![]()
АЛАР БИІГІ – АЛДА
Еңбек қылмай ер оңбас,
Бірлік қылмай ел оңбас.
Қазақ мақалы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі таңда қойып отырған міндеттерінің бірі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы болып отыр. Демек, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Қазіргі кезде елімізде қай салада болмасын, жұмысының көрігін қыздырып, табыстың тайқазанын басып жүрген ер азаматтар аз емес. Оның ішінде қызығы мен қиындығы мол ауыл шаруашылығы саласына қызыққан жандар да жетерлік. Солардың бірі – Мұрат Сатқынұлы Исагалиев.
Жаны жайсаң, қолы ашық, қажырлы әкесі Исағалиев Сатқын Исағалиұлы 1936 жылы Атырау облысы, бұрынғы Ембі ауданында қарапайым шаруа отбасында дүние келген. Еселі еңбек етіп, тракторист, шофер болып жұмыс істегендердің қатарында. Мейірімі шексіз анасы Исагалиева Болған Әбірқызы 1940 жылы Атырау облысы, Мақат ауданы, Ескене ауылында дүние есігін ашады. Анасы бала тәрбиелеумен қатар құрылыс саласында да екпінді еңбек етіп, барлығына үлгеретін. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» демекші, ата-анасы – перзенттеріне жақсы өнеге көрсете білді.
«Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Жанұяда 3 ағам, өзімнен кейін 1 қарындасым және 2 інім бар. Әке-шешеміз жастайымыздан еңбекке баулып, табанды, ширақ, жігерлі етіп тәрбиеледі. «Бақыт – балалы үйге қонады» дегенді қуаттайтындардың бірі – менің ардақты ата-анам. Отбасында әр баланың орны бөлек, жасына сай белгілі міндеттері болатын. Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпайтын шығар.
«Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді». Сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсылап тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, еріп кетеді деп ойлаймын. Абайдың қара сөзінде: «Әділеттік пен мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та жақсылыққа жекізе алмайды. Мейірімге бөленіп өскен бала айналасына қамқор, бауырмал болады. Кез келген түйткілді ашумен емес, ақылмен шешуге тырысамын. Алдыңғы толқын ағаларымнан үлгі алып, айтқан ақылдарын құлағыма құйып өстім, әрқашан өзімнен кішілерге қамқор болуға тырысамын. Біз еншімізді алып, бөлек кетсек те, әрдайым біргеміз. Ата-анамыздың, ата-бабамыздың аманаты – қиындықта, қуанышта да бірге болу. Осы аманатқа адал болып келеміз. Ізімнен ерген інілерім Исағалиев Самат Сатқынұлы және Исағалиев Қанат Сатқынұлы қазіргі кезде шаруа қожалығында өзіммен бірге жұмыс жасап жүр. Бауырларыммен бірге жұмыс жасау – мен үшін бір ғанибет», – дейді Мұрат Исагалиев.
Ізденімпаз, еңбекқор Мұрат 1966 жылы 13 шілде айында Атырау облысы, бұрынғы Ембі ауданы, Құлсары поселкесіндегі қарапайым шаруа отбасында өмір есігін ашады. Алғыр жас Мұрат 1973 жылы №5 Абай атындағы мектеп табалдырығын аттап, 1980 жылы мектепті тәмамдайды. 1981 жылы Ауыл шаруашылық училищесіне оқуға түсіп, 1984 жылы тракторист мамандығын алып шығады.
Талабы таудай, арманы асқақ жігіт 1984-1988 жылдары Отан алдындағы қасиетті борышын ойдағыдай өтеп, қызу еңбекке араласады. «Тенгиз НефтьСтрой» мекемесінде тракторист-жүргізуші болып қызмет атқарады. Мұрат Сатқынұлы 2004-2007 жылдары Қазақстан Темір Жолы мекемесінде вагон қараушысы болып жұмыс істеп, еңбек көрігін қыздыра түседі.
Өтпелі кезең – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы төмендеп, экономикасының дағдарысқа ұшыраған кезеңі. Өтпелі кезеңде экономиканың нарықтық бағыты айқындалып, ырықты экономиканы қалыптастыруға күш салынды. Сонымен қатар республикаға ауқымды инвестициялар тартылып, кәсіпкерлер тобы пайда болды. Олар сауда бизнесінің орнына өндіріс пен ауыл шаруашылығы салаларында кәсіпкерлікті дамытты.
– Сол кездегі өтпелі кезеңнің қиындығы, тапқан табысымның қысқа көрпедей де жетпей қалғандығы, отбасын қайтсем асыраймын деген жауапкершілік менің ерекше шешім қабылдауыма себепкер болды. Бір кездері аз көлемдегі жұмыстың арнасын кеңейтуге Мемлекет басшысы мен Үкіметіміздің кәсіпкерлікті қолдауға арналған шаралары, «Даму» қоры арқылы берілетін банк кредиттері жағдай жасады. Әйтеуір, таңдап алған жолыма қанша қиындық кездессе де, өкініп көрген емеспін, – дейді бизнестің небір соқпағынан өтіп, өзіндік ісін тапқан Мұрат Исагалиев.
– Бизнес – бәсекенің ортасы. Көзін тапқан – аз-кем кедергіні еңсеріп, көл-көсір табысқа кенеледі. Сіздің кәсібіңіз ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Осыған байланысты қиыншылықтар болды ма?
– 2007 жылы «Аман-Есен» шаруа қожалығын ашып, осы күні бүгінге дейін жұмыс істеп келемін. Кейінгі жылдары мемлекет ауыл шаруашылығына қомақты қаржы бөліп, ауылдағы мектеп, емхана, ауыз су салаларын салуды, жөндеуді және әр облыста ет, сүт және құс өнімдерін өндіретін кешендер салу жұмыстарын қолға алып жатыр. «Еңбексіз өмір жоқ, Ауырсыз жеңіл жоқ» деген тәмсіл бар. Әрине, қиындық пен кедергілерді жеңуде қажымас қайрат пен үзілмес үміт, сонымен қатар сабыр керек адамға. Наны бар мамандық пен кәсіп экономикамызды көтеріп, кризистен шығуға мүмкіндік береді. Өз ісін шексіз жақсы көру керек, өз баласына қарағандай тәулігіне 24 сағат сол туралы ойлау керек, өз ісінің қыр-сырын білуге, тануға талпыну керек, өз қызмет аясының көкжиектерін білу керек. Алға қойған мақсаттары мен тілеген биігіне жетуге асығу керек. Сонда ғана одан кәсіпкер шығады.
Қазіргі таңда «Аман-Есен» шаруа қожалығының құрылғанына 12 жыл болады. Қажырлы еңбек пен ізденіске, ұйқысыз түндерге толы 12 жылдың ішінде биік белестерді бағындырып, асқар асулардан асты. Осы уақыт аралығында Исагалиев Мұрат Сатқынұлы «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордені мен «Үздік ауылшаруашылығы қызметкері» марапаттарын иеленіп, көптеген құрмет грамотасы мен алғыс хаттарға қол жеткізеді.
Мұрат Сатқынұлы Жаратқанның қалауымен 1992 жылы 24 сәуірде отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Жұбайы Қозыбақова Айшагүл Орынбайқызы 1972 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тасқұдық елді-мекенінің тумасы, теміржол саласында жұмыс істейді.
Бүгінде ерлі-зайыптылар бес баланы мәпелеп өсіріп, азамат етіп тәрбиелеген, сол тәрбиенің жемісін жеп отырған бақытты ата-аналардың қатарында. Ізгі адам өнегелі, ізгі отбасының жемісі. Тәрбиесі мол бала ғана тереңге тамырын жаяды. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасында еліміздің ертеңі, ұлт тізгінін ұстар білімді ұрпақ тәрбиеленгендігі айқын.
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім, – деп хакім Абай жырлағандай, балаларының барлығының жоғары білім алуына бар күш-жігерлерін жұмсады.
Бүгінде ұрпақтарынан тараған 5 немере Мұрат аға мен Айшагүл апайды шексіз қуанышқа бөлеп, киелі шаңырақтың шаттығын еселеп жүр. Жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет деп санайтын Айшагүл Орынбайқызы әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, адамгершілік негіздерін көруге болатынын дәлелдеп жүргендердің бірі.
Отбасының тұңғышы, 1992 жылы туылған Сатқынов Аслан Мұратұлы - музыкант. Отбасын құрған Аслан – шаңырақтың мақтанышы мен тірегі. Ортаншы ұлдары Сатқынов Арман Мұратұлы 1994 жылы дүниеге келеді. Агроном болып жұмыс жасайтын Арман да өз алдына отау құрған. Шаңырақтағы егіз ұлдар – Аман мен Есен Сатқыновтар 1997 жылы өмірге келгендер. Екеуі де ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алып, «Аман-Есен» шаруа қожалығымда жұмыс істеп, әкелерінің қолғанаты болып жүр. Отбасының кенжесі, гүлдей көркем Мұратқызы Гүлназым – 2008 жылы дүниеге келіп, ата-анасын қуантып жүрген талапты қыз. Гүлназым – 4 сынып оқушысы, ата-ананың үкілеген үміті.
Бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, одан нәтиже шығара білген кәсіпкер алдағы күндердің еншісіне бірнеше жоспарлар жасап қойған. Орайы келсе, басқа да кәсіптердің көкжиегін кеңейтіп, жұмыссыз жандарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған емес. Осылайша, бірнеше шаруаның басын біріктіріп ауыл-аймаққа үлгі боларлықтай еңбек етіп жүрген Мұрат Сатқынұлы Исагалиев өмірдегі бар қиындықты тек еселі еңбектің жеңетінін ұдайы қаперінде ұстайды. Оған ауқымды істері мен алдағы жоспарлары дәлел.