Атына сай азамат
Жаны сұлу адам жан-жағына нұрын сеуіп жүреді ғой. Біз білетін Мирамбек Тайшықұлы әрдайым өзінің биік беделімен, орнықты сөз ұстынымымен, уәдеге деген беріктігімен көпке сыйлы да құрметті азамат. Оның адамды еріксіз баурап алатын қасиеті бар. Өзінің ақыл-кеңесін айтып, жанындағылардың пікірімен сана-са білетін білім, білігі келіскен білікті көшбасшының әсіресе, жастарға берер өнегесі мол. Бойындағы бекзаттығы, сырбаздығы, келісті кербездігі, міндетіне деген жауапкершілігі кейінгі
![]()
толқынға үлгі боларлықтай. Өзінің қажырлы қайратымен шаршамай-шалдықпай адал еңбектеніп келе жатқан Бақтыбаев Мирамбек Тайшықұлы ішкі-сыртқы мәдениетімен өз ортасына қадірлі. Оның тәлім-тәрбиесін алған ізбасарлары оны ұстаз тұтады.
Ғұлама Әл-Фараби: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл біріккенде біз өз бойымыздан, әрі өз әрекеттерімізден абзалдық пен жетілгендікті табамы-з және осы екеуінің арқасында біз ізгілікті, қайырымды боламыз» депті. Осы асыл қасиеттерді басқаның бойынан тауып жатсақ несі артық?! «Ұлтқа қожалық жасауға болмайды, оған тек қызмет ету керек» – деп Мұстафа Ататүрік қалай тауып айтқан ғой. Адамдардың алдында ары таза болып, елге беріле қызмет ету қасиеті бастықтың да, байдың да, шенеуніктің де бойынан табылып жатса қандай ғанибет!
Бақтыбаев Мирамбек Тайшықұлы Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында 1963 жылы 7 қарашада дүниеге келген. Әкесі – Бақтыбаев Тайшық 1939 жылы дүниеге келген. Өзінің ауылына,ағайын-туысына сыйлы, ардақты азамат болды. 1964 жылы Аққыр совхозын құрушылар қатарында болған. Өмір бойы ферма машинасын айдаған, жүргізуші болған. Барлық баласына тәлімді-тәрбие беріп, әрқайсысының
![]()
өз алдына отбасы болып, қызмет атқарғанын көзі көріп, ұрпақ қызығын көріп 2001 дүние салды. Анасы – 10 баланы өмірге әкелген Мырзабекова Әмина 1942 дүниеге келген. «Батыр ана» төсбелгісінің иегері. Совхоздағы ауруханада қоймашы болған. Сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Өзінің имандылығымен, еріне тіке қарап сөйлемейтін ибалығымен басқаларға үлгілі өмір жолымен өнеге қалдырған батыр ана 2019 жылы өмірден өтті. Мирамбек Тайшықұлы қарашаңырақтағы үлкен немере болған соң ата-әжесінің баласы болды. Атасы мен әжесінің тәрбиесін көріп есейген ол, бала кезінен жан-жақты, алғыр, ізденімпаз, еңбекқор болды. Ауыл-елдің жағдайын бес саусағындай білетін ол, атасының жанында жүріп еңбекке бой үйретті. Әжесінің аңыз-ертегілеріне сусындап, махаббатқа бөленіп есейді. Мирамбек Тайшықұлының бауырларының барлығы білімді де білікті жандар. Өз салаларының мықты қызметкерлері. Бүгінде 4 ұл, 5 қыз өздерінің отбасылары бар. 1985 жылы туылған інісі Сабырбек әскер қатарында аға сержант болып жүріп, Отан алдындағы адал қызметін өтеуде қаза болды. Жақсылық – Аққыр ауылында 12 жыл әкім болды. Қазір «ЕрСулБиБек» шаруа қожалығының төрағасы, кәсіпкер. Бегім – Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік қызметкер. Ержан – ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметінде. Гүлмира – кәсіпкер, Эльмира – дәрігер, Жанар – дәрігер. Шынар – мектепте мұғалім, Айнұр – мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мұғалім.
![]()
Мирамбек Тайшықұлы Аққыр совхозындағы №188 орта мектепте білім алды. 1982 жылы №150 Жалағаштағы кәсіптік-техникалық училищені жақсыға бітіріп шықты. 1982-1984 жылдары әскер қатарында болды. Еңбек жолын Аққыр совхозында жүргізуші-механизатор болып бастады. 1989-1995 жылдар аралығында Алматы қаласындағы мал дәрігерлік институтын зоо-инженер мамандығы бойынша тәмамдады. Еліміз егемендік алып, ауыл шаруашылығында құрылымдық өзгерістер басталғанша совхозда ауыл шаруашылығының түрлі салаларында жұмыс істеді.
Білімді маман 1997 жылы «Мираж» шаруа қожалығын құрды. 1998 жылдан бастап ауыл шаруашылығында күріш өсірумен айналысып келеді. Жалпы Мирамбек Тайшықұлының қарамағындағы «Мираж» шаруа қожалығы, «Айтоғжан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жанару» фермерлік шаруашылығы 650 гектар жерге күріш егіп, әр гектардан 70-80 центнерден өнім алып келеді. Ол шаруа қожалығында 40-тан аса қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.
Қазақта «Қолы ашық жанның, жолы да ашық» дейді емес пе?! Барыңмен бөліссең, Алла оны еселейтіні хақ. Мұқтаж жанға материалдық жағынан қолдау керек кезде көмек қолын созатын, жан қиналғанда демеу сөзін аямайтын қайырымы мол азаматты ауыл түгел сыйлайды. Бүгінде ол үш адамға үй алып берсе, біреуіне үй салып берді. Бес адамға көлік алып берді. Жақсы жұмыс жасап, әрқайсысының өнім алған көрсеткіштеріне байланысты ақшалай сыйлықтармен де марапаттап отырады.
Кәсіпкер, шаруашылық басшысы облыс, аудан әкімінің «Құрмет грамоталарымен», Ауыл шаруашылығы министрінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Оның омырауында «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 30 жыл» медалі, ауыл шаруашылығы саласына сіңірген ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы өндірісінің Құрметті қызметкері» ордені жарқырап тұр.
- «Дінмұхамед Қонаевтың естелік кітабында:
![]()
«...Мен бірде-бір адамның, мейлі ол кім болсын, қай ұлттан болсын, меселін қайтарып көрген емеспін. Үміттің аяқасты болуынан артық қорлық жоқ. Жердің үстімен келіп, астымен қайтқаннан асқан азап болмайды. Жақсылығыңды адамға жаса, сол үшін жаса, сол үшін елдің сенген тізгінін ұстап отырсың. Күнде жұмысқа келе жатқанда осы ой жетелеп кеп табалдырықты аттаттырады» – деп жазған екен ол. Осы дана сөздерді мен де өмірлік ұстанымым етіп келемін. Асып-тасып жатқан дүние болмаса да, өзімнен артылып, елге жетерлік халім болса аянып қалмаймын. Талай тағдыр бар, әртүрлі отбасы бар. «Әр қазақ менің жалғызым» деп демеп жіберіп отырсақ, елде ұрлық-қарлық болмайды. Жоқшылық, жетіспеушілік, кедейшілік кесірі де тұрмысқа әсер етеді. Әрбір қандасымыз жақсы өмір сүруге тиіс. Екі қолға бір күрек табылады ғой, еңбектенген адамға жер ананың берер ырзығы мол», - дейді кейіпкеріміз.
Мирамбек Тайшықұлының 3 ұлы бар. 1985 жылы өмірлік серігі Ойнарова Алтын екеуі шаңырақ көтерді. Кеңес үкіметі кезінде балабақшада тәрбиеші болған Алтын, кейіннен үй шаруашылығында болды. Соңғы 10 жылда шаруа қожалығының төрайымы қызметін атқарып келеді. Бүгінде жеке кәсіпкер. Үлкен ұлы – Еркебұлан Нұр-Сұлтан қаласында ҰҚК-де офицер, мемлекеттік қызметкер. Отбасылы, жары Аягөз – есепші мамандығын бітірген. Рақымжан, Әбілмансұр, Аймира есімді 2 ұл мен 1 қыз өсіріп отыр. Екінші ұлы – Төрехан – жеке кәсіпкер, әкесінің жолын қуып, шаруа қожалығын басқарып отыр. Жары Нұргүл жеке кәсіпкер. Ақнұр, Асылым есімді 2 қызы бар. Үшінші ұлы – Сұлтан заңгер мамандығын алған. Мүлік және жекешелендіру комитеті департаментінде бас маман. Жары Ағжан – қаржы саласының маманы. Дінмұхаммед есімді ұл тәрбиелеп отыр.
Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» - дейді. Ендеше, елі үшін еңбектеніп жүрген азаматқа абырой тілеп, елдің алғаусыз алғысына бөлене беріңіз демекпіз.
![]()
![]()