық экономикасының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Алғыс Хатқа» ие болды. 2019 жылы Ынтымақ ауылдық округінің әкімі М.Б.Жұрхабаевтан Елбасының ауылды дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жүргізілген жұмыстары үшін «Алғыс Хат» алды. 2020 жылдан бастап аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Игілікті іс» қайырымдылық қорын ашты. Бұл аталған қордың дамуына ауыл кәсіпкерлерін тартты. Нәтижесінде, бірқатар жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмектер көрсетілді. Қазіргі таңда қайырымдылық қоры өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл жұмыстың орындалуына тікелей өзі басшылық етеді.
Қазіргі таңда 2008 жылдан бастап жүргізіп келе жатқан «Бегарыс» жеке кәсіпкерлік саласын және 1997 жылдан басталған «Нұрғиса» шаруа қожалығының төрағалық қызметін қоса атқарып келеді. Отбасы да сауда саласында қызмет атқарып, төмен бағада халыққа қызмет көрсетіп келеді.
- Бұрынғы мен бүгінгіні салыстырамыз ғой кейде. Пенде болған соң, жалтырақ дүниеге де қызығады адам. Рас, кейде бір күніміздің әдемі өткеніне шүкірлік етіп қуанамыз. Алайда, бұрынғылар бір күнінің өткеніне соншалықты өкінген. Бос өтіп кеткен уақытым деп өз - өзіне көңілі толмаса керек-ті. Бұрындары өмір – рухани бағалы азықпен өлшенетін болған. Ал қазіргі өмір материалдық құндылықпен өлшеніп жатады. Адамдар неғұрлым дүние-мүлікпен етене араласатын болса, соғұрлым уақытты ұмытады. Неғұрлым уақытқа тәуелді болып, әрбір сәтті бағаласа, онда айналамыздағы шүберек, қаражат, мүлік, дүниеге деген назарымыз төмендейтін еді. Сондықтан да өткеннің адамдары әрбір күнінің өтіп кетіп жататынына жылаған. Бір кем дүние дейсің ғой. Өткен мен бүгіннің арасында қарама-қайшылықтар көп-ақ. Әкем бұрынғылардың тұяғы еді. Өзінің ата-анасын сағынғанда: «Бұрынғының адамдары еді ғой»,- деп отыратын. Қандай еді, қайсымыз кімге тартқанбыз дегенде, суреті жоқ ата-анасының бейнесін еміс-еміс қана есіне түсіретін. Иә, әкемнің өзі де қарапайым тіршілігімен көпке сыйлы болған жан. Анам екеуінің «анау жетпеді, мынау кем екен» дегенін естіген де емеспіз. Әйтеуір, қоңырқай тіршілікте өсіп-өндік. Әрқайсымыздың бойымызда жігер болды. Алдағы уақытқа талпыныс болды. Қоңырқай тіршіліктен түрлі-түсті әлемге құлаш ұрып, қанаттандық. Бала болып көп нәрсені қиялдайтынбыз. Түнгі аспанға қарап, талай-талай шартарапқа қиялмен самғап қайтушы едік. Иә, сол кездегі бала қиялымыз арманға ұласып, бүгінде сол уақытта арман еткен түрлі-түсті әлемге де таза еңбегімізбен жеттік. Қиялмен самғаған алыс жерлерге де бару бұйырды. Айтайын дегенім, ерінбесең болды, еңбек өзі басын иеді. Бақыт деген, міне, осындай адал еңбекте жатыр. Ал еңбекпен тапқан әрбір түйір нан тәтті болады. Өзімізден артылғанды неге мұқтаждарға бермеске деп, өзім секілді қалталы-ау деген азаматтарды тарта отырып, қайырымдылық қорын дүниеге әкелдім. Пендеміз ғой... Ешнәрсе де мәңгілік емес. Бала-шағамыздан артылып жатса, неге өзге балаларға қайырымдылық қылып, қол ұшын бермеске. Осы мақсатта бар жақсылықты балаларға арнайын деп 2017 жылдың мамыр айынан бері Үшкөпір елді мекенінен «Бибігүл ана» балабақшасын ашып, біршама адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бұл балабақша қазіргі таңда өз жұмысын нәтижелі атқаруда, - дейді Бақтияр Қасымов.
«Әке көрген – оқ жонар» дегенді осындайда айтса керек. Бақтиярдың елге үлгі етерлік тіршілігі әкеден алған тәлімінен деуге толық негіз бар. Бүгінгі күні жұбайы Әлиямен бірге ұлдар тәрбиелеп, өсіріп, олардан немере сүйіп отырған бақытты шаңырақтың иелері. Өзінің алтын асықтай бес ұлына да темірдей тәртіппен қарап, еңбекке баулып, елге елеулі азамат болатындай қайратты, қайсар етіп тәрбиеледі. Үлкен ұлы Берік 1990 жылы туылған. 2015 жылы 25 жасында Мақталы ауылдық округіне әкім болып сайланып, әкімдік қызметінің төрт жылдық мерзімін аяқтап, қазіргі таңда жеке кәсіпкер. Келіні Дана екеуі үш перзент тәрбиелеп отыр. Екінші ұлы Нұрсултан 1993 жылы туылған. 2012 жылдан бері заң саласында қызмет жасайды. Келіні Меруерт екеуі екі перзент тәрбиелеп отыр. Үшінші баласы Нұрғиса 1995 жылы туылған, кәсіпкер. Төртінші ұлы Бибарыс 2001 жылы туылған. қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Сакен Сейфуллин атындағы Аграрлық университеттің 3 курс студенті, грантта оқиды. Ең кішкентай кенжесі Бекарыс 2008 жылы туылған. Қазіргі таңда мектепте 7 сыныпта оқиды, үздік оқушы.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Бақтиярға ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіреді. Атқарылып жатқан жұмыстары өз алдына, алда күтіп тұрған үлкен мақсаттары және бар. Нақтырақ айтқанда, ілкімді істі одан әрмен қарай ілгерілетіп, ауыл тұрғындарын тұтастай табиғи өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізуді қалайды. Жарқын істерімен қазірдің өзінде көпке үлгі, елге сыйлы азаматтың тұрмыс-тіршілігіне сырттай қарап сүйсінесің де. Иә, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді деген емес пе?! Еңбегіңнің жемісі молая берсін, тіл-көзден сақ бол, Бақтияр!