Елім деген азамат
Кейде көп адамның ойына келе бермейтін, қолынан да келмейтін істі жасай білетін адамдар болады. Жалпы қандай да іс болмасын ол қажеттіліктен туындайтыны бар. Мәселен, адам өзінің жанашыр жаны үшін бәріне барады. Барлық жағынан қамын ойлап, болашағын жарқын ету үшін барын салып еңбектенеді. Ондай жандар көбіне өз қабырғасымен ақылдасып, қажеттіліктен туындаған ісін аяғына дейін жеткізуге тырысады. Сондай азаматтың бірі де бірегейі Азамат Бақытжанұлы деуге болады.
![]()
Базылов Азамат Бақытжанұлы 1985 жылы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Әкесі милиция қызметкері болса, анасы балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарды. Кішкене күнінен әже тәрбиесін алып өскен Азамат өте ақылды болып есейді. Мектепте де үздіктер қатарында болып, қоғамдық іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Отбасына қамқор, үлкендерді сыйлай білетін Азамат табиғатынан жүрегі мейірімге толы, бауырмал, қамқор, елгезек, жан-жағына жайлы, тез тілтабыса білетін бала болды. Әжесінің ақылын тыңдап, отбасының бүкіл шаруасына араласып, ата-анасына көмектесіп, мектепте қатарластарының арасында беделді болды. Ұстаздары оның сондай қазақы тәрбие көрген нағыз азаматқа тән қасиеттерін көріп сүйсініп, көпке үлгі қылып жүретін. Расымен ол атына сай азамат болып ер жетті. Байыпты, байсалды, терең ойланып, бір ғана жауап беретін, сөзіне мұқият, салмақты, әр іске өзінің пікірін білдіре алатын, өзіндік ойы бар, қоршаған ортасына бейжай қарамайтын тілінің, ата дінінің жанашыры екенін де айта кеткеніміз жөн. Әрдайым жүрген жерінде қазақы салт-дәстүрді дәріптеп, қазақ тілінде сөйлеп жүреді. 2002 жылы Семей қаласының №10 орта мектебін ойдағыдай бітіріп шыққаннан кейін жас түлек арман жетегімен Д.Қалматаев атындағы мемлекеттік медициналық колледжге құжаттарын тапсырып, жолы болып оқуға қабылданды. Аталмыш оқу орнын «Фельдшер» мамандығы бойынша үздікке бітіріп шықты. Білімді жас әрі қарай оқуын жалғастыруды ұйғарып, дәрігерлік мамандықты оқуды қолға алды. Сол бойынша арнайы пәндерден мемлекеттік емтихан тапсырып, Семей қаласының медицина университетінің 4-курсына оқуға түсті. Ол оқу орнын 2011 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша үздікке бітіріп шықты. Білімді маман сол жылы өзінің курстасы Рабиға есімді арумен отау көтерді. Жас отбасы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша аудан орталығына баруды шешіп, Үржар ауданы, Үржар ауылын таңдады. Азамат өзінің еңбек жолын сонда бастады. 2011 жылдың тамызында реаниматологтардың жетіспеушілігінен Азаматты жұмыс орны оқуға жібереді. Білімді де білікті жас ұжым мәртебесін асқақтатып, аталмыш оқуын 2012 жылы анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша игеріп келді. Бұл мамандықта ол көп нәрсені үйренді, өйткені, реанимация жасушалық деңгейде медицина білімін талап етеді және науқастың денесіндегі кез келген өзгерістерге тез әрекет етуге үйретеді.
![]()
- «Мен көп оқыдым және осы мамандықты игеруге, өз ісімде ең үздік болуға тырыстым. Сонау балалық кезімнен бастап, әжемнің жанында жатып алып «шіркін, ақ халат киіп, дәрігер болып, әжемді емдесем» дейтінмін. Үлкен кісі болған соң кейде басы ауырып, балтыры сыздайды ғой. Сондағы балалық арман ғой. Әжемді де қуантып, «Өскенде дәрігер болып, емдейтін боламын!» десем, балаша мәз болып, басымнан сипап, маңдайымнан сүйіп «Өркенің өссін, айналайын!» дейтін. Бір жағынан бұл мамандыққа келуге өзім де қатты құмарттым. Жалғыз ғана отбасымды емес, бүкіл адамзатты шамам келгенше емдеп, жазсам дейтінмін. Адам армандай білуі керек және сол арманына жету үшін ерінбей талмай еңбектенуі де керек. Себебі, арман адамды биікке шығарады. Біз тұратын аудан науқасқа мамандандырылған көмек көрсете алатын ірі қалалардан 500 км-ден астам қашықтықта орналасқандықтан, біз реаниматолог дәрігерлер, санитарлық авиацияда да жұмыс істедік. Ауыр науқастарды қалаға тасымалдадық. Мезгілмен, уақытпен, ауа-райымен санасқан кезіміз болған емес. Әр науқастың дер кезінде алғашқы көмек алуы, одан кейін ем-шарасын алып, аман-есен жазылып, отбасына қосылғаны үлкен олжа болып саналады. Сондықтан да тәтті ұйқыны ұмыта тұруға тура келді. Мойныңда адам өміріне деген жауапкершілік жүгі тұрғанда тек қана санаңда сол нау қасты емдеп, жазу ғана тұрады. Өзім бір орында тұралап қалғанды қаламайтын жанмын. Жүрегім, жаным қалаған нәрсені жасамай тынбаймын. Мамандығым менің үлке мақтанышым! Дегенмен, бүгінгі күннің адамдары әмбебап болуға тиіс деп ойлаймын. Себебі, бүгінгідей нарықтық заманда жан-жақты болу құпталады да. Мен өзімді әрі қарай дамыту мақсатында 2013 жылы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің экономика факультетіне сырттай оқуға түстім. Бұл сала мені көптен қызықтырып жүрген болатын. Сырттай оқу дегенмен, өзің көп ізденуің керек. Экономика жайындағы оқулықтарды алып, өз бетімше оқып, білімімді жетілдіріп отырдым. Оқуымды 2015 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым. Ал 2016 жылы қосымша кәсіпкерлік қызметпен айналыстым. Яғни, көптің сұранысын қанағаттандыратын, әрі елдің сұранысына сай дәріхана аштым. Өйткені, сол уақытқа дейін шалғай аудандарда дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі, немесе бәсекелестіктің аздығына байланысты бағалар нарықтан жоғары болды. Осы жайларды ескере келе қолға алған ісімді жүзеге асырдым», - дейді Азамат Базылов.
Ол 2017 жылы реаниматолог мамандығын жақсы меңгеру және жаңа нәрселерді үйрену үшін Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына қоныс аударды. Онда онкологиялық орталыққа шақыру бойынша жұмысқа орналасты. Бұл жерде реаниматолог мамандығы өте қиын болатын. Әсіресе, ауырсынуды басудан басқа амал жоқ, көмектесетін ештеңе жоқ науқастар кездескенде қолынан келгенін жасап бағатын. Ал мұнда ондай науқастар жиі кездесетін.
![]()
2019 жылы әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып, «Emoji» кафесін ашты. Жоғарыда атап айтып кеткеніміздей бұл кафе қажеттіліктен туған тың бастама болды. Ондағы барлық қызметкерлер мен даяршылар, аспазшылар есту қабілеті бұзылған адамдар болатын. Мәселе, оған өте жақын еді. Себебі, Азаматтың ағасының есту қабілеті нашар-тын. Міне, ол сондай адамдарға әлеуметтенуге көмектескісі келді. Ал кафе бұл үшін өте ыңғайлы болды. Ол тазалаушыдан бастап, әкімшілік пен директорға дейінгі бірнеше мамандықты қамтиды. Адамдарға бұл жоба өте қатты ұнады және Нұр-Сұлтан тұрғындары Азаматтың жаңа бастамасын қос қолдап қолдады. Ашылғаннан кейін 4 айдан кейін онда 32 қызметкер оқытылды. Олар бірдей проблемамен жұмыс істеді және бір-бірінің дамуына көмектесті. 2019 жылы Азамат оңалту бойынша алғашқы мамандандырудан өтіп, осы кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, үйреніп шықты.
2020 жылдың наурызында Сovid-19 пандемиясы басталып, карантин жарияланды. Кафенің жұмысы мен қызметі тоқтатылды. Кафе қызметкерлерінің бір бөлігі тәжірибе жинақтап, басқа кафелер мен мейрамханаларға жұмысқа орналасты. Бір бөлігі жұмыс істеуге және аспазшы мамандығын игеріп, жеткізу қызметімен айналысты. Сол уақыттары Азаматта да бос уақыты көп болды. Науқастардың өсуіне және дәрігерлік кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты жұмыстан бос уақытта ол ерікті болып (волонтерлікпен) жұмыс істеді. Қандай да бір себептермен дәрігерлік көмек ала алмаған емделушілердің үйлеріне барып тексерді. Бұл мамыр айының аяғынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейінгі қиын кезең болды. 2020 жылдың күзінен бастап Азамат қызыл аймаққа кірген қалаларды аралай бастады. Сондай-ақ, кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты уақытша провизорлық стационарға жұмысқа орналасты. 2021 жылдың көктемінде оңалту орталығын ашуды ұйғарды, өйткені, Азамат оған өте қажет екенін көрді, сонымен қатар, оған реабилитолог мамандығы ұнайтындықтан және ол осы мамандықты әрі қарай игеріп, халықтың игіліне жұмыс жасауды мақсат тұтты. Қай жағынан алып қарасақ та елім деген азаматтың бойындағы нағыз іскерлік қасиетті байқайсың. Байқайсың да еріксіз сүйсініп, оның әрбір игі бастамасына тәнті боласың. Оның бүгінге дейін жасап жүрген жұмысы үлкен марапатқа да лайықты. Азамат үшін елдің алғысынан артық баға жоқ. Ендеше, ол өзі арман еткен үдеден шыға білді.