Асқарова Шакизада

Рейтинг:

Жан сұлулылығымен нұр сипатты
Өмірің таңдай болса арайлаған,
қатыгез қараулыққа жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы -
нұрланып кетеді екен бар айналаң!
Фариза Оңғарсынова
      Әйел – ең алдымен ана. Бұл оның адамзат һәм табиғат алдындағы ең ұлы парызы. Құдіретке тең осы әйел заты ең алдымен тән сұлулығымен бағалы ма, әлде жан сұлулығымен қадірлі медеген сауал туады. Алғашқы кезек – жаны сұлудікі. Жан сұлулығы – бұл әйелдің ішкі дүниесі, сезім шынайылығы, мінез байлығы, пейіл кеңдігі, ар алдында адалдығы. Адамзат өмірдің соқпақты сапарында, жасырары не, көсем де, шешен де болғысы бар. Бұл - оның туа бітті арман-мақсаты. Бірақ уақыт деген ұлы құдіреттің алдындағы адамның, әсіресе әйелдің ұлы жеңісі – ұрпағы ғой. Қалғанының бәрі баянсыз. Баянсыздың бәрі – тұрлаусыз. Осындай баянды бақыт иесі болып жүргендердің бірі өз кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйел - Асқарова Шакизада Келімбетқызы.
      Қазақта «Оң қолың жасаған жақсылықты сол қолың білмесін»-дейтін қанатты сөз бар. Шындығында, іскерлік қабілетімен қоса, өзгеге жақсылық жасаудан жалықпаған ол, істегендерінің баршасы Аллаға аян екенін алға тартады. Еткен жақсылығының өтеуі іспетті абыройға бөленіп, алғыс арқалаған Шакизада Келімбетқызының кімге нендей көмек бергені толық есінде жоқ. «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» демеп пе еді дана халқымыз. Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несібе деп айта алмаймыз. Десек те, өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған әр азамат небір сыннан сүрінбей өтіп, тынымсыз тірлік кешкенінің арқасында биік белестерді бағындыра алады. Өмірі адамға деген махаббатпен өрілген белгілі кәсіпкер, нәзік жандылардың өкілі Асқарова Шакизада Келімбетқызының өмір жолдары бұған дәлел.
      Келер күнге құлаш ұрып, үлкен азамат болуды аңсайтын кез келген адамның қиялында өзіне ғана мәлім, ішкі түйсігімен бекіген бір армандар болатыны анық. Ол көп жағдайда мамандық таңдауға келіп тіреледі. Әркімнің болашақ мамандығы оның бала кезінен әуестенетін, қызығушылық танытатын әрекеттерінен көрініп тұрады. Болашақ кәсіпкер Шакизада Келімбетқызы қасиетті Қазалы жерінде 1967 жылдың 3 қаңтарында дүние есігін ашады.
      Мектепте алғырлығымен ерекшеленіп, діттеген мақсатына жетуге талпынатын Шакизада Қазалыдағы №17 мектепті ойдағыдай аяқтап, 1984 жылы арман қуып, сонау Ресей мемлекетіндегі Шуя қаласындағы орта кәсіптік білім берудің аймақтық мемлекеттік білім беру мекемесі Шуя медициналық колледжіне құжаттарын тапсырады. Аталған оқу орнының «балалар бөлімін» ойдағыдай бітірген Шакизада Келімбетқызы 1987 жылы елге оралып, алғашқы еңбек жолын Қармақшы ауданындағы механикалық зауытта субординатор қызметімен бастайды. Жоғары білімі бар мамандар жеткіліксіз тұста оқу орнын тәмамдап келген жас салған жерден дәрігердің орнына қызмет жасайды. Еңбек жолы осылайша тек білікті деген мамандар еңбек ететін үлкен ортада басталады. Тәжірибелі тұлғалардың ортасына түскен жас қыз тез ысылып, жұмысқа деген жауапкершілігін күшейтіп, алған білімін тәжірибесімен ұштастыра білді. 
      Білімді әрі білікті, өз-өзіне нық сенімді бойжеткен 1988 жылдан бастап  Қазалы ауданындағы тораптық аурухананың аға фельдшер қызметіне жіберіледі. Дәрі-дәрмек тапшы, қазіргідей жаңа технологиялар мен техникалар жоқ, түрлі аурулар кең етек алған қиын тұстары,  күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыс жасап, науқас жандардың алғысына бөленіп, өз ісінің білікті маманы атанады. Бұл қызметті Шакизада Келімбетқызы он жылдай уақыт, дәлірек айтсақ, 1995 жылға дейін абыроймен атқарады.
      Тоқсаныншы жылдар шынында “қысқа жіп күрмеуге келмейтін” ауыртпалығы мол кезең болатын. Әркім осы ауырпалықты әр қалай шешуге тырысты, себебі  әрбір жанға өз ғұмыры сын екендігі ақиқат қой. Шакизада Келімбетқызы жаратылысынан мінезге бай, сабырлы жан. Тереңнен толғап, әріден ойлап, тосыннан қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, әл-дәрмені таусылып, салы суға кеткен сәтте бойындағы бар күш-қуатын жинап, басқа түскен ауыртпалыққа төтеп беру үшін қиындыққа қасқайып қарсы тұруға бел буады. Бір кітаптан әлемге танымал Брайан Трейсидің  “Дәл қазір қолыңызда өмірдің қиын-қыстау кезеңіне төтеп беруге көмектесетін дүниенің барлығы бар” деген қанатты сөзін оқығанын еске түсірді.
      1995 жылдан бастап Асқарова Шакизада “бизнес әлеміне” алғашқы қадамын жасады. Бұл, әрине, жас баланың аяғын апыл-тапыл басқан қадамына ұқсас нәрсе болатын. Алғашқыда дәрі және медициналық бұйымдар, түрлі тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттарды сатумен айналысты. Таңертеңнен кешке дейін “ақ қар, көк мұз жастанып” базарда тұратын. Мұзды аяқ болып үйге келгеннен кейін де тыным көрмейтін. Жолдасы Асхат Нұрлыбай екеуі түн ортасы ауғанша көз ілмей, жиһаз құрастырумен айналысатын. Таңертең алакеуімнен тұрып, қайтадан базарға жүгіретін. Әрине, мұның бәрі бизнес деген атаудан көрі “жанбағыс” немесе “күнкөріс” деген атауға көбірек келетін. Дегенмен, теңіз де тамшыдан құралады емес пе?
      Адам жолындағы бөгетті жоя алатын, қиындықтан қорықпайтын болуы керек. Оған барар жол қайсы дейсіз ғой? Шакизаданың ойынша, көре алмайтынға дархан мінезіңді, зұлымға қайырымдылығыңды, сараңға жомарттығыңды мойындату керек. Жамандықты жақсылықпен жеңген дұрыс. Кішіпейілділік – кішірею емес, қайта сенің биіктігіңнің белгісі. Адамның сәттілікке жетуін оның қанша жетістікке жеткенімен емес, оның осы жолда қанша қиыншылықтан өткеніне қарап бағалау керек! Аузымен құс тістеген өрен жүйрік Әйтеке  атамыздың мінез жайында мына бір нақылын жадымда ұстаймын: «...Ақыл мен мінез – бірге туған егіз. Ақыл – тамыр, мінез – жапырақ. Жаман мінез – ақылсызға берген Жаратқанның жазасы. Дән піскенде сабағы төмен иілер, жаман адамға жал бітсе, мұрнын көкке шүйірер. Жақсы адамның серігі, әмәндә, ақыл, қанағат, әдеп, төзім, сабыр, үміт, бірлік, татулық.».
      Шакизада Келімбетқызы 2007 жылы өмірлік серігі асхат Нұрлыбаймен тізе қоса қимылдап, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл толуына орай “Қазақстан” Сауда үйін ашып, халық көп тұтынатын тауарларды қол жетімді бағада көпшілікке ұсынады. 2007 салынған Сауда үйінің құрылысына 2010 жылы кеңейту жұмыстары жүргізіледі, ал 2010 жылы құрылыс салу жұмыстары әрі қарай өз жалғасын табады.
      Қазіргі кезде бизнес әлемінде аяғына нық тұрған кәсіпкер Асқарова Шакизаданың жолдасы Асхат Нұрлыбай да жеке кәсіпкер, олардың отбасылық жеке кәсібінде «Асхат Нұрлыбай», «Асқарова Шакизада» және «Жакенова Жадыра» атты 3 жеке кәсіптері тұрақты түрде жұмыс жасауда. Иә, нарықтық қатынас – әркімнің өз қабілетін көрсетуге, табанды еңбегі арқылы мерейлі өмір сүруіне жол ашады. Сондықтан жаңа мүмкіндіктерге ізденіс арқылы қол жеткізудің дәлелі осы.
      «Жүрек жылылығы – жан жұбанышы, өмір қуанышы» - дейді халық даналығы. Әр адамның өмір жолы бір-біріне ұқсамайды. Кейбіреуі жастайынан жақсы жетістіктерге жетіп, алдыңғы қатардан көрінсе, енді бірі айналасындағыларға көмек қолын созып, жылағанды жұбатып, сүрінгенді демеп келеді. Байқайсыздар ма, қайырымды адамдар қатары жыл санап көбейіп келеді. Әйтеуір соңғы уақытта жан-жағына мейірім шуағын төгіп жүрген қайырымды жандарға жиі жолығасыз. Бір қызығы, олардың барлығы бірдей қалтасы қалың, үлкен қаржылық топтарға кіретін дәулетті адамдар емес. Бірақ рухани жан-дүниелері бай адамдар. 
      Осындай рухани бай адамдардың қатарына біздің кейіпкеріміз Асқарова Шакизада Келімбетқызы да жатады десек, артық айтқандығымыз емес. Қолы ашықтың - жолы ашық Ерлі-зайыпты  Асхат пен Шакизада бүгінгі уақыт талабына сай жеке бизнестерімен айналысады және тек өзімізге ғана болсын деген кісілердің санатына жатпайды. Табыстарынан демеушілік жасауды да азаматтық парызымыз деп есептейді. Шакизада Келімбетқызы  жақсы жар табуда жолы болғандардың қатарына  қосады өзін, себебі өмірлік серігімен жүрек қағысы, арманы, мақсаты бір, қиын кезеңдерде де көңілін қалдырған кезі болған емес.
      Жаратылысынан дархан көңіл, ізгі ниетті Шакизада Келімбетқызы туған-туыс, жекжат-жұрағаттардан бөлек, көмек сұрап алдына келген ешбір жанның меселін қайтарған емес. Тіпті болмаса, қолындағы барымен бөлісіп, риясыз көңілін білдіріп қалады. Ол 90-нан асқан екінші анасындай болған енесін ерекше қамқорлығына алған. Қазіргі кезде қайынағасымен бірге тұратын анаға да, оның айналасындағы барлық жандарға да жан жылуын сыйлап қана қоймай, материалдық жағынан үздіксіз көмек беріп келеді.
      Алдына бірде өмірден тауы шағылып, меселі қайтқан екі келіншек іздеп келіп, көмек беруін өтінді. «Кез келген сүрінген сәтіңді бақытсыздыққа балама, мүмкін сенің шын бақытың сол жерден басталар» – деген Лев Толстой. Қиналған жаннан іргесін бөлек салмағаны рас. Тас та таудың  туысқаны. Адам түгілі бір-бірінен тас та қашып құтыла алмайды. Қолынан келгенше жүдеу жандарын жұбатуға тырысты, қаржылық жағынан да қомақты көмек жасады. Әйтеуір, аянып қалмағаны хақ. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі. 
      Өмірдің алуан соқпағында жеке адамның, ұжымның, халықтың, күллі еліңнің алғысына ие боларсың. Бұл сенің айрықша   сіңірген еңбегіңе деген құрмет, ризашылық, ықылас. «Алғыспенен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген мақал бар. Алғыс адамның көңіліне қанат бітіреді, жанына мейірім шуағын құяды, жолы ашылады. Қашан да жақсылықтың, ізгі ниеттің бастаушысы болады, ұрпағына шапағаты тиеді. 
      Қарақұс бауырына басып жейді,  
      Сауысқан айдалаға қашып жейді,     
      Ақсұңқар жан-жағына шашып жейді, - деген емес пе дана қазақ. Ақсұңқар құстың төресі десек, Шакизада Келімбетқызының тәлімді тәрбие алған тектілігі болар, әйтеуір ол басқалар секілді біреудің жырын жүре тыңдай алмайды екен, себебі бұл-оның табиғатына жат нәрсе екені анық.
      «Сіз қарыз алып, оны мерзімінде қайтара білесіз бе? Жо-жоқ, қарыз жалғыз ғана ақша емес. Ал мен үшін ең үлкен қарыз – уәде мен сенім. Өйткені уәде беріп, оны орындамасаң - қарыз. Уәдеңде тұрмасаң, сенімнен айырыласың. Қадірің қашады, қадірің қашса, азаматтық бейнеңе нұқсан түседі. Сен әке-шешеңнен өзіңе деген ғұмырды, тәлім-тәрбиені, бойыңа дарыған қуат пен парасатты, пайымды, мінезді, жақсылықты, дархандықты қарызға алдың. Ендеше осы ізгі қасиеттерді шашау шығармай бауырыңнан өрбіген ұрпағыңа беруге тиістісің. Бұл қарыздың – парызы. Егер оған әлің жетпесе, азаматтығың тартпаса, обал-сауабы мойныңда қалады. Біреуге айтқан жылы сөзің де – қарыз. Кейде өтеуін тосасың. Ал, ақша – күнделікті тұрмыста жиі кезігетін қарыздың түрі.  Оның да салмағы ауыр.                   
      «Қарыздың азы борышты қылады, көбі жек көргізеді» – дейді Сенека. Қайыра алмайтын адамға берген қарызың көмек емес, жасаған жамандығың. Түптің түбінде өз басыңа төнер қатер. Алған тез ұмытады, берген еш уақытта ұмытпайды. Әркім қарызды (қай  түрін  де) бойына шақтап алса екен. Сонда тірлігі уайымсыз болар еді. «Иә, Алла, маған қолымнан келетін істі атқаратын қуат бер, қолымнан келмейтін іске ұмтылмайтын ерлік бер, осы екеуін бір бірінен ажырата алатын ақыл бер» – деген даналық сөз бар. Осыны әрбір өзін-өзі құрметтейтін жан есінде сақтауы керек, себебі өмірде түрлі жағдайлар болып тұрады емес пе», - дейді Шакизада Келімбетқызы.
      1994 жылы тұрмыс құрып, отбасын құрғаннан бастап Шакизада Келімбетқызы некелі жары мен перзенттерінің алдындағы парызын адал атқарып келеді. Жұбайына сыйластықпен қарайтын ері Асхатқа дән риза. Екеуі үлгілі ата-ана атану басты міндетіміз деп санайды. Бұл аса маңызды жауапкершілік, әрі үлкен құрмет. Бала алдымен әке-шешесіне, сосын ұстазына, жора-жолдастарына қарап бой түзейді. Өмір болған соң соқпақты-соқтықпалы небір сын сәттерді бастан кешесің. Үй болған соң шыны-аяқ та сылдырлап қалады. Бірақ ерлі-зайыптылар ешқашан да балаңның көзінше бір-біріңе қатты сөз айтқан емес. Қайта бірі қызына анасын үлгі етіп, жұбайының беделін көтеріп, екіншісі ұлына әкесін тәлім ғып, жарының абыройын  жоғарылатып  отыруды әдетке айналдырған. Содан да олар болашаққа сыйластық сезімін жоғалтпай жеткізе білді, перзенттерін саналы, әдепті, көпшіл, жинақы, табанды, еңбексүйгіш етіп тәрбиеледі, жақсылыққа, адамгершілікке баулыды.
      “Жерде жетім жыласа, көкте періште жылайды” - деген емес пе атам қазақ. Тағдырдың жазуымен ата-анасыз өскен балалар үлкен өмірге Балалар үйінің табалдырығынан аттап, қадам басатыны белгілі. Балалар үйінде жүрген кездерінде мемлекеттің қамқорлығында болса, кәмелеттік жасқа толғанда олар қайда барады. Әрі қарайғы тағдырлары қалай болады? Өмірде өз жолдарын таба ала ма? Жоғары оқу орнына түсіп, мамандық игеріп, бір кәсіптің иесі атанып, қоғамымыздың толыққанды бір мүшесі ретінде қалыптаса ала ма? Әлде қоғамнан өз орындарын таба алмай, дұрыстап жұмыс та істей алмай, қылмыскер атана ма? Кім білсін, көкейді мазалаған сауал көп. 
      Бұл әрқайсымызды мазалауы тиіс үлкен әрі өзекті мәселе. Себебі әр бала мейлі ол отбасында өссін, мейлі ол Балалар үйінде тәрбиеленсін мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі. Әрбір бала үшін "тастанды” деген сөздің өзі үлкен қасірет. Өзгелердің қолын шошайтып көрсетуі жанға өшпес жара салатыны да анық.  Сәбилер үйінің тәрбиеленушілерінің тағдыры да әрқилы, бірінің ата анасы жастықтың әсерінен шалыс қадам басып, ақыр аяғы бауыр еті баласын тастап кетеді. Енді бірі шаранасының өмірге мүгедек болып келгенін көріп, оны бағып-қағуға шамасы келмейтінін айтып, бас тартады. Енді бірінің отбасы толыққанды болмағандықтан осындай қадамға барады. Тізе берсе, сан түрлі сылтау табылары хақ. Тағдырдың бар тауқыметін жаңа ғана өмір есігін ашқан шаранасына артып кете баратыны санаға сыймайды. 
      Алайда, өзгенің баласын өз бауырына басып, баласындай бағып-қағып, бар мейірімін аямай, оларды үлкен өмірге қанаттандырып отырған аналар да жоқ емес. Кең даладан дарқандықты бойына сіңіріп өскен Шакизада Келімбетқызының бойында асыл қасиеттер көп. Жылуды да, жақсылықты да отбасынан іздеген балақайлар үшін ананың мейірімінен артық нәрсе жоқ. Маңдайынан мейірлене иіскеп, басынан сипап "айналайын” деген сөзі бала үшін ештеңеге айырбасталмайтын бақыт екені даусыз. Сондықтан бұған бей-жай қарауға болмайды. Шакизада Келімбетқызы да бей-жай қараай алмады. “Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, оның қолы тиген әр тал шашы сайын жақсылық болады” – деген бар хадистерде. Ақыры, ойға алған игілікті ісін жүзеге асырды. Тағдыр тәлкегіне түскен екі сәбидің көз жасын сүртіп, бауырына басты. Отбасы да түгел қолдады, түсіністікпен қарады. Соның нәтижесінде жарасымды жанұяға тағы екі бала қосылып, ол енді 5 баланың анасы атанды.
      Адам бауыр еті баласына да сын көзбен қарайды. Бұл – жек көру немесе кінәмшілдіктен  туған  сезім емес, қайта кемісін, көлеңкелі жағын нұрмен толтыру, жақсысын жани түсу. Ғұмыр кешкен орта, қоғам хақында да алуан ойға ат шаптыру, тездің қалыбына салу, қай кезеңде де көрініс тапқан. Тек қана жақсысын көру – өсірудің жолы емес. Тек қана жаманын тізбелеу – өшірудің де жолы емес. Мәселе, ақиқаттан әрі аттамай, иман-таразыға  жүгінуде, әділетіне құлауда. өмірдің алуан соқпағында жеке адамның, ұжымның, халықтың, күллі еліңнің алғысына ие боларсың.   
      Көңіл қуанышына айналған ұл-қыздары да сенім үдесінен шығып, ата-ананың тәлімді тәрбиесімен дұрыс бағытты ұстанып келеді. Тұңғыш қыздары Назерке Асхатқызы биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биология факультетін үздік бітіргелі тұр. Отбасының үлкен ұлы Нұрсұлтан Асхатұлы да әпкесінен қалысар емес. Нұрсұлтан – 11 сынып оқушысы, «Қызыл аттестатқа» үміткерлердің бірі. Нұрдәулет – 8 сыныптың озат оқушысы болса, Нұрболан мен Аружан – 2 сыныпта оқып  жүр. Хакім Абай “Адамның бір қызығы - бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім ” - деп жол көрсетіп тұрғандай емес пе? Шакизада Келімбетқызы да перзенттерімнің барлығы да білім нәрімен сусындап, оқуларын әрі қарай жалғастырса деп тілейді.
      Бақыттың түрі көп шығар. Шакизада Келімбетқызы үшін ең басты бақыты – балалары мен асыл жары, солардың амандығы. Отбасы мүшелерінің жетістігіне шаттанудан, тәтті қылықтарына мейірленуден асқан Ана бақыты бар ма? Халқымызда «Жақсы жүрген жерінде із қалады» деген сөз бар. Жүрегінде жылуы бар жан өзгеден де жылуын аямай, айналасын нұрландырып жүреді. Жақсының жаны жайсаң, ойы дара, көңілі дана, жүзі баладай. Жамандық атаулыдан жырақ, әрдайым көмек қолын созуға жаны құштар. Жақсылық пен ізгі амал жүрегінде мейірімі бар иманды жанның қолынан келері сөзсіз. Адамзаттың асыл қасиеті де осында. Сүйікті жар, бақытты ана, білікті кәсіпкер,  жүрегі мейірімділік пен ізгілікке толы Асқарова Шакизада Келімбетқызы бар жылуын аямай, айналасын нұрландырып жүреді, барша жан осындай болса, шіркін!
 
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости