Таңатаров Байзақ

Рейтинг:

Халық қаһарманы   

  Өткенге үңілсек, аталарымыздың өмір жолынан мақтана айтатынымыз, төрт түлікті тіршілігінің тірегі еткендігі. Тарихтың сары парақтарын сараптасақ та, ақынның өлеңіне назар салып, әншінің әніне құлақ түрсек те, дарқан жерді иеленіп қалған аталарымыздың өмірі мал шаруашылығымен бірге өрілген. Осы мал шаруашылығына қатысты мамандарды өздері дайындап, өмір тәжірибесін жинаған ақылгөй даналар мен қарттардан тәлім алдырған. Міне, осындай мамандықтардың бірін меңгеріп, бүгінгі таңда ғылым тереңіне бойлап, өзі таңдаған мамандықтың туын тік ұстап, мал шаруашылығының дамуына зор үлесін қосып, кәсіпкерлік саласын да дамытып келе жатқан, қоғамдық өмірде де белсенділігі басым, марқасқа азаматтардың бірі – Таңатаров Байзақ Әбдраймұлы туралы әңгіме қозғамақшымыз.       Қарадан туса да қалың елдің қамын ойлап, ата кәсіптің үзілгелі тұрған жібін жалғау жолында ұзақ жылдар еңбек етіп, тоқырау жылдары сетінеп кеткен мал шаруашылығының басын біріктіріп, түйінін түйген мал дәрігері, 1986 жылы тәуелсіздіктің ақ таңы жолында алаңға шыққан жастардың ортасында болған Байзақ Әбдраймұлы 1959 жылдың 28 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келді. Төсін жайлаған малы қоң жинап, самалымен жарысып өскен перзенті елдің баласы бола білген құтты мекенде балалығын өткізіп, өнер мен мәдениеттің ордасына айналған оңтүстіктің болашағынан үлкен үміт күттірген ұланы бола білді. Белді мамандықтар ауыл шаруашылығында болған сол бір кездері Байзақтың әкесі де өмірін мал шаруашылығына арнап 40 жыл жылқы, 10 жыл қой баққан шопан болған. Бұл туралы кейіпкеріміз былай дейді: «Менің төртінші атам Кейкі – батыр әрі мерген болған. Үш ұлының үлкені Есенбай күйші-ұста диірмен соғыпты. Ол кісіден Таңатар соғыстан оралмаған, үш ұлы болған. Тұңғышы Әбдраймнан 5 ұл, 3 қыз болған. Әкеміз Әбдрайм мен шешеміз Садат өмір бойы 40 жыл жылқы, 10 жыл қой жайып еңбек етті. Қаншама төл өсіріп етпен, қымызбен, елтірі, жүнмен Одақты кейін қазақ халқын қамтамасыз еткен. Ол кезде қазіргідей әдемі жағдай жоқ, жас кезімізден жартылай оқып, көмек беріп, 4 жыл әскерге дейін көмекші жылқышы болып еңбек еттім. Қыста Мойынқұмды қыстап, жазда жылқыны Қарағанды облысымен шектес жайлауға апаратынбыз. Бетпақ даланы басып өтіп 350-400 шақырым км жолды 8-10 күн жүретінбіз...».
      Осылайша, жастайынан ат жалын тартып мінген ауыл баласының өмірі мал шаруашылығынан алыста бола ма, ойын баласы кезінен-ақ шаруаға ептілігі, зеректігі және алғырлығымен, қолының ісмерлігімен көзге түскен ол әке қасында көмекші болып мектеп табалдырығын аттады.
      Қыста саяғын бөлек қамап, көктемде биесін төлдеткен, әке көмекшісі бола жүріп 1976 жылы кешкі мектепті бітірген Байзақ әке кәсібіне қол ұшын беріп, үш жылдай жылқы бақты. Көкірек көзбен қараған адамға мал шаруашылығы – әлі толық зерттеліп үлгермеген, қағаз бетіне түспеген, тұнып тұрған ғылым. Түз тағысымен аңдысып отардағы жылқы жаю, байдың ерке қызының қылығындай құбыла жөнелетін табиғаттың ауа-райын бақылауда ұстау, жыл мезгілдеріне сай күтіп-баптау, қан айналып тұрған соң он екі мүшелі жануардың денсаулығын үнемі қадағалап тұру – үлкен елгезектікті, жауапкершілікті, еңбекқорлық пен шаруашылыққа деген махаббатты талап етеді. Сондықтан, тіршілік тірегіне айналған шаруашылықты меңгеру қолына қамшысын ұстаған әр малшының міндеті. Бірақ, айтқан істі қағып алатын, сеніп тапсырылған істі аяғына дейін жеткізе білетін, жауапкершілікті сезінетін Байзақ әкесінің таптырмас қолғанаты бола білді. 
      «Асық ойнаған азар, Доп ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, Құйрық жеген озар» деген өлең жолдары құдіреттілігін жоймай тұрған сол кездері өзі де өмірін мал шаруашылығымен ажырамастай етіп байланыстырған Байзақ Әбдраймұлы жылқы бағып жүріп, 1979-1981 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын Кеңес Әскері құрамында өтеп келді. Әр азаматына үлкен үмітпен қарайтын сол кездері бір әулеттің тұтқасын ұстар азаматына айналған, әскерден үлкен сенім артар жігіт болып оралған Байзақ 1981-1983 жылдары КЗВТ қызыл дипломмен зоотехнигін бітірді. Одан әрі білімін жетілдіру мақсатында 1984 жылы АЗВИ зооинженері оқуына түсіп білімін жалғастырды.
      Тәуелсіздік – ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, ғасырлар бойы азаттыққа деген күреспен келген ұлы жеңіс, ұлы жетістік. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған еркіндікті аңсаған жастардың бас көтеруі де, осы бір ұлы мұрат жолындағы жастардың, ата-бабаларымыздың арманын жалғастыруы еді. Әлі күнге толық өз бағасын ала алмай келе жатқан 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінде ыза мен кек кернеп, көкірегінде жалын атып, Мағжан Жұмабаевтың жырындағы арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын бойына жиып алаңға шыққан жастардың арасында да бүгінгі кейіпкеріміз Байзақ Әбдраймұлы да болды. Сол жылдары солақай саясаттың кесірінен бағасы басқа болған бұл көтеріліс, Тәуелсіздік алған соң басқаша өрбіп, қыршын кеткен жастарды ақтап, ерлік көрсеткен ұландардың қаһармандығын жазушылар көркем шығармасына қосып келеді. «Күнәдан таза басым бар, Жиырма бірде жасым бар, Қасқалдақтай қаным бар, Бозторғайдай жаным бар, Алам десең, алыңдар! Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар. Еркек тоқты – құрбандық, Атам десең, атыңдар!» - деп, алаңға шыққан батыл жүректі жастардың соңынан еріп, сол бір қырғынды кездерді көзімен көрген Байзақ 
      Әбдраймұлының құм астында жатса да шірімейтін алтын кездіктей болған жүрекпен жазылып жүрекке жеткен «жазбасына» кезек бергенді жөн көрдік.
      - «Ол жылы мен АЗВИ-дің 3-курс студентімін. Жасым 27-ге тақаған, үйленген, 2 баланың әкесі болатынмын. Империяның сан түрлі саясатына мен ғана емес кез келген қазақ іштей қарсы және қандай нәрсеге де даяр болатын, әрине, кейбіреулерін қоспағанда. Кітаптардан оқыған, әскерде көрген, тіл білмесе де шала сауаттанатын, сол тіл үстемдік алып тұрғанын кім ұнатсын.
      1986 жылы 16 желтоқсан түстен кейін сабақта отырғанда ұлы қайраткер, 50 жыл ел басқарған, елімізді қиын кезеңдерден алып шыққан Димаш Ахметұлы Қонаевты орнынан алып, аудан басқарған Колбинді әкеліпті дегенде бәріміз дүрлігіп кеттік, қызына сөйлеп жаттық. 
      Горный Гигантта келіншегім Қалипамен пәтер жалдап тұратынмын, 28 қараша күні екінші қызымды босанған. Желтоқсанның 17-сі күні № 2-ші автобуспен жөргекпұл аламыз деп шыққанбыз. Фурманов қазіргі Н.Назарбаев көшесімен жүретін. Алаң тұсына келгенде түрлі плакаттар ұстап тұрған 1000 қаралы адамдарды көріп, автобустан түсе солай қарай жүгірдім. 
      Бесін мезгілінде бір топ адам ішінде Нұраға бар халықты сабырға шақыруға келді. Бір сәт әлі күнге бойымды билейтін сезім бар асыл тұлға, аяулы азамат Нұрсұлтан Әбішұлы: «Неге өйтіп айтасыңдар жігіттер, біз бармыз ғой» деді. Сол кезде арасында ашулы, күйініп, жылаған сәтім де болған, маған күн жарқырағандай болды. Айналайын асыл Нұраға, сол сөзден кейін мен ол кісіні өмір бойы қастер тұттым. Арнайы «Нұраға» деген өлең арнап, 70 жасқа толғанында қара жорға ат сыйлап ол кісінің өтініші бойынша, атты сатып Шымкентте балалар үйіне ақшасын бердім. 3 хат келді көмекшісі М.Қасымбеков ағадан алғыспен.
      Біз жақ, негізінен құр қол 17-27 жас бірен-саран, аңғал албырт жастар, жігіттер мен қыздар болатын. Екі жақ желтоқсан көшесінің екі жағында, арасы 7-8 қадам қарсы тұрдық. Мен өзім спорттың самбо, дзюдо, каратэ деген түрлерін қатты меңгергенмін. Жастайымнан жылқы бағып әбден шыныққан, кез келген жерде де, әскерде де ешкімге есе жіберген емеспін. Желтоқсан оқиғасы кезінде сол алаңның қақ ортасында жүрдім. Соққы да алдым. Алаңға шыққан жалынды жастардың ұлт деп соққан жүрегі бәрін жеңіп, оқиға нәтижесінде ел басына қазақ азаматы отырды», - дейді әлі күнге сырын бүгіп жатқан тарих тасындай, сол бір қилы кезеңдер туралы естелігінде Байзақ Әбдраймұлы.
      Түнерген аспан ашылып, соңынан күн шыққан соң желтоқсан көтерілісіне қатысқан арда азаматтар ақтала бастады. Желтоқсанның дүмпуі, КСРО-ның іргесі ыдырап, Қазақстанның тәуелсіздік алуына алып келді. Міне, тарихи оқиға. Біздің кейіпкеріміз де осы бір тарихи оқиғаның ішінде болды. Тірі адам тіршілігін жасайды, 1989 жылы иститутты бітіріп келген соң Сызған совхозы тарағанша зоотехник, ферма басшылығында болды. Кейіпкеріміздің мамандығы туралы таратып айтсақ, «Медицина адамды, ал ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз ХХ ғасырдың басында Орта Азияда ветеринар дәрігер болып қызмет еткен ғалым, КСРО ҒА академигі Константин Скрябинге тиесілі. Адамзаттың саулығы қоршаған ортаның саулығына, әсіресе жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді. Бүгінде күллі дүниені бір тарының қауызына сыйдырған коронавирустың адамзатқа қайдан жұққаны нақты белгісіз, тіпті оның түрлі нұсқалар бар десек, оны нақтылап тереңдетіп зерттеп келгенде індеттің тамыры жан-жануарлар әлеміне жол сілтеп отырғаны айғақ. Вирусология мен ветеринарияның тоғысқан жері деуге боларлық нүктенің маңызын, әсіресе, осы бір қатерлі сәттерді адам баласы анық сезінді. Иә, бүкіл жер шары тұрғынының денсаулығы ветеринар-маманның да біліктілігіне байланысты. Оны былай қойғанда дастарқанымызға келіп түсетін мал өнімдерінен ғана емес, сонымен қатар жеміс-жидектерден дайындалған тағамдардың да адам денсаулығына зиянсыздығын анықтап, тұтынуға рұқсат беретін де – мал дәрігерлері.
    Бір қазаннан ас ішіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұжымдық тіршілікке үйреніп қалған тұрғындар санасын сілкіп, жеке кәсіпкерлікке ауысып жатты. Міне, сол кездегі көзі ашық, көріге ояу жандардың сапында болған Байзақ Әбдраймұлы да ата кәсіптің жібін жалғап, оның үстіне өзінің оң жамбасына келетін істі айналдырып алып кетті. Совхоз тараған 1996 жылдары құрылған «Ақбота» шаруа қожалығында болған 50 уақ мал, 10 шақты жылқы санының уақыт өте келе еселеп өсіріп, кәсібін ұлғайтты. 2004 жылы АЗВИ, кейіннен Қазақ Ұлттық зерттеу АГРО университетін 2007 жылы тәмамдаған Байзақ Әбдраймұлы мал дәрігері болып қызмет етіп келеді.
      Отбасында 8 қыз, сосын Таңнұр есімді ізін басар перзенттерін тәрбиелеп келе жатқан айбынды азамат. 
      - «Өз әулетіме 1995 жылдан басшылық етіп, ары-берісі мың адам, дұрыс жолда тәрбиеледім. Талай жиында, мінберлерде сөз сөйлеп, сан түрлі мәселелерді шешуге ат салыстым. Мөлдір, Меруерт, Ақбота, Перизат, Үміт, Ақниет есімді қызғалдақтарымның бәрі ЖОО оқыттым. 5 қызым да тұрмыста. Ал кіші қызым Шымкентте Медициналық академияда оқиды. Бәрі үлгілі. Ақжүніс оқушы. Кенже қыз Ұлжан 5-жаста , ұлымыз Таңнұр 3-те. Жасымнан арақ татпадым, темекі тартпадым, насыбай да атпадым. Әуелі Жаратқан иеме, екінші Нұрсұлтан Әбішұлына мың алғыс айтып бас иемін. Еліміз 1991 жылы тәуелсіздігін алып асыл адам Нұраға елді басқарып, алтын мемлекет құрды, кейде алып-қашпа сөз, қаңқу-саңқу, баяғы өткен, кешегі ауыр күндер қасында түк емес. Заман өзгеруде, жақсы, бұдан да жақсарады. 9 жасымда шешеме жаман әдетке жуымаймын деппін, уәдемде нақты тұрдым. Өмір жолымда жазушылар біздер жайлы 5,6 кітаптар жазды. 30-ға тарта өлеңдер жаздым, кейбіріне ән де жазылды. Біз шыдамды, тәуекелшіл, патриот екенбіз. Шекараны шегендеу 15392 км 9-шы орында жерді сақтау, ел тыныштығын бекемдеу, 40 жыл ел басқару оңай емес», - деп қызметіне де, өміріне де, Елбасына да ризашылығын білдірген Байзақ Әбдраймұлы түрлі марапаттарға ие болған мерейлі жан. Атап айтсақ, арнайы қоғамдық ұйымдар тарапынан екі мәрте «Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы» медалі кеудесіне мақтанышпен тағылса, Сызған ауылдық округі әкімінің және Созақ ауданы әкімдігінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
      Атқан таң іңірлене ұясына батып, сағат тілі тоқтаусыз айналып, уақыт өз дегеніне көндіреді. Десек те, ел үшін, жер үшін, қара халықтың қамы үшін алаңға шығып, кейінгі ұрпаққа тәуелсіздікті мұра етіп қалдыру мақсатында өмір сүріп, жүрген жерінде еркіндіктің, бейбітшіліктің, азаттықтың алтыннан да қымбет екенін насихаттап келе жатқан, парасатты жандардың есі ел жадынан ешқашан өшпек емес. Өткенімізге тәубе, бүгінімізге шүкір, ертеңімізге үмітпен қарайтын жастардың өсіп келе жатқаны – атаның баласы болса да адамзаттың қамын ойлап, ер намысы сынға түскен сәттерде суырылып алға шыққан, жүректі де білекті осындай ағаларымыздың арқасында. Сондықтан да ерлігі мен еңбегі алдағы уақытты әлі де толық бағасын алатын арда азаматтарға деген көрсетілер құрмет пен айтылар алғыстың шегі жоқ. Ата кәсіптің ізін жалғап, ұлттың болмысын ұлықтауда алдыңғы сапта бола білген Байзақ Әбдраймұлының өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, деніне саулық тілейміз! 
      Мақаламыздың соңын жүрегінен жарып шыққан, сонау отты жылдардың куәгері болған кейіпкеріміздің өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдік!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...