Оразалы Шеген

Рейтинг:

Еңбегімен еленген ер

      Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан, біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті жолға қоюға тиіспіз» деген сөзі бар. Ендеше, қарапайым еңбек адамдары кез келген қиыншылықтан өз еңбегінің арқасында ғана тауды да, тасты да бұзып, барлығын еңсере алатыны сөзсіз. «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген рас сөз. Қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. Еңбек еткеннің еңсесі биік деген ғой. Әрбір саналы адам өзінің еткен еңбек жолымен дараланады. Кесек істерімен көпке үлгі-өнеге болады. Өзіне ғана емес, еліне де пайдам тисе деп тұратын азаматтар арамызда аз емес. Ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне бөленіп жүрген жандар жетерлік. Білімі терең, тұлғасы кесек, өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек көрініп тұратын ағаларымыздың бірі – Оразалы Шеген Файзуллаұлы жайлы кеңінен тарқатып әңгіме шертпекпіз.
      Оразалы Шеген Файзуллаұлы 1971 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі – Оразалиев Файзулла 1940 жылы 25 ақпанда дүниеге келген. Файзулла Қазалыда танымал, ауыл-аймағына сыйлы, аузында батасы бар, балаларының асқар тауы сексен бірдің сеңгіріне шыққан ақсақал. Үсен руының абызындай болған Әли шалмен Айгүл әжесінің Алладан мойнына бұршақ салып тілеп алған жалғыз ұлы. Алла қосқан қосағы, жан жары Айманкүл он бір құрсақ көтеріп, екеуі балаларын жеткізіп, өсірген қарапайым еңбек адамы. Файзулла туған жерінен жыраққа кетпей, талай жылдар бойы жолаушылар тасымалдау мекемесінде автобус жүргізушісі болып жұмыс жасаған. Отбасына қамқор болып, балаларына тәлімді тәрбие беріп, адал еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеген азамат. Шеген текті әулеттің телқоңыры атанып жасынан әділдіктің, адалдықтың уызымен нәрленді. Өкінішке орай аналары Айманкүл дүние салып кетсе де, артында тегін жалғастырар ұрпақтары қалды. Он бір баланың бірі - Шеген бала, кезінен әке өнегесімен еңбекқор, ана тәрбиесімен қамқор болып есейді.
      Шеген Файзуллаұлы №16 М.Горький атындағы орыс орта мектебінен білім алды. Мектеп кезінде өзінің ақылдылығымен, алғырлығымен, зеректігімен, уәдесіне деген беріктігімен, көпті ұйыстыра білетін ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, ұстаздарының мақтанышы болды. Қолынан кез келген іс келетін іскерлігімен де дараланып тұратын. Мектепті ойдағыдай аяқтап шыққаннан кейін, 1991 жылы №5 қалалық кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсті. Оны да өзінің қызығушылығының арқасында үздікке бітіріп шығып, алғашқы еңбек жолын тепловоз машинисінің көмекші қызметінен бастады. Өзінің шаруасына берік, тапсырған ісіне тиянақтылықпен қарай білетін, табанды жас жігіт 1992-1998 жылдары «Қайрат» жеке шаруа серіктестігінде тері өңдеу цехында өндеуші-шебер болып жұмыс жасапта өзін сынап көрді. Қайсыбір істі бастаса да барлық күш-жігерін салып еңбектенетін жасты аға мамандар мен басшылық құрам бірден-ақ жақсы көріп кететін. Үлкенге іні, кішіге ақылшы аға бола білетін Шеген Файзуллаұлының тағы бір қыры, ешқашан адамның бетіне келіп, қатты сөйлемейтіндігі дер едік. Кім-кімнің болмасын жағдайына түсіністікпен қарап, қолынан келіп жатса көмегін аянбайтын азамат. Қандай жағдайға болмасын өзін сол адамның орнына қойып, барлығын егжей-тегжейлі ойланып барып ақылмен шешім қабылдай білетін азамат. Үлкен-кішіге құрметі бірдей. Сіз бен бізден ажырамайтын, ілтипат ізеті мол. Көмек сұрағанның қолын кері қайтармайтын, жомарттығы тағы бар.
      Ол 1999-2005 жылдары Алматы қаласындағы «КРЭСНА» өндіріс орнында құрылыс шебері болып еңбек етіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, кәсіп саласына бет бұрды. Қарапайым еңбектен қол үзбей, еңбек ете жүріп, жоғары білім алу мақсатында «Қазақ сәулет-құрлыс» академиясының сырттай бөліміне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдап, диплом алып шықты. 
      Көптен көкейінде жүрген кәсіппен айналысуды көздеген азамат, 2016 жылдың 6 қаңтарында «Қазалы Құрылыс Құмдары» жеке шаруа серіктестігін құрды. Мекеменің негізгі мақсаты аудан көлемінде заңсыз жер қазу, құм, топырақ алу көбейіп, аймақта жер бүліне бастап, табиғатқа кері әсерін тигізді. Осының аясында облыс әкімінің өкімімен жалғыз заңды карьер құқығына осы құрылым иелік жасады. Шеген Файзуллаұлының игі бастамасы халықты құрылысқа қажетті құммен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда тағы бір кәсіп саласын Қазалы ауданында ашпақ жоспарында бар. 
      - «Адал еңбек адамды қуанышты сезінуге, өзіне деген сенімділікке жетелейді, бақытқа, байлыққа жеткізеді. Еңбексүйгіш адам айналасына да сыйлы, беделді болады. Әрқашан өз ісімізге адал болып, еңбектің тәтті дәмін сезіне білсек, нағыз бақыт деген міне, осы. Адал еңбекті бағалап, қадірлеуді ата-анамыздан бала кезімізден бойымызға сіңіріп өстік. Әкеміз күн ұзақ еңбектен шаршап келсе де, үйге келген соң дала еңбегінен қол үзбейтін.
Қарап отырған адамға дайын дүние жоқ қой. Әкеміздің қайраттылығына, қайсарлығына, еңбекқорлығына, дариядай ақылына тәнті болатынбыз. Анамыз да 11 баланы дүниеге әкелген Батыр ана. Белі бүгілмей еңбектен рахат тапқан жан. Анамыз өте мейірімді, қамқор жан. Өзгенің баласының самайынан сипап, құшағына қысып, дастарханға отырғызып, ас-дәм татырмай жібермейтін. Үйге келген әрбір адамды құтты қонақ деп дастарханын жайып, ыстық шайын ала жүгіретін. Біз үлкен шаңырақ болдық. Үлкендері кішілеріне қамқор болып, бірінің айтқанын бірі істейтін. «Жетпей жатыр», «Жоқ» дегенді айтпадық та. Қанағатшылдық біздің отбасының ұранындай еді. Әкеміз ылғи да «қанағат қарын тойдырады, барға қанағат еткен адам, көпке қол жеткізеді» дейтін. Бала болып сол сөзді түсінбейтін де едік. Міне, қазір сол сөздің төркінін түйсіндік. Осы тұста қайын атам Қабылов Ерқосай жайында да айта кетсем деймін. Ол 80-нің саржайлауына қоныс тепкен, «Құрметті теміржолшы», Қазалы вагон жөндеу депосында 40 жылдан астам инженер, депоның тете басшысы болып қызметін атқарып, ауданның марапаты мен ілтипатына бөленген тұлға. Ата-анамыздың осындай өнегелі істерінің, ақылдарының арқасында бой түзеп келеміз. Балаларымызға да соны айтып түсіндіріп, ата-ана жолымен тәрбиелеп келеміз. Аллаға мың да бір шүкір, осы ақсақалдарымыздың баталарының арқасында жетістіктерге жетіп жатырмыз және еңбегіміздің жемісін көріп келеміз», - дейді кейіпкеріміз.
      2017 жылы Мемлекеттік тілді, білім мен мәдениетті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Қазақ тілі» Қазалы ауданы бойынша қоғамдық бірлестік атынан І дәрежелі «Қазақ тілі» төсбелгісін омырауына тақса, аудан әкімі А.Көшербайдан «Алғыс хат», 2018 жылы Қазалы ауданы әкімі М.Ергешбаевтан «Алғыс хат» иеленді.
      Шеген Файзуллаұлының жары Кабулова Гүлбану 1973 жылы дүниеге келген. 2004 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік Университетінде білім алған. Аудандағы №266 мектеп-лицейінің бастауыш сыныптар ісі жөніндегі директор орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді. Атқарған қызметінің, білім-білігінің арқасында Нұр-Сұлтан қаласында өткен бастауыш сынып мұғалімдерінің Республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасының жеңімпазы атанып, І дәрежелі «Дипломға» ие болған. Республикалық «Дарабоз» оқу орталығының «Алғыс хаты» «Дарын» Республикалық жас өнерпаздар байқауына зор үлес қосып, шәкірттері жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін «Үздік тәлімгер» Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлімді тәрбие берудегі табысты жұмыстары мен үлгілі шығармашылық ізденістері үшін «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының «Құрмет грамотасы», «Қызылорда облысы педагогтарының үздік еңбектері» атты үздік ғылыми еңбектер жинағына дүниетану пәнінен сабағы жарияланған, «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» тақырыбындағы Республикалық конференцияның «Тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру» жинағының материалдар топтамасына «Использование интерактивных методов обучения на уроках русского языка» мақаласы жарияланып, бірнеше мәрте Қазалы ауданының әкімінің «Алғыс хат» иегері болған. 
      Мерейлі отбасында қазіргі кезде 5 бала тәрбиелеп өсіріп отырған өнегелі ата-ана. 1996 жылы дүниеге келген Айдана қызы қазіргі таңда әке жолын қуып кәсіпкерлікпен, ана жолын қуып мұғалімдік саласында жүр. Тұрмыста. 2002 жылғы Фариза қызы «Болашақ» университетінде «Дефектология» мамандығында білім алуда. Әлімжан, Айымжан мектеп оқушылары.
      Шеген Файзуллаұлының орнықты ойлылығы, іскерлігі, байқағыштығы, білімдарлығы, азаматтығы мен адамгершілігі, көсемдігі мен шешендігі, абзалдығы мен ағалығы, арлығы жоғары деңгейде екені рас. Мінезінің ерекшелігі – адамның көңіл кілтін таба білетіндігі. Әділеттілікті, шынайылықты жаны сүйеді. Қайнардай таза мөлдір көңілімен, кең жүрегімен, мейірімділігімен жақындарын ғана емес, қалың көпшіліктің көңілінен шығып жүргені анық. Азаматтық тұлғасы мен адами қадір-қасиеті, кемел келбеті мен кісілігі, биік болмысы оның жоғары парасат иесі екеніне еріксіз бас идіртеді.
Иә, өз бақытын еңбектен тапқан азаматтың мұрат еткен ісін абыроймен атқарып, әлі де елге берері мол. Қашанда абырой биігінен көрініп, биіктерді бағындыра беріңіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...