![]()
Жарқырай бер, қазақтың Баһаргүлі!
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайрандаған», - деп басталатын әдемі өлең жолдары нағыз қазақ қызының болмысы іспетті. Иә, айналасын еңбекқор да қайсарлығымен таңқалдыра, нәзіктігімен таңдандыра жүру біздің Ару-Аналарымыздың мызғымас салтына айналғалы қашан?!
![]()
Тарихта ел үшін қолындағы айнасы мен тарағын суық қаруға айырбастаған асыл аруларымыз қаншама?! Жүздеп емес мыңдап кездескен! Сол асылдың жалғасы мына бейбіт заманда іскер де білікті, еңбекқор да нәзік, кәсіп пен отбасын қатар алып жүретін нағыз жауынгер тұлғаға айналды. Сондай ғажайып жанның бірі Баһаргүл Төлеген. Бүгінде, Қазақстанға, шетелге танымал топтамашы-этнограф. Қазақстанның мәдениет қайраткері, Елбасы жарлығымен «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы», «Астана қаласының 20 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. «Әдемі-ай plus» сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен кәдесыйлар компаниясының негізін қалаушы. Қазақтың зергерлік бұйымдарын, қолданбалы мәдени құндылықтарын жинаушы, насихаттаушы. Баһаргүл Төлеген ежелгі қолданбалы тұрмыстық, мәдени жәдігерлерді зерттеп қана қоймай, қайта жаңғыртып еліміздің рухани өмірінің ажырамас бөлшегіне айналдырған нағыз креативті жан. Ол басқаратын «Әдемі-ай plus» компаниясы бизнесте әлеуметтік жауапкершілікке де басымдық берген. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы балалар үйіне, аз қамтылған отбасыларға үнемі көмек береді. Нәтижесінде, 2018 жылы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша «Парыз» сыйлығын иеленді.
Баһаргүл Төлеген 1969 жылы Қытай Халық Республикасының Шәуешек аймағы, Қобық ауданында дүниеге келген. Баһаргүл Төлегеннің балалық шағы мен жастық кезеңінің басым бөлігі осы қалада өтті. Шәуешек аймағының жергілікті халқының негізгі бөлігі қазақтар болғандықтан да, оның бойына қолданбалы ұлттық өнерге деген қызығушылықты ерте оятты. «Ана көрген тон пішер» - демекші, көреген ананың өнегесі
Баһаргүл аруға бала жастан кесте тіккізіп, киіз басқызды, оймақ та ойғызды. Нәтижесінде, ұлтының құндылығын сақтап, ежелгі қазақ мәдениеті мен бүгінгі қазақ мәдениетінің алтын көпіріне, адал перзентіне айналып отыр. Міне, бір ананың өнегесі бір ұлттың ұлағатына айналып отыр емес пе?! Осындай қазақ әйелі көпке үлгі болсын деп оның өткеніне, еңбек жолына үңіле бергің
келеді.
Баһаргүл Төлеген орта мектепті бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнын
Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңде тәмамдаған. Мемлекеттік оқу орнының биология факультетінде оқи жүріп өзінің балалық арманын жүзеге асыруға кіріседі. Құнды тарихи, ежелгі қазақтар пайдаланған тұрмыстық дүниелерді, мәдени құнды заттарды,
![]()
экспонаттарды жинау, аса ұқыптылықпен сақтау әрі насихаттау жұмыстарында қайсар қыз студент бола тұра асқан ұқыптылық таныта білді. Тарих пен этнографияға аса қызығушылық танытқан ол қытайдың сирек кездесетін әсем бұйымдар сақталған мұражайларын жиі аралайтын. Ежелі Қытай императорларының қолданған құнды заттарын, тарихи жәдігерлерін көріп сырттай зерттей бастайды. Мәдени мұраларға деген қызығушылығының артқаны сондай қазақ қызы бастапқыда қолдан жасалған қытай мүсіндерінен коллекция жасайды. Оқу оқып жүріп бәріне үлгереді. Осы тұста сәл қиыс кетсең жазаланатын Қытай университеттеріндегі тәртіптің темірдей қатал екенін ескерсек, жоғарыда аталған істердің үлкен жанкештілікпен келгенін байқаймыз. Бұл арманға деген адалдық, әрбір өскелең жасқа керемет үлгі! Жас шағынан ұлтының өмір сүру әдебін өз бояуында көріп өскен Баһаргүл халқымыздың құндылығын, тарихи жауһарларын еліміздің одан қалса әлемнің назарына ұсынуды құп көреді. Қазақ нарығын жаулаған шет ел бұйымдары мен кәде-сыйларын өзіміздің ұлттық өнім арқылы ығыстырып шығаруды көздейді. Бұл арманның іске асуына еліміздің тәуелсіздік алуы тамаша мүмкіндік болды. Бейжің мемлекеттік университетін аяқтап, тарихи отанына оралған Баһаргүл Төлеген бірден іске кіріседі. Алдымен қолданбалы өнерді зерттеп, ата-бабаларымыздың қолынан шыққан тарихи бұйымдарды жинаумен айналысады. Анасының ұршығы мен келі-келсабы, атасының ер-тұрманы – қайсар қыздың қолына түскен алғашқы тарихи жәдігерлер еді. Мұнымен тоқталмай Қытай мен Моңғолиядағы қандас бауырларымызды аралап тарихымызға, мәдениетімізге қатысты бірталай дүниелер жинақтайды. Бұл тұста жиналған экспонаттардың саны мыңнан асып жығылды. Олардың ішінде мың жылдық тарихы бар әшекейлер, сақина, білезік, сырғалар, ер
![]()
тұрмандар мен жорыққа пайдаланатын қару-саймандар, әйел белдігі, тұрмыстық заттар, киіз үй жабдығы, диірмен, ошақ, бесік, сырмақ сынды бұйымдар да кездесті. Егемендік алғаннан кейінгі қазақтың тарихи, мәдени дүниелерін жинақтаудың алғашқы легі осылай басталған еді.
Халқымыздың қолданбалы тарихын сақтаудың жаңа да белесті кезеңі 2000 жылы Баһаргүл Төлеген құрған «Әдемі-Ай plus» компаниясымен тікелей байланысты. Бұл сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен кәдесыйлар компаниясы бірнеше бағытты қамтыды. Мұнда жинақталған тарихи экспонаттарды бірнеше бағытта жүйелеп, Қазақстанда ғана емес шет елдерде таныстыру, ел тарихынан хабардар ету көзделген болатын. Бұл мақсат жүзеге асты да! 2002 жылы «Әдемі-Ай»салоны ашылып, жылдар бойы жинақталған бұйымдар ел назарына ұсынылды. Компанияда ҚР рәміздерінің кәдесый түріндегі нұсқасы, яғни, «Тәуелсіздік монументі», «Астана бәйтерегі», «Алтын адам» т.б ұсынылды. «Әдемі-Ай» кәдесыйларының негізгі артықшылығы металды құю технологиясы мен сапасында, заманауи жаңғыруында. Осы жәдігерлерді халыққа етене таныстыру мақсатында 2007 жылы «Әдемі-Ай» этнографиялық, мәдени-танымдық журналы жарыққа шығарылды. Баһаргүл Төлеген басқаратын 21 жылдық тарихы бар «Әдемі-Ай» компаниясы бүгінде ел мәдениетіндегі ойып тұрып орын алатын жетекші компаниялардың біріне айналды. 2011 жылы Алматы қаласынан бас кеңсесі ашылып, жанынан өнер мұражайы халыққа ұсынылған болатын. Осы тұста «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен «Ұлт жауһарлары», «Жүрегімде Отаным» тақырыбында тегін көрмелер өткізіледі. Тарихи көрмеде б.з д. I-III ғ.ғ. Қошан патшалығының археологиялық артефактымен VI-VII ғ.ғ. тарихи раритеттерін кездестіруге болады.
Аталмыш компания 2011 жылы VII қысқы Азия ойындарының демеушісі, 2017 жылы Алматы қаласында өткен XXVIII бүкіл дүниежүзілік Қысқы универсияданың, «ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы АҚ-ның ресми серіктесі болды. Бұл атқарылған еңбектер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан жоғары бағаланады.
Білім мен ой жарыстыру трендке айналған бүгінгі күні Баһаргүл Төлеген «заманның батыр әйелі» деуге әбден лайық-ақ. Бірнеше кәсіпті қатар дөңгелетіп отырса да, қазақ аруларын естен шығарған емес. Әйел бақытты болса, бүтін бір отбасы бақытты. Ал әйел сүйікті ісін тапса қоғамға одан да пайдалы болмақ. Сол үшін де, шағын ғана дүкеннен алпауыт
![]()
мәдени компанияға айналу тәжірибесін бүкіл қазақ қыздарына жинақ етіп ұсынып отыр. Бұл ғажайып кітап «Қазақ қызымын» деп аталады. Қазақ қызынан қазақ қызына жолданған мотивациялық эсседе кәсіпкердің жеке тәжірибесі, түйгені мен білгендері, даму жолы қамтылған.
Екі бөлімнен тұратын жинақтың алғашқы тарауында автордың өмір жолы, кәсіптегі алғашқы қадамдары, жетістікке жету сырлары айтылады. Бизнесті енді бастаушыларға істің қыр-сыры кеңінен талданып, таразыланып өте ұғынықты түсіндіріледі. Іскер адамға керек қасиеттер, мінез көркемділігі, білім деңгейінің өрісі әңгімеленеді. Және қалай алғашқыдан шығынға ұшырамай пайда табудың негіздері түсіндіріледі.
Ал, екінші тарауда нағыз этнографтың еңбек жолы, баға жетпес халық мұрасы құнды жәдігерлерді жан-жақтан қалай бір жерге жинағандығы, бaстaпқыдa қызығyшылығы нeдeн бaстaлғaндығы бaяндaлғaн. Осы жолда өзі ұйымдастырған көрмелердің мaңыздылығын атап өтіп, әшекей бұйымдар топтамаларын таныстырады. Мың данамен жарыққа шыққан кітаптың сыртқы мұқабасы өте әсем безендірілген. XXI ғасырдағы бизнестің жаңа құралдарын игерсем, көрсем, білсем деген ынталы жанға таптырмас жолбасшы нұсқаулық.
Ұлттың асыл діңгегі – төл тарихымыз бен мәдениетіміздің Баһаргүлдей сақтаушысы бар қазақ халқы бақытты. Асыл әпкемізден үлгі алар жастарымыз көп болса елдігіміз беки түсіп, ұлт құндылығы берік сақталмақ.
Қазақтың бекзаттығы жаһан жыры,
Тарихи құндылығы шаһар нұры,
Өткен мен болашаққа көпір болған
Жарқырай бер қазақтың Баһаргүлі!