Сыйлы азамат
Азаматтың игі ісін дәріптеу, оны көпке үлгі-өнеге ретінде көрсету парыз болып саналады. Жаратылысынан еңбекқорлықты серік еткен Талғат Хуланбайұлының іскерлігіне, ұйымдастырушылдық қабілетіне шек келтіретін жан жоқ. Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты Мамуов Талғат Хуланбайұлы қандай істің болмасын күрмеуін тез шешіп, айналасындағыларды ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін, қажет кезінде ақырын жеткізіп немесе батырып айтып, облыс басындағы басшыларға да сөзін өткізе алатын, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін, өзінің білімі мен біліктілігін мойындата білетін азамат. Ол ел үшін, елдің қамы мен тарихи жады үшін жан-тәнін аямайтын, іс барысында айбарлы, жайшылықта өте жайдарлы, ұйымдастырушылық ұтқырлығы, қайраткерлік қарекеті орасан зор адам.
Мамуов Талғат Хуланбайұлы 1971 жылы 23 маусымда Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде дүниеге келген. Қазақи құндылықтардың қаймағы сақталған өнердің тумасы 1978-1986 жылдар аралығында №163 қазақ орта мектебінде оқыды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол өзінің көшбасшылық қабілетін көрсетіп, қайсыбір қоғамдық іс - шаралардың бел ортасында жүретін. Сыныптағы жауапты істі ұстазы еш ойланбастан Талғатқа тапсыратын. Оқушы кезінен-ақ сенім үдесінен шыға білген ол мектеп мақтанышы болды. Аталмыш білім ұясын ойдағыдай аяқтап, сол жылы Жаңақорған ауданындағы №17 орта кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Оны 1989 жылы жақсыға аяқтап шығады. Дәл сол жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге атттанып, екі жылдан соң ауылына абыроймен оралды.
![]()
Жаңақорған СТК ДОСААФ оқу орнында 1993 жылы бухгалтерлік, 2008 жылы «Компютерлік сауаттылық» курстарын оқыды. 2002 жылы Астана қаласындағы Қазақстан-Ресей университетінде оқуға қабылданады да, 2007 жылы «Экономика» мамандығын алып шықты. 2009 жылы мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды.
Талғат Хуланбайұлының еңбек жолы 1991 жылы «Мұхит» шағын кәсіпорнында саудагер болудан бастады. 2001 жылы «LP-gaz Ontustik» жеке шаруа серіктестігіне жұмысқа орналасып, 2008 жылға дейін жемісті еңбек етті. Ал 2008-2013 жылдары «Даму Ғасыр» жеке шаруа серіктестігінің газ тазарту бөлімшесінде Жаңақорған филиалының бастығы қызметін атқарды. Әр жылдарда еткен бұл қызметтері Талғат Хуланбайұлын шыңдап, тәжірибелі етті, абыройын биіктетіп, беделін өсірді. Ол 2009-2015 жылдар аралығында «ТалГүл» жеке шаруа серіктестігінің бас директоры міндетін атқарды. Ал 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Мамуов» жеке кәсіпорын директоры қызметінде. Аталмыш кәсіпорын тас ұнтақтау, өңдеу, құм, блок құюмен айналысады. Шағын өндірісті басқарып отырған Талғат Хуланбайұлы 10-12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Туған елге, жерге оның топырағына деген сүйіспеншілік әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Туған ел кіндік қанымыз тамған туып-өскен жеріміз, отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір жанның азаматтық борышы. Әркімнің өсіп-өнетін жері оның туған елі. Адам туған жерін қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. «Туған елінің қадіріне жетпеген, өз қадіріне жетпейді»,- деген халық нақылын еске түсірер болсақ, Талғат Хуланбайұлы қай кезде де туған жерінің қамын ойлаған азамат екенін айтуға болады. Туған жер мен елді құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың міндеті деп білетін Талғат Хуланбайұлы өз туған аулының көркейіп, гүлденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан жан. Әсіресе жүрегі кең, пейілі дархан азаматтың мұқтаж жандар үшін алақаны қашанда ашық. Ол қолдау көрсетіп демеу жасауды азаматтық парыз деп біледі. Аудандық мәслихаттың 5-6 шақырылымының депутаты болып сайланды. Іскер азамат Жаңақорған аудандық мәслихат депутаты ретінде де, бірқатар бастамаларды жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, еңбек ардагерлеріне, мүгедектер мен тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуді қолға алған. Мектепке дейінгі балалардың балабақшасымен толықтай қамтылуына мұрындық болып отыр. Көпбалалы және жалғыз басты аналардың, тұрмысы төмен отбасылардың әлеуметттік қажеттіліктерін зерттеп, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің қарастырылуына басты назар аударып келеді. Өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі – ауыз су десек, халық қалаулысы барлық ауылдардың ауыз сумен толықтай қамтылу жолында еңбектенуде.
![]()
Еліне сыйы мен құрметі артық азаматтың жеткен жетістіктерін де айта кеткен жөн болар. Ол құрылыс саласындағы елеулі еңбектері мен қоғамдық жұмысы үшін бірнеше рет «Алғыс Хаттармен» марапатталған. Қызылорда облысы мәслихат хатшысының «Birinshi» республикалық латын тіліндегі энциклопедиясының, 2014 жылы Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, Жаңақорған ауданы әкімінің «Алғыс Хатын» еншіледі.
2014-2015 жылдары «Құрылыс саласының көшбасшысы» Сертификатын иеленсе, ұлттық бизнес рейтингтер одағының «Сала көшбасшысы» медалін омырауына тақты. Еңбегі еленген азаматтың омырауында бұдан бөлек бірнеше медаль, ордендер жарқырап тұр. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мәслихатына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының мәслихатына 25 жыл» медалі, 2014 жылы құрылысқа сіңірген еңбегі үшін ордені, 2015 жылы «Қазақстан Республикасының экономика мақтанышы» ордені, ҚР Президентінің 2016 жылғы 26 қарашасындағы жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі, Республикалық ұстаз жолы қоғамдық қорының шешімімен «Тәуелсіздікке 25 жыл» медалі, 2017 жылғы 20 сәуірде Қазақстан Республикасының дамуына қосқан орасан зор еңбегі үшін «Елеулі еңбегі үшін» ордені тізіліп тұр. 2018 жылы «Қожамберді батыр – 500 жыл» мерейтойлық төбелгісі, Латын қарпін дәріптеу мақсатында латын әліпбиін қолданып, үш тілді кітап энциклопедиясын жарыққа шығаруға қолдау көрсеткені үшін «Birinshi» төсбелгісі, «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медалімен мараптталды.
2021 жылы наурыз айында «Жаңақорған ауданының «әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін» аудан әкімінің және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет Грамоталарының» иегері атанды.
Елім деген азамат Талап, Кеңес, Манап бекеті ауылдарындағы көшелерге тас төгіліп, жол салынуына, жарықтандыруға жыл сайын ақша бөлінуіне ықпал етіп келеді. Аудандағы елді-мекенде газбен толықтай қамтамасыз ету мақсатында, Бейнеу-Бозай халықаралық газ құбырының бағдарламасы бойынша, халық қалаулысы басқарып отырған мекеме осы саладағы маманданған орталық режимде жұмысқа кіріскен. Шалғайдағы ауылдарда мәдениет үйлері мен медициналық пунктердің салынуына ықпал етуде. Бүгінде бірнеше мекеменің заман талабына сай қайта күрделі жөндеуден өтуіне қаржы бөлініп, жұмыстар жасалып жатыр. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын насихатттау ісі де жолға қойылған. Елді-мекендерде футбол, баскетбол, волейбол сынды ойындардың алаңдары салынып, пайдалануға берілуде. Аудандағы негізгі салалардың бірі мал шаруашылығы болғандықтан, ол мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасын тұрғындарға толықтай түсіндіріп, олардың мал тұқымын асылдандыруға бөлінетін кепілдіктерді алуына ықпал етіп отыр. Әрине, мұның барлығы жасалған жұмыстардың бір парасы ғана екендігін ұмытпаған абзал.
Талғат Хуланбайұлы қазіргі уақытта жұбайы Гүлбарам Мусаевамен бірге үш ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Бақытты отбасында үлкен қызы Гүлшатты ұзатып, үш жиен сүйіп, ұлдың үлкені Жандәулетті үйлендіріп, Жомарт атты немере сүйіп отырған асқар тау ата, аяулы асыл әже. Іргесі ырысқа, шаңырағы шаттыққа толып, босағасына бірлігі бекіген отбасы көпке үлгі болып отыр. Елдің алғысын арқалап, қоғамның құрметіне бөленген азаматтың алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.