Тажмұратов Нагим

Рейтинг:

Іскер азамат

      Іскер адамның бойында таза еңбек жатады. Өзінің немен айналысатынын білетін адам ғана биіктерді бағындырып, көздеген мақсатына жетеді. Әрдайым жүрген жерінде ізденіп, жан-жағында болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейтіндігімен де өзгелерден озық жүреді. Ондай адамдар арамызда көп те. Олардың қазақтың даласындай кең пейілін, көзі ашық, көкірегі ояу ізденімпаздығын, пайымы мен парасатын көріп сүйсінесің де. Жасап жүрген игі ісіне шын тәнті боласың. Сондай жандардың бірі де бірегейі Тажмұратов Нагим Хитанұлы деуге болады. Ол өте еңбекқор, қажырлы да қайратты, жігер-күші мықты, бастысы адамгершілігі мол, сіз бен бізден ажырамаған өз ортасына сыйлы азамат. Өр мінезді, бірсөзді, иманы берік, адал да әділ. Осы қасиеттері оның адами бейнесін елден ерекшелеп тұрады. Өз ісіне тиянақты, қай кезде болмасын ізденіс үстінде жүретін, терең ойлы, өзіндік пікірі бар Нагим Хитанұлы жан-жақтылығымен, әр ісін аяғына дейін жеткізетіндігімен өз ортасында беделді, абыройлы азамат.
      Көш бастайтын азаматтар, жылдар жылжып ел ағасына айналатын тұлғалар өздерін алғашқы қадамдарынан-ақ аңғартады-ау, сірә ... «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген атам қазақта сол айна-қатесіз ақиқат. Нағим Қитанұлы Орал облысы, Орда ауданы, Бөрлі ауылында қарапайым ғана жұмысшы отбасында 10 қаңтар 1956 жылы дүниеге келді. Әкесі Тажмұратов Қитан (1915-1971) Ұлы Отан соғысының, еңбек ардагері, анасы Рысқаным (1918-2015), еңбек ардагері – өмір бойы ұрпақтарына тиянақты тәлім-тәрбие, білім берген жандар. Екеуі дүниеге 6 перзент әкеліп өсірген. Елге сыйлы болып ғұмыр кешкен, ауылына, ауданына аяулы жандар болған. Құда-құдағилары Ромаш пен Рағила да еңбек ардагерлері. Жолдастары дүниеден озғаннан кейін Рысқаным әжеміз – 98 жасқа келіп, Рағила әжеміз-93 жасқа келіп, немере-шөбере сүйіп, балаларының қызығын көріп дүниеден өтті. Үлкен ұлдары – Қуаныш, келіні – Зоя. Қуаныш ағамыз қарапайым жұмысшыдан бастап ұзақ жылдары бөлімше меңгерушісі болды. Ізденімпаз, өзі басқарған құмдағы бөлімше орталығының түгел қоршап бау-бақша егіп «оазис»ке айналдырды. Тарихи әдебиетті көп оқитын, бұрынғының ақсақалдарындай шежірешіл, қазына кеуде кария еді. Ауданның құрметті азаматы. Зоя жеңгеміз өте ибалыда ізетті жан еді. Ол кісінің қолынан дәм татпаған ел басшылары, зиялы қауым өкілдері болмас-ау сірә. Кенже ұлдары – Меңдібай, келіні Ақкенже. Жастайынан зерек өсіп, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап механизатор, бригадир болып еңбек етті. 2001 жылдан туған жері Т. Масин атындағы округтің әкімі болып қызмет атқарып келеді. Биылғы ҚР заңына сәйкес 25 шілде күні өткен сайлауда халық үлкен сенім білдіріп әкім етіп қайта сайлады. 
      Аккенже келінімізде ізетті жан. Кім келмесін ашық қабақ, жарқын жүзбен жаюлы дастарханда қарсы алады. 
      Нағим Хитанұлы 1964 жылы Ф.Энгельс атындағы орта мектепке 1 сыныпқа оқуға барды. Мектепте өзінің оқуға деген құштарлығымен, белсенділігімен көш бастап, сыныптастары арасында үздік оқушы болды. Алтын ұя мектебін 1974 жылы жақсыға бітіріп шыққаннан соң, сол жылы Орда ауданы, Құрманғазы атындағы совхоздың штатына кіріп, еңбек жолын бастады. Ал 1975-1977 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болып, әскери борышын Венгрия елінде өтеп келді. 1977-1980 жылдары Құрылыс-монтаж басқармасында «Университетстрой» треста «Алматастрой» құрылыс бөлімінде газосварщик, бригадир болып қызмет атқарды. Алматы қаласында көрмеде «Алтын дән» қонақ үйі, Қазгугратта студенттер тамақ ішетін 3 қабатты асхана қасында сауда орталығын, Мұхтар Әуезов драма театры, Орбита мөлтек ауданында «Байқоңыр» кинотеатры, Технология университеті, №43 балабақша секілді құрылыстарды салуда қолтаңбасы қалды. 1980 жылы қараша айында туған өлкесі Бөрлі ауылына оралып, Темір Масин совхозына дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрды. 
      Адам баласының өмірлік ұстанымы болмыс-бітіміне сай қалыптасып, мінез-дағдысына айналатыны рас. Алайда, тұлға боп танылу кез-келген жанның қолынан келе бермесі анық. Әйтсе де, тағдыр талайы өмірден алған тағылым-тәлімін сабақтап, өзіндік орнын қалыптастыруына алып келеді. Әр кезеңнің өзіндік сәні, талғамы, сапасы болады. Бастысы елге ұнайтын, елдің көңілінен шығатындай қызмет ете білу керек. Нагим Хитанұлы 1983-1986 жылдары Орал совхоз техникумының зоотехник бөлімінде сырттай оқып, 1985-1993 жылдары май қоймасы, гараж меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 1993-1995 жылдары аралығында Темір Масин совхозында бас зоотехник қызметін абыроймен алып жүрді.
      Бір орында тұралап қалуды жаны қаламайтын іскер азамат, нарықтық заман талабына сай болуды ойлап, 1997 жылдың сәуір айынан «Нарын» жеке шаруа қожалығын құрды. Өзінің арман, мақсатын жүзеге асырып, қазіргі күнге дейін осы шаруа қожалығын басқарып келеді. Бүгінде шаруа қожалығында 22 адам жұмыс жасап отыр. Осыншама адамды жұмыспен қамтып, олардың тұрмыстық жағдайларына қарайласып, қолынан келген көмегін аянып қалмайтын жомарттығын да көрсетіп келеді. Қожалық төрт түліктің барлығымен айналысады. Ірі қарадан қазақтың «Ақбас», «Герефорд» асыл тұқымды, қойдың «Еділбай» тұқымды түрлерін асылдандыру бағытында жұмыс жасап келеді. 
      Әрбір адамның өзіне ғана тән ғұмыр жолы мен тіршілік баяны болатыны ақиқат. Оның еткен еңбегі, көрген бейнеті, татқан зейнеті мен алған асуы, жеткен биігі өзінше ерек болмақ. Көпшілік те сырттай бағамдап, бағалап жатады. Бастысы адамда кісілік келбет пен азаматтық тұлға бейнесі қалыптасса нұр үстіне нұр болмақ. Нагим Хитанұлы ең алдымен кісілік келбеті жарқын, пейілі дариядай кең, өз міндеттеріне мығым, ұстанымы мықты, керемет күш-қуат иесі деуге болады. Ерік-жігері берік, білімді екені оның нәтижелі ісінен айқын көрініп тұрады. Ол «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Бөкей ордасы ауданының IV, V, VI- шы шақырылымның депутаты. 2002 жылы 4 ақпанда Жарлық бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі омырауында жарқырап тұр. Сонымен қатар, ол 2011 жылы 4 тамызда Почетном знаком Героя энциклопедий «Лучшие люди» медалімен наградталды. 2011 жылы 10 қарашадағы жарлық бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалін де омырауына жарқырата тақты. Омырауы «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медалімен де толықты. 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, 2016 жылғы 5 желтоқсандағы жарлық бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Батыс Қазақстан облысы 2019 жылғы 5 желтоқсан Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. 2020 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» атағы берілді.
      Ер адам жан-жарының, жанұясының қолдауынсыз биікке ұша алмайды. Іскер азаматтың өмірлік жары Құрманғалиева Гүлнар екеуінің отбасында өрімдей 2 ұл мен 3 қыздарын адам асыл етіп өсіріп, қазір олардан 17 немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже. Ұлдары Алтай мен Әлібек шаруашылықта сенімді көмекшілері болса, келіндері Гүлмира, Гүлниса отбасының сыйлы келіндері. Ал екі қызы Элмира, Гүлдана тұрмыста, кенже қызы Тоғжан Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Подстепный ауылындағы «Үміт» лингвистикалық гимназиясының 11 сыныбын тәмамдап, «Алтын медаль» иегері атанды. Білімді жас Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне «Саясаттану» мамандығына оқуға түсіп, бітіріп шығып, сол мамандық бойынша абыройлы қызмет атқарып отыр. Күйеу балалары Ермек - «Ораз» асыл тұқымды шаруа қожалығының жетекшісі болса, Нұрлыбек- жоғары санатты
педиатр, медицина ғылымдарының кандидаты. Немерелері Қорлан – Алматы қаласында Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада - цирк колледжіне хореография өнері мамандығына грантқа оқуға түсті. Ұлан – Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп- лицейінің 7-сынып оқушысы. Айтөре – №47 атындағы ЖОББМ 2-сынып оқушысы, Жаһангер – М.Бегалиева атындағы ЖОББМ 4-сынып оқушысы, Шахназ – 3-сынып оқушысы. Әліби – балабақшада тәрбиеленуде.
      Жиендері: Мерейлім – 6-сынып, Оразбек – 3-сынып, Нұриман – 2-сынып, Самир – 4-сынып, Алинұр – 3-сынып, оқушылары болса, Аяулым және Закир – балабақшаға барады. Аудандық мәслихаттың IV, V, VI- шы шақырылымдарының депутаты Нагим Хитанұлы ауылдық округте құрылған қауымдастықтың төрағасы ретінде де ауылдың тұрмыс тіршілігіне үнемі назар аударып келеді. Жоғарыда оның қолы ашық, жомарт азамат екенін тілге тиек еткен едік. Ол М.Бегалиева атындағы орта мектеп, мәдениет үйінің, балалар бақшасы, байланыс, су, электр торабтарының, фельдшерлік, мал дәрігерлік пунктерінің жұмыстарын үнемі қадағалап кемшіліктері болып жатса ескертіп, көмек қажет болған жағдайда қол үшін беріп келеді. М.Бегалиева атындағы орта мектептің шатырын қатты дауылдың салдарынан жұлып кеткенде, өз қаржысына (580 мың теңге) қажетті материалдарды алдыртып, бір жұма ішінде жөндеп берді. Ауыл тұрғыны Жүсіпова Айбаршаның тұрғын үйі өртеніп, баспанасыз қалғанда ауылдастардың басын қосып, «Асар» жасап 5 бөлмелі үй салып, жиһаз, киім-кешек алып берілді. Ұлы Отан соғыс жылдары «Бөрлі» ауылынан майданға аттанғандардың 38-і елге оралған. Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында шаруа қожалықтарын біріктіріп, басы-қасында өзі болып, мемориалдық тақта орнатуға атсалысты. М.Бегалиева атындағы орта мектепке мұражай ашу жоспарланып, алайда қаржының тапшылығына байланысты тоқтап қалғанын естіп, 500 мың теңге демеушілік көмек көрсетіп, азаматтық танытты. Қазір мұражай жұмысы алға басып, ондағы қызметкерлер жүйелі жұмыс жасап келеді. Нағим Хитанұлы өзгенің пікірін тыңдай алатын, дұрыс шешім қабылдап, көпшілікпен ауызбіршілікте жұмыс жасай білетін, әр нәрсені ақыл таразысына салып атқаратын парасатты да абыройлы азаматтың бірі. Ол ауыл тіршілігімен байланысты дүниенің бәрін жетік меңгерген.
      Дана халқымыз ауыл алтын бесік, ұлт ұясы, мемлекеттік бірлікті, тұтастықты қалыптастырудың алғышарты. Ауыл ұлттық әдет –ғұрып, салт – дәстүрін, тұмса табиғат пен қазақы ән мен күйдің, береке мен молшылықтың ошағы деп бағалаған ғой. Ауылын ардақтаған азамат «ауылды көркейту, халықтың жағдайын жақсарту әрбір азаматтың міндеті. Әлімнің жеткенінше елім үшін қызмет жасай беремін», - деді кейіпкеріміз.
      Қарапайым ғана еңбегінің жемісін жеп, саналы өмірі мен қызметін жоғары нәтижелерге бағытап, биік белестерді бағындырып келе жатқан еңбегі өнген азаматқа тек қана мықты денсаулық тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...