Жапабаева Паридаш

Рейтинг:

МЫҚТЫЛЫҒЫ – МЕЙІРІМІНДЕ
 
Егер шын жетістікке жеткіңіз келсе, 
онда келіңіз, басқа адамдарға өз уақытымызды, 
күш-қуатымызды, көңілімізді бөліп, 
солардың жағдайын жасап көрелік.
Дейл Карнеги
 
      Жетістікке жету - әркімнің арманы. Сондықтан адамдар құттықтауларында бір-бірлеріне табысты да жемісті еңбек тілеп жатады. Жетістік тынымсыз еңбекті, талмас қанатты, сарқылмас күшті, таусылмас қуатты, қажымас қайратты керек етеді. Жетістік оңайлықпен келмейді. Бұл жолда біздің кейіпкеріміз ащыны да көрді, азапты да шекті, ауырды да тартты, түрлі қиыншылықтарға да төзді. Нәтижесінде, Жапабаева Паридаш Педеқызы сүйікті жар, бақытты ана, белгілі кәсіпкерге айналды.
      Қазақы әдет-ғұрып берік сақталған, шырайлы Шымкент өңірінде дүниеге келген Паридаштың ес білгелі өмірінде шырақ етіп ұстанған темірқазығы – мейірімділік, шүкіршілік, тәубешілдік, қанағатшылдық қасиеттерден қылаудай да танбағаны ақиқат. Оның жүрегі ата-анасына, дос-жаранға, еліне ғашық. Ол бойындағы жақсы қасиеттердің барлығын туған топырақтан алды. Түлкібастың жұпар ауасы, бал татыған суы бойына күш-қуат берді, адалдықтың, тазалықтың нәрін құйды. Туған жердің төсінде ғұмырының ең қызықты, қимас сәті – балдәурен балалық шағы өтті. Өміріндегі ең қымбат жандар – әке-шешенің мейірімі мен ыстық ықыласына ең алғаш туған жерінде бөленді.
      Кісі оқушы кезінде-ақ өз бойындағы ерекше қасиеттерін аңғарып, оны аша білуі керек. Кім неге жатық болса, сол мамандықты таңдаған жөн. Мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл өмірде әркімге бір кәсіп керек. Екі қолға бір жұмыс табу шарт. Еңбектенбесең, өміріңнің маңызын жоғалтасың. Өмірінің маңызды кезеңіне аяқ басқан Паридаш Гагарин атындағы қазақ орта мектебін 1970 жылы аяқтады. Отбасында жақсы тәрбие, мектепте жақсы білім алған Паридаш Педеқызы жүрек қалауымен Қазақ химия технологиялық институтына оқуға түсіп, аталған оқу орнын химик-технолог мамандығы бойынша бітіріп шығады.«Құдайсыз қурай сынбайды» деген қағиданың сыры терең. Жаратқанның жазуымен Паридаш оқуын аяқтаған кезде, бірден «қос диплом» алып шықты десек те болады. Иә, адам өмірінде аса бір жауапты сәттер ұшырасады. Сол сәтте жасаған дұрыс таңдауына оның алдағы бүкіл тағдыры, болашағы мен бақыты байланысты болады. Отбасы мен ошақтың түзу шыққан түтініне не жетсін!
      Мамандық таңдаудан қателеспеген Паридаш жар таңдаудан да қателеспегенін «уақыт» атты құдіреттің өзі дәлелдеп берді емес пе?! Паридаштың өмірлік жолдасы Сыр өңірінің Икрам есімді азаматы болатын. Сүйгенімен бір институтта, бір мамандықта, бір топта оқып, болашақ үлкен өмірге де қол ұстасып бірге аттанды. Оқуды бітірісімен екеуі шаңырақ көтеріп, отау тікті.
      Бұл жетпісінші жылдың орта тұсы болатын. Сол кездегі партия саясатына сай жас жұбайларға «Қарағанды-Цемент» зауытына жолдама беріледі. Сөйтіп, екеуінің еңбек жолы осы зауыттан басталады. Қайнаған қызу еңбек ортасында жүрген ерлі-зайыптыларға  бала сүю бақыты бұйырады. Бауыр еті балаларының болашағын ойлаған жас жұбайлар елге қайтуды жөн көрді. Паридаш өмірлік серігімен бірге қасиетті Қызылорда өңіріне аяқ басады. Жалағаш ауданында жолдасының ата-анасы мен әлі сарыауыз балапан кішкентай інісі тұрады екен. Осылайша, Паридаштың отбасылық өміріне өзгеріс еніп, келіндік міндетін атқаруға кіріседі.`
      Қазақ әйелінің мықтылығы туралы айтар болсақ, көп уақыт керек. Паридаштың мықтылығы мейірімінде еді. Ол бір үйдің тізгінін өз қолына алып, бір отбасының болашағы үшін барын салды. Шымкент жерінде туылғандардың ерекше бір қасиеті – олардың мейлінше еңбекқорлығында. Паридаш та үй шаруашылығына жастайынан төселген ұсынықты жан ғой, сондықтан кәрілік жеңген ата-енесі мен әлі жетілмеген қайнысына қамқорлық жасауды әу бастан өз мойнына алды. Қабақ шытпай, асты-үстіне түсіп ата-енесінің көңілінен шықса, қамқорлығы мен жанашырлығының арқасында қайнысының сүйікті жеңгесіне айналды.
      Паридаштың тағы бір қасиеті – ерінің ішіндегісін айтқызбай біліп қоятыны еді. Жарайды, көңіл-күйін қыржиған қабағынан, түнерген түрінен аңғарсын-ақ дейік. Іштегісін біліп қоятыны, шынында, адам түсінбейтін ғажап құбылыс. Әлде, бірге өмір сүріп, ыстық-суықты бөлісе келе, жұбайлық өмір соқпақтары  үстінде оған мінезінің бар сырын алдырып қойды ма екен? Мейлі, одан отбасына келген зиян жоқ еді. Қайта, махаббаттары достыққа, достықтары сыйластыққа ұласып, Икрам екеуінің аралары бұрынғыдан да жақындаса түскені анық.
      Таңның атысы, күннің батысы бір тыным көрмейтін Паридаш Жапабайқызы аудандық астық қабылдау пункті мекемесінде технолог болып жұмыс жасады. Кейінірек, екеуі үйлеріне жақын орналасқан мұнайбазасына жұмысқа ауысады. Еңбек етіп жүрген ұжымы шағын. Негізгісін, қосалқысын қоса есептегенде де отыздан аспайды. Қалай болғанда да бұл ұжымды өзара ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі жарасқан ұжымға айналдыруды мақсат еткен Паридаш Жапабаева барлық қызметкерлермен тіл табысып, олармен кеңесіп, керек жерінде сырласып отырды. Бұл жұмыста жүріп ол осыған дейін мұнайбазасында шешімі табылмаған біраз шаруалардың басын қайырды. Мұнайбазасының бірнеше салалары болатын. Соның ішінде 7-8 жанармай бекетінің жұмысын қадағалау және жүйелеу – жұмысына нық, жауапкершілігі мол Паридаш Педеқызына жүктелген болатын. Затым нәзік, өзім жас болсам да, өмірден көрген-түйгенім көп еді. Жұмысымның бар тауқыметі өз мойнымда болды. Қандай шешім болса да алдымен өзіме келіп тірелетін болғандықтан, жан-жақты ойланып, сол нәрсенің дұрыстығына көз жеткізгеннен кейін ғана бір тоқтамға келетін едім.Мен қызметке ерте араласқандықтан болар, қызметкерлермен тез тіл табысып, ортақ бір мәмілеге келіп, қызметкерлерді жұмысқа жұмылдыру қиындық туғызған емес. Мұнда білімнен гөрі жинақылық, табандылық, іскерлік қасиеттер көбірек керек болғаны анық», – дейді сол күндерді еске алған Паридаш Педеқызы.
      Қоғам және адам – бұл екеуі бір-бірінен ажырағысыз ұғым. Өйткені адамдар болмаған жерде қоғам орнамайды, ал қоғамнан тыс адам болмайды. Сондықтан жетістікке жететін адам еріксіз қоғамның ықпалында болады. Ал қоғамда жетістікке жету үшін адамды қадірлей білу қажет. Биікке талпынған адам әуелі өз жұмысына мән береді. Жұмыс үшін жанын да, малын да аямайды. Ғұмыры оның жұмыспен өрнектелген, өйткені. Кеңес үкіметі тұсында жұмысқа берілгендерді халық сыртынан «коммунист» деп атайтын. Осындай сөз сыртынан еңбекқор Паридашқа қатысты да айтылып жүрді.
      Көзінен күлкі, жүзінен мейірім кетпеген, орынсыз сөйлеп, ешкімді ренжітпеген Жапабаева Паридашты көпшілік Кәсіподақ ұйымының төрайымы етіп бірауыздан сайлайды. Ол кәсіподақ ұйымының төрайымыретінде көптеген жұмыстар атқарды. Соның бірі – әйелдерді ауыр жұмыстан құтқару болса, ұжымдағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы да оның назарынан тыс қалған емес. Қашанда аянбай еткен еңбектің нәтижесі көрінбей қалмайды ғой. Мінезі жақсы, білімі жеткілікті, ісі тындырымды, сенімі мықты Паридаш Педеқызына көпшілік тарапынан партия қатарына өтуге  ұсыныс жасалады.Әрине, өзі де бұны қалады.
      Өмір деген – өсу, даму, жаңару.Бірде сырлы, бірде мұңлы, бірде кең, бірде тар дүние бәрібір адам үшін қымбат. Өмірдің қызықшылығы мен қиындығы қатар жүретіні де рас. Бұл кезде тоқырау жылдары деген тарихтың бір қиын кезеңі келіп, дағдарыстың белең алған тұсболатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елдің тұрмысын ауырлатып, санасына өзгеріс әкелген осы қиын уақыттың салқыны шарпыған Паридаш Педеқызының жұмыс орны тарап кетудің аз-ақ алдында тұрды. Экономикалық-әлеуметтік ауыртпалық билеген қоғам өмірінің түрлі саласында әйелдерді қажырлы еңбек етуге мәжбүрлейтін кезең келіп жетті.Түптеп келгенде мұнайбазасы өз жұмысын тоқтатты. Паридашқа нәпақаны басқа жолмен табуды ойластыру керек болды. 
      Отбасының арқасүйер отағасы Болысбаев Икрам Тәбәрікұлы жайында тоқталып кетсек... Икрам аға Жалағаш ауданының бизнес саласындағы алғашқы қарлығашы атанған жан. Алғаш еңбек жолын жылжымалы механикалық колоннада (ПМК) бастаған Икрам Тәбәрікұлы одан кейін райкомда участік бастығы жалғастырды. Сол жерде беделді қызметінен өз еркімен жұмыстан шығып, кәсіпкерлік саласына бетбұрды. Икрам аға тәуекел етіп, кәсіпкерлікке қадам басты. Жалағаш ауданында алғашқылардың бірі болып, «Жалағаш» фирмасын құрды. Дегенмен, бизнес сабақтарын игеру оңайға соқпады. Қазіргідей дайын тұрған даңғыл жол жоқ.
      Атақты Мольер өз кезінде «Қиыншылықтар – жетістіктің әшекейі» деген екен. Қиыншылық келсе, қасқая қарсы тұрып, оны жеңе білу ләзім. Осы ретте отағасы, өзінің кең көлемде ойлайтын көреген адам екендігін көрсетті. Қытайға алғашқы дипломатиялық қатынас жасаған кәсіпкер азамат ретінде есімі елге таныс. Икрам Тәбәрікұлы ұзақ жылдар беделді қызметтер атқарған ел ардақтысы. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрсе де қызмет атқарып жүрді. Қалалық әкімдікте жұмыс жасаған Икрам ағаодан кейінгі жылдары Қармақшы ауданы әкімінің бірінші орынбасары, сонан соң Жалағаш ауданы әкімінің бірінші орынбасары (2011-2012 ж.ж) сынды лауазымды қызметтердің де тізгінін ұстаған. Бұл жұмыстардың барлығын кәсіпкерлігімен қатар алып жүрген Икрам ағаға ел өз ризашылықтарын білдіріп жатты.
      Икрам ағаны нағыз істің адамы десек қателеспейміз. Ол кісі егін егу мен мал шаруашылығына қатысты біраз дүниенің білгірі. Қалай әрекет жасағанда қандай нәтиже беретіндігін алдын-ала ойластырып, барлық мүмкіндіктерді қарастырып көріп, содан кейін ғана қимылға көшетін Икрам аға қай саланың да майталманы, әрі бір әулеттің ақылшысына, бәйтерегіне айналған қамқор жан. Еліне елеулі, халқына қалаулы, ер азамат деген атқа лайықты Икрам аға бүгінде сүйікті немерелерінің ардақты атасы, алтын асықтай ұл-қыздарының асқар тау әкесі, бір әулеттің алып бәйтерегіне айналған. 
      Жалағаш ауданының әкімі Қожахмет Баймаханов кәсіпкерлерді қызу қолдап, шағын кәсіптің дамуына жол ашты. Осы орайда аудан басшыларының тарапынан Икрам аға мен Паридаш апайға ұсыныс түскен болатын. Жалағаш ауданының 60 жылдығына орай кәсіпкерлер отбасы талай іргелі істердің басшысы болды. Ол жайында Паридаш Педеқызы былай дейді: 
      – Аудан орталығында супермаркет-дүкенмен қоса жеке монша, шағын наубайхана, шағын сүтзауытын ашып, іске қостық. Халыққа жан-жақты қызмет көрсеттік. Жалағашта болмаған жаңалықтарды біз енгіздік деп айта аламын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тендерлерге қатысып, өнім тараттық. Ыстық нан мен сүт, қатық, т.б.өнімдерді өндірдік. Қаланың бүкіл аурухана, мектептерге санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай қораптармен,  стаканмен өрнектелген өнім шығаруды игердік. Жәрмеңке өтетін болса өнім өндірушіретінде біз жүретінбіз. Облысқа ауданымыздың атынан көрмелерге баратынбыз. Ұйқысыз түндер мен мазасыз көп күндер, қажырлы еңбек пен төзімділіктің арқасында халық игілігі үшін еңбек еттік, – дейді Паридаш апай өткенге көз салып.
      Сауда мен кәсіпте басқа саладағыдай білім мен біліктіліктің маңызы зор болуымен қатар, аталмыш екі саланың ұста мен шәкірт арасындағы арақатынас негізіне сүйенетінін де ұмытпау керек. Жұмыс орны мен сауда орнының тазалығы, жинақылығы немесе ыбырсып жатуы, ретке келтірілмеуі сатушы мен кәсіпкердің қандай адам екенін танытатын айна. Паридаш Педеқызы шырын тілді, жылы жүзді, аса кішіпейіл, сөзіне берік және еңбекқор жан халықпен етене араласатындықтан және олардың мүдделерімен санасатындықтан, көпшіліктің ойынан шықты. Ол сатып алушыларға жақсы әсер етіп, олардың талап-тілектерін үнемі ескеріп отыруды әдетке айналдырды. Жұмысына бар ынтысымен кіріскені соншалық, кейде бала-шағасымен есігі ашық дүкеннің  ішінде ұйықтап қалған кездері де болған...
      Қимылға көшіп, нақты нәтижеге қолды жеткізгеннен кейін әрекетсіз қалу дұрыс емес. Нәтиже алынғаннан кейін «болар іс болды» деп арқаны кеңге салуды жөн көрмеген Паридаш апай, тіпті, қажетті тауарларды дер кезінде жеткізіп отыру үшін барлық жағдайды қарастырды.Әрине, отбасылық бизнес болғандықтан, жолдасы Икрамның да көмегі көп болды. Дегенмен, негізгі жауапкершілік Паридаштың мойнында болатын. Кімге қандай зат қажет, қандай тауарлар жетіспей жатыр, оларды дер кезінде тұтынушыға жеткізіп беру, тауарлардың қолжетімді бағада болуы – бәрі-бәрі Паридаштың күнделікті қым-қуыт қарбалас тіршілігінің негізін құрады. Алғаш ашылған дүкен болғандықтан, тұрғындар көп келетін. Еңбекқорлығының арқасында көпшіліктің көңілінен шығып, олардың ризашылығын алған сәттері аз болған жоқ.
      Паридаш Жапабаева өз кәсібінде проблеманың шығып-шықпауы мен басқа проблемаларды тудырып-тудырмауына үнемі назар аударып отырды. Бұл тұрғыда ол мына үш жайтты үнемі орындап отырды: нәтиженің ақауларын анықтап, оларды дер кезінде жою; нәтижеден туындаған жаңа проблемаларды қарастырып, оларға қарсы шаралар жасау; нәтиженің қыр-сыры жақсылап талданып, бұдан кейінгі барлық жағдайларға байланысты тәжірибе жинақтау. Міне, осындай іс-әрекеттерді басшылыққа алған Паридаштың ісі алға басып, жетістікке жетудің өзіне тән формуласын да игерді.
      – Әйел мен ер азамат отбасының ғана емес, қоғамның да қос қанаты. Сондықтан ер-азаматпен қабаттасып, бизнестің биік бұтақтарына өрмелеп, заманның талабына сай әйелдер қауымы өмірдің осы саласында белсенділік танытып, мехнаты мол жұмыстың ауыртпалығына мойымай, түрлі қызметтер атқарып келе жатыр. Мен де солардың бірімін. Біздің үйде отағасы Икрам барлық істің барысын ойластырып, барлық жағдайлардың мүмкіндігін қарастырып келіп, істің тізгінін маған және екінші ұлымыз Сәкен екеумізге табыстайды. Менің ойымша, ерлі-зайыптылар өздерін қаншалықты бақытты сезінгісі келсе, соншалықты бақытты болу өз қолдарында, – дейді еңселі еңбек иесі. 
      – Өзгелердің ақыл-ойынан, тәжірибесінен, білімінен, біліктілігінен, пікірінен өз өміріңде пайдалана алсаң, олар соқтыққан тау-тастан, қиналған жолдан айналып өтесің. Кәсіппен айналысудыЖаратқан кез келген кісіге нәсіп етпейді, қолындағы барымен бөлісетін кісіге береді. Ал, сараң кісіге Алла Тағала несібе бермейді. Асылында, кәсіпкер болып жүрген кісілердің бәрінің жүрегінде бір жұмсақтық, мейірімділік бар. Мен де қолымнан келгенше жоқ-жітік, тұрмысы аса төмен, көмекке мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүремін, – дейді Паридаш Жапабаева.
      Шынында да, кәсіпкерлік – ауыр жұмыс. Оған біріншіден, денсаулық, екіншіден, қаржы керек. Аянбайтын еңбек, күндіз-түні жүріс керек. Бұл – кәсіпкерліктің бел ортасында біраз жылдан бері еңбектеніп жүрген кейіпкеріміздің пікірі. Оның тағы бір айтқаны, кәсіпкерлікке шыққан кісі, оның ішінде, әйел адам отбасын ұмытпағаны жөн. Бірінші орында отбасы, азаматы тұруы керек. Бала-шағасы, азаматы болмаса, ол әйел кім үшін кәсіпкер болмақ, осынша бейнетті кім үшін көрмек?
      Ғұлама Абай «Адамның бір қызығы бала деген...». Қазіргі дәуірмен өлшесек, бала – адамның бір қызығы емес, бар қызығы. Бала – ұрпағымыз, бала – жалғасымыз, бала – болашағымыз. Әйел ошақтың қасында болса да, кәсіптің басында болса да о бастағы өзінің асыл парызын ұмытпақ емес. Түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербеткен Паридаш Педеқызы ұл-қыз өсірген ана, сүйікті жар. «Күннің нұры, сәбидің күлкісі – өмір бастауы» деп түсінетін Жапабаева Паридаш еріне сүйенеді, еліне қызмет етеді, төңірегіне мейірім-шуағын шаша береді.
      Заңғар таулар алыптықты, кең дала дархандықты, теңіздер шексіздікті бейнелейді. Бірақ олардың ешқайсысында даңғойлық пен мақтаншақтықтың титімдей болса да нышаны байқалмайды. Біздің кейіпкеріміз де мейірімді де кішіпейіл, әрі қарапайым. Рухани болмысының тереңдігімен, жанының байлығымен, кең пейілінің дариядай өміршеңдігімен, айналасына нұрын шашқан жарқын жан Жапабаева Паридаш Педеқызы көпшіліктің ілтипатына бөленіп, бақытты ғұмыр кешетіні сөзсіз.
  
 
 
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости