Оразаева Дана

Рейтинг:

Бала бағбаны

      Адам өмірінің маңыздылығы – оның жақсы білім алып, өмірлік теңін табуында. Өз ісін бүкіл болмысымен таңдаған адам қиын еңбектен қашпайды, қайта сол жұмысы арқылы шабыттанады, рахат табады. Сүйіп таңдаған мамандығы болғандықтан, бойына ерекше күш-қуат, қажыр-қайрат, ерік-жігер бітеді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан», – деп ұлы Абай жырлағандай, шыр етіп дүниеге келген соң, адамзат баласы алдына мақсат қойып, бір нәрсеге қол жеткізгісі келіп армандайды. Ойдан ой туады. Ой арманға жалғасады. Адам баласының алға қойған мақсатының ішіндегі маңыздысы, мәндісі де сол мамандығы болып қала бермек. «Даража - Ана», «Жания kids» балабақшасының құрылтайшысы Оразаева Дана Батиханқызы – өзінің өмірін бала бағбаны болу жолына жұмсап келе жатқан, жаны таза, жүрегі пәк, парасат-пайымы мол жан.
      Оразаева Дана Батиханқызы 25 сәуір 1983 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе кеңшары, Майлытоғай ауылында дүниеге келген. 1989 жылы №141 Қапан Сәбіров атындағы қазақ орта мектебінің 1 «А» сыныбына қабылданған Дана өте алғыр, зерек, жан-жақты, тиянақты оқушы болды. Ұстаздары оның аса қабілеттілігіне дән риза болып, мектепаралық қандай да бір шаралардың ұйымдастырылуын Данаға тапсыратын. Өзіне тапсырылған іске құлшына кірісетін ол қалайда істің аяғына жетпей тынбайтын тындырымды болды. Ұстаздарының үмітін ақтай білетін үлгілі шәкірт барлық пәннен де жоғары баға алатын. Өзінің сабағын реттеп алып, үлгерімі нашар сыныптастарына көмектесіп, ылғи қамқорлық танытып жүретін қасиеті бар болатын. Сондықтан ол сыныптастарының барлығымен бірдей тату болды. Ешкімді алалауды білмейтін Дана оқушы кезінен-ақ нағыз достықтың, адалдықтың не екенін біліп есейді. 2000 жылы алтын ұя мектебін үздікке аяқтап, сол жылы Қызылорда қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Заң Академиясына 1-курс студенті болып қабылданып, сот-прокурорлық мамандығы бойынша білім алды. Дананың студенттік шағы да көңілді өтті. Жан-жақтан жаңа достар тапты. Жаңа ортаның тыныс–тіршілігін бағамдады. Алып жатқан білімінің болашақта өзіне қызмет етеріне сенімі зор еді. Ол сенімі ақталды да. Әрбір адам үшін өз құқын білуі – міндетті. Заман талабына сай құқықтық сауатты болу да шарт. Себебі, күн сайын түрлі жаңалықтар орын алып, түрлі кәсіптер өмірге дендеп ене бастады.
      Қызметіне де, отбасына да уақыт таба білетін жанның өмірлік жары, Жанақұлов Мұрат Мирамбекұлы, 1978 жылы дүниеге келген. Ол ПККР компаниясында инжнер-технолог болып қызмет жасайды. Бақытты отбасында екеуі қазіргі таңда үш баланың ата-анасы атанып отыр. Қызы Диара 2004 жылы, ұлдары Әділет 2007 жылы, Азат 2013 жылы дүниеге келген. 
      Әкесі, Оразаев Батихан Әбдіхалықұлы, 1957 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе кеңшары, Майлытоғай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Осы кеңшарда жұмысшы болып қызмет атқарған. Өз замандастарының арасында беделі биік, ұжымында абыройы асқақ азамат болған. Отбасының ардақтысы, балаларын қазақы тәрбиемен сусындатып өсірген, еңбек етудің үлгісін көрсеткен адамгершілігі мол, иманжүзді азамат болған. Ол 1989 жылы дүниеден озды. Анасы, 
      Шаймаханова Сәуле Әбжанқызы, 1960 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. 1980 жылы №141 Қапан Сабиров атындағы қазақ орта мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастады. Ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет еткен ұстаз жүздеген шәкірттердің жүректерінен орын ала білген тәжірибелі, үлгілі маман болды. Оның білім берген шәкірттері өздерінің озық білімдерімен талай жарыстарда жүлде алып, мектеп мақтанышы болған. Ұлағатты ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, өмірінің соңғы жылына дейін мектеп директоры орынбасарының қызметін атқарған. Көптеген шәкірттің сүйікті ұстазы, құрметті де сыйлы әріптес бола білген қадірлі ұстаз 2013 жылы мамыр айында дүниеден озды.
      Дана Батиханқызы осындай қарапайым да иманды жандардың тәлімді тәрбиесін алып бойжетті. Әкесінің еңбекқорлығын, анасының балажандығын өз бойына сіңіре алған Дана да өзінің алған білімі бойынша маманданбай, болашағын балалармен байланыстырды. Оқуын ойдағыдай аяқтаған жас маман 2010-2013 жылдар аралығында «Gulser» компьютер дүкенінде бухгалтер – кассир болып қызмет атқарды. Азды-көпті еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған Дана көп ойлана келе 2017 жылы «Даража-Ана» балабақшасының құрылтайшысы болды. Ал 2018 жылы қазан айынан бастап «Шуағым» балабақшасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап, «Жания kids» балабақшасының құрылтайшысы болып, қазіргі уақытта бала бағбаны атанып, еселі еңбегімен көптің алғысын алып келеді. Өсіп келе жатқан ұрпақ – еліміздің, мемлекетіміздің болашағы. Олардың тәрбиелі азамат болып өсуіне ата-аналары, онан соң, балабақшадағы тәрбиешілері, мектептегі мұғалімдері, бүкіл қоғам жауапты болмақ. Балаларды сүйетін адамдар ғана балабақша бағбаны болуы тиіс. Балабақша – балаға деген сенім серті, олардың болашағына деген зор жауапкершілігі. Балабақша ашып, ондағы барлық жауапкершілікті мойнына алу – тек жүректі адамның қолынан ғана келетін іс. Дана Батиханқызы әрбір қызметкердің ең жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне барынша қолдау көрсетіп отырады. Педагогикалық ұжымның көзқарасымен санасып, өз қызметкерлерінің алдында тұрған мәселелерді ауызбіршілікте шешуге тырысады. Жұмыс барысын саралайды, өз күш-жігерін олардың жеке дара қабілеттерін ашуға бағыттап келеді. Ол – өзінің айналасында пікірлестер тобын қалыптастырған, әр педагогтың шығармашылыққа деген талпынысын қолдап, жасаған жақсы қызметі үшін мадақтай да білетін нағыз көшбасшы. Міне, осындай білікті ұйымдастырушылық қабілеті үшін оның ұжымға да зор беделі бар. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» демекші, білікті басшы, шығармашыл тұлға, ұжым мақтанышы. Балабақшадағы білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талмай-қажымай еңбек етіп келеді және әлі де біраз белесті бағындыра бермек.
      Болашақ ұрпағымызды тәрбиелеуде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Оларға жастайынан имандылық пен салауаттылық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатан азамат өсіре аламыз», – деген болатын. Мектеп жасына дейінгі балаларға үздіксіз білім беру жүйесінде тәрбие мен оқыту, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру, оның дамуы мен қабілет деңгейінің өсуіне үлесін қосу – балабақшаның басты міндеті. Ал оны дамыту – баршаның міндеті. Әрине, қай жерде болмасын басшының арқалар жүгі ауыр болатыны сөзсіз. Алайда, «көз қорқақ, қол батыр» деген емес пе?! Дана Батиханқызы – қайсыбір істен тайсалмайтын, еңбек етсе барлық күш-жігерін сарп ететін, бала үшін барлық қажеттілікті орындауда алдына жан салмайтын балажан жан. Жүзінен мейірімділік лебі есіп тұратын, әрбір жылы сөзінен қамқорлық білінетін, кез-келген жанға көмек қолын созуға даяр тұратын адамгершілігі мол жан. Балабақшада басшы болудан бөлек, балаларға да көбірек уақыт бөлуге тырысады. Олардың әрқайсысымен жеке сөйлесуге, қабілет-қарымдарын байқауға тырысады. Әрдайым балалармен достық қарым-қатынас жасауда шебер. Бала жүрегіне жол тауып, жүрек кілтін ашуға талпынып жүреді.
      - Тәрбиеші – бала бойына білім нәрін себетін басты тұлға. Бүгінде жаңашыл тәрбиешілердің балаларды оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдері өте құптарлық деген болар едім. Жас та болса білімді, білікті педагогтар аз емес. Алайда, бала жүрегінің кілтін аша білетіндер көп емес. Өкінішке орай, кей кездері ашуларына ерік беретін балабақша тәрибешілерін де көріп жүрміз. Біздің балабақшада өзінің ақыл-ойына, ерік-жігеріне ие бола алмайтын мамандарға орын жоқ. Жүрегім қанша жұмсақ болғанымен,– бала тәрбиесінде аса мұқиятпын. Себебі, балабақшаға әрбір ата-ана үлкен сеніммен балаларын алып келеді. Әр бала өз үйінің еркесі десек те, олар – еліміздің болашағы. Басшы ретінде өзімнің кәсіби деңгейімді үнемі жоғарылатып, озық тәжірибелерді зерделеп, әдістемелік бірлестіктер мен семинарлардың жұмысына белсене қатысып отырамын. Тәжірибиелі озық маман болу үшін де өзімнің әріптестеріммен жиі кездесіп, пікірлесіп, кеңесіп отырамыз. Ұжымымның ауызбіршілігі мол, – дейді балабақша басшысы.
      Ол – сауатты педагог, жауапты басшы ретінде өзінің бар күш-жігерін балабақшаның көркеюіне арнап, осы жолда өз еңбегінің мәуелі жемісін де көріп отырған жан.
      Иә, өмірдің мәні деген осы! Әсіресе, аялы нәзік жаратылыс иесі үшін нағыз бақыт – Әйел-Ана бақыты! Өзгенің балаларын өз баласындай көріп, көптің ризашылығына бөленіп отырған Оразаева Дана Батиханқызының ұрпақ тәрбиесі жолындағы еселі еңбегіне тек қана табыс тілейміз!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...