Мұхтаров Дәулет

Рейтинг:

Еңбегімен ер сыйлы

      «Ерді кебенек ішінен таны»,- деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Қай салада жүрсе де, еліне елеулі, халқына қалаулы болып, жүзі жарқырап жүретін азаматтар арамызда аз емес. Халқына қадірі мол, еңбегін ел таныған азаматтарымыздың есімі қай уақытта да мақтаулы. Еңбегімен ер сыйлы дейді емес пе?! Көпшілікке еселі еңбегімен танымал, тынымсыз еңбек жолы арқылы халықтың жүрегіне жол, көңіліне кілт тапқан азаматтың бірі - Мұхтаров Дәулет Мүбаракұлы жайлы жайлы әңгіме жібін тарқатпақпын.
      Ол 1972 жылы 27 қаңтарда Семей облысы, Семей қаласында дүниеге келген. 1979 жылы Абай ауданының Қызыл-Ту совхозындағы Ж.Молдағалиев атындағы орта мектепке бірінші сыныпқа қабылданып, 1989 жылы мектеп қабырғасын ойдағыдай аяқтап, сол білім ұясынан қанаттанып шықты. Оқуда озат әрі белсенді болған оқушы Дәулет мектеп аралық іс-шараларға қатысып, пәндік жарыстардан жүлде алмай қоймайтын білімді де зерек оқушы болды. Сабақтан бос уақытын текке өткізбей, қазақтың ұлттық ойындарын жанына жақын көріп ержетіп, спортты жанына серік етті. Тепсе темір үзер жігіт 1989-1991 жылдар аралығында кеңес әскері қатарында болып, Германияда әскери борышын абыроймен өтеп келді. Бала күнінен ауыл тіршілігіне жатық болып ержеткен Дәулет қай іске болмасын ебі бар, сегіз қырлы, бір сырлы азамат дер едім. Екі қолға бір күрек деп, 1993-1996 жылдары ауылдағы әртүрлі жұмыстарды атқарды. 1998 жылдан бастап Тоқтамыс ауылындағы «Дулат» шаруа қожалығында жұмыс істеді. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жігітті шаруашылық басшысы да, әріптестері де жылы қабылдады. Еңбек ете жүріп аға-әріптестерінен тәжірибе де жинақтады. Шаруашылықтың қыр-сырын меңгерді. Көпшілікпен ауызбіршілікте жұмыс жасай жүріп, үлкендердің батасын алды. Өз ісіне шын берілген азамат 2000 жылдан бастап осы қожалықтың басшысы болды. Жастайынан ауыл шаруашылығы жұмысына араласып, өз шаруашылығын дамытып қана қоймады. Ол сол шаруашылықтағы мал санын көбейтуге зор ықпал етті. Адал еңбекпен тапқан табысының жемісін өзі ғана көрмей, жақындарына, туыстарына, ауыл халқының игілігіне жұмсады. Артылғанын бөліп те беріп, жоқ-жітікке болысып, жоқшылықтан арылуына септігін тигізді. Қай кезде болмасын оның жомарттығы биіктерге көтерді. Көмек сұрай келгеннің кез - келгеніне қолынан келген қамқорлығын аянып қалмады.
      Дәулет Мүбаракұлы 1996-1999 жылдары Семейдің Шәкәрім атындағы колледжіне оқуға түсіп, білімін толықтырып, маманданып шықты. 2014 жылы жоғары білім алу мақсатында Шәкәрім университетінің қаржы-экономика факультетін тәмамдады. Дәулет өнегелі отбасында тәрбиеленді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегендей, ол әкесінің абырой-беделінің әлі күнге дейін балаларына қызмет етіп келе жатқанын мақтанышпен айтады. «Абыройлы еңбек етіп, бар ғұмырын елге арнаған әкенің ұрпағы болудың өзі үлкен мәртебе»,- деп мақтанады өз сөзінде Дәулет. Ол әкесінен жанындағының қабағын бағу, алыстағыны жақын тарту, мейірімділік, туғанға бауырмалдық, елге деген сүйіспеншілік, досқа деген адалдық қасиеттерді үйреніп ержетті. Оның мәдениеттілігі, ізденімпаздығы, қарапайымдылығы, істің көзін табатын табандылығы, әділетті сүйіп, шындық үшін шырылдайтыны, қайырымдылығы ең бастысы адамгершілік үлгісі көпке өнеге боларлықтай. Қанға сіңген қасиеті тынымсыз еңбекқорлығы дер едім. Бір сәтке де жұмыссыз қарап отыра алмайтын азаматтың әрбір күні қызу жоспарға толы. Ол өзінің еселі еңбегін ел болашағына арнап, бойдағы күш-қуатын, білімін, тәжірибесін осы жолға жұмсап жүр. Іскерлік қабілетінің дәлеліндей ол ауыл халқының қалауымен алғашқы рет 2014 жылы Абай аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Содан бері 4 мерзім қатарынан халық қалаулысы болып сайланды. Депутат болған жылдарында ауылдарды аралап, кемшіліктер орын алған нысандарды көзбен көріп, оны түзету жолдарын қарастырды. Ауылдардағы бұзылған жолдарды жөндеу, мәдениет ошағын күрделі жөндеуден өткізу, апатты жағдайдағы мектепті талапқа сай етіп еңсесін көтеруді қолға алды. Басты байлық – халық денсаулығы жайы да оның назарынан тыс қалмады. Ауылдық медициналық пунктті қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету сынды жұмыстарды атқарды. Басқа да өзекті мәселелерді биліктің назарына ұсынып, оның іске асуына мұрындық болды. Ауылды жарықпен, телефонмен, ғаламтормен, сумен қамтамасыз ету жағын да қарастырды. Бүгінде оның елеулі еңбегіне елі, халқы дән риза, алғыстары да шектеусіз. 
      Оның еңбегі жоғары билік тарапынан да лайықты бағаланып келеді. Күні бүгінге дейін облыс, аудан, ауыл әкімінің «Алғыс Хаттарымен» бірнеше рет марапатталды. «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Б.Байбектің «Алғыс Хатымен», Қазақстан Республикасының мәслихатына 20 жыл «Грамотасымен» марапатталып, медаль иесі атанды. Абай аудандық мәслихатының атынан бірнеше рет «Алғыс Хат» алды. 2011 жылы Абай ауданы «Дулат» шаруа қожалығынының басшысы ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы және қажырлы еңбегі үшін «Алғыс Хатпен» марапатталды. 2017 жылы ауданның әлеуметтік–экономикалық дамуына белсенді үлес қосқаны үшін «Алғыс Хатқа», 2018-2020 жылдары Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда жалпыұлттық деңгейде тұңғыш рет өткен партияның сайлау алды іріктеуіне белсенді атсалысқаны үшін «Алғыс Хатқа» ие болды.
      Иә, «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды», «Адал еңбек алысқа апарады» деген тәрбиемен сусындап есейген азаматтың бүгінде мерейі үстем. 
      - Қай қазақтың отбасында болмасын, ата-анасы баласын алдымен еңбекке баулып тәрбиелейді ғой. Әкеміз жастайымыздан бойымызға жігерлі, қажырлы, қайратты, болаттай берік болуды сіңіре берді. Әкеміздің осы тәмсілі ойымызға орныққан соң, біз қол қусырып, «Алма піс, аузыма түс» деп ешқашан қол қусырып отырған жоқпыз. Анамыздың сүтімен бойымызға дарыған жанашырлық, мейірбандық, имандылық қасиет те бар. Көпті көрген әке-анамыздың берген тәрбиесі, бүгінгі күніміздің жетістігіндей болып алдымыздан шығып жатыр. Адамның жаманы жоқ, тек тәрбиеге көнсе. Менің да өмірімде талай адамдар кездесті. Кейбірі ғана тек жағымпаздық пен марапат алу үшін қызмет қуалайды. Мен ондай адамды бір көргеннен жаныма жуытпаймын. Себебі, оның әу бастағы тәрбиесі солай. Әкеден ақыл, анадан өнеге алмаған бала ешқашан биікке шықпайды. Өзім қай жерде еңбек етсем де тек шындықты жақтадым, себебі, менде жағымпаздану деген қасиет атымен жоқ. Олай жасауға арым, жігіттік намысым жібермейді. Жылпостық, құр уәде, бос сөз жігітке лайықты қасиеттер емес. Шыны керек, кез- келген мәселені байыппен, салмақты шешкенді жақсы көретін адаммын. Жұмыста біреуге ұнау үшін, болмаса марапат алу үшін істемеймін. Мұның барлығы жоғарыда айтқандай сапалы жұмыс, жауапты қарым-қатынас, темірдей тәртіптің жемісі, - дейді Дәулет Мүбаракұлы.
      Ол күні бүгінге дейін ауылдағы көпбалалы аналарға, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларына, аса мұқтаж жандарға атаулы мерекелерде қол ұшын созып, қаржылай көмектесіп тұрады. Ауылдық, аудандық, облыстық, республика көлемінде әр түрлі іс-шараларда да демеушілік жасауды дәстүрге айналдырған. Оның осындай ер азаматқа тән мәрттігін де көпшілік ерекше ықыласпен айтып жүреді. Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына қарсы 2015 жылы Абайдың ғашығы Тоғжан Сүйіндікқызына Тоқтамыс ауылындағы жатқан жерін (зиратын) 840 м2 жерді қоршап, басына ескерткіш құлыптасты өз қаражатына жасатты. Иә, мұндай жомарттықты екінің бірі жасай бермейтіні белгілі. Туған жеріне адал еңбек етіп, көптің алғысына бөленген азамат, ағайын-туыс, жақындарының, замандас-құрдастарының, өз отбасының ортасында нағыз бақытты жан. Оның қай жағынан болса да айы оңынан туған азамат. Сөзімнің соңын түйіндей келе: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар - ол»,- деп Ұлы Абайдың сөзімен тəмамдамақшымын.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...