![]()
Іскер азамат
Алматы осы күнге дейін көркемдігін тамашалаған әрбір жанның жүрегінен жылы орын тапқан, сұлу да, әсем қала! Арқыраған Алатауы айқара құшақ ашса, көк тіреген Көктөбесі жайқалып жаныңды тебірентіп, биіктерге шарықтатады. Көркі көкпен астасқан Алматының қай өңірін алмасаңыз да, жанға ерекше бір жылулық пен әсем ән сыйлайтындай. Іле Алатауының қойнауында орналасқан Алматының әр ауданы өзінің ғажайып табиғатымен талай жанды таңдай қақтырып келетіні рас. Осынау сұлу өңірдің бірінде, Алматы облысы, Ақсу ауданында 1992-ші жылы Жаратқанның ерекше бір жадыраған күнінде әулеті мен қазағының маңдайына біткен жарық жұлдыздардың бірі болып, Абылайхан дүниеге келген еді. «Ұл туғанға күн туған» демекші, бұл перзенттің өмірге келуі, әулет үшін ақ түйенің қарны жарылған ерекше қуанышты күн еді.
«Жарық жұлдызы» деп теңеу айтқанымыздың өз себебі бар. Қарапайым қазақтың шаруа отбасында дүниеге
![]()
келген Абылайхан Сейлханұлының сәби күнінің өзі еңбекпен басталған еді. «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» - демекші, Абылайханның ата-анасы әр сәбиінің еңбек етуге деген оң көзқарасын қалыптастыру және оны солардың болашағы үшін өміріндегі ең басты құндылық ретінде қабылдауы үшін тәрбие беру барысында тізгінді қаттырақ ұстаушы еді. Балаларының еңбексүйгіш, жауапкершіл, мақсатшыл әрі адал болуына аса назар аударатын әке мен ананың тағылымды тәрбиесінің жемісі олардың болашағына деген даңғыл жол іспеттес. Бала отбасының бақыты, бала отбасының болашағы деп сенетін Абылайханның ата-анасы олардың тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп, жиі санасып, ойға алған істерін өздері жүзеге асыруына ықпал етіп отыратын. Атадан балаға аманат болып келе жатқан ата кәсібі ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан Абылайханның әкесі, неше жылдан бері жұмыстан бас алмай келе жатса да, балаларының дұрыс тәрбие алуы үшін барын салатын қамқор жан. Асқар тау әкесінің қамқорлығымен қоса темірдей қатал тәртібін, аяулы жан анасының мейірімі мен табанды талапшылдығының нәтижесінде буыны ерте бекіп, қанаты ерте қатқан Абылайхан бала да болса есті әрі зерек болып өсті.
Жас шыбықты қайырып, тай қылып мініп, жүйрікпен шапқан көкпаршы құсап үйдің бетін көрмей, көшенің шаңын бұрқыратып, тай құлындай тебісіп өскен қатарластарымен бірге Абылайхан Сейлханұлы да алғаш мектеп табалдырығын аттайтын жасқа жетеді. Мектепке ғана емес, үлкен өмірге деген ең алғашқы қадамын бастаған Абылайхан үшін жаңа нәрсенің, жаңа ортаның бәрі-бәрі қызық болатын. Көздері жалын атып, білсем, көрсем деген құлшынысы кеудесін жарып шығардай алабұртып тұратын кішкентай Абылайханды келген сәттен бастап ұстаздары жақсы көріп кетті. Өзінің ашық-жарқын, көпшіл мінезінің арқасында жаңа достарына да бірден сіңісіп, білімге, бәсекеге деген құлшынысын арттыра түскен еді. Барлық бала бас қосып, шат-
![]()
шадыман болып өткізетін мәдени-қоғамдық іс-шаралардан тыс қалмайтын. Мектеп қабырғасында өткізген он бір жылдың ішінде әрбір жанның басынан өтетіні секілді жардан да құлап, талай сәтсіздікке де ұрынып, ер бала болғасын алғашқы қателіктердің де ащы дәмін татып үлгерген еді. Өз қателігінен сабақ алуды да осы мектеп өмірінен үйренді. Соның арасында махаббаттың, достықтың, сатқындықтың, қолдау мен мейірімділіктің не екенін де осы қара шаңырақ мектебінен үйренген еді. Бала күнінен білімге баулып, санасына шуақ сыйлаған ұлағатты ұстаздарының тағылымды тәрбиесімен, қызығы мен қиындығы қатар жүрген ыстық ұя мектебімен қош айтысатын күнге де жетіп жас түлек Абылайхан Сейлханұлы болашаққа қарай қадам басады. Қорқу мен үрейді білмейтін жалындаған жастық шақ – адам өміріндегі күннің көтеріліп келе жатқан таңғы шуағы тәріздес қой! Ол таңғы күннің сәулесі сияқты, келешекке мақсат қойған, сол арманына жету үшін тұла бойы шабытқа толы, жалпы адамзаттың ойлау сезімінің толықсыған, қайрат-жігерінің асып-тасып тұрған кезеңі ғой. «Жастық шағың – жарқын жаздың бейнесі, құтты жаздың ала алсаң, жоқ бермесі»,- деп Сәбит Мұқанов атамыз айтып кеткеніндей, бұл шақта әр жастың ерекше еңбек етіп, білім ізденіп, қателікке ұрынбай, тура жолда болуы әбден маңызды. Осынау өмірінің ең әдемі шағына ержетіп, бой түзеп, ақылы толысып жеткен Абылайхан мектептегі оқуын ойындағыдай тәмамдаған соң, үлкен қалаға келіп, 2009-шы жылы Талдықорған экономикалық технологиялық колледжіне ақпараттық жүйе мамандығына оқуға тапсырады. Болашаққа деген мақсаты айқын, жоспары нық Абылайхан Сейлханұлы өзі қалаған оқуға қабылданып, студент атанып, қаланың қайнаған қара өміріне бірден араласып кетеді. Ата-ананың үмітін ақтауды, жарамсыз қылықтардан аулақ болуды, сондай-ақ білімді азамат болуды алдына мақсат ететін Абылайхан келген бойда оқуға жіті көңіл бөліп, ұстаздары мен топтастарына тез үйренісіп, сіңісіп кетті. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз»,- деп ұлы ақын Абай атамыз айтқанындай, Абылайхан Сейлханұлы қолдан келгенше ұлағатты ұстаздарынан үлгі алуға тырысатын. Әрдайым жадырап, жан-жағына шуағын төгіп, аңқылдап жүретін Абылайханның көздерінен еңбекке деген ынтасы, азаматтық, патриоттық сезімі, әрі адамгершілік қасиеті жалын атып, көзге оттай басылып көрініп тұрушы еді. Қиналғанға көмек қолын созып, мұңайғанды жұбатуға асығып тұратын бауырмал әрі қайырымды студентті ұстаздары да жақсы көріп кетті. Желкілдеп тұрған, әр нәрсені қызық көріп, елегізіп, желігіп тұратын жастық шақтың түрлі шалыс басқан қателіктеріне бой алдырмай, түзу жолмен жүргендігінің өзі бала күнгі отбасындағы темірдей тәртіпті тәрбиенің арқасы деуге әбден болады.
Колледж ұстаздарының ұлағатты тәрбиесімен, білікті білімімен үш жыл сусындаған Абылайхан Сейлханұлы оқуын ойдағыдай бітіріп, қолына дипломын алып, туып-өскен ауылына оралады. Осы өңірдегі ата кәсіпті дамытуға өз үлесін ерекше қосып келе жатқан Абылайханның әкесі ХАЙМУЛДАНОВ Сейлхан Кенжеханович бар өмірін ауыл шаруашылығына арнап келе жатқан еңбекқор жан. Тірлігіне тастай, әр ісін ерекше ыждағаттылықпен, тиянақтылықпен атқаратын Сейлхан мырзаның осы күнге дейін атқарған игі істері әлі күнге шейін ел аузында. «Ат тұяғын тай басар» демекші, шаңырақтағы ең кенже ұл болғандықтан ата салған сара жолмен жүру, кәсіпті ары қарай алып жүру, оның бүкіл жауапкершілігі жас та болса, Абылайханға жүктелген еді.
Небәрі жиырма жастағы Абылайхан Сейлханұлы осылайша өміріндегі алғашқы еңбек жолын осылайша бастап кетеді. Бұл аймақтың ауа-райы да, жер құнарлылығы да ауыл шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы мекен еді. Шаруа қожалығының барлық жұмысын, барлық міндетін өз қолына алған Абылайхан Сейлханұлы келген бойда жұмысына бел шеше кірісіп кетеді. Ел игілігі үшін, әулет кәсібі үшін аянбай тер төгіп, алға қойған асқаралы мақсаттарына жету үшін бар күшін, ой-жігерін, қажыр-қайратын аямай, атқарылған міндетті барынша атқаруға өз-өзіне серт береді.
Ауыл шаруашылығының екі түрін де қатар қолға алып, күннің аптап ыстығында егістікпен айналысып, атқарар ісі аз емес мал шаруашылығын да дөңгелетіп әкетеді. Бала күнінен әкесінің қасында жүріп, көп нәрсені игеріп, шаруаға араласып өскен Абылайхан Сейлханұлы қанға сіңген ата кәсіпті бірден ұршықша иіріп әкетті десек, артық айтпаған болармыз. «Бейнет түбі зейнет» демекші, жанын салып жасаған жұмыстарының жемісін көру Абылайханға өз ісіне деген құштарлығын одан сайын арттырып, күш-жігерін нығайта түсетіндей еді. Адал еңбектің ерекше дәмін біліп, түйсінген Абылайхан әрдайым қандай іс жасаса да, мейлінше адал болуға тырысады. Нағыз адал маңдай термен келетін егін шаруашылығының табысының дәмі тіптен бөлек!
«Ер жігіттің мінген аты жақсы болса, бір бақыт, Алған жары жақсы болса бір бақыт» - демекші, әулеттің берекесін келтіріп, отаудың түтінін түзу түтетіп отыратын адал жарымен Абылайхан Сейлханұлы 2014-ші жылы шаңырақ құрады. Жаңа түскен жас келін үлкенге ізетін, кішіге құрметін аямайтын текті жердің тәрбиесін алып өскен ізетті жан болып шығып, барша әулеттің сәнін одан сайын келтіре түскендей! Құдіреті шексіз Жаратушының ең керемет сыйы әрбір адам үшін – отбасы ғой. «Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, Жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ»,- деп дана халқымыз айтып кеткеніндей, Абылайханның қоғамда үлкен жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырып жүргендігін бірден - бір себепшісі, ол осы отбасының тыныштығы мен жайлылығы. Отының басын жылы етіп, түтінін түзу шығару ол тек
![]()
әйелге байланысты екені баршамызға мәлім.
«Білімді бесіктен тесікке дейін ізден», - деген алып ғұламалардың өсиетін берік ұстанған Абылайхан Сейлханұлы атқарып жүрген ісінің арасында уақыт тауып, оқуын жалғастыруды қолға алады. Жақсы нәтиже мен ізденістің арқасында бакалавр иесі атанған Абылайхан мұнымен тоқтап қалмайды. Ізденісті күшейтіп, кейінгі жылдары «Заңгер» мамандығын игеруді қолға алады. Өмірлік маңызы бар мамандықтарды таңдап, өзін жан-жақтылыққа тәрбиелеп үйренген Абылайхан Сейлханұлының қыры мен сыры көп заң саласына деген қызығушылығы арта түседі.
Бірақ, бар ынтасын оқуға арнап, мамандығын тереңінен жетілдіріп, тек ілім іздену үшін уақыт жұмсауға Абылайханда толық мүмкіндік болмайды. Себебі, шаруа қожалығының бүкіл жұмысын алға бастырып, ілгерілетуге тура келеді. Алға қойған мақсатына жету үшін, әулет абыройын асқақтау үшін аянбай тер төгіп келе жатқан Абылайханның бүгінде осы кәсіппен айналысып келе жатқанына сегіз жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында қой басын жарты мыңнан 1500-ға жеткізді. Бұдан бөлек, екі жүз бас сиыр, жүз жылқысы бар. Мал шаруашылығын алға бастырып, одан алған өнімді, ет пен сүтті тек ауыл арасы емес, облыс аумағында да импортқа шығаруды қолға алады. Сонымен қатар мал басын көбейтіп, асыл тұқымды төл алуды да жүзеге асырып отыр.
Абылайхан Сейлханұлы Нұр-Сұлтан қаласында өткен осеменатор, яғни, қолмен ұрықтандыру курсына барып, білімін шыңдап, оқу оқып келеді. Барлығын адал атқарып, әрбір ісін заңдастырып отыруды жөн санайтын Абылайхан Сейлханұлы қолмен ұрықтандыру курсын оқығандығын растайтын арнайы сертификатын да қолына алады. Алған білімді тәжірибеде шыңдап көрген Абылайхан нәтижесінде, қазіргі таңда гемпшир қойларын көбейтуде. Бұл тұқымның көбейтілуіне қызығушылық танытып жатқандар баршылық. Абылайхан Сейлханұлы сонымен қатар өзі мекен етіп жатқан ауылда өз қалтасынан шыққан қаражатына «мал бордақылау» алаңдарын салдыртты.
Тек қана малмен айналысу арқылы кірістің пайдасы шамалы болатынын түсінген Абылайхан Сейлханұлы сонымен қатар, жыл сайын малға азық ретінде 250 г арпа, 250 г бидай, 150 г жоңышқа өсіріп, егін шаруашылығын да қолға алды. Малдан артылған өнім нарыққа шығады. Тынбас еңбектің нәтижесінде, Молалы ауылдық округін жем-шөппен қамтамасыз етіп келеді. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті»,- деген қарапайым ғана мақалда қаншама мән, қаншама мағына жатыр десеңізші! Әр өнім үшін жауапкершілік танытып, атүсті қарамай, жеміс бергенінше сәбидей аялап күтетін егіншіліктің еңбегінің қандай ауыр екенін баршамыз білеміз. «Еңбек етпей, елге өкпелеме, егін екпей, жерге өкпелеме»,- деп айтып кеткен ата-бабаларымыздың даналығына тағы да тәнті болмасқа шарамыз жоқ.
Кенжехан Абылайханның адал еңбегін бағалаған мемлекет өкілдері де кәсібіне сенім білдіріп, әрдайым қолдау танытып келеді. Атқарып жатқан істерін жинақтап, комиссияға өтінім берген Абылайханның шаруа қожалығы субсидия алуға рұқсат алады. Барлық талапқа сай әрекет ететін, әр ісіне мұқият әрі тиянақты Абылайхан бүгінгі таңда осы кәсібінің арқасында көптеген ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, екі қолға бір күрек тауып беріп отырған жайы бар. Айналасындағы қарапайым халықтың ризашылығына бөленіп, ата-анасының үкілеген ақ үмітін ақтап, аянбай тер төгіп келе жатқан Абылайхан Сейлханұлы болашақта кәсібінің керегесін кеңейтіп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз тарапынан айрықша үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлайды. «Хаймулданов» шаруа қожалығының иесі жас та болса, бас бола білген Абылайхан Сейлханұлы елім деп, жерім деп кеудесін патриоттық сезім кернеп тұратын, ұлты үшін жанын беруге даяр нағыз батыр азамат. Ең алдымен қазағының қамын ойлайтын ұлтшыл азамат алдағы уақытта отандық өнімді экспортқа шығаруды көздеп отыр. Бұл тұрғысында өзі құрған бизнес жоспарын жергілікті әкімшілікке де ұсынып, оң жауабын күтіп отыр.
Кенжехан Абылайхан ешқашан бос отырып, арқаны кеңге салып, жұмыссыз жүріп көрген жан емес. Бойында күш - қуаты бар, нағыз ер азаматқа лайықты істер атқара алатын жасында әр істің де басын шалып, дәмін татып көруден жасқанбақ емес. «Nur Otan» партиясы өткізген праймеризге қатысып, бағын сынап көрген Абылайхан Сейлханұлы ең басты мақсатым – ауыл еңбеккерлеріне, қарапайым тұрғындарға толық жағдай жасау, сонымен қатар ауыл шаруашылығы бағытының сан түрлі саласын жетілдіру. «Әр қазақ жалғызым» деп, кеудесін намыс оты шарпып тұратын еңбекқор азамат Кенжехан Абылайхан Сейлханұлының кәсібінің тасы өрге домалап, алға басып, болашаққа деген арман мақсатына қиындықсыз жетіп, биік белестерді бағындыра беруіне біз де тілектеспіз.