Көпбаев Қайрат

Рейтинг:


       Қансонарда қиядағы түлкіні көзі шалған бүркітін білегіне қондырып, күшік кезінде ауыздандырған тазысы қарпығанын жібермеген дарқан пейілді қазақ көшпелі ғұмырдың киіз үйін арба үстіне құрып, төрт түліктің соңында жүрген. Қыстың соңғы демі шығар ақпан айының күні ұясына батып, ақ ұлпаның тынысы тарылып, қара жерде шөп қосқұлақтанып шыққан көктемде кемпір-шалы күншуақта әңгімесін өрбітсе, қыс бойы қорада ықтаған малдың аузы көкке тиіп, түлігін өріске өргізген. Самарқанның көк тасы еріген тұста абажада сақтаған сүр етін қазанға салып, ырыстың молдығын ырым етіп, жеті тағамнан Наурыз көжесін жасап, бесіктегі баласынан қарттарына дейін дәм татып, тіпті, сапарға кеткендерге де сарқыт алып қалған. Бұрымында шолпысы сылдыр қаққан бойжеткені «ұйқыашар» жасап, бозбаласы көңілі қалаған қызын «селт еткізген». Алты тіреуіші ала жіппен оралған алтыбақанда тербеліп, ән салған жастардың көңілді кеші «бастаңғымен» жалғасқан. 
      Сайын даланы еркін мекендеген ұлы қазақ халқының ұрпағы атаның қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған тектілік, бекзаттылық, намысшылдық сынды болмысымен өзгелерден бәсі биік тұратыны айдан анық. Қазақты қазақ ететін де осындай құндылықтар болса керек. Қазақтың ажырамас бір бөлшегі – төрт түлік малы. Қытымыр қыста қыстауға көшсе де, жайдары жазда жайлауға қоныстанса да өзімен бірге төрт түлігін түлетіп, өрісін кеңіткен. Құн өтеуі мың, он мыңдап төленген дала төсінде түндігінен жұтаңдықтың тамшысы жиі тамған кедей отбасының өзінде отар қой болған. Диірмен тасы ауыр айналған XX ғасыр мал өрісін тарылтып, ірі қарасының мүйізін қақса да, еліміз Тәуелсіздік алған соң, бұзауымыз жандана баспаққа айналып, бестіміздің қазысы бес елі болды. Дала төсінде реформаның ызғары ескенде, қурап кеткен жусаны еркіндік қыраны көкте қалықтағасын тамырына қайта су жүгіріп, жайылым қайта көктеді. Шегесі босап, есігі жабылмай, белдеуі үзілген қамыс қораға төрт түлік қайта кіріп, ата кәсібіміз қайта жанданды. Осы жылдарда еліміздің түкпір-түкпірінде төрт түліктің тілін түсінген азаматтар шаруа қожалықтарын құрып, іргелі жұмыстарын жүргізіп жатты.
      Тұрғындарды төрт түліктің етімен қамтамасыз етіп келе жатқан азаматтардың бірі, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылдық округіндегі «Мақсат» шаруа қожалығын басқарып келе жатқан тәжірибелі басшы, облыстық шаруа қожалықтарының «Ең үздігі» туымен, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Көпбаев Қайрат Советұлын әңгімеге тартқан едік.
      – Қолымызға қамшы ұстап, үзеңгіге аяқ салып, тіршілік тұлпарының үстінде шауып жүргеніміз – ата-анамыздың арқасы. Әрбір ата-ана бауырынан өрбіген балаларын қанатының астына алып, өз махаббатына бөлеп өсіреді. Сұхбатымызды әлемнің бар жақсылығын жасасақ та аздық ететін ардақты да аяулы ата-анаңыз туралы әңгімеден бастасақ?
      – Әкем Совет Көпбайұлы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, бұрынғы Командор колхозында дүниеге келген. Ат үстінде көз ілген аталарымыз найзалы батырлар мен аузы дуалы би-шешендерге кенде болмаған. Жер дауы, жесір дауында төрелік айтып, әділдігімен қара қылды қақ жарған Жағалбайлы Мама бидің ұрпағымыз. Соғыстың қою бұлты сейіле қоймаған сол кездері ел тұрмысы қыстан көтерем шыққан қойдай әлсіз еді. Жоқшылықтың қара бұлты, тұрмыстан қалжыраған халыққа қиын тиіп, көгінде үйіріле соғып, «шықпа, жаным, шықпамен» отырған болатын. Бір орталыққа бағынған жүйе тұрғындарды бір колхозға жинаса да, тіршілік арбасының дөңгелегі әрең айналып, әупіріммен жүрді. Атам Көпбай колхозда есепші болып қызмет атқарған. Сыртқы жау тырнағын батырса, мыңқ етпеген Отырардың қақпасын Шыңғыс хан әскеріне ашып берген Қарашоқылар мен алтын жағалы ішік көкейін тескен Ықыластың Махамбетті өлтіріп, батырдың басын кесіп патшаның қолшоқпарларына апарып берген сатқындығы колхоз кезінде де қалмаған екен. Шекпенді қызметке қолы жетпегендердің ішінде қызғаныш иті ұлып, кісінің ала жібін аттамаған атамды сан мәрте омақаса құлатпақшы болған. Есеп-қисапты сылтау етіп тексеріспен күнде келетін комиссия масадай болып қадалған жерінен қан алатын. Ізге түскен суық көз сүрінгенін күтіп жүрсе де, өз ісін адал атқарған атам алдынан құрған қақпанға түспеген еді. Тасада тұрып тас атып, тақыр жолда сүріндіруді көздеген сұқ көздер дегеніне жетті. Бір айналдырғанды шыр айналдырып, аңдыған жау алмай қоймады. «Комиссия келе жатыр!» – дегенді естіген жандайшаптар әкемнің шкафына бір пұт астықты тығып қойып, нақақтан-нақақ 4-5 жылға соттатып жіберген. Бүгінгідей қорғаушы деген жоқ, комиссия шешімі қайта қаралмай, бірден абақтыға жапқан. Сол кездері елдің бас көтерерлеріне қырғидай тиген жаланың құрбаны болып атамның бауыры да атылып кете барған. 
      Араға жылдар салып, атам елге оралады. Сынған қол жең ішінде қалып, аман-есен оралғаны сауға деп, ел қатарлы тіршілік етеді. Өзгелер балалықтың добын қуалап жүргенде, анадан ерте айырылған әкем Совет қолына айырын алып шөп маялайтын. Тағдырдың теперішін ерте көрген ол әкесі Көпбай сотталып кеткенде, атамның бауыры Елубайдың қолында тәрбиеленіп, қолында ер жетеді. Үш колхоз біріккен Жеңіс колхозында оныншы сыныпқа дейін білім алып, 1958 жылы бітіріп шығады. Азаматтық жасқа аяқ басып осы жылы Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1958 жылы білім ордасының
      2 – курсында оқып жүргенде, анам Сарамен шаңырақ көтереді.
      Жоғары оқу орнын биология-химия мамандығы бойынша тәмамдаған асқар тау әкем еңбек жолын Қаратал қаласына қарасты  Қытай кентінде бастайды. Еңбек жолының алғашқы кірпіштері қаланған білім ордасында алты жыл еңбек етіп, оқушылардың тал бойына білімнің нәрін сеуіп, тәлімнің дәнін егеді. Артынша, ұлағатқа толы ұстаздық жолын туған өлкесі Түгіскен орта мектебінде мұғалім болып жалғастырды. Өмір аспанында самғағалы отырған қыранның қанатын қомдау – ұстаз бойындағы жауапкершілігі мол жұмыс. Балалық табанының табы қалған ауылдық мектепте мұғалім, кейіннен директорлық қызмет атқарады да, ауыл шаруашылық саласына ауысып, совхозда еңбек етті. Ес білгелі қолынан түспеген айыр-кетпенін қайта сілтеп әуелі директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары, артынан аталмыш совхоздың Кенжебай Есмай бөлімшесінде ферма меңгерушісі болды. Еңбектің ит көйлегін жастайынан киген әкем жұмысы тұралап қалған қай істің басына барса да, жүргізіп әкететін өте еңбекқор, істің көзін білетін іскер жан еді. Зейнет жасына дейін жанар-жағармай бекетінде еңбек етті. 
      Қаламын жел тербеген ақын-жазушының да, әлемді әсемдікпен әрлеген суретшінің де, ән бесігінде тербелген әншінің де ең ұлы тақырыбы – Ана туралы болған. Ұшты қаламды қағаз бетіне қанша үйкесек те, ұлы бейненің келбетін ашу, әй, қолымыздан келмейді-ау!?.. Ақ сүтімен бойымызға дарыған асыл қасиеттері өшпестей болып сүйегімізге сіңіп кетті. Жаялығымызда жатқанда-ақ бар жақсылықты тағдырымызға таңған асыл Ана бейнесін ұлы суретшінің өзі кескіндей алмасы анық. Сәждеге тиген маңдайымызды аяғына тигізе тағзым етсек те, бір толғағын ақтай алмаймыз. Енесі тепкен құлынның еті ауырған ба, жасаған тентектігіміздің «өтеуіне» берілген бір шапалақ «айналайын» деп шашыңнан сипағанмен бірдей еді. Ай жүзді Ана келбеті бала жүрегінің ең биігінен орын алатын құдіретті тұлға. 
      Аяулы анам Сара Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Қызылжар станциясында дүниеге келді. Асылдың сынығы – Тама руының ішіндегі Дәулеткелі бабаның тұяғы. Текті әулеттің тұқымынан тамыр тартқан анам жетімдіктің дәмін татып, жоқшылықтың шынтағы жамау күртешесін ерте киді. «Жыртық үйге тамшы үйір» деген, басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейтін тұрмыс анамның қолына кетпенді ерте ұстатты. Елдің ерлері майдан даласына аттанғанда, тылдағы еңбек соқасын ауылда қалған кәрі-құртаң мен әйел-балалар сүйреген болатын. Соғыстың қызыл тілді жалыны анамның да отбасын шарпып, асқар тау әкесін алып тынды. Анам Түгіскен мектебінде білім алып, осы жерден тәмамдаған. Тұрмыс құрған соң есепші, кітапханашы болып түрлі жұмыстар жасады. Басшылық қызметте жүрген әкемнің жағдайының жайлы, жағасының ақ болуы үшін барлық жағдайды жасаған қазақ әйелдерінің бірі. Отбасының татулығы мен берекесін келтірген асыл анамның мен үшін орны ерекше.
      «Адам баласының ең бақытты шағы  – өзінің туған балалары мен солардың кіріп-шығып, үйіңде базар болып жатқан уақыты», –  дейді анам өзегінен жарып шыққан балапандарының амандығын тілеп. Тағдыр тауқыметін көп көрсе де, мойымай 12 құрсақ көтеріп, сегіз қыз бен төрт ұлды ешкімнен кем қылмай, қатарымыздан қалдырмай өсірді. Үйдің үлкені болған соң, мен қазақы дәстүр бойынша кемпір-шалдың бауырында болдым. Менен кейін ізімді баса Мақсат бауырым дүниеге келді. Бірақ, кең дүние оған таршылық етіп, құйрықты жұлдыздай ағып өмірден ерте өтті... Тағдырдың басқа салғанына шара бар ма?! Інімнің артынан ұрпақ қалмаған соң, есімі ел есінде жүрсін деп шаруа қожалығын «Мақсат» деп атадық. Қыздың үлкені Қарақат – Қарағанды қаласындағы Медицина Орталығының ішаралық дәріхананың өндірістік бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі медицина қызметкері. Ал, Рахат – үбірлі-шүбірлі болып, немере тәрбиелеп, ұрпағының бойына отансүйгіштік қасиет пен ұлттық құндылықтарды сіңіруге сүбелі үлес қосып келе жатқан бір әулеттің отағасы. Салтанатымыз  – Қарағанды облыстық медицина орталығында медбике болып жұмыс істеп, әр сөзін ақылмен безендірген адам жанының арашасы. Ләззат қарындасым – үлкен әулеттің ұйытқысы, ауылдағы ата-енесінің ибалы келіні. Одан кейінгі Анар – автоколледжде мәртебелі мұғалім, ал Динара – сауда-саттық саласында еңбек етіп, нарықта табысқа жетудің үлгісін көрсетуде. Кіші ұл Саламат – Жаңаарқа аудандық ішкі істер бөлімінің инспекторы, полиция-майоры. Ал, Әсел – Қарағанды қаласындағы Орталық Қазақстан Академиясының аға оқытушысы әрі заң ғылымдарының магистрі, Омбының Заң Академиясының аспиранты. Асыл атты қарындасым  – Жаңаарқа ауданы АХАЖ бөлімінің жауапты маманы болып қызмет етеді. Үйдің кенжесі Қанағат – қара шаңырақтың тірегі һәм білегі. Бүгінде ата-анам «ата», «әже» атанып, 30 немере мен 4 шөберенің қызығын көріп отыр. Аллаға шүкір! Әкем мен анам ортамызда бақытты ата-әже болып, немере мен шөберенің бал қылықтарына тоймай, ұзақ ғұмыр кешкендерін Жаратқаннан тілейміз. 
      – Қараңғылықты сейілте, жарық дүниенің пердесін түргелі балалықтың шыбығын ат қылып мініп, оқушылықтың сөмкесін арқалап, студенттік өмірдің қызығын көріп, тұрмыстың айыр өркешті желмаясын шөктірген «Өмір» атты ұлы көште тербеліп келеміз. Уақыт тепкішегінде тұралап қалмас үшін, ата кәсіптің жүгенін қолына алып, өріске мал өргізіп отырған азаматтың өмірі туралы білсек...
      – Жотасында көшкен құмының өзі көкорай шалғынынан кем емес туған ауылдың түтіні де ыстық. Тың игерудің екінші бесжылдығы деген атпен тарихқа енген 1962 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келдім. Уақыт ілгегіне ілініп, өткен күннен енші алып, жағада қол бұлғап қалған балалық шағым Түгіскен өңірінде өтті. Сайында боталаған інгенін алысқа алып кетсең де, із басып қайтып келтірген туған жердің құдіреті ерекше ғой, шіркін! Торғайдан қорғап, шүберекпен қалқалап күн көзіне жайған төбедегі құртты үлкендерге білдіртпей сырықпен алып жеген қайран балалық! Көшесін қанша шаңдатсаң да, саф ауасы қолқаңды қаппайтын Түгіскен ауылында орта мектептің табалдырығын 1969 жылы аттап, 1979 жылы бітіріп шықтым. Ол кездегі негізгі жұмыс көзі колхоз бен совхоз болатын. Күннің қызыл шапағы көрінген таң алагеуімнен сауыншы әйелдер білегіне шелегін ілсе, шопандар атын ерттеп, егіншілер иығына кетпенін асып, бәрі өз жұмыстарына білек сыбанып бара жататын. Қолдаса жүріп отынын үйіп, білектесе жүріп от жағып, иықтаса жүріп жүк көтерген тайқазанға мен де қолымды қоса салып, мектеп бітірген соң, «Жеңіс» ұжымшарына аға шопан болып орналастым. Ол кездегі аға шопан, сауыншы дегендерің біздің буынның жастары қызығатын беделді мамандықтар еді. Сол жерде аға шопан болып істедім де, 1985 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге аттандым. Екі мәрте қара жерге қар қондырып, 1987 жылы қайтып келген соң, қойшы ауылдан іргем алыс кетпей, бұрын жұмыс істеген жеріме аға шопан болып қайта келдім. Қолыма ұстаған қойшы таяғым аспанды сұры бұлт қаптаған күзде суық тартпай, қыстың аяғында үсік шалмай, алдымдағы отарды жер жіпсіген көктемде аман-есен алып шығып жүрдім. Он бес жыл аға шопан болып қой төлдетіп, қозылатқаннан кейін, 2002 жылы аға шопан болдым. «Мал баққанға бітеді» демекші, Шопан атаның түлігін Қамбар Ата пірі болған жылқы малына ауыстырғаннан кейін де, жұмысым жаман болған жоқ. Шөптің құнарлысынан от алып, судың тұнығын су ішетін текті жануарға үш жыл құрық лақтырып, 2005 жылға дейін қара торыны тақымдадым. Ал 2005-2008 жылдар аралығында ферма меңгерушісі болып жұмыс жасадым. Бүгінде сайын даланың төсінде тебіндеп жайлатын төрт түлік өсіріп, «Мақсат» шаруа қожалығына басшылық етіп келемін. Қаумалаған ағайыным, батыр жүректі бауырларымның шаруашылық үшін жасаған еңбектері ұшан-теңіз. Жоғарыда атап кеткендей, мен кемпір-шалдың баласы болғандығымнан болар, туған-туысқа, ағайынға жақын болып өстім. Әкемнің артынан ерген бауыры Жетімек, одан кейін Талғат, Азамат, Самат есімді   бауырларымның көмектері көп. Қазіргі таңда барлығы отбасылы, бір-бір шаңырақтың отағалары. Әрқайсысының өз алдарына жеке кәсіптері бар.  Бәріне үй тұрғызып, оларды үйлендіріп, өз міндетімді атқардым деп ойлаймын.
      Өзім тізгіндеген қожалықтың айта кететін бір ерекшелігі – қазақтың асылтұқымды ақбас сиырын өсіретіндігінде. Шөбі шүйгінді, топырағы құнарлы жерлерді жайлаған аталарымыз  малдың да асылтұқымдыларын баққан. Бүгінде ғылым «жаңалық» деп ашып жатқандарды бабаларымыз ертеден-ақ біліп, тұрмысында қолданған, будандастыру арқылы алып, түлік басын асылдандырған. Солардың бірі, бүгінде мал шаруашылығын тізгіндегендердің құлағын елең еткізетін қазақтың ақбас сиыры. Қазақтың – сиыр малының ішіндегі етті тұқымы. Ала қалпақты ағайынмен арқалас қонған қазақ, қалмақтармен де іргелес көшіп жүрген. Қазақ және қалмақ сиырларын ағылшындардың герефорд бұқасымен будандастыру арқылы 1932-1950 жылдары Қазақстан мен Ресейде алынған. Республиканың далалық және шөлейт аудандарының табиғи жағдайына бейімделген. Түсі қызыл, басы, құйрығының ұшы, әукесі, бауыры мен сирағы ақ болады. Тез жетілетін, етті мал. Кеудесі кең, аяқтары қысқа, берік келеді. Бұқасы орта есеппен 800-1300 кг аралығында салмақ тартса, сиыры 450-580 кг, жеті-сегіз айлық еркек танасы 200-220, ал ұрғашы танасы 180-200 кг шамасында ет береді. Осынысымен де құнды, асыл тұқымды  15-18 айлығында еркек тайынша тәулігіне 1 кг, ал ұрғашы тайынша 700-800 гр салмақ қосады.
      Бұдан басқа да жылқыларымыз бен қойларымыз бар. Тоқырауды сылтау етіп, малға мойын бұрмай кетсек те, ауылдан кіндік үзбеуімізді жағадан алған нарық санамызға қондырды. Бүгінде Аллаға шүкір, сабамыздан қымызымыз, кесемізден айранымыз, қорамыздан төрт түлік үзілмей ат үстінде замана көшіне ілесіп келеміз. Заты мал демесең, төрт түліктің тұла бойы тұнып тұрған ырыс.   
      – Отбасыңыз жайында, көп ішінен таңдаған аяулы жарыңыз туралы білсек. Сіз басқан ізді басып, жолыңызды қуған балаларыңыз туралы айтып өтсеңіз... Ұрпақ жалғастығы болған ізбасарларыңыздың болашағынан күтеріңіз? 
      – Ауыл ақсақалының айтқанын екі етпеген аталарымыз ат жалын тартып мінген сәттен бастап-ақ ұлын бір отбасының тірегі болуға тәрбиелеген. Ноқта тігіп, тұсау есе жүріп ер жеттік.  Қолымнан жүгенім түспей 1989 жылы үйлендім. Өмірлік жарымның есімі – Баймұханова Нұргүл Сапарғалиқызы. Аллаға шүкір, Жаратқан бізге нәсіп еткен үш баланың ата-анасымыз. Тұңғышымыз Нұрперзент екі жоғары білімді маман бола тұра менің жолымды қуып, «Қайрат» шаруашылығын басқарып, ірі саланы өркендетіп келеді. 1992 жылы дүниеге келген қызым Әзиза – тұрмыста, бір баланың анасы. Журналистика факультетінің түлегі, қазіргі уақытта бала тәрбиесімен демалыста отыр. Ал Фариза қызым – заң ғылымдарының магистрі, бүгінде прокуратурада, яғни, заң саласында қызмет етеді. 
      – Жалғанды жалпағынан басып, құлашымызды кеңге сермесек те, бір нәрсе жетіспейді де тұрады. Бір кем дүниеде тіршілік қамыты мойнымызды қажаса да, тұрмыс арбасын сүйреп келеміз. «Төрт құбылаң түгел болсын!» деп аталарымыз бекер бата қылмаған. Сөз арасында қыршын кеткен ініңіз Мақсат туралы көңіл толқынын бір қозғап өттіңіз. Қожалық ашу жарқ етіп сөнген сол бір бейненің арманы екенін айтып қалдыңыз... 
      – Беу, дүние кімнің жетегіне еріп, айдағанына көнген. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ». Бесіктен бейітке дейінгі аралықта маңдайға жазылған тағдыр жолдарында қуанышты сәттермен қатар еңсеңді басып алға жүрісіңді тежейтін қиындықтар аз болмайды. Жолы үнемі даңғыл бола бермейтін тіршілікте, жоққа жүйрік жеткен бе?! Тіршіліктегі қиындықтардан өтесің, ең үлкен қайғы – оралмас күндерді бірге өткізген жақын адамдарыңның мезгілсіз қазасы. Өмір көз ұшында сағымы бұлдырағанды жақындатып, бір нанды бөлісіп жеген қимасыңды алыстатады. Есікті қағып кірмейтін ажалдың тарамыс қолы, өмірге іңкәр Мақсат бауырымды арамыздан суырып алып кетті. Көңілінің ақ парағын кір шалмаған, көлденең сөзге ермеген, өзгеге көлеңкесін түсірмеген жан еді. Көңілімнен көктемді көшіріп, көңілді күйлер тартқан домбырамның қос пернесін үзіп кетті... Көп үміт күткен бауырымның бақыт гүлдерімен көмкерілген бақшасы ерте қурап, бақыт құсы басына тайғанақтап қона алмады. Өзгелерден ерекше көрінген Мақсаттың алдына қойған мақсаты айқын еді. Алматыдағы ауылшаруашылық институтының «өсімдіктерді қорғау» факультетін үздік бітіріп, жанарында жасын ойнаған бауырым ептілігімен көзге түсіп, бірден облыстық өсімдік станциясында аға агроном болып шыға келді. Кейін уақыт өте келе қолындағы бірін екі етіп, кәсіппен айналысты. Шаршауды білмейтін рухы асқақ інім «ірі шаруа қожалығын ашсам» деп армандайтын. Көтеріп тұрып құлатқан өмір «әттең...» дегізбей қоймайды екен. Хақ өлімге қолдан келер шара бар ма?! Орда бұзар отыз бес жасында бұл фәниді тастап кете барды. Артымнан ерген тіреуім еді. Алыста қалған аяулы арманын біз орындап, «Мақсат» шаруа қожалығын аштық. Қапыда кеткен бауырымды, әрине, сағынамын. Аңсағанмен алдымыздан күліп шыға келер дейсің бе, медет тұтар жүрегіміздегі жарқын бейнесі мен армандап кеткен шаруашылығы ғана. Жүрегіміздегі сырды ашып, балаларымыздың қызығын көретін кезде... қыр асып көрінбей кетті ғой, жан бауырым! 
      Жаршысы едің, болмысы асқақ тектің,
      Жасын нұрын көзіңмен жасқап көктің.
      Өкпелісің өмірдің ортасында, 
      Мақсатжан!
      Қалайша бізді қиып тастап кеттің?!
 
      Күрсінді алап, күмілжіп, күрсінді ғұр,
      Түнекке әкеп жатқандай тылсымды іңір. 
      Туыс-туған соңыңда қалды-ау жылап, 
      Қиылғанда қаршадай қыршын-ғұмыр.
       
      Қайғы қалың, қабақта реніш те көп, 
      Көш керуенің кідірді еңіске кеп.
      Жаның, сірә, жәннаттан орын алып, 
      Түсімізге кірерсің періште боп.
      – Он алты қанат ақ боз үйдің уықтарын біріктіріп тұрған шаңырақ секілді, тамыры тасқа тисе де өркенін жайған бір әулеттің ынтымағын біріктіріп, жұмылған жұдырықтай етіп кәсіпкерлік көшін ілгері жүргізіп келесіз. Десек те, ағы мен қарасы қатар жүретін өмірде қарайласатын жандар болғасын, көмекке зәрулер де жоқ емес. Қос шелегіне кедейшілік пен жоқшылық толтырылған тұрмыстың ауыр иінағашы еңсесін тіктетпеген жандар баршылық. Меценаттыққа, қайырымдылық шараларына қаншалықты көңіл бөлесіз?
      –Алла біздің кеудемізге жұмыр еттен жаратылған жұдырықтай жүректі салып берді. Ішін мейірімділікке толтырды. Қос қолымызды өзгені соққыласын деп емес, зәру жандарға көмектессін деп иыққа ілді. Жанарымызды менмендік бұлтының үстіндегі тәкаппарлықты көрсін деп емес, жоқ-жітікті назарға алсын деп маңдайға таңды. Қос аяқ пен ауызды тек қана мінберге көтерілу үшін емес, сол мінберден тағдырдың желі тоңдырған жандардың мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізу үшін берілді. Алланың бергенінен асып мен қайда барамын?! Өзі бергенін өзі алып, тағдыр құйыны үйіре соқса да, жүрегімде сабырлылықтың оты тұтанып, тілімнен кәлимаммен бірге шүкіршілік түспеді. 
      Қайырымдылық жасағанның сауабы Жаратушыдан қайтады. Сондықтан, тұрмыстың аязды қысында жеңіл күртешемен жүрген әлеуметтік аз қамтылған жандарға көмек қолын созу –  сауапты іс. Демеушілік сұраған ұйымдар мен ұжымдардың, жекелеген ұлттық, өнер, спорт жанашырларының қолын қаққанымыз жоқ, қайта бастамашыл жандардың арқасынан қағып, қайырымдылық іс-шараларынан шет қалған емеспіз. Боз кілемі жиырылып, белбеуі ілгіште, киімі қалтарыста қалған қазақ күресінің Шығыс өңірде өркендеп, ел спорты алаңына оралу үшін қолдау танытып келеміз. Алып та, талант та ауылда туады. Алайда, оның талабын тұғырлы ету үшін мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Соның салдарынан кейбір қандастарымыз үшін ұлттық деңгейге көтеріліп, өз мүмкіндігін толық ашу бақыты арман күйінде қалып келеді. Бұл – ақиқат. «Туған ауылдың түтіні де ыстық» деген, қолымыздан келгенінше ауыл экономикасын көтеруге, елдің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға атсалысып келеміз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде 2016 жылы Түгіскен орталығына 100 млн теңге қаражатқа спорт кешенін салып бердім. Түгін тартсаң, майы шығатын Түгіскендегі бұл спорт кешенін ақиқатқа айналған арман деуге болады. Жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыруымыз керек. Түгіскен топырағы спорттан құралақан емес, КСРО спорт шеберлері Құрал Әбілдин, Қалкен Әбенов, ҚР спорт шебері Мұрат Майауызов сынды күрес майталмандарын мақтан етеді. Ал, Жаңаарқа спортын сөз етсеңіз, «Байшолақтың бесеуін айт!» деген сөз бар дала төсінде самалдай ескен. Қазақ елінің байрағын Олимпиада төсінде желбіретер чемпиондар осы спорт кешенінен шықпасына кім кепіл?! Рухани әлемнің жыр бесігін өлеңмен тербеткен ақындар мен қаламынан тамған сиясы қазақ әдебиетінде ерекше бір толғаныспен сөйлейтін жазушылар да ауыл мектебінде өсіп келеді. Қаламының желі бар жастарды қолдау аға буын ретінде біздің міндетіміз. Оларды да назардан тыс қалдырған емеспіз. Бұл да болса жастарды өрмекшінің торындай сананы шырмап алған ғаламтордың жетегінде кетпей, проза мен поэзия нәрінен сусындасын дегеніміз еді. Елдің елдігі, ердің ерлігі ел басына күн туған қиын шақтарда көрінеді.Тіршілік иінағашының қос басына ілінген, бірі толық, бірі жарты шелектей, бірі дәулетті, бірі жоқ-жітік болып сынаққа түскен жалғанда, біреудің жақсылығын біреу, біреудің жамандығын біреу арқалап кетпейді. Жаныңдағыларға не істесең, түбі бір алдыңнан шығады. Сондықтан қолымда барды мүмкіндігімше көппен бөлісу артықтық еткен емес, керісінше мейірімді сезінген жанның алғысы мен үшін үлкен мәртебе. 
      – Қайрат аға, мазмұнды да парасатты әңгімеңіз үшін үлкен ризашылықпен алғысымызды білдіреміз. Керегесі еңбекпен тоқылып, уығы ынтымақтаса Сіз биікке көтерген шаңыраққа қадалған, он алты қанат ақ боз үйіңіздің үзігіне бақыт құсы қонақтап, кәсібіңіздің түтіні түндіктен түзу ұшып, ел игілігі үшін қызмет ете беріңіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости