Бисенова Лена

Рейтинг:

Еңбегі еленген кәсіпкер

      Қазақ халқында қажырлы да қайратты, қайсар аналар аз болмаған. Ұрпағы үшін күннің ыстығына күйіп, суығына тоңып, талмай еңбек еткен ардақты аналарымыздың өнегелі өмір жолы кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Қандай қиындыққа тап келсе де мойымай, еңсесін тік ұстап, тек алға беттей білген аналарымыздың ауданның дамуына, өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегі орасан зор. Жалпы өмірде өн бойынан тектілік пен адалдық аңғарылып тұратын адамдар болады. Бисенова Лена Өтегенқызын солардың қатарына жатқызсақ, сірә, қателеспеспіз. 
      Біз бүгін бақытын еңбектен тапқан жанның жетістігін айтпақпыз. Әрине, еңбектен тапқан бақыт қашанда баянды болмақ. Лена Өтегенқызының жақсы қасиеті – еңбексүйгіштігі мен төзімділігі.
      Лена Өтегенқызы 1976 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы селосы, Жангелдин ауылында дүниеге келген. Әкесі – Бисенов Өтеген Қазиұлы, совет кезінде совхоз директоры болып қызмет атқарған. Поэзиялық өлеңдер жазатын ақындық қасиеті бар, бірнеше кітаптардың авторы. Анасы – Телеубаева Сания Көшенқызы, Мақат ауданындағы мектептің директоры болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда, өзінің шағын кәсібімен айналысады. Ата-анасы немерелерінің қызығын көріп отырған, зейнеткер жандар. Отбасында бес ағайынды, үлкен ағасы, екі інісі мен бір сіңілісі бар. Ағасы – Бисенов Аманқос, Қызылқоға ауданы, Миялы селосында бірнеше дүкендері бар жеке кәсіпкер. Бір інісі 2006 жылы оқыс оқиғадан қаза тапты (артында қалған екі баласы бар). Тағы бір інісі ТШО-да жұмыс жасайды, кіші сіңілісі – 
тұрмыста.
      Отбасын басты байлығы ретінде көретін, Лена Өтегенқызы: «Менің үлгі алар тұлғаларым олар ата-анам мен алдымдағы ағам. Мен ата-анамды мақтан тұтамын. Аллаға шүкір осындай ата-ана бергеніне. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірген аяулы ата-анама айтар алғысым шексіз» - дейді.
      Білімге жаны құштар жан, 1993 жылы 11 сыныпты аяқтап, Халел Досмұхаммедов университетінің «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын тәмамдайды. 1995 жылы Атырау қаласынан өз бақытын тауып, тұрмысқа шығып, бір ұл, бір қызды дүниеге әкеледі. Алайда, 2000-шы жылдары жолдасымен мінезі келіспей, екі жаққа кетеді. Сөйтіп, әр іске мығым, тыңғылықты Лена Өтегенқызы 1997 жылдан бастап бірнеше мектептерде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарады. Бірақ мұғалімдік жұмыс өзіне ұнамды емес екенін біліп, 2003 жылы Атырау облысының әкімшілігіне жұмысқа кіреді. Білікті де білімді жан, Бірінші хатшы болып қызметте жүріп, артынан бірнеше басқармада бас маман болып қызмет атқарып, мемлекеттік қызметкер ретінде баспаналы болады.
      2006-2008 жылдары Атырау қаласының «Сәулет және қала құрылыс бөлімінде» маман ретінде жұмыс жасай жүріп, Орал қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің «заңгер» мамандығын бітіріп шығады. 
      2008-2010 жылдары Атырау облысы спорт басқармасының бас маманы ретінде мемлекеттік қызметін атқарып, кейін 2009-2018 жылға дейін бұрынғы «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК-сы (БТИ), қазіргі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында» КЕАҚ (ХҚКО –мен біріккен) бас заңгер қызметін атқарады. Еңбектің де, тұрмыстың да бар қиындығын ерлікпен көтере білген, қайсар әйел-ана – Лена, бар аналық махаббатын, бар күш-жігерін балаларының бақытты өмір сүруіне арнап, сол жолда ерінбей еңбек етуге жұмсады. Ұлы мен қызын қатарынан қалдырмай, жақсы тәрбиелеп өсірді. Жүрегінің жылуын, көңілінің бар арманын, қолынан келген бар қамқорлығын, адал еңбегінің нәтижесін балаларына арнады, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты да асыл Ана болды. Лена апайдың бейнесі арқылы өрлік, төзімділік пен шыдамдылық, адалдық пен тазалық, даналық пен кеңпейілдік, еңбекқорлық, қарапайымдылықпен өрілген қайсар қазақ әйелінің жарқын келбетін танимыз. Тағдырдың талқысына жасымады, жүнжімеді.
      Қайратына қайрат, жігеріне жігер қосып, қиындыққа өршелене қарсы тұрып, кеудесін тік көтеріп, сындарлы шақтарда езілмей, егілмей, өзін де, өзгелерді де үлгілі істерімен жани түскен еңбекқор анаға қалай тәнті болмасқа, қалай риза болмасқа?! 
      Лена Өтегенқызының болмысына қарап, «Міне, біздің қазақ аналары, міне, біздің еңбеккер қазақ әйелдері!» - деп тебірене де, тамсана айтуымыз әбден орынды. Парасатты әйелдің бар қасиетін бойына жинағаны, намысты ту қылып ұстағаны, отбасының ғана емес, елінің де мерейін тасытты, абыройын асқақтатты. Отбасының да, ортасының да берекелі бірлігін еңбектен тапты, еңбекпен көрсетті. Адал еңбек, өнегелі өмір тәжірибесі оны биік абыройға, мәртебелі зор атаққа жеткізді. Қазіргі таңда, Лена Өтегенқызы «Жылжымайтын мүлік және заңгерлік, электрондық қызмет көрсету орталығы» ЖШС-нің негізін қалаушы, басшы болып қызмет атқаруда.
      Осы салада өзіне кәсіп ашып, бүгінде соны жандандырып отыр. Бұл мекеменің жалпы қызметтеріне тоқталсақ: Жылжымайтын мүлік (үйдің, жердің, коммерциялық мақсаттағы ғимараттардың құжаттары) жөнінде тегін кеңес беру, жылжымайтын мүлік құжаттарын заңдастыру, сонымен қатар, қазіргі заманға сай (онлайнға айналған) барлық электрондық қызмет түрлері көрсетіледі. Сонымен бірге, тегін заңгерлік кеңес беріп және мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық электрондық қызметтерді тегін көрсетіп, қайырымдылық қорларымен біріге жұмыс жасайды. 
      Міне, бүгінде Лена Өтегенқызының қол астында 15 шақты білікті заңгер мамандар қызмет атқарады. «Бұйырса, әліде үлкейіп, басқа облыстардан да филиалдар ашу ойымда бар. Өзіміздің үйреншікті тұрақты тұтынушыларымыз да бар» - дейді іскер жан өз сөзінде. 
      Атақты ойшыл Эзоп: «Адамға қажет нағыз байлық - еңбек ете білу» - деген екен. Ол бәріне шыдай білді, төзімділік танытты, қанатын қомдаған қырандай тек алға ұмтылды. Соның арқасында, жан қуанышы шабытқа бөлеп шалқытады. Айтар ойы айқын, білімін жан-жақты жетілдіруден шаршамайтын маман биік белестерден көрініп келеді. Ерінбей еңбек қылғанның жүзі жарқын болатынның айқын дәлеліндей. Иә, бақытқа жету жолы бір күндік шаруа емес. Ол да шынайы еңбекті талап ететінін баршамыз білеміз. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде, көптеген жетістікке жеткен Бисенова Лена Өтегенқызы бақытын еңбектен тапты. 
      Заманның қай кезеңі болмасын әйел көтеретін жүк ешқашан жеңіл болған емес. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері де сондай жүкті арқалап жүрген асыл жан. Ендеше, осындай еңбегімен елеулі бола білген жанның абыройы асқақтай берсін дейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...