Сатыбалдықызы Күләйім

Рейтинг:

Текті аналардың жалғасы

      Көне тарих беттерін парақтайтын болсаңыз ел мен жердің басына қысылтаяң күн туған шақта туырлығын жел көтерген бұқара халықтың жел жағына ықтасын болған алтын аналарымыз нағыз қазақ әйелінің кереметтей үлгісін, ізінен еретін ұрпағына ашық көрсетіп кеткендей болып көрінеді. Сондай әзиз жанды әулиедей шешелеріміздің заңды жалғасындай болған, алтынның ұнтағындай болып жүрген ортасына жарқырап нұрын шашып тамаша нәзік жандыларымыздың қазақ қоғамында қаншама жақсылығы мол шарапатты істерді мейлінше молынан атқарып жатуы көңілімізге медеу болатыны рас. Қазақ әйелінің даңқты есімі мен өз алдына жеке дара феноменальды құбылыс екендігін тарих ғылымы алдағы уақыт тереңінен қопара зерттеп, айдай әлемге танытады деген үлкен үкілі үмітіміз бар. Дәл қазіргі таңда, түрлі маңызы өте зор қоғамдық мәселелер төңірегінде туындаған проблемаларды оңтайлы шешуге ауыз толтырып айтарлық күш пен қайрат жұмсап жүрген әйел адамдар баршылық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өзінің саналы ғұмырын өз айналасындағы жақындары мен таныс һәм бейтаныс отандастарымыздың қамы үшін бойындағы барлық потенциалын шамасы келгенше жұмсаған және жұмсап келе жатқан аяулы жан, «Бақ-Нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, жеке кәсіпкер Күләйім Сатыбалдықызы.
      Тұлпардың төрт тұяғын тоздыратын осыншама кең, созылып жатқан атыраптың оңтүстікте орналасқан Созақ өлкесі бір кездері атақты, әйдік астана болған қасиетті топырақ. Небір дулығалы бас кескен әруақты ерлердің, мұсылман мен кәпірдің арасын бұзып жарып, дінді ашқан кәміл пірлерді тудырғанына арғы-бергі тарихымыз куә. Сондай құт пен береке орнаған мекеннен түлеп ұшқан апайымызда қаршадай кезінен есті әңгіме тыңдап өскен, уызына жарыған, текті атаның ұрпағы деуге толық негіз бар. Созақ ауданына қарасты Тасты ауылында қазақы өмір сүру дағдысы мен дәстүрін берік ұстанған қарапайым шаруа отбасында дүние есігін ашқан. Қуыршақтай ғана қыз бала үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, көрген көз бен естіген құлақ сүйсінетіндей ибалы да инабатты бала болып ержетеді. Бойындағы оқып білуге құштарлығы мен айтылған әңгімені сол мезетте-ақ қағып алатын алғырлығын ертерек байқаған көзі ашық, көкірегі ояу ата-анасы кішкентай қыздарын ауылдағы білім ошағына жетектеп алып барады. Орта мектептің табалдырығын аттап басқан сәттен бастап өзі құралпылас сыныптас балалардың алды болып, мұғалімдердің көзіне түседі. Мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап жүрген алғыр қыз түрлі білім бәсекелерінде топ жарып, ұстаздарының мерейін үстем етеді.
      Онжылдық орта мектептегі оқуын ойдағыдай аяқтаған бойжеткен Күләйім Кентау қаласындағы тау-кен металлургиялық колледжіне құжаттарын тапсырып, оқуға сәтті қабылданады. Оқуға қабылдана сала бар зейінін мамандығының қыр-сырын толықтай меңгеріп алуға жұмсайды. Біршама жылдарды артқа тастап оқуын ойдағыдай аяқтаған соң үлкен еңбек жолын Шолаққорғандағы тұтынушылар одағының асханасында аспазшы болып бастайды. Он саусағынан өнер тамған Күләйімнің әзірлеген асы сол жердегі барлық жұмысшы қызметкерлердің көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленеді.
      Әуелден-ақ, еш бұлжымайтын бір ғана нақты механизммен жұмыс жасайтын фәни дүниенің бетінде заңдылыққа сай ай артынан ай аунап, жылдар жылжып біздің кейіпкеріміз маңдайына жазылған тағдырдың айдауыменен өзінің өмірлік серігі, арқасүйер азаматы Жамшит Сағынтаев ағамыз екеуі бас құрап, жеке дара отау тігеді. Бірін-бірі жаңылыспай тапқан керемет жұбайлар мейірім мен махаббатқа толы өмірлерінде алтын асықтай алты перзентті жарық дүниеге әкеліп, әрқайсысының маңдайына жел тигізбей өсірген болатын. Бүгінде балалары өз алдына отбасы болып, бір-бір кәсіп пен мамандықтың тізгінін ұстаған өмірде өзіндік орны бар жайсаң азаматтар. Мұндай перзенттерді отбасында көрген тәлім-тәрбиесі мен жақсы ата-ананың қамқорлығының арқасында жетіліп шыққан деп айтатын болсақ, қателесе қоймайтынымыз айдан анық жайт.
      Күләйім Сатыбалдықызы Бішкек,Ташкент, Алматы сынды алыс-жақын қалалардан түрлі тауарларды тасымалдап, саудамен шұғылданған белді кәсіпкер десек те болады. Жауапкершілігі мен жүгі тым ауыр, орасан зор энергияны талап ететін сауда саласында көп жылдар бойына қыруар қиындықтар мен келеңсіздіктерге мойымай абыроймен өту үшін адамның бойында мың жылдарға татитындай күш-қайрат болуы керек. Дәл осындай күш-қайрат біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бойынан табылғанына өзі жақын әрі тығыз араласқан ағайын-туыстары мен дос-жарандары куә.
      Бас көзімен емес, көкірек көзімен қарай білген жанға бұл фәни дүниенің бетінде адам үшін сан мыңдаған игіліктер мен нығыметтер жасырылған. Бар болғаны пенде баласы талап қылып, өзіне қажетті болған дүниені екі аяғы, екі қолымен игеріп алуы керек. Күләйім апайымыз әкенің қаны мен шешенің сүті арқылы бойы мен болмысына дарыған жоғары адамгершілік қасиеттерімен жан баласының ала жібін аттап өтпей, өзіне нәсіп болған ғұмырында тазалық пен әділеттіліктің туын көтерісіп келе жатқан жан. Алдыңғы уақыттарда өмір сүрген Сыр бойының дүлдүл дауылпаз жырауы Қарасақал Ерімбет атамыз бір сөзінде: «...ер болсаң елің үшін ет қызмет, пайдасын итте жасар бір басына...», - деген екен. Осы айтылған жақсы насихаттай пайдасын тек бір басына ғана жасайтын, бар тапқаны бір басынан артылып болмайтын шық бермес ағайынның бар екені кім-кімге де өтірік емес. Осы орайды, біз Мақтарал ауданындағы су тасқыны кезінде асқан жомарттық мінез көрсетіп, тілсіз жаудан қатты зардап шеккен ағайынға көмек қолын соза білген Күләйім апайымыздың нағыз ұлтшыл қазаққа жарасатын ірілігін айтып кеткенді жөн санадық. Бұдан бөлек дәл қазіргі барлық әлем жұртшылығын төбесінен жай түсіргендей қылып қатты састырған жұқпалы короновирустың індет біздің елімізге де етек жайып, кең тарап кеткен уақытында қарап жатпай, харакет қылған ерлікке пара-пар ісін айтпай кетуге болмайды. 
      Күләйім Сатыбалдықызы өзінің бауыр еті балаларынан тараған барлық немерелеріне бірдей қарап, оларға әрдайым жүрегінен орын беруге тырысып бағатын қамқорлығы мол ардақты әже. Немерелері бүгінде өте талапты әрі қабілетті болып ержетіп келе жатыр. Менталды арифметика бойынша Дубай қаласында өтетін әлемдік додаға әжелерінің жолбасшылық жасауымен барып қайтты. 
      Осындай жүрегі мейірім мен жылылыққа, көкірегі қазына мен ғибратқа толы болған әжелер ұлтымыздың экономикасы мен руханияты қуатты елге айналу жолындағы жұмыстарға өзінше үлес қосып, дем беретінін ұмытпауымыз керек. Жас өркенді – кешегі төбесі көк тіреген хандықтардың негізін қалаған аталарымыздың ақ жолын жалғап кетуде адастырмас шамшырағымыз секілді болу Күләйім апайымыз секілді ел аналарының алдындағы міндеті.
      Адам баласының бұл фәни дүниенің бетіне жіберілгендегі хикметінің өзі осынау ғаламшардағы әр жаратылыстан ғибрат алып таңдай қағып, осыншама игіліктердің өзі үшін жаратылып қойылғандығын сезіне білу шығар, бәлкім. Құр таңданып қана қоймай өзін қоршап тұрған айналасының көркейіп гүлденуіне шамасы жеткенінше үлес қосу. Адамгершілік құндылықтар мен моралдық нормалар кем болып жатқан уақыт пен кеңістікте өз ұрпағы мен отанының амандығы үшін барын беруге даяр алтыннан қымбат болған аяулы отандастарымыздың тірісінде қадіріне жетіп, бағасын білуіміз керек. Сөзіміздің аяғында өзінің саналы ғұрымырында айналасына мейірім мен махаббат таратуға күш жұмсап келе жатқан Күләйім апайымыздың жаны әманда жаманшылық көрмесін, отбасымен бірге бақытты да бақуатты тіршілік кешсін деген тілек білдіреміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...