Алмашева Манат

Рейтинг:

Жаңалыққа ұмтылған жаңашыл кәсіпкер
 
Егер тұлға – адам дамуының шыңы болса, даралығы – оның тереңдігі.
                                                                                        (Борис Ананьев)
       Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деп ізденуге, біліктілікті арттыруға үндейді. Сонымен қатар, 2017–2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасында қаржылық сауаттылықты көтеру, отбасылық бизнесті дамыту, өңірлерде жеке кәсіпкерлік санын арттыру мәселесіне зор мән берілген. Нобель сыйлығының иегері Альберт Швейцар «Табыс – бақыттың кілті емес. Бақыт – табыстың негізгі кілті. Егер сізге өз ісіңіз ұнаса – сіз міндетті түрде табысқа жетесіз» деген нақыл қалдырған. Ал, нарық заманында кез келген адамның кәсіппен айналысуына, білікті, білімді әрі қарымды екенін дәлелдеуге мүмкіндік мол.
     Алмашева Манат Тамабайқызы 1966 жылы 17 қарашада Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келді. Манат Тамабайқызы 1974 жылы Ә.Тәжібаев атындағы №36 орта мектептің табалдырығын шәкірт боп аттап, 1984 жылы мектептен түлеп ұшты. Аңсары дәрігерлік кәсіпке ауған бойжеткен Шымкент қаласынан бір-ақ шықты. Алматы Мемлекеттік медицина институтының Шымкент филиалының  «Фармация» факультетіне құжат тапсырды, жолы болып студент атанды. Ол кезеңде оқыту жүйесі бірыңғай орыс тілінде болғандықтан, қазақ мектебін бітірген ауыл балаларына оңай емес еді. Сөйтсе де зерек қыз өзінің талабымен төртінші-бесінші курстарда студенттердің алды ретінде ауызға іліге бастады. 1989 жылы аталған институтты ойдағыдай бітіріп, дипломды маман атанды.
      Дәрігер мамандығы терең білімді  және жер бетіндегі ең қымбат байлық - адам денсаулығы мен өміріне деген асқан жауапкершілікті талап ететін, әлемдегі қиын мамандықтардың бірі екендігін атап өткіміз келеді. Бұл – бейімділік, ықылас пен қамқорлық, білім мен жауапкершілік, сондай-ақ кәсіпқойлық. Жауапкершіліктері мол, сауатты, талантты дәрігерлер адам өмірін сақтап қалуда бар мүмкіндікті, кей сәттерде мүмкін емес нәрселерді жасайды. Олардың күнделікті елеусіз еңбектері – халық денсаулығын нығайтудағы мемлекеттік міндеттерді шешуге қосқан үлестері.
      Медицина саласы бірнеше бағытқа бөлінеді: «Жедел жәрдем» мамандары, дәрігер-терапевт, дәрігер-хирург, фармацевт-провизор және т.б. Фармацевт-провизор дәрілік препараттардың құрамын, қолданылуын терең біледі. Дәріханаға ауырып, өз бетімен келетін жандар көп. Соларға керекті дәрілерді алуға кеңес береді. Сондай-ақ, дәріхананы алуан түрлі дәрі мен медициналық құралдармен жабдықтайды. Бірнеше дәріні қосып, рецепт бойынша дәрілер әзірлейді. Алмашева Манат жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін, туған жеріне қайтып оралады. 1989 жылдан бастап Тереңөзектің орталығында орналасқан  №7 дәріханаға  жұмысқа орналасты.
      Сол кездегі аудандағы жалғыз дәріхана болғандықтан, №7 дәріхана бүкіл ауданға қызмет көрсететін еді. Алғашқы еңбек жолын Манат провизор-технолог мамандығынан бастайды. Ал кейінірек провизор-аналитик, аптека меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарады. Күн сайын күш-қуаты тасып тұрған, жүрісі ширақ Манат Тамабайқызы орталық кіреберістен кіріп, өзінің жұмыс орнына кіреді де құдды бір басқа әлемге өтіп кеткендей болады. Бұл әлем – адам денсаулығы үшін күрес пен салауатты өмір салтын насихаттау әлемі. Еңбек жолының басында-ақ Тамабайқызы Манат жұмыс қарбаласына қарамастан науқастармен ыстық қарым-қатынаста болу керек екендігін, оларға жан жылуын беруі тиіс екендігін өзіне түйген болатын.
      «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» деген тәмсіл бар. Сәлем беру – имандылықтың, мәдениеттіліктің белгісі. Өз ісіне тиянақты Манат айналасындағылармен сыпайы қарым-қатынас жасайтын. Сыпайылық, әдептілік адамда жас кезінен қалыптасады. «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» деген Махмұд Қашқари сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған Манат жастайынан инабатты болып, кішіпейілділікті жоғары бағалады. Әдеп сақтау – адамдар арасындағы қарам-қатынас ережелерін орындап жүру, ол әлеуметтік қоғам мүшелерін қалыптасқан әдептілікті бұзбауға міндеттейді. Манат Тамабайқызы дәріханаға келген барлық жанмен тіл табысып, көпшіліктің алғысына бөленді. Жұмысына тиянақты, ісіне мығым, жауапкершілігі мол, өз ісін адал атқаратын М.Алмашева №7 дәріхананың меңгерушісі болып тағайындалып, осы қызметті 2001 жылға дейін атқарды.
      Әрбір адамның денсаулығы, бүкіл халықтың денсаулығын құраушы ретінде, тек оның толық бағалы өмір сүруін ғана емес, сонымен бірге оның мүмкіндіктерінің потенциалын анықтайтын факторға айналды. Медициналық көмек көрсетудің жетімділігін, уақытында болуын, сапасын қамтамасыз етуге бағытталған бірыңғай дамыған, әлеуметтік бағытталған жүйе болып табылатын денсаулық сақтау саласы республикадағы негізгі приоритеттердің бірі болып табылады. Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасында нарықтық экономика жағдайларына бейімдеу үшін фармацевтикалық саланы қайта құру процесі басталды. Қазақстан Республикасының «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексін жүзеге асыру үшін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысын реттейтін нормативті құқықтық актілер жасалды. Мемлекеттік қолдау іс-шаралары номенклатура мен өндіріс көлемінің жыл сайын отандық өндірушілердің сапалы фармацевтикалық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыруға бағытталған.
      Нарықтық экономика — еркін кәсіпкерлік экономика. Кәсiпкерлiк объектiсi – адамның белгiлi қызметi. Кәсіпкер үшін ең бастысы кәсіптің өзiне ең пайдалысын және тиiмдiсiн iске асыру. Ал, кәсiпкердiң табысы көбiне оның өз iсiн қалай ұйымдастырғанына байланысты. Яғни, кәсiпкер өз iсiн бастағанда және оны жалғастырғанда үлкен тәуекелге барады. Тәуекелдiлiк кәсiпкерлiк - қызметпен бiрге өмiр сүрiп отыратын заңды құбылыс. Сонымен кәсiпкерлiк – рыноктағы бәсекеге төтеп беру үшiн жаңа мүмкiндiктердi iздеу, жаңа технологияны пайдалану, капиталды жұмсаудың тың салаларын iздеу, ескi ойлау шеңберiнен шығу болып табылады.
      Осындай ескі ойлау шеңберінен шығып, кәсіпті дамытудың жаңа формалары мен әдістерін іздестіріп, кәсіпке бет бұрған Манат Тамабайқызы 2001 жылы Қызылорда қаласына келіп, заман ағымына сай «ИП Алмашева» атты өзінің жеке кәсібін ашады. Бұл кезде елімізде шағын кәсіпкерліктің енді-енді белең алып келе жатқан кезі болатын. Алдымен шағын ғана дәріхана ашып, кейінірек емдеу мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау арқылы кәсібінің көкжиегін кеңейтті. Алмашева Манат 2006 жылы ЖШС «Аңсар-М» мекемесін ашып, 16 тармақ бойынша жұмыс жасай бастады. Бұл мекеменің бөлімшелері Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Тереңөзек, Қармақшы аудандарында да бар.
      «Аңсар-М» ЖШС-і Қызылорда облысы бойынша фармацевтикалық маңдайалды компания десек, артық айтқандығымыз емес. Басты бағыты – денсаулық сақтау жүйесіне жататын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объект болып табылады. Компанияның негізгі қызметі дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы бөлшек саудада өткізу, дәрілік заттарды дайындау. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау  қажет. Компания бүгінде 100 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ұжымның құрамында жоғары білімді фармацевтер мен биологтар және арнаулы орта білімді мамандар жұмыс жасайды. Бұл компанияға тиесілі зәулім ғимараты, дәрі-дәрмекке арналған 2 үлкен қоймасы мен арнайы зертханасы да бар.
      «Аңсар-М» ЖШС-і - жақын арада әлемдік стандартқа сай деген сертификат алуы межеленген, себебі түрлі тексерістерден өтіп, білікті мамандардың жоғары бағасын алып отыр. Мекеме осы мақсатта жоспарлы және жүйелі түрде жұмыс жасауда, яғни, осында қызмет ететін барлық қызметкерлердің деңгейі әлемдік стандартқа сай келуі тиіс. Қазіргі кезде «Аңсар-М» ЖШС-і 280 өндірушілердің медициналық, фармацевтикалық өнімдерін 7000 түрлі тауар түрлерін ұсынады. 
      «Аңсар-М» ЖШС-і компаниясы «Сала көшбасшысы - 2014», «Сала көшбасшысы-2015», «2016 жылдың үздік мекемесі», «Медицина мақтанышы», «Жасампаз Қазақстан» ордені, «Медицина саласындағы жетістіктері» орденін иемденіп, түрлі мемлекеттік мекемелердің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттармен» марапатталды.
      Кез-келген өзгеріс, жаңалық алға басу үшін, даму үшін қажет. Әрине, денсаулық сақтау саласындағы өзгеріс те, жаңа жүйе де оның жақсы жаққа қарай өзгеруіне байланысты. Табысқа жетудің жолдары сан тарау. Табыс – қандай да бір мақсатқа жетудегі сәттілік, жұмыстағы жоғары нәтижелері үшін қоғам алдында қадірінің артуы. Кез келген кәсіпкер өз кәсіпкерлік ісінде табысқа талпынады. Манат Тамабайқызы табыстың тек өзіне ғана емес, өзін қоршаған адамдарға да тәуелді екенін ертерек түсінді. Алмашева Манаттың отбасының, достарының, жақындарының қолдауы оны қанаттандырып, кез келген қиындықтарды жеңуге күш берді. Отбасының әл-ауқаты мен саулығы – оның басты мақсаттарының бірі.
      Өзінің жетістікке жету жолдары туралы Алмашева Манат Тамабайқызы өз ойын былайша жеткізді: «Басшы қандай болса, компания да сондай. Өз қызметкерлеріме құрметпен қарап, олардың еңбегін бағалай білемін. Материалдық және моральдық көтермелеуден ешқашан аянбаған жөн. Әйтпесе, қызметкерлеріңді де, нарығыңды да жоғалтасың. Табысыңа тек сенің клиенттерің кепілдік береді, олармен ынтымақтасқан одақ құру керек. Компаниямның жағымды имиджін жасап, оны тұрақты түрде нығайтып отырамын. 
      Сатып алушыға бағдарланған корпоративтік мәдениетті жасаймыз. Тұтынушылармен кері байланысты тиімді қылуды ойластырамыз. Ешқашан жетілдіруден бас тартпаймын. Таңдаған бағыттан таймай, бірақ нарықта жеңілмеу үшін үздіксіз инновациялар енгізу қажеттілін үнемі есте сақтаймын. Кәсіпкерлік шығармашылықтың әдет-ғұрыптарын дамытуды әдетке айналдырғанмын. Ешкім қателіктер мен сәтсіздіктерден сақтандырылмаған, мен өз қателіктерімнен сабақ алған жанмын. Тәуекел – игілікті іс. Менің мақсатым - жаһандық көлемде ойланып іс-әрекет жасау. Әлемдік нарыққа бірте-бірте шығып, жаһандық масштабта өсу. Қажет кезде бейімделе біліп, өз жеткізушілеріме әлемдік нарыққа шығуға көмектесуге тырысамын. Бизнеспен айналысуыма себеп - жеке тәуелсіздікке ұмтылу және ұнатқан жұмысымды өзіме қолайлы уақытта істеу мүмкіндігі, өз қабілеттерімді ашып, отбасылық дәстүр етіп жалғастыру. Содан бері он жеті жыл өтті, табан аудармай бір салада қызмет етіп келемін. Тұрақтылық та табысқа жетуге бастайтын жолдардың бірі».
      Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Осындай үлкен тәрбие мектебінен Алмашева Манат та өтті, қазіргі өмірі де осының дәлелі. Ата – ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Әкесі Алмашев Тамабай - қара шаңырақтың ақылшысы, арқа сүйері өте еңбекқор, ісіне мығым, сөзіне адал, адамгершілігі жоғары адам бүгінде 82 жастағы қадірлі ақсақал. Анасы Пралиева Рәш ақжарқын, кішіпейіл, көпшіл мінезімен үлкен-кішіні бірден өзіне баурап алатын инабатты жан қызынан ақыл-кеңесін аяған емес. Өмір бойы сауда саласында жұмыс жасаған анасы Рәш келелі кеңесімен, тұшымды ойларымен қызына демеу болып келеді. Ақылды да аяулы анасы қазіргі кезде 77 жасқа келіп, немере-шөберелерінің қызығына тоймай жүрген бақытты әжелердің қатарында.
      Әйелдің негізгі міндеті – отбасын құру, бала туу, оны өсіру. Отбасын мақтан тұтатын Манат Тамабайқызы да өз отбасын құрған, шаңырақта да берекенің бесігін тербетіп отыр. Қос қанатындай қос перзентті тәрбиелеп, ұлағатты ұрпақ өсіріп келеді. Үлкен ұлы Аңсар 2005 жылы дүниеге келген. Аңсар №3 мектеп лицейдің 7 - сынып оқушысы. Ол спорттың көптеген түрлерімен, соның ішінде суға жүзу спортымен кішкентайынан айналысып келеді. Ал, 2013 жылы туылған қырмызы қызы Айбарша «Ботақан» балабақшасының тәрбиеленушісі. Айбарша спорттың көркем түрі мәнерлеп сырғанаумен айналысып жүр.
      «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егер де, адамға осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесінің түгел болғаны» - деп қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев айтқандай, Манат Тамабайқызы да балаларына осы төрт түрлі тәрбиені тегіс беріп, оларды кішкентайынан төзімділікке, адалдыққа, табандылыққа, сыпайылыққа, достыққа, тәртіпке, аз сөзділікке баулып келеді. Сөз бен істегі адалдық, мақсатқа жетудегі табандылық пен төзімділікке үйренген ұрпақтары ержетіп ұядан ұшқанда да,  әрқайсысы өмірден өз орнын табу үшін сан-салалы өмір жолдарын таңдауда қателеспеуі үшін тәлімді тәрбие беруге  барын салып жүргені хақ.
      «ХХІ ғасыр - робототехниканың заманы. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз керек. Соңғы енгізген жаңалығымыз – атқарып жүрген жұмысымыздың көп бөлігін автоматтандыру. Яғни, адам еңбегін пайдалануды азайтып, техниканы көбірек пайдалануды іске асыру. Қазіргі кезде медицина саласында қолданылып жүрген жаңалықтар мен жұмыстарды қолданысқа енгізуді қалаймын. Мысалы, робот-дәріханалар мен робот-қоймалар. Оның бастапқы жаңа легін енгізіп те жатырмыз және теориялық жағын меңгерудеміз. Келешекте толықтай көшу де жоспарымызда бар. 
      Мен өзім де үнемі ізденіп, оқып жүруді әдетке айналдырғанмын. Алматы менеджменті университеті (AlmaU) – әлемдік деңгейдегі әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпкерлік білім беретін оқу ордасы. Дүние жүзілік білім стандартына сай келетін оқу орнында оқып, бизнес менеджмент саласын игерудемін. Менеджмент – нарықтық экономиканың қажеттіліктері мен  жаңдайына толығырақ жауап бере алатын басқару типі. Менеджментте бастысы – ең алдымен кәсіпорынның мүдделерімен нақты мақсаттарды (ұзақ мерзімді, алдағы кезеңдік) белгілейді. Бизнес мәселелері бойыша тәжірибелі маман ретінде фирманы жетістікке жеткізетін өзгеше стратегияларды танып, көре білемін десем де болады. Бизнес саласы бойынша  жаңалықтарымызды  күнделікті тұрмыста тәжірибе жүзінде сынап көреміз. Тәжірибеден өткен жұмысты көпшілікке таныстырамыз. Сондай жоғары бизнес мектебінен өтіп, пайдасын көріп жатырмыз», - дейді Манат Тамабайқызы. 
      Заман ұсынған үлкен мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, сескенбей, іс жүзінде қолдана білу тек білімді, мақсаты айқын, тәуекелшіл адамдардың ғана қолынан келеді. Алмашева Манат Тамабайқызы да сол алдыңғы қатардағы озық ойлы ұрпақтың өкілі. Экономикалық ғылымда «кәсіпкерлік қабілеттілік» деген ұғым бар. Кәсіпкерлік қабілеттілік дегеніміз – адамның бизнесте жаңалықты аша білу қабілеттілігі, бірақ бизнеске қатысатындардың барлығының қолынан келе бермейді. Басқа бәсекелестерінен озып шығып, барлық күш қуатын барынша жұмысқа жұмсап, новаторлықпен, мақсаттылықпен, коммуникабельділікпен, яғни адамдармен тез арада байланыс жасау қабіліттілігі, олармен өзара жақсы қатынастар құра білу, бәсекелестеріне қарағанда айналасына басқаша көз қараспен қарауда оқшауланып тұрады. Міне, бизнес әлеміндегі дара тұлғалардың бірі Манат Тамабайқызына сәттілік үнемі серік болып, табысы ылғи арта түсетініне сенімдіміз.
 
 
 
 
 
 
 

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости