Биманов Нұрлан

Рейтинг:

Төрт түліктің жайын білген азамат     

Бүгінде аграрлық салаға сұраныс артып, елдің көбі ауылшаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып келеді. Оның ар жағында мал бағу біздің ата кәсібіміз де. Жыл өткен сайын сол ата кәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібесін айырып отырған ерлер көбейіп келеді. Қазақтың ен даласы ауылшаруашылығын өркендетуге өте қолайлы ғой. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетел асырып экспорттауға да мол мүмкіндік бар. Тек аузы қимылдаған жанның қолы да қимылдауы керек. Ол үшін еңбектің ебін таба білетін ерекше қабілет, күні-түні талмай қызмет ететін күш-жігер және төрт түлікті өсіруге деген ықылас болса жеткілікті. Жасыратыны жоқ, арамызда ата кәсіпті жандандырып, көпті еңбекпен қамтып жатқандар көптеп кездеседі. Тіпті мал бағуды мақтаныш көретіндер саны көбейгеніне ішің жылып, қазақылықтың иісі аңқып тұрғанын байқайсың. Иә, біле білгенге мал ұстау береке. Қазіргі кезде мемлекеттің демеуі де шаруаның дамуына жол ашып отыр. Соның негізінде ауылдағы жұмыссыздар жұмыс көзін тапты. Қазір көбі ауылдың табиғи өнімдерін тұтынып, төрт түліктің жемісін көріп отыр.
      Қалам тербеуімізге себепкер болған Нұрлан Тоқсанбайұлы 2020 жылдан бастап «SHOPAN ATA» Қазақстан Ұлттық Мал Өсірушілер Қауымдастығының Қызылорда облысының филиал директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
      Биманов Нұрлан Тоқсанбайұлы 1970 жылы 16 тамызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. Отбасында тағылымды тәрбиесі, өнегелі ісімен перзенттеріне үлгі бола білген әкесі – Биманов Тоқсанбай ауыл-еліне сыйлы, құрметті ақсақал. Ұлы Отан соғысының ардагері, Жалағаш ауданында бас есепші қызметін атқарып, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанды. Анасы тыл ардагері Биманова Рыскүл Әбушеқызы ақылдылығымен, парасаттылығымен көпке үлгілі «Батыр Ана», «Алтын алқа» иегері. Міне, осындай ата-анадан тәрбие көріп, есейген Нұрлан бала күнінен еңбекқор, елгезек болып жетілді. Байыпты да байсалды мінезді азаматтың ақыл-кеңесіне құлақ түретіндер де көп. Себебі, ол дұрыс шешім қабылдай біледі. Ол мектепте де, жоғары оқу орнында да, жұмыс барысында да мың ойланып барып шешім қабылдайтын. 
      Нұрлан Тоқсанбайұлы 1977 жылы Жалағаш кентінде орналасқан №123 орта мектепке 1 сыныпқа қабылданды. Отбасы 1985 жылы Қызылорда қаласына көшіп келіп, 1987 жылы Қызылорда қаласында Ғ.Мұратбаев атындағы №171 қазақ орта мектебін ойдағыдай бітіріп шықты. Арманшыл, алдына мақсат қоя білетін Нұрлан ұстаздарының мақтаулы шәкірті болды. Қай кезде болмасын оқуына тас-түйін дайындықпен келетін. Ұқыпты, тәртіпті, салмақты Нұрлан қайсыбір шара болмасын оның ұйымдастырылуына, бастан-аяқ жақсы өтуіне барлық жауапкершілікті өзі алатын. Басқаларға қарағанда оның бойынан көшбасшылық қасиеті байқалып тұратын. Көптің алдына суырылып шығып, өзінің ойын айта білетін, ақ пен қараны ажырата алатын жастың бойындағы жалынды көргендер сүйсінбей қалмайтын. Көпшілігі оны өз балаларына үлгі етіп айтып, ал құрбы-құрдастары оның жанынан бір елі ажырамауға тырысатын. Табиғи болмысының өзі Нұрлан бір орында тыным тауып отыра алмайды. Үнемі ізденісте жүреді. Жаңалықтарға уақыт бөліп, өзін қызықтыратын сұрақтарға жауап іздеп жүреді. Қазір де сол қалпынан айныған емес. Талапты жас 1987-1991 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтында жоғары білім алды. Студенттік шағында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, «ГорКом» комсомолда ІІ хатшы қызметін атқарды. Оған қоса «Жастар одағы» ұйымының басшысы қызметтерін қоса алып жүрді.
      Адам нарықтың ығына жығылғанда өзіндік мұраттарына да жетері сөзсіз. Бұл сөзімізге де дәлел көп. Қоғам нені талап етеді, қажеттіліктер қандай, елге не керек деген секілді ойлар Нұрланды көптен мазалайтын. Дегенмен, ауыл баласы оның жауабын бұрыннан білетін. Әрі оны іске асыру жолдарын да қарастырып жүретін. Ниетіне қарай, ойлаған ісін жүзеге асыруға талпынды. Осылайша ол, 2012-2016 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу университетіне оқуға түсті. «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафты құрылыс» кәсібі мамандығы бойынша аталған оқу орнын жақсыға бітіріп шықты. Білімін, біліктілігін жетілдіріп, оқып, біліп отырудан жалықпайтын азамат мал шаруашылығымен айналысып, «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төрағасы болды. Көптің жасап жүргенін өзі де бастап кетті. Жоспарлы түрде еңбек етудің арқасында жаймендеп өзі ойлаған межеге жетті. Рас тұқымы асылды баптау оңай емес. Алайда, Нұрлан Биманов ешқашан адал еңбектен қашпады. Оның ойы мал санын арттыру. Мал басын көбейтуден бөлек, оның тиісті күтімін жасауды қаперден шығармау. Кейбір шаруашылық басшылары секілді бұл мәселеге селқос қарамайтын азамат малды күту талаптарына баса мән береді. Тиісінше, қорасын ыңғайлап, жем-шөп қорын молынан жабдықтауға ұмтылады. Осылайша, бейнеттен зейнет көріп, бұл кәсібін ұлғайтуды басты мақсаты етіп отыр.
      - «Малмен көзін ашқан қазақтың бір қара баласымын. Шаруа адамдары болған әке-шешеміздің өнегесін көріп, еңбекпен есейдік. Олардан алған тәлімді бүгінде өз ұрпағымның бойына сіңірсем деймін. Еңбек етемін деген адамға қашанда жұмыс табылады. Мал күтіміне баса мән берілсе, мол өнім алуға болады. Азды-көпті нәтижеге қол жеткізсем, ол – атакәсіптің жарасымды жалғасқаны деп білемін. Ұрпақтар сабақтастығына қосқан титтей үлесім болса, соған қуанамын. Кейінгі ұрпақ ұлттық дәстүріміздің қайнарынан қанып ішсе екен деймін. Кез келген салада адамға ең алдымен еңбектену қажет қой. Бүгінгідей биікке жеткенім еңбек десек, бір жағынан өз ісімді жан-тәніммен жақсы көргендігімнен де шығар. Адамның сүйікті ісімен шұғылданғаны жақсы ғой. Бізден кейін ісімізді жастар жалғастырып әкетеді деген ойдамын. Болашақ жастарға үлкен сенім артамын», - дейді білікті көшбасшы.
      Жоспары – ауқымды, межесі – биік азамат 2019 жылы V облыстық малшылар слетінде «Үздік жылқышы» номинациясы бойынша ауылшаруашылық министрі С.К.Омаровтың қолынан І дәрежелі дипломмен марапатталып, алғыс алды. 
      Мал шаруашылығы саласында еңбек етіп, дамуына өз үлесін қосып келе жатқан азамат шаруалардың қажеттіліктерін мұқият тыңдап, қолдан келгенше көмектесуге атсалысуда да өзінің мәрттігімен, азаматтық көзқарасымен дараланады. Қазіргі таңда жеті баланың үлгілі әкесі. Балалары оқу үздіктері және спорт шеберлері. Өз ісімен өнеге көрсетіп кішкентайынан ұл-қыздарын еңбекке үйретіп, еңбексүйгіштікке, әділдікке баулып тәрбие беріп келеді. Жұбайы И.К.Ахунова жоғары білімді педагог.
      Елдің игілігі жолында абыройлы қызмет атқарып отырған Нұрлан Тоқсанбайұлына денсаулық пен мол табыс тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...