Есдәулетов Асқар

Рейтинг:

Абыройы асқақ азамат

      Асқар Жұмаділұлы атадан келе жатқан жақсы қасиеттерді бала кезінен бойына сіңіре білген азамат. Оны жақсы білетіндер ең алдымен зор адамгершілігін, сонан соң адалдығын айтып жүреді. Турашыл, шын сөйлеп, ақ жүруді өмірлік серігі еткен өзінің темірдей берік ұстамдылығы, талапшылдығы, өз саласының қыр-сырын жетік меңгеруі, ұжыммен ауызбіршілікте жұмыс жасай алуы, оның жылдар бойы өмірден жинаған абырой-беделінің көрінісін еткен еңбегінен, жүріп өткен жолынан көруге болады. Асқардың атасы Кандеков Есдәулет халық ақыны болған. Иә, сол замандарда ағыл-тегіл жыр тудыруға шебер халық ақындарының арнайы алған білімдері болмаса да, туа бітті дарындарының арқасында халықтың құрметіне бөленді. Есдәулет суырып салма ақын еді. Есдәулетке тән басты қасиеті табан астында сөз тауып, орайын келтіріп сөз өрнектеп, елінің ерлерін, халқын мақтап, кем-кемтіктерін тайсалмай айтып, оны би төбедей адамдардың құлағына жеткізіп, мәселені майдан қыл суырғандай етіп майдалап айтып, ірілеп жеткізе білген өте ақылды, арқалы азамат болған. Қаннан жетіп, сүйекке біткен ақындық өнері Асқардың да бойынан табылып қалады. Оның сөзге шешендігі, қара өлеңге көсемдігі атасынан қаннан берілген қасиеті екенін жазбай тануға болады. Есдәулет ақынды білетіндер оның ежелгі жыр-қиссаларды жатқа айтудың да шебері болған деседі. Ол өз шығармашылығында туған ауылын, туған топырағын жырға қосқан ақын. Сонымен бірге әр түрлі тақырыптар бойынша өлеңдер шығарып, ел аузынан естіген, көрген-білгендерін тынбай жинақтаған көкірегі даңғыл шежіреші өмірінің соңына дейін өнерімен халқына қалтқысыз қызмет көрсеткен тума дарын иесі болды.
      Асқардың әкесі – Есдәулетов Жұмаділ өте білімді азамат болған. Ол 1967 жылы Ақтерек орта мектебіне директор болып тағайындалды. Адамзат үшін сауабы үзілмейтін сауапты істің бірі келешек ұрпақтың қамы үшін мектеп салдыру. Расында, бұл өмірге келген әрбір пенде өзінің артынан жақсы іс, керемет мұра қалдырсам деген ниетте болары сөзсіз. Ізгілік пен қайырымдылық адамзаттық құндылық. Тіпті, бұларды адамгершіліктің өзегі деуге болады. Әр нәрсе өзінің мәнімен, өзіндік қасиетімен қадірлі де құнды. Демек, адам өзінің өмірдегі мәні мен қасиетін адамгершіліктен, қайырымдылықтан табады. Аристотель: «Бақыттың кілті – қайырымдылықта»,- деген екен. Ал, қайырлы іс адам баласын бақытқа жеткізер жол. Қай заманда болмасын өзінің сауапты істен құралақан қалмаған небір дәулетті кісілер өткен. Олар халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін қашанда демеуші болған. Қазақ даласына келіп, өз көзімен көріп, қазақтың бай түсінігіне қатысты орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыс-тың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне жеткен адам. Соны ғана қазақ халқы бай дейді. Ал, жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақтар ешқашан бай деп мойындамаған»,- деп жазған екен. Өзінің өмірлік мықты бай тәжірибесімен, сауапты істерімен көптеген шәкірттердің жүрегіне жол тартқан азамат Есдәулетов Жұмаділ 1973 жылы Ақтерек ауылындағы балаларға соңғы үлгідегі мектеп салдыртып, зейнетке шығар шаққа дейін сол мектептің директоры, мәслихат депутаты болып, елдің алғысына бөленген жан. Еткен еңбегінің жемісін көріп, көптеген марапаттауларға ие болған. Жамбыл ауданының алғашқы «Құрметті азаматы» атағын алған. Атасы мен әкесінің асыл қасиеттерін бойына сіңірген Есдәулетов Асқар Жұмаділұлы еңбекқор, ер азамтқа тән сегіз қырлы бір сырлы, уәдесіне берік, достыққа адал, ұйымдастырушылық қабілеті зор азамат. Ол 1959 жылы 22 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Ақтерек орта мектебінің табалдырығын аттап, 1977 жылы аталмыш мектепті ойдағыдай аяқтап шықты. Отан алдында әскери борышын өтеу үшін 1978-1980 жылдар аралығында әскер қатарында болды. Әскерден абыроймен елге келгеннен кейін 1980-1984 жылдары Алматы зооветеринария институтын тәмамдады. 1984-1993 жылдары аралығында Ақтерек совхозында жылқы-қой шаруашылығында зоотехник болып еңбек жолын бастады. Өзінен тәжірибесі мол азаматтармен еңбек ете жүріп, ақыл-кеңестерін алып, маманданып 1993-1996 жылдары бас зоотехник болып абыройлы жұмыс істеді.
      Совхоздың таралуына байланысты 1996 жылы «Айзақ» шаруа қожалығы ашылып, осы күнге дейін жеке шаруашылықпен айналысып келеді. Асыл тұқымды ет бағытындағы ірі қара малдар, оның ішінде қой өсіреді. Жоғарғы сұрыптағы астық шаруашылығымен айналысады. 
      Кеңестік дәуірде қазақ жері Ресейден кейін қой саны бойынша екінші орында болды. Ал, қаракөл елтірісін дайындаудан бірінші орында еді, одан кейін тоқырау заманында экономиканың барлық саласымен бірге бұл сала да біраз тұралап қалған-ды. Дегенмен де қазақтың қой өсірудің қыр-сырын жетік меңгергені анық. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір»,- дегендей атакәсіптің қазіргі уақытта пайдасын көріп отырғандар жетерлік. Тұқым түзетін үдеріс нарық сұранысына бағынышты келеді және ішкі нарықты, экспортты сапалы етпен қамтамасыз етуге жол ашады. 
      - Ата-бабамыз ежелден мал бағып, соның ырыздық-несібесіне кенелген. Шопан ата түлігін өсіру – ешқашан сұраныстан шықпайтын, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беріп тұратын кәсіп. Қазақта бағзы заманнан мал өсіруден, өнімін пайдаланудан тәжірибе жетерлік. Яғни, «түгін тартсаң май шығатын» құйқалы жеріміздің шұрайлылығына, кеңдігіне, табиғи-климаттық ерекшелігіне, керек болса, әр өңірдің жер ыңғайына, табиғатына бейімделген қой тұқымы мен түрі ұзақ уақыт табиғи-халықтық сұрыптау, эволюциялық даму негізінде қалыптасқан. Сондықтан, бүгінде мәселе оның төзімділік, бейімділік қасиетін төмендетпей, өнімділік көрсеткішін арттыруда болып отыр. Әлемдегі қой шаруашылығы тәжірибесіне сүйенсек, қой бағу, ет өнімін өндіру – нарықтық экономикада тиімді және келешегі мол бағыттың бірі. Біз бұл мал түрінің табиғи ерекшелігіне сай мүмкіндігін толық, тиімді пайдаланып келеміз. Жүн – жұрқаланып, тері – тулаққа айналмай, шағын шаруашылық іріленіп, ауылдың ахуалы мен әлеуеті артатыны анық, - дейді Есдәулетов Асқар.
      Асқар Жұмаділұлы ауылдағы іс-шараларға белсене қатысып, қолынан келгенінше көмек көрсетіп, атсалысып отырады. Шаруасы шалқыған азаматтың асыл анасы Меруерт отбасының үлкені, ақжаулықты батагөйі. Алла қосқан өмірлік жары Әлия екеуі бүгінде Қымбат, Ардақ, Айзақ есімді екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Екі немере сүйіп отырған бақытты азаматқа шаңырақтың шаттығы мен мықты денсаулық тілеп, еткен еңбегінің жемісін көруді нәсіп қылсын деймін.


Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...