Өз саласының білгірі
«...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар. Еңбегің мен ақылың екі жақтап», - деп ұлы Абай айтқандай адам қандай іске болмасын қабілетті. Бастысы өзінің бастаған ісі өзіне де өзгеге де қайырлы болғандығында. Бастысы адамның адамгершілік қасиетінде. Яғни, халқымыздың асыл құндылықтарын бойына сіңірген, адамгершілігі мол, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, мансаптыққа мастанбай, халық үшін қиындықтан да жасқанбайтын нағыз адам болуында.
Экономиканың негізгі іргетасы болып саналатын құрылыс индустриясы қашанда биік беделге ие. Сондықтан да, құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының артуына тікелей байланысты. Содан болса керек, құрылысты «экономиканың локомотиві» деп атау осы түсінік негізінде қалыптасқан. Бүгінгі таңда заман талабына сай заманауи үлгілермен салынған құрылыс кешендері аймақтың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беріп отырады.
Құрылысшының қолтаңбасы қалған ғимараттар сол қоғамның өмірінен сыр шертетін ерекше дереккөз деуге де болады. Себебі, құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысып жатады. Міне, осынау кәсіп арқылы нәсібін тауып, көкпен таласқан ғимараттарға қолтаңбасын қалдырып, еңбек етіп жүрген Олжас Жанатбекұлы әңгімемізге арқау болып отыр. Оның еңбекке етене жақындығы, мақсаткерлігі, ізденгіштігі, жауапкершілігі, отбасындағы тәлім-тәрбиеден десек болады.
Күнтубаев Олжас Жанатбекұлы 1991 жылы 23 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы (бұрынғы Алғабас), Шаян ауылында дүниеге келген. 1995 жылға дейін, яғни, төрт жасына дейін Шаян ауылында тұрды. 1998 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы №32 орта мектебінің 1-сыныбына аяқ басты. Мектепте оқу озаты болған ол, мектептің қоғамдық іс-шарасынан қалмай, ұстаздарының сүйікті шәкірті атанды. 2009 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп шыққаннан кейін, бірден-ақ еңбекке араласып кетті. 2009-2010 жылдары аралығында өзінің шағын жеке кәсібін бастады. Жоғары білім алу мақсатында 2010 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Құрылыс» мамандығына оқуға түсті. Студент шақтарында да оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, қарапайым еңбектен қол үзген еме
![]()
с. Олжас Жанатбекұлы 2014 жылы маусым айында университетті бітіріп, жоғарғы білім туралы дипломмен үлкен өмірге қадам басты.
Білімді де білікті жас еңбек жолында 2014 жылы тамыз айында құрылысшы дипломымен «Шымкент строй» жеке шаруа серіктестігіне шебер болып құрылыс алаңына жұмысқа орналасты. 2015 жылы қызметте көзге түсіп, шеберліктен прорабтыққа жоғарылады. Прораб болып 2017 жылға дейін жұмыс жасап, сол жылы қыркүйек айында учаске басшысы болып тағайындалды. Бұл қызметте 2021 жылдың ақпан айына дейін жұмыс жасады.
2021 жылы ақпан айында «Шымкент Строй» жеке шаруа серіктестігі, «Строй Экспресс РК» жеке шаруа серіктестігі атауына өзгертілді. Олжас Жанатбекұлы сол серіктестік директоры болып тағайындалып, қазіргі кезге дейін осы қызметті мінсіз абыроймен атқарып келеді.
- «Жаман жұмыс болмайды, жаман жұмысшы болады»,- дейтін менің әкем. Сол сөздің дұрыстығын бала кезімнен мойындап та келемін. Өз басым құрылысшылықты дүниедегі мәртебелі де өте пайдалы мамандықтың бірі деп есептеймін. Осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін, қайта үнемі кеудемді кере мақтанып жүремін. Аллаға шүкір қазіргі таңда әке-шешем, үлкен ағам мен жеңгем, үш әпкем, екі жездем, келіншегім және бір ұлым бар. Бұлар менің байлығым. Алдымдағы үлкен асқар тау қорғаныштарым. Қай кезде болмасын ата-анамның айтқан ақылына құлақ түріп, ақылдасып отырамын. Қарты бар үйдің берекесі бар ғой. Әрдайым отбасымның амандығын ойлаймын. Өзім жұмыстан босаған уақытымда алаңсыз ата-анамның жанында болып, демалғанды жақсы көремін. Олардың «айналайын» деген сөздерінен күні-бойғы шаршағанымды ұмытып кетемін. Аллаға шүкір жұмысымыз да ойдағыдай жүріп жатыр. Бүгінгі күні құрылыс саласы жақсы дамып келеді. Жан-жағымызда күн сайын түрлі нысандар бой көтеріп, аймақ ажарын аша түсуде. Менің басты қағидам «Құрылыс жүз жылдық» болсын деймін. Мен тез басталып, тез аяқталатын құрылысты жаратпаймын. Сапаға қатты мән беремін. Жылдамдық құптарлық жайт, алайда, құрылыс саласында бір кірпіш дұрыс қаланбаса, бүкіл еңбек зая кетеді. Талабым осы. Мықты дүние жүз емес, тіпті мың жылдық болады. Алда талай жоспарлар бар. Бәріне баға беретін ел, сондықтан да өзімнің ісімді сөзбен емес, іспен көрсетуге тырысамын», - дейді кейіпкеріміз.
Құрыш қолды құрылыс саласының көшбасшысы болу Олжасқа жайдан-жай бұйырған жоқ. Жас та болса, өзінің осы салаға деген таза пейілімен, табанды ынта-ықыласымен жетті. Еңбегі еленіп, марапаттарға да ие болды. Атап айтқанда, Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы А.Рабаевтың Құрылысшылар күні кәсіби мерекесімен құттықтаған «Алғыс хатымен», Қазақстан Республикасы дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін және құрылысшылар күні мерекесіне орай, Самұрық Қазына басқарма басшысы Б.Садықбаевтың «Алғыс хатымен», «Строй Экспресс РК» жеке шаруа серіктестігі басқарушысы Р.К.Тұяқовтың орда бұзар 30 жасқа толған туған күніне арналған «Алғыс хатымен» марапатталды.
Еңбекқор, ізденімпаз, кәсіби білгір маман. Ол өзінің адал еңбегімен ауыл-аймағына танылып, қашанда жақсы жүріс-тұрысымен, сыпайы мінезімен, сабырлы қалпымен, шыншыл да батылдығымен, қандай жағдай болмасын шындықты бетке айтатын қайсарлығымен көпті тәнті етеді. Олжас Жанатбекұлы игі істерімен көптің құрметіне бөленіп, өмір көріп, небір бел-белестерді белі бүгілмей өткеріп келе жатқан құрыш қолды құрылысшы ағаларымен жұмыс жасай жүріп, ширады. Қайта білгеннің тілін алып, үйренуге ұмтылады. Олжас міне, сондай азамат!
«…Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан алғыс алу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады»,- деген екен ғұлама Әл-Фараби. Ендеше қай жағынан алсақ та еліміз үшін тер төгіп жүрген, халқына жанашыр осындай азаматтар қатары жиілей түссе нұр үстіне нұр болар еді.