![]()
Кәсібінен нәсібін тапқан
Әр шырақтың жарық шашар өз алаңы, әр таудың өз ұлары болатыны секілді, әр кезеңнің де елі сыйлайтын, өнімдерін мақтанышпен тұтынатын кәсіп иесі болады. Ел құрметіне ие болған, қандай жақсы сөзді қосып айтса да аздық ететін осындай кәсіпкерлері барында ауыл
![]()
көшінің жолы ұзақ, кәсібі берекелі, тұрмысы жоғары, әлеуеті қатарластарынан озық болмақ. Тек өз кәсібін дөңгелетуді ғана ойламай, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенше сәбилерді күлдіруге, ана көңілін демеуге, қарттардың алғысын алуға ұмтылатын, кейінгі ұрпақтың жақсы да сапалы білім алуы үшін еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер қандай мақтауға лайықты жан иесі!
Кәсіпкерлік – ел экономикасының алтын діңгегі. Қарыштап дамыған қоғам, өз кезегінде жаңа технологиялардың өндіріске енгізілуін ғана емес, жеке кәсіптің көзін ашуды талап етеді. Адам мамандық таңдамайды, керісінше, мамандық адамды таңдайды дегенді естиміз. Осыны сәл саралап, ой талқысына салып қарасақ. Иә, шын мәнінде солай! Әр адамның бір іске, я кәсіпке бейімі бар. Оны қанша жерден басқа жаққа бұрғыңыз келсе де, бәрібір өзінің көңілі қалаған, ықыласты ісінен асып алысқа бармайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, өзінің сүйікті ісін дамытып, кәсіпке айналдыра білген, ұлттық нақыш пен дәстүрдің байланысып бетіне ою болып түскен өнімдері тек облыстың ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріне жол тартып, тұтынушылар талабынан шығып жатқан тігінші, нарықтың тілін ерте түсініп, аядай ғана кәсібін дөңгелетіп отырған Таджикулова Жұлдызгүл Желденбайқызы.
Қаймана қазақтың қамын ойлаған «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», - деп Абайша айтсақ, бұл сөз бүгінгі жұмыр жүректі әр пендеге қарап айтылғаны екені баршаға аян. Бүгінгі кейіпкеріміз, өз ісінің маманы, шығармашылығы мен фантазиясында қазақтың үні, демі мен тәлім-тәрбиесі жатқан Жұлдызгүл Желденбайқызы төсекте басы, төскейде малы қосылған, Алатауды бөлісіп жатқан ел Қырғызстанның Ыстық көл облысында дүниеге келді. Адамның болашақта қай мамандықтың иесі екені бала кезгі бейімі мен қабілет-қарымынан байқалады емес пе?! Заты нәзік болса да анасының қолқанаты бола білген Жұлдызгүл дүниенің байлығына сатып ала алмас балдан да тәтті балалық шағын табиғаты тамылжыған сұлу өлкеде өткізді. Осы бір мекенде білім ордасының табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындап, болашақ алдына қойған арман-мақсаттарын жүзеге асыруға бет бұрды. «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» ,- деген әр сөзі тағылымға толы сөз бейне бір бүгінгі кейіпкерімізге қарап айтылғандай. Жүзіндегі мейірімін перзент жүрегіне төксе де қазақ қызына тән сымбаттылық пен ибалықты, имандылықты бойына сіңіре білген анасы Жұлдызгүлдің өмір-танымын ашып, өмірге деген іңкәрлігі мен құштарлығын оятқан бірден-бір жан.
Мектеп қабырғасында жүргенде де өзінің ептілігімен, тігін тігуге деген икемділігімен ұстаздарының алғысын алып, оқуда да өзінің алғырлығы, зеректігі мен зейіндігімен көзге түсіп, сыныпта үлгілі де озат оқушылардың қатарында бола білді. Тұлпарға шабыс, қыранға қалықтаған жарасатыны секілді, заты нәзік болған соң тұрмыстың сәнін келтіріп, епті қолдана білгеннің еңбегін еселейтін ине-жіпті серік етсе де Жұлдызгүл мектеп бітірген соң басқа саланы таңдап, Қазақ мемлекеттік басқару академиясының Алматы банк колледжіне оқуға түсті. Бала арманы әділдікті қалайтын. Бірақ кім боламын, қандай мамандық таңдаймын? - деп өзіне сұрақ қойғанда, әйтеуір адал жүріп, ақ айтатын әділетті жан боламын дейтін. Ұстаздары Жұлдызгүлдің алғырлығына тәнті болатын. Берілген тапсырманы жылдам орындап, жаңа тақырыпқа дайын отыратын. Кез келген уақытта сыныптас достарына көмектесіп, олардың да сабақ үлгерімдерінің жақсы болуы үшін білгенін үйретіп жүретін. Сондықтан да болар ол сыныптағы оқушылардың барлығымен де бірдей дос бола алды. Жоғары оқу орнында жүргенде де кейіпкеріміздің досқа деген көмегі кемімесе, азайған емес.
![]()
Осылайша, білім мен ғылым іздер шағын қаржы саласының маманы болуға арнаған Жұлдызгүл Желденбайқызы 1983-2006 жылдары Халық Банк филиалының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. XXI ғасырдың басы Қазақ елінің экономикасына жаңа серпіндерді әкелген ерекшеліктерімен тарихта қалды. Соның бірі Кеңес Одағының кезінде бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарған, ұжымдаса тірлік еткен колхоздар мен совхоздардың тірлігінен әр кетіп, жекелеген кәсіп иелерінің пайда болуы еді. Нарық табындырған, ережесіз, аксиомасыз мойындатқан нәрсе, табыстың кілті – кәсіпте. Көктем шыға қозғалған сеңдей, сапырылысқан халықтың ішінде өзге жолды ұстанып, кәсіпкерліктің тізгінін ұстады. Ірі жетістікке жеткен әр адамның мойындаған жетінші түйсігі секілді, өзінің ішкі интуициясына сенуінің арқасында сол кезде бастаған кәсібін бүгінде іргелі ұжымға айналдырды.
Тарихтан хабары бар, түйсік-танымында тектіліктің тамшысы тамып тұрған, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді ана сүті, әке тәрбиесі арқылы бойына сіңірген әрбір адамның жүрегінде имандылық, мейірімділік сезімі болады. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ секілді, өткенін құрметтейтін жандардың қатарынан табыла білген де осы Жұлдызгүл Желденбайқызы болатын.
Міне, осыны түсініп, оның үстіне өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыруды мақсат еткен Жұлдызгүл Желденбайқызы шағын тігін цехын ашып, іске қосты. Кәсіп бастауы қалай болғанын кейіпкеріміздің өз аузынан естісек.
- Кәсіпкер болуы бір себеппен туындалады. 2006 жылға дейін банкте жұмыс жасадым. Шаңырағының берекесін бірінші ойлайтын әйел заты үшін бала күтімімен қатар жұмыс жасау киынға соғатыны рас. Бала тәрбиесі, оның күтімі бар, содан бала қарайтын адам жоқ болғасын жұмыстан шығуға тура келді. Перзентке ана махаббатының шапағаты, мейірімділік жылуы керек. Ол бірінші орындағы нәрсе. Сонымен 10 жыл шамасында үйде отырып калдым. Балам өсіп, мектепке өзі барып-келетін жасқа да келді. Бір үйден екі адам бірдей жұмыс жасамаса, нарықтың қымбатшылығы мен талабы екі өкпеңді қысып тастайтыны бар. Ойланып, жұмысқа шықсам ба?, - деп ойладым. Бірақ, банк саласындағы қызметіме жасым келмейді, қаржы саласындағы жұмыс берушілерге да жастар керек. Сонымен не керек?! Өзімнің бала кезгі жанымнан қалмай келе жатқан ине-жібімді қолыма алдым. Ойыма шағын тігін цехын ашу туралы идея келді.
Ойымды жолдасыма айтып едім, басында құптай қоймады.Бірақ, тағдырдың есікті қақпай кіретін тосын сыйлары таусылған ба? 2019 жылы жолдасым қайтты да маған қалай да бір кәсіппен айналысуға тура келді. Басыма іс түскесін жұмысымды колға алып күшейтуді жөн көрдім. Бүгінгідей уақыт тапшылық еткен заманда, кім біреуге табысын жырып беріп қояды?, - дейсің. Басқа табыс көзі жоқ, оның үстіне өсіп келе жатқан баланы оқытуым керек болатын. Жығылған үстіне жұдырық болып, одан кейін пандемия басталды.
Карантин енгізіліп, сауда саласының да жүзінен әр кетті.
Адам шыбын жанды. «Шешінген судан тайынбас» деген, содан мен таңдап жүріп жалға ғимарат алдым. Әрине, достарым көмек қолын созып, ақыл қеңестерін беріп, осылай кәсібімді жүргізіп кеттім. 2020 жылдың наурыз айынан бастаған ісімнің құжаттарын реттеп тамыз айында Ақтау қаласында осы казақы нақыштағы ағаш үй мен магазинімді аштым. Тігін шеберханасының атын «Құрақ көрпе Гаухар тігін шеберханасы», - деп атадық. Үлкен, жарық, шаруаға ыңғайлы 130 шаршы метр. 2017 жылы шағын кәсіпті ең алғаш тігін цехында тек екі адам болып қана жұмыс бастадық. Уақыт өте келе, сапа мен сәннің, сұраныстың артуына байланысты жаңа орынға жайғасып, жаңа жұмыс орнын өндеп, өнім санын көбейттім. Қазір тігін цехында 8 адам еңбек етуде. Сол кезден бастап-ақ кәсіпкерлікті өркендету алға қойылған мақсатым болды. Аталмыш бастаманың нәтижесі немесе жемісі ретінде осы күнгі қазақстандық кәсіпкерлердің бірі болып келемін. Он саусағынан бал тамған шеберлерді бір ортаға жинап, ортақ мүддеге бағыттаудың өзі де ерекше жұмыс. Шеберхана қыз жасауы мен қонақ көрпешелер тігіп шығарады. Қазіргі таңда, Республика бойынша тек осы шеберханада кестелеу техникасымен ою-өрнекті тігіп түсіреді. Әрбір адамның қолынан мұндай тапқырлық келе бермес. Талмай еңбек еткен қыздарымыз көптеген қыз жасауын тігіп, елдің батасын алып, алғысқа ие болып отыр.
- Еңкейіп еңбек еткен жанның, несібесін жаратқан да кем қылмайды деген сөз рас екен. Басында, аздаған қиындықтар болғанымен, Алланың қалауымен ісім алға жүріп, оңға басты. Аллаға шүкір етемін. Әуелі Алла, сосын менің өзімнің еңбекқорлығым деп айта аламын. Сол күннен бастап тынбай күні - түні демалыссыз жұмыс жасап келем. Барлық кыз қеліншектерге айтатыным, қандай жағдай болса да еңбек етуден танбаңыздар. Барлығы өз қолыңызда, - дегім келеді. - Денсаулығым да нашар болатын, қазір шүкірмін! Ауыруға да уакытым жоқ!
- Тағдырыма өкпем жоқ. 1985 жылы Таджикулов Өмірзақ Меретұлы деген азаматпен Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылында отбасын құрдым. 19 жасымда қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған текті әулетке келін болып түстім. Сол кезден бастап жүрегім «Қазақ елі!», - деп соғып келеді. Үш баланы дүниеге алып келдім. Екі үлкен қызым тұрмыста, жиен сүйіп келемін. Ал кіші балам студент, - дейді кәсібінен нәсібін тапқан, еңбекқор жан Жұлдызгүл Желденбайқызы.
Маңдайдың тері төгілмей, еңбексіз келген қаражатта береке жоқ. Ал нағыз еңбекпен келгеннің ырысы артық. Жұлдызгүл Желденбайқызы «Жаным арымның садағасы» деп, намысына нала түсірмей, кәсібін адал атқаратындардың қатарынан. Елі үшін, туып-өскен жері үшін, қасиетті қаймана қазағының қамы үшін қылған қызметі, еткен еңбегі зая кеткен жоқ. Ниет түзу, мақсат анық, сол себепті де төккен тер, еткен еңбек марапат пен алғысқа айналып жатты.
Кейіпкеріміз үшін ең үлкен марапат – тұтынушыларының алғысы.
Бұндай игі бастама жастарды ата-бабаларының өнегелі істерінен үлгі алып, олардың ерліктерін құрметтеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп өсуіне зор ықпал етері сөзсіз. «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы»,- деген тәмсіл бар емес пе?!. Тағдыр желі үйіре соққанда да, перзенттері үшін тұлғалық болмысын жоғалтпаған жанның кәсіп бастаудағы, кездескен қиыншылықтары оны қайрап, өжеттендіріп, қайсарландыра білді. Міне, осы бір кейіпкеріміздің өмірі мен қайсарлығы, еңбекқорлығы арқылы адал тапқан нан мен дүние берекелі болатынына тағы да бір көз жеткізгендейміз. Кейіпкеріміздің деніне саулық, ісіне береке, толағай табыс тілейміз!