Айсұлу Жолдасбекқызы

Рейтинг:

Ажары таймаған - әдемі әйел әлемі

      Қазақ еліне жасаған еңбегімен қатар ер-азаматтарға бергісіз әскери шенділер қатарында нәзік жанды жаратылыс иелері қандай уақытта да болмасын кездеседі. Ер азаматтармен бірге иық тіресе ел ісіне батыл араласатын әйелдер арамызда бар. Көптеген нәзік жандылар әскери қызметтің тізгінін абырой-беделмен ұстап жүр. Әйелдер отбасының алтын қазығы, бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеген алтын құрсақты ана және қоғамда әлеуметтік орны бар тұлға. Кейіпкеріміз Айсұлу Жолдасбекқызы ер мейлі әйел болсын еліне адал қызмет етуі керек деген ұстанымда. Қайсар мінезді қазақтың қызы мықты маман екенін сөзімен емес, нақты ісімен дәлелдеген жан.
      Әскери зейнеттегі полиция майоры, бүгінгі таңда іскер әйел Айсұлу Жолдасбекқызы 1968 жылы 21 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Шалдар елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі – Жолдасбек Малтайтегі ауыл-аймағына сыйлы, беделді, еңбекқор азамат төрт ұлы мен қызын бауырмалдылыққа, ізгілікке баулып, тәлімді тәрбие беріп өсірген. Төрт ұлдың арасындағы жалғыз қызы Айсұлуын «жалғыз жапырағым, жалғызым, жалбызым» деп барынша еркелетіп, бетінен қақпай үшінші сыныпқа барғанша мойнына салып көтеріп мектепке апарған сәттері жиі болған.
      1982 жылы өмірден өткен әкесінің жарқын бейнесін кейіпкеріміз тебірене еске алады.
      - «Әкем Жолдасбек тұрғылықты мекенде сыйлы, танымал, абыройлы, беделді, ұсталығымен елге танылған азамат. Туған өлкеміздегі жалғыз көлік менің әкемде болатын, азық-түлік таситын. Шаңырағымыздың, отбасымыздың көші өзгелерден ілгері ешнәрсеге мұқтаж болмай өстік. Әкем ауыл-аймаққа көмек көрсетіп ағаштан есік-терезені өзі қолдан ойып жасап, ағайын-туыстарына салған үйдің биіктігі мен үлгісін әлі күнге елді араласа кезіктіруге болады. Әкем жиын-тойда қолына гармонын, баянын алып ән салып дүйім жұртты аузына қаратқан әнші, түр-тұлғасы келбетті азамат болды.
      Ия, әкем қайтыс болғанда жатқан мазарын бізге туыстары көрсетпеді, бес баласына бір уыс топырақ салдырмады. Арада 20 жыл өткен соң бауырларыммен әкемнің жатқан мазарын іздеп бардық. Туған жеріне, ағайындарға барып әкемнің басына көк тас қойып, басына белгі қалдырдық. Бір автобус болып қариялармен мазараттан келсек, бүкіл ауыл-аймақ жиналып қалыпты. Әкемді көзі көргендер мақтап, мені құшақтап, жылап көрістік. Бір таң қалғаным: «ұста Жолдасбектің қызы Астанадан келіпті», - дегенді естіген қарияларымыз менің қолымды алып, көру үшін төсекте жүре алмай жатқандар орнынан тұрып кетті», - дегенді жиналған дүйім жұрт айтып жатты. Ғажап оқиға. Сыйластықтың құдіреті күшті ғой. «Жақсы әке балаға қырық жылдық ризық» деп қазақ атамыз айтқандай, әкеміздің тәрбиесі қанға сіңіп, бойымызға тараған», - деп асқар тау әкесі жайлы ой толғайды.
      Анасы Базаркүл бес баласын бір өзі жеткізіп қатарға қосу үшін күндіз-түні бірнеше жерде жұмыс жасап еңбек еткен. Судың да сұрауы бар. Аяқ астында ат басындай алтын жатса да алмаңдар деп, балаларын адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелей білді. 
      Бес баламен қалған жап-жас, жесір келіншек басқа отбасын құрмай өз балаларына мейіріммен қатар қатаң тәртіпте ұстаған екен. Анасының түр-келбеті ажарлы, бітім болмысы келіскен, табиғи сұлу, шашы ұзын, бұрымды, ақылына көркі сай, талғаммен киіне білетін келіншек үнемі елдің назарында болған. Әдемілікті анасынан үйренген Айсұлу ханымның ажарлы және сұлулыққа жаны құмар болуы анасынан келген тектілік. - «Анашым тым қатал болды. Сол уақытта тіпті киноға құрбыларыммен сұрансам, анам: «Тұрмысқа шыққан соң күйеуіңмен қол ұстасып қайда барсаң да өз еркің, мен аманатымды күйеу балаға аман-есен табыстаймын», - деген. Анасының сөзінің мағынасын сол сәтте түсінбеген Айсұлудың дәл қазіргі кезде анасына деген алғысы шексіз және енді түсіндім дейді. Тіпті бірде күйеуіне ренжіп төркініне екі сәбиін жетектеп келгенде, анасы: «Сен маған қонақсың, сүйегің менікі, еті күйеуіңдікі, маған қайын жұртың жайлы жағымсыз пікір айтпа!» дегенде анасына ренжісе, қазір сол кездегі отбасындағы қиыншылыққа төтеп беруіне анасы көмектескен. Дәл қазіргі таңдағы жетістікке жетіп отырғаны да анасының даналығы, жеңісі, жемісі. Астанаға қолдау көрсетіп ақ батасын беріп, шығарып салған және соңғы демі қалғанша Айсұлуға сенім артқан жалғыз жан ол – анасы Базаркүл Мұсабайқызы.
      Айсұлу өзімен қатарлас құрбыларына қарағанда еңбекке ерте араласты. Тапқан табысын анасының қолына әкеліп беретін. Өзіне ай сайынғы табысынан бір көйлек алып, чемоданына салып жинай беретін. Жас күнінен алдағы болашағын ойлайтын ізденімпаз, ақылды да еңбекқор болған Айсұлу анасының қамын ойлап, 16 жасынан бастап, өзіне қажеттіліктерін жинады.
      Айсұлу Жолдасбекқызының еңбек жолын тізбектеп шығар болсақ, сол 1984 жылдан 1985 жылға дейін Шымкенттегі тамақ комбинатында ыдыс жуушы, 1985 жылдан бастап 1986 жылға дейін Алматы темір жолының Шымкент бөлімшесінің тауар кассирі, 1988 жылдан бастап 1992 жылға дейін СМП-711 сылақшы-моляршы болды. Түркістан қ., Ішкі Істер Басқармасы Күзет бөлімінде 1992-1999 жылдары кадр бөлімінің инспекторы қызметін атқарды.
      1985 жылы яғни 17 жасында Айсұлу қызмет бабымен кездейсоқ Түркістанның тумасы Әлібекпен тағдыр тоғыстырып танысады. 1986 жылдың сәуір айында сүйіктісі Айсұлу 18 жасқа толысымен үйленуге ұсыныс жасайды, келіспеген жағдайда алып қашатынын айтқан. Сонымен екі ғашық қол ұстасып Түркістанға аттанған. 27 жастағы ұлының шаңырақ көтергеніне ата-анасының қуанышында шек болмады.
      Кешегі ерке Айсұлу бүгінде бір әулеттің сыйлы да дана келіні атанады. Оның ішкі сезімі алдамады бүгінде елдің назарында жүрген бақытты шаңырақ иесі.
      Әлекеңмен 36 жыл бір шаңырақ астында ұл мен қызын тәрбиелеп, өсіріп жеткізген. Бүгінде алтындай алты немерелерінің қызықшылығын көріп отыр. Жан-жақты, жаңалыққа жаны құмар Айсұлу 1999 жылдың мамыр айында елорда іргесі көтеріліп жатқан уақытта Астанаға кетуге бел буып, әрекет жасады. «Астана саған қарап қалып па?» деген көптің мысқылына құлақ та аспады. Тіпті: «Терек бір жерден көгереді, жайлы жерден қоныс ауыстырып қайтесің, сенде барлығы бар емес пе?» деген жақындарының да ақылына тіл қатпай, жұбайына өзінің алдағы арман-мақсаттары жайлы түсіндіріп, шешімінің дұрыс болатынына сендіре алды. Айсұлудың сөздің емес, істің адамы екенін сол уақытта білген ер азаматы оны сөзсіз қолдады, бетінен қақпады, нар тәуекелге бел буды. Оқу-білімге құштар, заман ағысына қарай бірге жүзіп жүретін көзі ашық, көкірегі ояу жан 1998 жылы Шымкент қаласында сырттай жоғарғы оқуға заңгер мамандығына институтқа түсіп, 1999 жылы Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтына оқуға ауысып, «Заңгер» мамандығы бойынша дипломын алды. Заңгер жоғарғы оқуымен қатар қызмет пен отбасын қатар алып жүрген кейіпкеріміз Айсұлу – үнемі өзін алға қарай жетелеп, білімге деген құштарлығының арқасында Қарағанды экономикалық университетінің Астана қ., филиалын «Экономист» мамандығы бойынша бітіріп, екінші жоғарғы дипломын алды. Астаналық Айсұлудың елордалық еңбек жолы төмендегідей:
      ✦ 1999 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ әскери дайындық мектебінің тыңдаушысы;
      ✦ 1999-2000 жылдары Астана қ., ІІД ЖПБ 5 взводының жеке бөлімшесінің инспекторы;
      ✦ 2000-2001 жылдары Астана қ., ІІД ЖПБ жол полиция инспекторы қызметін 3 жеке взводта атқарған; 
      ✦ 2001-2002 жылдары Астана қ., ІІД ЖПБ ЖПЖБ жол полиция инспекторы;
      ✦ 2002-2005 Астана қ., ІІД ЖПБ ЖПЖБ 3 взвод құрамының аға инспекторы;
      ✦ 2005-2007 жылдары Астана қ., ІІД ЖПБ ЖПЖБ 3 взводтың оперуполномоченный қызметін атқарды;
      ✦ 2007-2009 жылдары Астана қ., ІІД ЖПБ ӘТБ «процессинг орталығының» инспекторы;
      ✦ 2009-2012 жылдары Астана қ., ІІД ЖПБ ӘТБ инспекторы;
      ✦ 2012-2016 жылдары Астана қ., ІІД ЖПБ ӘТБ аға инспекторы;
      ✦ 2016 жылдың желтоқсанында запастағы полиция майоры шенімен құрметті зейнеткерлікке шықты. 
      Кейіпкеріміз Айсұлу Жолдасбекқызының қызмет саласында жасаған ерен еңбегі басшылар тарапынан бағаланып, дәрежелі мәртебеге, марапатқа ие болған азаматша. 
      Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын кейіпкеріміз уақытпен санаспай қызметте қатарының алды болды. Елеулі еңбегі үшін бірнеше марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      ✦ 2004 жылы Астана қаласы Ішкі Істер Департаменті бастығының «Үздік қызметі үшін» грамотасымен;
      ✦ 2006 жылы «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен;
      ✦ 2009 жылы ҚР ІІМ «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен;
      ✦ 2010 «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне 10 жыл» мінсіз қызметі үшін III дәрежелі төсбелгісімен;
      ✦ 2013 жылы «Қазақстан полициясына 20 жыл» медалімен;
      ✦ «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде 15 жыл мінсіз қызметі үшін» ІІ дәрежелі төсбелгісімен марапатталды.
      ҚР ІІМ әскери қызметкерлердің біліктілігін өз қызметіне сай екендігін қатаң қадағалауға алған реформасы басталып аттестациялау жарияланған сәтте өз білімі мен қызметтік тәжірибесін көрсете білді. Басшылардың назарына іліккен А.Жолдасбекқызын кадрлық резервке қызметі жоғарылатылсын деген шешімге ие болады. Әрине, бұның барлығы үлкен еңбек пен салауатты біліктіліктің және білімнің жемісі.
      - «Еңбегіне сай жемісін көрген сәтте елордамыз Астанаға құжаттарымды құшақтап Астана қаласы, Ішкі Істер Департаментіне барған кезім әлі есімде дейді Айсұлу Жолдасбекқызы. Онда еліміздің әр өңірінен келген жүздеген арулармен бірге құжаттарымды дер кезінде талаптарға сай тапсырдым. Астана қаласының әкімі алыс-жақын шет елдік іс-сапарында әскери полиция әйелдердің қалаға ерекше көрік пен тәртіп орнататынына көз жеткізгендіктен осы жаңалықты қазақ еліне жаңашылдық ретінде енгізу мақсатында ІІД басшысына құрам құруды ұсыныс жасапты. Астана қаласы, Ішкі Істер Департаменті басшыларынан құралған комиссия мүшелерінің талабы өте жоғары болды. Елорда басшылығының жаңа қалада взвод құрудың мақсаты – жол бойындағы тәртіпті күшейтіп, жол қозғалыс ережесін реттеудегі арулардың көлік жүргізушілермен қатар жаяу жүргіншілермен қала тұрғындары арасындағы байланысты нығайту. Жол полиция қызметіне алынатын алғашқы қарлығаштардың жоғарғы білімімен қатар сыртқы келбетіне, түр-тұлғасына да аса мән бере отырып, білімді, білікті әрі бойшаң, көрікті арулар командасының құрамын құру болатын. Саптағы қыз-келіншектерді бір-бірлеп комиссия мүшелерінің алдына шақыртып жатты. Менің өмірбаяныммен танысқан басшылар көп ойланды. Комиссия мүшелері барлығы бір ауыздан: «Оңтүстік өңірді білеміз, ондағы ер-азаматтардың әйелдеріне полиция саласында жұмыс жасатпайды. Әрі отбасың және екі балаң бар екен, солтүстіктің суығы қатты қиындау болады саған. Баспанаң да жоқ екен. Екі баласы бар отбасылы әйелдің алдағы қызметте қандай қиыншылық күтіп тұрғанын түсінбей тұрған сияқтысың. Солтүстіктің суығына шыдамайсың. Келген жеріңе қайта ғой. Бұл қызмет сен үшін емес», - деген пікірлер айтылғанда мен: «Адамның жасағанын адам жасайды. Мен өзгелерден кем емеспін, қызмет қиыншылығынан бас тартпаймын. Тәжірибем бар, ауа-райы кедергі емес», - деп жауап қаттым. Бойымдағы үрейді, қорқынышты сездірмеуге тырыстым. Өзім іштей: «артқа шегінер жол жоқ. Мені бір қауым ел болып Астанаға туыстарым, отбасым, балаларым шығарып салып маған үлкен үміт артып, жолыма қарап жаңалық жақсы хабар тосып отыр» - деген ой санамда сайрап тұрды. Комиссия мүшесі өмірбаянымды тағы бір оқып шықты да, бойымдағы қатып қалған қайсарлықты сезді ме, соңғы шешімді Ішкі Істер Департаменті кадр бөлімінің басшысы өзі қабылдады. Құжаттарымды тапсырып, барлық талаптардан өтіп, қазақ еліндегі алғашқы 28 қыздан құралған құрам МАИ мемлекеттік авто инспектор қызметіне тағайындалдым. Астана көшелерінде тәртіп орната бастағаннан-ақ, біз жайлы халық жалпы қазақ елі жақсы пікірде екенін ақпарат құралдары арқылы жиі еститінбіз», - деп Айсұлу Жолдасбекқызы еңбек жолының бастауы жайлы ой толғады.
      1999 жылдың көктемінде келген едім, қараша айында қызметтік бұйрықпен бекітілуімнің себебі, «Үш ай казармада әскери білімімді шыңдап, арнайы жаттығулар мен дайындықтан өтіп, емтиханды абыроймен тапсырдым. Қызметке тағайындалған сәттен кейін елордасына отбасымды көшіріп әкеліп балаларымның құжаттарын мектепке тапсырдым. 
      Ия, «Біз енді Астаналықпыз!» деп жаһанға жар салып сүйінші сұрап қуанышымды бөліскім келген сәттер болды. Алғаш келген күннен-ақ әсем қала Астанаға ғашықпын. Күндер өткен сайын Астана әдемілене түсті, зәулім сарайлар мен ғимараттар көбейіп кеш батса болды жарқырап жанып, жайнап тұрады. Отбасымызбен жалдамалы пәтерде тұрамыз. Сырттан флягпен су, пешке шелектеп көмір тасып, отын жарып, от жағамыз. Сол кездері ұлым мен қызым: «Анашым, сен бізді қайда алып келдің. Қақаған аязда сыртқа дәретке далаға шығамыз, батпақтатып лайды кешіп мектепке барамыз, мен Шымкентке қайтамын» - деп маған ренішін білдірген кездері  де болды. «Әйел қырық жанды, қырық шырақты» деген емес пе?! Жұмыстан шаршап келгенімді білдірмей, отбасыммен шүйіркелесіп, жылынып шәй ішеміз. Отбасымды ұйықтатып, барлығын жайғастырып, түнделетіп ас дайындап қоямын, себебі, әскери қызмет болған соң кез келген уақытта «тревога» деп жұмысқа шақырады. Әскери қызметте қолымнан келмейді, білмеймін, мүмкін емес деген ұғым жоқ, талап барлығына бірдей.
      Астана қаласы, Ішкі Істер Департаменті Жол полиция басқармасында қыз-келіншектерден құралған құрамның 28 қыздың бірі мен болғанымды мақтан тұтамын. Астаналық алғашқы қарлығаштар, ала таяқты арулар МАИ қызметкерлері әйелдер взводы жол бойында қызмет атқарады, қақаған аязда суыққа шыдамай бағдаршам өшіп қалған сәтте жол апатын алдын алу мақсатында жол қиылысында регулировка бағдар жасап көлік кептелісін реттейміз. Қазір ойласам Отанға деген патриоттық сезім бе, қызметке деген серт пе, әйтеуір мен қызметімнің қиыншылығын және Солтүстіктің суығын сезінбедім. Жол қиылысында регулировкада тұрғанымда боранды аязды күні аузымдағы ысқырып тұрған ысқырық (свисток) ерніме жабысып қалатын сәттер жиі болды. Жол қозғалыс ережесін бұзған автокөлік жүргізушілеріне әкімшілік хаттама толтырып жазып тұрғанымда қаламсабым суыққа қатып қалып жазбай оны аузыма салып жылытып үрлеп жазатынмын. Қызметімді жақсы көргендіктен дәл сол жылдары оның қиындығын байқамадым. Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде халқыма, еліме адал қызмет еттім. Елімнің патриоты болғандықтан қызметімде кездескен қиындықтарға мойымадым. Зейнеткерлікке шыққан соң өткен өмірім жайлы көп ойландым. Артыма қарасам, мен жүріп өткен жол оңай болмаған екен. Суық аязды күндері қолымдағы қаламсап қатып қалады, оны аузыма салып үрлеп, жылытып, қолыммен ысқылап сыртта 
автокөліктің капотына әкімшілік хаттама толтыратынмын. Қызметтің талабы бойынша жүргізушілердің көлігіне отыруға болмайды ғой. Иә, әскери қызметте жүргенде өзімнің әйел екенімді мүлдем ұмытып кетіппін. Мінезім қатал болды, тіпті өзіме деген талабым жоғары болды. Айтылғанды дер кезінде уақытысында жасайтынмын. Айналамдағылардан да сондай тәртіпті талап ететінмін», - дейді кейіпкеріміз.
      Айсұлу Жолдасбекқызы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де тыным тауып отыра алмай, өзінің жанына жақын кәсіп жайлы көп ойланды. Денсаулығын дұрыстай жүріп, қоғамда болып жатқан өзгерістерге елдің қажеттіліктеріне зер салды. Әскери қызметтен зейнеткерлікке шыққан Айсұлу араға жылдар салып шет елдерге саяхат жасап өткен жылдардың орнын толтыру мақсатында азаматтық өмірге қайта қалыптасып, бейімделуде өзімен жұмыс жасап, ізденісте болды. Әскери
қызметтің ауырлығы денсаулыққа әсер етпей қоймасы анық. Сондықтан біраз уақытын емделуге жұмсады. Өзіне күтім жасап, денсаулықтың маңызын жете түсінген жан сұлулық саласына ден қоя бастады. Өзін жан-жақты дамытқысы келген Айсұлу ханым курс оқып, 2021 жылдың 14 қаңтарынан бастап визажист-маркетолог сертификатын алды. 5 наурызда басталған салонның құрылыс жұмыстары тамыздың 3-де бітіп, сән әлемі өз әлемінің әдемілігіне белсене кіріседі. Әрине, Айсұлу ханымға орта жасқа келгенде өмірді қайта бастау оңай болмады. Десе де, жаңалыққа, жаңашылдыққа жаны құмар, табиғатынан әдемілікті сүйетін бүгінгі күні осы салада жемісті еңбек етіп келеді. «Мен өмірде бәріне де үлгердім. Қызмет жасап та, білім алып, балаларымды тәрбиелеп, асыл жар болып та. Ал қазір сүйікті кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Әрбір әйел заты әдемі болып жүруі қажет. Өзі үшін де, ер азаматы үшін де әдемі қалпын үнемі сақтап, өз-өзіне қараған әйелдің бетінен ажары ешқашан таймайды», - дейді жаны сұлу Айсұлу.
      Өмірлік серігі Әлібек мырза отбасының отағасы еңбектің адамы, жеке кәсіпкер. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде де белсенді үлгілі жұп өздерінің өмірлерін әдемілікпен өрнектеген. «Көптеген отбасына біздің өмірімізден өздеріне қажетті қандай да бір өнеге алсын, бақытты жанұяның ошағын жағып, қалыптастырсын деген ниетпен өз өмірімізді әлеуметтік желіде бөліскенді жөн көреміз» - дейді 36 жыл отау құрып, өз өмірлік серігін жаңылмай тапқан Айсұлу ханым. Міне, осындай «Отбасым менің – жұмағым» деген ұстанымды ұстанатын отбасы бақытты шаңырақ деген атқа түбегейлі лайықты, үлгілі жанұя.
      Кейіпкеріміздің тағы бір қыры, суретке түскенді немесе тамаша табиғатты, айналасындағы әдемілікті кадрға алғанды ұнатады. Осы қабілетін дамыту үшін Астана қаласына алғаш келген кезде әдемі картиналарды түсіру үшін алтын әшекейін өткізіп, сапалы фотоаппарат сатып алған болатын. Фотоаппаратын әскери форманың қалтасына салып, жұмысқа жаяу бара жатып жол бойына әдемі ғимараттарды, таңғы разводқа жиналған әскери құрамды және басшыларымыздан бастап қызметтес әріптестерін суретке түсіретін. Иә, адамның қолынан келмейтін іс болмайды. Тек адамда ниет болуы керек.
      Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта келе, өмірдің қиындығына мойымай, бейнетінің зейнетін көріп, бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отырған Айсұлу ханымның өмір жолы үлгі аларлықтай мәнді де мағыналы.
      Ел игілігі үшін еңбек етіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған Айсұлу Жолдасбекқызы аяулы жар, ардақты ана, бүгінде 6 немеренің асыл әжесі.
      Айсұлу Жолдасбекқызы сіздің кәсібіңізге береке, деніңізге саулық, шығармашылық шабыт пен отбасыңызға шынайы бақыт тілейміз. Алда үлкен толағай табыстарға жетіп, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіз. Еліміздің тыныштығын өз кезегіңізде өміріңізден артық 
қойып, еліміздің өркендеуіне қосқан үлесіңіз үшін мыңда бір алғыс айтамыз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
6 апреля 2022 09:07
Айгуль

Керемет. Деніңіз сау болсын, жайнай беріңіз
25 марта 2022 18:05
Қалдыкүл

  Айсулу ханым керемет жазылған дүние екен!  Адал еңбегіңнің арқасында осындай мәртебеге жетудің өзі үлкен ғанибетқой 👍😍
Алла денсаулық берсін, ғұмырыңды ұзақ қылсын. Биік шыңдардан көріне беруіңе тілектеспін жаным!
20 марта 2022 08:24
Альмира

Мама 😘 біз сізбен мақтанамыз!Бұл тек бастамасы ғана болсын👏🏻 Сіздің күшіңіз,қайраттығыңыз, алғырлығыңыз бірнеше бизнес бастауға жетеді.Ең бастысы Алла денсаулық берсін, ғұмырыңызды ұзақ қылсын. 
19 марта 2022 11:27
Айдана Алимбекова

Айсулу Жолласбеккызы, сизге мын алгыс ел ушин кызметинизге. Сизге отбасынызга денсаулык, табыс, жаркын болашак тилеймин. Немере шоберелердин кызыгын кориниздер. Аркашан осылай елдин алды болып журе бериниздер. 
19 марта 2022 09:08
Жамиля

Керемет жазылған дүние екен! Мына жазбаны оқи отырып түсінгенім, адам баласы өз сүйген ісінің қаншама қиындығы болсада соған төтеп беретініне көзім жетті. Айсұлу ханым, ерен еңбегіғнің арқасында, кереметтей жетістікке жетіп, табандылық танытып діттеген межеге жетіп отырсың! Алдағы уақытта да, кереметтей өмірің гүлдей жайнап, биік шыңдардан көріне беруіңе тілеулеспін жаным! Мен саған ризамын!!! 🥰🥰🥰💐💐💐

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...