Әбубәкіров Ибрагим

Рейтинг:

Артына өшпейтұғын із қалдырған

      Бүгінгі таңдағы құрылыс саласының ауаны да, бағыты да, көз тартар сәулеті де бөлек. Бұл – тамырын тереңге жіберген бәйтеректей, өткеннен сабақ алып, мәңгілік ел болуға ұмтылған дамушы елдердің экономикасы дамыған озық елдердің қатарына кіруіне талпынуы, жергілікті халықтың сауаты ашылып өркениетті ел болуға деген құлшыныс, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруы. Елдің құрылыс саласының қарқынды дамуына ұзақ жылдар еңбек етіп, Сыр елінің көркеюіне бірден - бір үлесін қосқан құрылысшы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Әбубәкіров Ибрагим Серікбайұлы – құрылыс саласына еңбегі сіңген азамат. 
      Топырағында тектілердің кіндік қаны тамып, қайсар да қайраттылығымен, данышпандығымен қалың қазақтың қамын ойлаған, ұлылар шықққан Қызылорда қаласында 1965 жылдың 23 наурызында дүниеге келген Ибрагим Серікбайұлы – саналы ғұмырын Қызылорда облысының құрылыс саласының өркендеуіне арнаған азамат. 1971-1982 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №4 Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, 1982 жылы Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтына түскен жалынды жас 1989 жылы «инженер – гидротехник» мамандығы бойынша аталған оқу орнын бітіріп шықты.
      Ойын баласы кезінен-ақ үлкендердің айтқан сөзін қағып алып, жауапкершілікпен орындайтын қабілетті Ибрагим мектеп қабырғасында да үздіктердің қатарында болып, өзінің оң жамбасына келетін, қолының икемі бар инженер-гидротехник мамандығын таңдаған соң, алғашқы еңбек жолын 1989 жылы облыстық су басқармасының қарамағындағы ПМК-33 мекемесінде мастер болып бастады. Сырдың самал желімен жарысып өскен жас еңбекке келгенде қауқарлы, бастаған ісін жеті рет өлшеп, бір рет кесетін, өзінің саласын терең меңгерген білікті маман бола білді. Оның дәлелі – қолына алған қай істі де шыр айналдырып алып кететін жалынды жастың аз ғана уақыт ішінде мастерліктен прорабтыққа көтерілуі еді. Прораб – құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне, инженерлік-сараптамалық талапқа сай болуына, құрылыстың сапасына жауап беретін жауапты қызмет. Бірақ, туа бітті еңбекке жақын Ибрагим Серікбайұлы өзіне жүктелген міндеттерді орындап қана қоймай, құрылыс барысында кезіккен түйінді мәселенің шешімін ақылға, біліктілікке салып тарқата білді. 
      Өткен ғасырдың соңғы күндерінің куәсі болған тоқыраудың тұманында кімдер адаспады? Жұмыссыздық арамшөптей қаулап, қолында түлігі мен тұяғы бар ауылға көшін бұрып, тігерге тіреуі жоқтар ала дорбасын арқалап кеткен жылдары құрылыс саласының да жағдайы мәз болмады. Десек те, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында құрылыс жұмыстары әупірімдеп болса да жүріп отырды. Елді жеке кәсіп жасауға шақырып, түрлі бағытта үкіметтік бағдарламалар жасалып, шаралар қабылданып жатқан кезде көп жылғы тәжірибесі мен өзінің біліктілігіне сенген Ибрагим Серікбайұлы жеке кәсіпке ауысты. 
      Осылайша, алғашқылардың бірі болып 2001 жылдың желтоқсан айынан бастап «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалап, облыс көлемінде ондаған әлеуметтік ғимараттар мен тұрғын үйлердің құрылысын жүргізді. Құрылыс – дәуір ауысса да даңғаза болып кетпейтін, жыл аунап түссе де жылыстап түсіп қалмайтын, адаммен бірге жасайтын, атқан таңмен бірге ататын, адамзатпен мәңгілік жасайтын ең маңызды салалардың бірі. 
      Облыс аймағындағы мемлекеттік ғимараттар мен жекелеген құрылыстарды жүргізе отырып, тіпті, республикалық маңызы бар ірі құрылыстарды салды. Атап айтар болсақ, республикалық деңгейде Қызылорда облысының атынан Елорданың 20 жылдығына тарту етілген зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясын салу жауапкершілігін Ибрагим Серікбайұлы абыройлы орындап шықты. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев аталмыш нысанды қабылдап, құрылысты жүргізген компания мен басшысына өз ризашылығын білдіруі – Ибрагим Әбубәкіровтің құрылысқа жаңа көзқараспен қарап, тың идеялардың дүниеге келуіне септігін тигізді.
      «Абу-Сер» ЖШС Қызылорда облысы аумағында ондаған коммуналдық, әлеуметтік, тұрғын үй және басқа да құрылыс нысандарын тапсырып, табысты жұмыс атқарып келеді. Серіктестікте 50-ге тарта инженер, техникалық кәсіби мамандар қызмет атқарады және ағаш, пластик цехтары басқа да қоймалары, машина жөндеуге қажетті гараждары бар. Өндірістік базасы Қызылорда қаласы, Жаппасбай батыр көшесі №119 үйде орналасқан. Серіктестік құрылыс саласының І категориялы лицензиясына және «Құрылыс монтаждау саласы» бойынша СТ РК ИСО 9001-2009(ISO 9001-2008 «Сапа менеджменті жүйелері», СТ РК OHSAS 18001-2008(OHSAS 18001-2007) «Кәсіби қауіпсіздік және денсаулық менеджменті» және СТ РК ИСО 14001-2006(ISO 14001-2004) «Экологиялық менеджмент жүйелері. Қолдану жөніндегі талаптары» сертфикаттау жүйесінің Сертификатына ие.
      Серіктестік қажетті толық арнайы техникалармен, жүк көліктерімен, кіші машина механизмдерімен және құрылысқа қажетті құрал - жабдықтармен жабдықталған. 
      Атап айтқанда, «Абу-Сер» ЖШС-нің қазіргі таңға дейінгі атқарылған жұмыстарының тізбесінен мыналарды көруге болады: 2002-2003 жылдары Ақжарма ауылында «Жас мамандарға» №1,№2, №3, №4 1 пәтерлі тұрғын үй құрылыстары, 2004-2005 жылдары Қызылорда қаласы, «Сәулет» мөлтекауданының жылу трассаларын қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары; Қызылорда қаласы бойынша ішкі инженерлік жүйелерге күрделі жөндеу жұмыстары, тұрғын үй қасбетеріне күрделі жөндеу жұмыстары және КНС-19-дан КНС-27-ге дейін күрделі жөндеу жұмыстары; 2006 жылы Қызылорда қаласы «Сырдария» мөлтекауданындағы 50 пәтерлі №5 тұрғын үй құрылысы Қызылорда қаласы, «Жібек жолы» мөлтекауданындағы ішкі инженерлік жүйелер құрылысы КНС-і; 2007 жылы Қызылорда қаласы Сырдария мөлтекауданы және Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы; Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кентіндегі 60 пәтерлі №8 тұрғын үй құрылысы; 2008 жылы Қызылорда қаласы «Сырдария» мөлтекауданындағы 60 пәтерлі №9 тұрғын үй құрылысы; 2009 жылы Қызылорда қаласы «Сырдария» мөлтекауданындағы 40 пәтерлі №2 тұрғын үй құрылысы және 320 орындық балабақша құрылысы; 2010 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кенті және 30 пәтерлі №4 арендалық тұрғын үй құрылысы; Қызылорда қаласы, «Жібек жолы» мөлтекауданы 90 орындық санаториялық балабақша құрылыстарын «Абу-Сер» ЖШС жүргізді. 
      Сонымен қатар, 2011 жылы Қызылорда қаласы, «Жібек жолы» мөлтекауданындағы 30 пәтерлі №9 арендалық тұрғын үйдің, 2012-2013 жылдары «Астана» мөлтекауданындағы 50 пәтерлі №11 ипотекалық тұрғын үйдің, 2011-2014 жылдары «Сұлтан Бейбарыс» көшесіндегі облыстық Мекемелер Үйінің, 2014-2015 жылдары «Ипподром» мөлтекауданындағы 900 орындық мектептің, 80 автокөлікке арналған көлікжай, көлікжуу және көлік шеберханасының, «Арай 2» мөлтекауданындағы 80 пәтерлі № 1 ипотекалық тұрғын үйдің, Қызылорда қалалық туберкулезге қарсы диспансері ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. 
      2015 жылы Жалағаш ауданы, Жалағаш кентіндедегі №123 300 орындық мектепті, 2016 жылы «Сұлтан Бейбарыс» көшесіндегі 40 пәтерлі тұрғын үйді, «Арай-3» мөлтекауданында екі 50 пәтерлі және «Жаппасбай батыр-2» тұрғын ауданында екі 50 пәтерлі тұрғын үйлердің, 2017-2018 жылы Арал ауданы Арал қаласында 150 орындық аурухананың, 2018 жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында 320 орынды балабақшаның және 58 пәтерлі тұрғын үй құрылысын, 2018-2019 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы ЦОМ (жастарға қызмет көрсету) орталығының, 2019 жылы «Сол жағалау» мөлтекауданындағы №14,15,16,13,17,18 50 пәтерлік тұрғын үйлердің, Астана қаласы, Тұран даңғылындағы «89 үй» ауданындағы ракеталық-ғарыштық техника мұражайының ашық экспозициясы құрылысын, Қызылорда қаласы «Бәйтерек» мөлтекауданында екі пәтерлік, 50 пәтерлік №20, № 31 және № 43 тұрғын үйдің, Қызылорда қаласы, «Желтоқсан» көшесінде азаматтарды қабылдау үшін кеңселік сервис орталығының, 2019-2020 жылдар аралығында Қызылорда облысы Жалағаш кентіндегі 100 орындық орталық аудандық аурухана құрылысын жүргізіп, мемлекеттік талаптарға сай тапсырды.
      «Ер дәулеті – еңбекте» деген. Заманның нарқын сезініп, бәскелестікке жауап беретін құрылыс фирмасын ашып, тұрғын үйден бастап, республикалық маңызы бар құрылыс кешендерін сала білген Ибрагим Серікбайұлы тұрғын үй салғаны үшін халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғыс алумен қатар мемлекеттік наградалармен де марапатталды. Бұл –кәсіпкер еңбегінің еленгені. Оған дәлел:
      - Қызылорда облысының әкімі Б. Қуандықовтың атынан «Үздік құрылысшы» номинациясы бойынша «Құрмет Грамотасы» және Қызылорда облысы әкімінің, Қызылорда қаласы әкімдерінің «Алғыс Хаттары»;
      ✦ 2014 жылы Қазақстан Республикасындағы Ұлттық Бизнес Рейтингі ұйымдастыру комитетінің «Құрылыста сіңірген еңбегі үшін» ордені;
      ✦ 2014 жылы Қазақстан Республикасындағы Ұлттық Бизнес Рейтингі ұйымдастыру комитетінің «2014 жылдың Басшысы» номинациясы бойынша ұлттық Куәлігі;
      ✦ 2015 жылы «Қазақстанның Конституциясына 20 жыл» медалі;
      ✦ 2015 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі;
      ✦ 2017 жылы «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» құрметті атағы.
      Өз еңбек жолында адами асыл қасиеттерінен айнымай, қарапайымдылығын жоғалтпай, үлкенге іні, кішіге аға бола білген асыл жүректі арда азамат, халқының ұлы, адал жар, асқар тау әке Әбубәкіров Ибрагим Серікбайұлы 2020 жылдың 3 шілдесінде дүниеден озды. Артында қалған 2 қыз, 3 ұлы мен 3 немересі болмысы биік тұлғаның ізін жалғап, Қазақстанның құрылысы саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен құрылысшының даңқын асырып келеді. Тәні жер қойнына тапсырылса да, жасаған істері мен өз қолымен кірпішін қалап кеткен ғимараттары ел игілігіне қызмет етіп, ардақты тұлғаның есімін жаңғыртып тұра бермек!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...