![]()
Абыройы асқан асыл азамат
Құрылыс индустриясы – қашанда экономиканың негізгі іргетасы екендігі белгілі. Сондықтан да, құрылыс саласының дамуы – елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының артуына тікелей байланысты. Осы сала қарқынды дамыған аймақта жалпы экономиканың барлық бағыттарындағы тірліктің өркен жайып отырғанын аңғаруға болады. Бүгінгі таңда заман талабына сай заманауи үлгілермен салынған құрылыс кешендері аймақтың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңірдің өркендеуіне жаңаша серпін беруде.
Соңғы жылдары Балқаш қаласы бойынша құрылыс саласындағы жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді. Осы ауқымы үлкен саланың серпінді дамуына білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, «Балқаш жібек жолы» ЖШС құрылыс компаниясының негізін қалаушы, бас директоры – Қасымбеков Серік Төлегенұлы.
![]()
Ол – Қарағанды облысы, Қызыларай мекенінде 1966 жылдың 27 қаңтарында дүние есігін ашып, жарқын өмірге қадам басқан бала Серік кішкентайынан зерек те, алғыр болып өсті..
Партаға отырған күннен білімге, білуге ұмтылған зейінді оқушы, бүлдіршін күнінен мектеп қабырғасындағы мәдени, спорттық іс-шараларға белсене қатысты. Оның ішінде волейбол спорттық ойынына қызығушылық танытып, облыстық, райондық жарыстарға қатысып, көзге түсті. Сонымен қатар сурет өнеріне қызығушылық танытып, қол өнер конкурстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. 10 жылдық Қызыларай орта мектебін ойдағыдай аяқтап, Жезқазған педагогика институтының бейнелеу өнері сызу және еңбекке баулу факультетіне түсті. 1984- 1986 аралығында әскери борышын өтеді. 1990 жылы атаған институтты тәмамдап, Қарағанды облысы, Шашубай кенті орта мектебіне сурет салу және еңбекке баулу пәнінің мұғалімі ретінде 3 жыл жұмыс жасады.
1993-1996 жылдары әріптес жолдастарымен біріге «Сәулет» ЖШС-мен қаланы безендірумен айналысты. 1996 жылдан бастап жеке кәсіпкер. 1997-2006 жылдар аралығында сырттай оқып, заңгер және құрылысшы мамандықтарының дипломын алды.
Негізінен, ол 2003 жылдың қаңтар айынан бастап «Балқаш жібек жолы» ЖШС құрылыс компаниясының бас директоры болып тағайындалып, өз кәсібін дөңгелету жолында білек сыбана іске кіріседі. Ертелі-кеш ғимарат нысанының басынан табылып, басшы ретінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін тиянақты атқарып, еңбек ұжымында үлкен сенімге ие болды.
![]()
2011 жылдан бастап «Балқаш жібек жолы» ЖШС мемлекеттік бағдарламалар аясында Балқаш қаласының тұрғындары үшін көпқабатты 18 тұрғын үйдің, 4 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 320 көрерменге арналған спорттық - сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізді. Сонымен қатар Балқаш қаласының гүлденуіне үлкен үлес қосуда. Өзіндік тарапынан «Ақжарық», «Ақсораң» сауда орталығы, «Күлиә» бизнес орталығы, «Ақтеңіз» фитнес орталығы, «Ақнұр» 280 орындық балабақшасын, құрылыс материалдарын шығаратын, кірпіш өңделетін зауыт салды. Бір сөзбен айтқанда, осынау көрікті қалада көпқабатты тұрғын үйлердің бой көтеруіне Серік ағамыз өзіндік қолтаңбасын қалдырады.
Қарағанды қойнауында қуатты қарқын алып, кеншілер қалашығына айналған Балқаш қаласына көпқабатты тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар көптеп бой көтерді. Қалашықтағы тұрғындар саны жыл санап өсе бастады. Әрине, халық саны артқан сайын баспанаға деген сұраныс та арта түсері айқын. Бұл мәселелерді шешудің жетік жолын меңгерген Серік Төлегенұлы өзге де нысандарды жолға келтіруді қолға алды. Тіпті, аймаққа қарасты табиғи апатқа ұшыраған аймақтарда құрылыс жұмыстарын жүргізген болатын. Айталық, ол су тасқынынан зардап шеккен Ақтоғай ауданы, Қарасу ауылындағы жұртшылыққа қол ұшын созып, апат салдарынан қираған үйлерді қайта қалпына келтірді. Шашубай ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үйді қайта қалпына келтіріп, халық игілігі үшін қайырымды іс жасағанды.
![]()
Аймақтың дамуына қосқан тағы бір елеулі үлесі – Балқаш қалалық бассейнін қайта түлету, қала тұрғындары үшін үлкен фитнес-орталық ашу жоспары еді. Басымдық алған бағытта еңбек етіп, қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына өз септігін тигізе алды. Бүгінде аталған спорт кешендерінен қаншама үздік спортшылар шығуда.
Ізгі жолы талайға үлгі, тәжірибелі кәсіпорын басшысының өзіне тән тұлғалық ерекше қырлары да бар. Әрбір қызметкеріне ерекше ілтипатпен қарайтын жан – сондай кішіпейіл және қарапайым, жұмысшыларының қиындығын кез - келген сәтте бірге шешуге тырысатын жанашыр тұлға. Әсіресе, іске келгенде байсалдылығы мен төзімділігі қасындағы жанды баурап алады. Мейірімділік, адамгершілік және адалдық сияқты қасиеттері арқасында ол тек ұжымда ғана емес, сонымен қатар, қала тұрғындары арасында да үлкен құрметке ие болды.
Нағыз істің адамы болғандықтан, қала тұрғындары оған сенеді. Және кейіпкеріміздің еңбегінің жемісін көріп келеді. Қаладағы сәулетті ғимараттардың басым бөлігі – соның айғағы.
Кейіпкеріміздің еңбегінің жемісі қаламызда бой көтерген көп қабатты үйлердің өзінен көрініп-ақ тұр.
Көптеген ірі құрылыс объектілері – өзіндік сипаты, өзіндік архитектуралық бейнесімен және шығармашылық суреттелуімен ерекшеленеді. Осы тұста құрылыс нысанына жаңашылдық енгізіп, заманға сай үлгідегі ғимараттардың құрылысын іске асыруда Серік Төлегенұлының жетістігі ұшан-теңіз.
Ізгілік пен адамдық сияқты қасиеттерді өн бойына түгел сыйдыра білген, пайым-парасаты мол, өмірі өнегеге толы, тағылымы талайларды тамсандырған ел ағалары қашан да ел есінде қалады. Жетім-жесірге, мүқтаж адамдарға барынша көмегін беруде. Қол астындағы жұмыскерлерге баспана, автокөлік, тағыда басқадай шаруашылықтарын шешуге пайыссыз несие беріп келеді. Осы секілді ұжымдастарының сөзінен үнемі аты аталатын кейіпкеріміз қол астындағылармен өзін ілтипатты ұстайды. Әрі алға қойылған мақсаттардың нақты орындалуын талап етеді. Ортаға сай жұмыс істеп, өзін – өзі тәрбиелі ұстай білетін білікті басшы. Тактикалық ұстанымы да өте жоғары. Ұжымдағы қызметкерлермен қарым-қатынаста тәуелсіз басқару стилін қолданады. Қызметкерлерінің ойын жіті тыңдап, идеяларын ортаға салуға мүмкіндік береді. Осындай ақжарқын пейілімен ұжымда бедел мен құрметке ие.
![]()
Адамгершілігі мол, ашық мінезді, көрегенді басшының шебер басшылығы, қызметкерлерінің кәсібилігі арқасында, қазіргі таңда «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС табысты, қарқынды дамып келе жатқан құрылыс компаниясына айналып та үлгерді. Мұнда бірінші кезекте таңдау тапсырыс берушіге беріледі. Оған қоса, компания қаладағы танымал құрылыс компаниясы болып табылады. Құрылыс жұмыстарының барлық түрлерін сапалы орындау, уақытында тапсырыс беру, тиімділік, заманауи құрылыс материалдарын пайдалану, қауіпсіздік шараларын сақтау – компанияның көп қырлы, жүйелі, сапалы жұмысын көрсетеді.
Аталмыш кәсіпорын әлеуметтік жауапкершілікті бизнеске қол жеткізудің негізгі тәсілдерінің бірі деп санайды. Ұйымның басшылығы әлеуметтік бағытталған бизнесті жүргізеді. Яғни, қайырымдылық істермен айналысады. Оның ішінде, халықтың әлсіз топтарына, зейнеткерлерге, балаларға, ұйымдарға және жеке адамдарға жыл сайынғы демеушілік көмек көрсетеді. Қызметкерлерге, серіктестерге және жергілікті қоғамдастыққа ерікті түрде әлеуметтік міндеттеме қабылдайды.
Халыққа барынша көмек қолын созуды жылдық үрдіске айналдырған мекеме қала тұрғындарына үздіксіз қызмет етіп келеді. «Әр қазақ менің жалғызым» демекші, кәсіпорын қорындағы артылған қаржыны оң іске жұмсап, мұқтаж жандарға үлестіре білу – білікті басшының парасаттылық деңгейлігінің жоғарылығы.
Міне, еселі еңбек жолындағы маңдай тері еленіп, Серік Төлегенұлы облыстық, қалалық әкімдіктердің арнаулы марапаттауларына да ие болып жүр. Атап айтқанда, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі үшін алғаш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алғыс Хатымен», Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет Грамотасымен», «Нұр Отан» партиясының төрағасының «Құрмет Грамотасымен», Қазақстан Республикасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің «Құрмет Грамотасымен», «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Алтын Қыран» медалімен, Қарағанды облысы әкімінің «Құрмет Грамотасымен», Балқаш қаласы әкімінің «Алғыс Хатымен», марапатталды. 2011 Үздік кәсіпкер, 2017 Ең серпінді кәсіпорын.
Ағамыздың мәртебесін арттырған басқа да табысты жүлделері бар. Мәселен, 2011 Үздік кәсіпкер, 2016 жылы «Нұр Отан» ХДП – ның «Құрмет Грамотасы» табысталып, «Қайырылымдық керуені» Сертификаты берілген болатын. Ал 2017 жылы Дипломмен марапатталып, «Алтын Қыран» төсбелгісін кеудесіне тақты. 2017 жылы Ең серпінді кәсіпорын, 2018 жылы «Сапа» сертификаты қанжығасына байланды. 2020 жылы Қазақстанда алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында жасампаз құрылысшыларға арналған монумент қойылып, сол монументте Қасымбеков Серік Төлегенұлының есімі алтын әріппен жазылды. Сонымен қатар «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен және «Әлихан Бөкейханов» төсбелгісімен марапатталды.
Балқаш қаласымен аумақтағы сәулет құрылысына сүбелі үлес қосқан Серік Төлегенұлы халыққа да, басшылыққа да абыройлы азамат. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» демекші, қалалық мәслихат депутаты, Балқаш қаласындағы «Волейбол ассоциациясы» ЖШС төрағасы.
Өнерлі адам «сегіз қырлы, бір сырлы» демекші, Серік Төлегенұлының бойындағы бір қасиеті, туған жерін тұғырым деп ерекше қастерлеуінде. Тау баласы тауға қарап өсетіні сияқты арқаның асқақ тауы Ақсораңның етегінде, табиғатымен талайды тамсандырған Қызыларай елді мекенінде кіндігі туған жерге байланған азамат. Қалада тұрсада туған жерінің өсіп өркендеуіне, гүлденуіне зор үлес қосып, сонымен қатар өнер мен спорттан конкурстар мен жарыстар өткізіп, өз қаражатымен демеушілік жасап, келешек ұрпаққа үлгі боларлықтай істер атқаруда. 2003 жылдан бастап Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында Серік Қасымбековтің ұйымдастыруымен, демеушілігімен мамыр айының 7 мен 10 күні аралығында интернационалист жауынгер, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Серікбай Оразалинді еске алуға арналған облыстық волейбол турнирі және 2006 жылдан облыстық «Ақсораң жұлдыздары» ән байқауы жыл сайын тоқтаусыз өткізіліп келеді. Волейбол бәсекесі облыстық деңгейден көтеріліп, республикалық, кейіннен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден ойыншылар қатысып халықаралық дәрежеге дейін көтерілді. Спорт жанашыры ұйытқысы, демеушісі болғандықтан Серік Төлегенұлын көршілес мемлекеттерде волейбол ойынының спортшылары өте жақсы біледі осы жарыс арқылы Қызыларай өңірі Қазақстанға волейбол ойынын насихаттаушы.
Серіктің елге деп елжіреген жүрегін, серілігі мен жомарттығын байқаған ақын қазақ поэзиясының ірі өкілі, бір туар дарын иесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы бауырына бір ауыз жыр арнап Айбарымен үркітетін періні, Ел таныпты-тау мына сендей серіні.
Менің атым Ақсұңқардың Серігі, Сенің атың Ақсораңның Серігі – деп баға берген еді.
Өнерді ерекше құрметтейтін, ұлттық рухты әлдилеген Қызыларайға Серіктің арнайы шақыруымен қазақтың атақты ақын-жазушылары, әнші - күйшілері талай мәрте қонақ болып келген. Жыл сайын «Ақсораң жұлдыздары» ән байқауының өтуі, өнер сахнасына жаңа келген жас таланттарды ән әлеміне қанат қағуға тікелей жолдама еді. Жақсы бастама, ізгі ниет ән тудырады. 2009 жылы Ақсораң етегінде Қызыларай сахнасында тағы бір әдемі әннің тұсауы кесілді. Ақтоғайлық әнші сазгер Қадір Баймурзин «Ақсораңның жұлдыздары» атты ән шығарды, сөзін жазған ақын Бақытжан Аринов.
Ақсораңның Жұлдыздары.
Төрінде Ақбұлақ пен Еркінбұлақ,
Көркің мен сұлулығың еркімді ұрлап.
Күмбірлеп күйін шерткен табиғаты,
Қосады әнші әнге, ақын жырлап.
Қайырмасы:
Ақсораңның шың-құздары,
Қызыларай ұл-қыздары.
Ән мен жырдан шашу шашқан,
Ақсораңның жұлдыздары.
Ақсораң – Ақсұңқардың туған жері,
Ақындық, серілікті құрған жері.
Ақжарық ұлыларын ұлықтаған
Арқаның Қызыларай думанды елі.
Қайырмасы:.
Өмірдің жасқанбаған дауылынан,
Өнердің шабыт алған дабылынан.
Ақжарық – қыдыр қонған құтты мекен,
Бақ-дәулет арылмасын ауылынан.
Жалықтырса ұзақ сапар, жат мекен, туған жердің түтіні де тәтті екен дейді ақын жүрегі.
Серіктің бойына дәриядай дархан көңіл асқар биік Ақсораңнан дарыған десе болады, тегі адам баласы туған жеріне, өскен ортасына қарай бой түзейді. Қызыларайдың сұлу қарағайы, ару мойын ақ қайыңдары, өркеш-өркеш құз шыңдары, сарқырап аққан бұлақтары әр жүрекке ән қонақтатып, сұлулыққа іңкәр етері анық.
Арқаның асқар тауы Ақсораңға талай ақын жыр жазған. Серік қашанда өзінің білгірлігімен, білікті маман ретінде, елін сүйген патриоттық сезіммен, қарапайым ақкөңіл мінезімен, дархандығы мол жомарттығымен таныла білді, адами қасиетімен халқының ортасында Ақсораңның Серігі атанды.
Өнер жолында жүрген досы, ақын Бақытжан Аринов Серіктің құрметіне Ақсораң деген өлең жазды.
Ақсораң
Ақтоғай, Ақжарық, Ақсораң
Ұлдарын батырдай баптаған.
Қыздары қылықты көрікті,
Береке-бірлігін сақтаған.
Әулиетау, Бөріктас, Ойрантау,
Шың-құзға сүйсініп шаттанам ,
Ақбұйрат, Тарасу, Ақбұлақ,
Қызыларай, көркіңмен мақтанам.
Тарихы сыр түйген Ақсораң,
Ақыны жыр сүйген Ақсораң.
Айменен бір күлген Ақсораң,
Маңдайын күн сүйген Ақсораң.
Аспанмен ән салған Ақсораң,
Талайлар тамсанған Ақсораң.
Биіксің, ғажапсың, Ақсораң,
Мен сен деп жар салам, Ақсораң!
Кез - келген жанға қолдау көрсетіп, небір қиян-кескі күнде де түрлі сынаққа мойымай, ойлаған мақсатын нақты іс жүзінде дәлелдеп көрсете алған еңбексүйгіш азамат сөзбен де, іспен де өзінің көшбасшы екендігін дәлелдеп келеді. Серік Төлегенұлының еңбекқорлығы ауыр істерден қорықпай білек сыбана кірісіп кететіні, әкесі Қасымбеков Төлеген, ағалары Қасымбеков Төкен, Төлеубектің бойынан тараған еңбек сүйгіштігі шығар.
Әкесі Қасымбеков Төлеген жасынан енбекке араласып Қызыларай ауылының жүргізуші мамандығынан бастап бас инженер мамандығына дейін көтеріліп қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Құрмет медальдарымен, Грамоталарымен марапатталған.
Анаcы Қамария екі ұл, бес қыз өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере-шөбере сүйген аяулы әже. Биыл 81 жасқа толып отыр. Қамария анамызға Алла күш-қуат беріп ғұмырын ұзақ қылғай.
Ағасы Төкен еңбекқор азамат еді. Серік Төлегенұлы көп тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. Ол кісіде ауданның экономикасына үлкен үлесін қосқан адам. «Еңбек қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденімен және мадальдарымен марапатталған. Өмірінің соңына дейін халыққа қызмет жасап, ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін аткарды.
Толағай табыстарға жетіп, биыл 55-ші көктемін қарсы алған Серік Төлегенұлының жоғарыда жазып өткеніміздей туған өңірдегі құрылыс саласының қарқынды дамуына қосқан үлесі қомақты екені елге мәлім. Тіршілікте бір ғана мамандықпен шектеліп қана қоймай, түрлі мамандықты игеруге бар құлшынысын жұмсап жүрген шығармашылық адамы. Көшбасшы кейіпкеріміздің табысқа жетудегі басты құпиясының бірі – отбасындағы ынтымақ пен татулық. Ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністік пен сыйластық. Ағамыздың асыл жары, үйдегі аяулы жеңгеміздің дарқандығы мен кеңпейілдігі – білікті басшының жетістіктерге жетуіне себеп дүниелер. Ағамызбен асыл жеңгеміз
Салтанат екеуі бүгінде Аяулым, Ақерке, Қадыржан, Ақнұр есімді 4 перзент тәрбиелеп отыр.
Жылдар өтсе де, жақсы адамның аты жадыңда сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жылжыған сайын, оның даралығы, тұлғалығының биіктей беретіні сөзсіз. «Таулар алыстаған сайын, биіктей түседі»,- деген даналық сөз дәл жаны жомарт кейіпкерімізге арналғандай.
Іскер басшы халқы үшін көп іс бітіре алады. Бұған оның толық мүмкіндігі бар. Тек ол үшін елім деп соғар үлкен жүрек керек. Өзі қызмет еткен жылдарда елінің еңсесін көтеру үшін тынбай еңбек еткен Серік Төлегенұлының өмірі мен еңбек жолындағы сара жолы бұл сөзімізге жарқын дәлел. Ендеше, нар ағамызға дәйім табысты еңбек тілейміз!