Имандосова Шахарзат

Рейтинг:
ШАХАРЗАТТЫҢ МИЗАМ ШУАҒЫ
 
Жаманның көңілі көкте, жерде басы, 
Алыс қой аңғарғанға екі арасы. 
Жақсының өзі кішік, ойы биік, 
Бірдей ме екеуінің мәртебесі?
Жамбыл Жабаев

      «Қазыналы Қазалы, ортаймаған қазаны» деп ақындар әнге қосқан қасиетті өңірден елге белгілі талай өресі биік ұл-қыздар түлеп ұшты. Сондай елге танымал нәзік жандылардың бірі белгілі кәсіпкер – Шахарзат Жұманқызы Имандосова. Ол қай жерде, қай қызметте болмасын ел арасында беделі жоғары, абыройы асқақ. Әр сөзін байыппен, әрбір ойын салмақпен жеткізетін, бойындағы кішіпейілділік пен қарапайымдылығы, ұстамдылығы, қоғам алдындағы адал қызметі таза табиғатын танытатын Шахарзат Имандосованың жас буынға айтары бар ақылшы апа, жанашыр дос бола білгендігін мақтанышпен айтуға болады.
      Имандосова Шахарзат 1958 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майлыбас ауылында дүниеге келді. №420 қазақ орта мектебінен білім нәрімен сусындаған Шахарзат жақсы оқуымен, үлгілі тәртібімен ерекшеленетін. Барлық пәндерден үлгірімі жақсы болды, әсіресе, есепке жүйрік болатын. Тұлымшағы желбіреген жас қыз Шахарзат өскенде адам жанының арашасы дәрігер болуды армандайтын. Ақ халатты абзал жандарға қызыға қарайтын. Дегенмен, мектеп бітіретін кезде ата-анасының «Бір баламыз біздің жолымызды қуып, сауда саласында жүрсе...» деген тілегін ескеріп, басқа саланы таңдады және бұған еш өкінген де емес. 
      Шахарзат Жұманқызы 1975 жылы Қарағанды кооперативтік институтына оқуға түсіп, аталған оқу орнының “экономика” факультетін ойдағыдай бітіреді. Еңбек қызметін Қазалы аудандық тұтынушылар одағы кооперативінде тауартанушы болып бастап, қайнаған еңбекке қызу араласып кетеді. “Жас келсе, іске” дегендей, жалын атқан жастықтың әсерімен таңды таңға ұрып, уақытпен санаспай еңбек еткен бойжеткеннің бойынан еңбексүйгіштік, жинақылық, ұқыптылық, табандылық, өз ісіне деген адалдық айқын аңғарылады.
      «Халық қатесіз сыншы» емес пе, жігерлі жастың талабын байқаған басшылық Шахарзат Жұманқызының екі жылдан кейін жоспарлау бөліміне ауыстырады. Ол бастапқыда тұтынушылар одағының басқарма мүшесі, 1983 жылдан бастап Қазалы тұтынушылар қоғамының төрайымы болып қызмет атқарады. Жауапкершілігі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өз ісіне тиянақты жан  Шахарзат Имандосова осы жылы Кеңес Одағы коммунистік партия қатарына қабылданады. Ол кезде партия мүшесі болу үлкен мәртебе, оның тағылымдық жақтары мол, адамды ылғи қайнардан нәр беріп қуаттандырғандай, алға тартып, жігеріңді жани түседі. Парасатты қарым-қатынас, ынтымақты еңбек пен ұжым алдындағы абырой-беделі күн санап артып келе жатқан Шахарзат Жұманқызы 1992-2000 жылдар аралығында поселкелік тұтынушылар қоғамының төрайымы қызметін жоғары деңгейде атқарып, жақсы жұмысы өзінің лайықты бағасын алып, «Сауда қызметінің үздігі» атанады.
     Өмір жолы үнемі даңғыл бола бермейді, тіршілік аспаны үнемі шайдай ашық болмайды. Кей кездері бұлттанады. Табиғаттың ақ, қара бояулары, күнгейі мен көлеңкесі, қараңғысы мен жарығы алмасып жатады. Сол сияқты адам өмірінде де “бұлтты күндердің” болуы заңдылық. Сонау сексенінші жылдардың ақ кезінен басталған “тоқырау кезеңі” есіктен емін-еркін енген алмағайып кезең басталған еді. Нарықтық қатынас жағдайында қалыптасқан қиыншылықтарға көз жұмып қарауға болмайды, онымен күресе білу керек. Көбіне заманның осындай өтпелі кезеңінде дағдарысқа ұшырап, салы суға кетіп, не істерін білмей, тығырықтан шығар жол таппайтындар қаншама! “Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе, кызықпа, оңғаққа ерме” деген данышпан Абайдың ұлағатты сөзімен қанаттанған Шахарзат Жұманқызы “суға кеткен тал қармайды” деп, әр істің басын шалмады, қайратын бойға жинап, жігерін тасқа жанып, нарық “әліппесін” меңгеруге бел шеше кірісіп те кетті.
      Біраз ойланып, ақылға сала келе, алдымен бұрынғы әмбебап дүкенді жекешелендірді, сосын оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, халықтың қуанышын тойлайтын «Ақтілек» мейрамханасын ашып, көпшілік игілігі үшін сапалы қызмет көрсетуін бастады. Кейінірек осы мейрамхана жанына қонақ үйдің әсем ғимаратын тұрғызып, оны да іске қосты. Қай істің де қыбын тауып, басталған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын Шахарзат Жұманқызы мемлекеттік тапсырыс арқылы бірталай мекемелерді азық-түлік және халық тұтынатын тауарлармен қамтамасыз етуді де қолға алып, оны да осы кезге жүйелі түрде жүргізіп келеді. 
      « - Өз басым өмірде оңай жолмен табысқа жетуге болатынына сенбеймін. Нарық жағдайына бірден бейімделіп кеттім деп те айта алмаймын, себебі мен Кеңес үкіметі тұсында тәрбиеленген адаммын. Онда бәрі басқаша болатын, бәрі жоспарлы және жүйелі болатын. Кесімді айлық алып, ертеңгі күнге алаңдамайсың дегендей... Десе де заман ағымына қарай бейімделу керек болды. Бауыржан Момышұлы ағамыз айтқан «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» деген пікірі өміршеңдігін еш уақытта жоймайды, себебі бұл - даусыз шындық. Еңбек нарығындағы сұранысты ескеру қажет. Ең бастысы – мақсатқа талпынып, көздеген нәтижеге жетем деп ұмтылу қажет. Егер жоспар сауатты түрде жасалып, ағымдағы немесе басқа да ресурстарды, адамдарды тарта білсеңіз, бәрі есептелініп қойылса, онда, меніңше, міндетті түрде ойлағаныңыз іске асады. Осы заманғы ұшқыр уақыттың әр минуты алтыннан да ардақты. Осы уақытты тиімді пайдаланып, бос сөз, орынсыз демалысқа орын қалдырмау керек», - дейді жетістікке жетудің сырын ашқан Шахарзат Жұманқызы. 
      Еңбектің құдіреті деген құдірет бар өмірде. Еңбекті өзімен егіз еткен, сол арқылы бизнес әлемін бағындырып, «Үздік кәсіпкер» атанған Шахарзат Имандосоваға дегдарлық, бекзаттық қасиеттер қайдан дарыды деген сұраққа жауап берсек дейміз. “Тек” деген сөз қазақта тегін айтылмаған. Жақсының “тегі” жақсы деп жатады, ендеше, Шахарзат Жұманқызы текті әулеттен екен. Қасиет қонған  Қазалы жерінде дүниеге келген ата-анасы еңбегімен елге танылып, ғибратты ғұмыр кешкен жандар болатын. Ардақты әкесі Жұман Имандосов елдегі шикізат дайындаушы кәсіпорында жұмыс жасаған өте еңбекқор, мейірімді, көпшіл, жан-жағындағы адамдарға көмек қолын созуға дайын тұратын ағеден жан еді. Аяулы анасы Бейсенбаева Хадиша сауда саласында жұмыс істеген. Барынша ұсынықты, тазайым, ісмер жан, талапшыл әрі темірдей тәртіптің адамы болатын.
      Үйде де, түзде де бір мінезден айнымайтын анасы Хадиша жұмысын жақсы атқарып қана қоймай, үй шаруашылығын да дөңгелетіп отыратын, бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлетін пысық, алғыр болды. Ұл-қыздарын жастайынан еңбекқор етіп тәрбиелеген ата-анасы балаларына жастайынан үй шаруашылығының қыр-сырын меңгертіп, бос жүріске тыйым салатын қатаң тәрбие бағытын ұстанды. Кішкентай кезінен бастап Шахарзат та басқа балалар секілді үй шаруасына ерте араласып, үйді таза ұстап, қонақ күтуге дағдыланды. “Қырықтың бірі - Қыдыр” деп қарайтын отбасында дастархан жиналмайтын. Ойлап қараса, бұл да ата-ананың балаларына көрсеткен өнеге мектебі екен. 
      Баланы үлпілдете бермей, ыстық-суыққа, бар-жоққа бірдей тәрбиелеп, өмір сүруге, нан тауып жеуге қабілетті етіп өсірген ата-анасы  хакім Абайдың «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген қанатты сөзін басшылыққа алып, үнемі жоғары білім алудың керектігін айтып отыратын. Осындай тәлімді тәрбие алған ағайынды жеті бала өмірлік мұраттарын айқындап,әқайсысы өз саласының майталман шебері болып жетілді. Ата-ананың көп жылғы еңбегі еш кеткен жоқ, үміттері ақталып, бейнетінің зейнетін де көру де бұйырды.
     Шахарзат Жұманқызы 1992 жылы поселкелік тұтынушылар қоғамының төрайымы болып жүрген кезінде қызмет бабы өзі қатарлы Сахитжанмен тоғыстырады. Сахитжан Айболатов сол кезде колхозда мал дәрігері болып жұмыс жасаған. Бірін-бірі түсініскен жандар бір болуды қалап, шаңырақ көтереді. Ата-анасына шадыман шаттық сыйлап, 1993 жылдың қараша айында Аятбек атты ұлдары өмір есігін ашады. Шахарзаттың отбасылық өмірі 5-6 жыл ғана болса да, ол өзін бақыттың бал дәмін таттым деп санайды. Құдай қосқан жары  дүниеден озғанда, ұлы Аятбек бар-жоғы 4 жаста еді. Аллаға шүкір, «Орнында бар оңалар» дегендей, асыл азаматтың ізбасары бүгінде ат жалын тартып мінер азамат атанып, өзі де отбасын құрған.
      Аятбек Сахитжанұлы еліміздің бас қаласы Астанада оқып, қаржыгер мамандығы бойынша білім алған. Аятбек 2016 жылы өзінің өмірлік жары Назеркені кездестіріп шаңырақ көтеріп, отау құрды. Көрегенді отбасынан шыққан Назерке келін боп түскеннен бастап, бұл шаңыраққа құт-береке де келіп кірген. Құдай қосқан құдалары да өсіп-өнген өнегелі жандар, Қазалы ауданына танымал кәсіпкерлер. «Бүгінгі күні ұлым мен келінім қасымда жүріп, маған демеу болып қана қоймай, кәсібімнің қыр-сырын меңгеруде. Болашақта ісімді жалғастыратын балаларымды көріп қуанамын. Ұлымның келешегін ойлар ақылды азамат болып қалыптасып келе жатқанына, келінімнің мейірімді, ізетті жан болып шыққанына қуанамын,  Аллаға шүкіршілік етемін! Ендігі жерде осы балаларымның бақытын қызықтап жүре берсем, үйдің іші жанға толса деп тілеймін...» дейді бақытты ана қуанышын жасыра алмай.
      Қазір мемлекет тарапынан жеке және шағын кәсіп бастаушыларға барлық жағдай жасалған деген пікірді қуаттайтындардың ішінде белгілі кәсіпкер Шахарзат Жұманқызы да бар. Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал оны жасау қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу азаматтық парызым деп білетін Шахарзат Жұманқызы  мұқтаж, көңілі жарым жандарға үнемі қол ұшын беріп келеді. Қашанда алған қолдан, берген қол қайырлы. «Қайырымдылық жасау – ізгі қасиет» атты акциялардың белсенді ұйымдастырушыларының бірі Ш.Имандосова әлеуметтік жағдайы төмен жандарға қыс айларына жететін көмір, отын және азық-түлік өнімдерін, тұрмысқа қажетті заттарды молынан үлестіріп, мұқтаж жандардың ризашылығына бөленіп жүр.
      Әлімсақтан бері кәрі болсын, жас болсын жылдың жанға да, көңілге де жайлы шағы – мизам шуақты жақсы көреді. Оның ойға да, бойға да жағымды әсері бар. Бір жағынан көңілің сергиді, ойың өрбиді, жаның жадырап, жайнап кетеді. Мизам шуақ – жаз өтіп, қоңыр күз басталған шақ. Шахарзат Жұманқызы да алтын күзді ұнатады, себебі қазіргі өмірі де берекелі, мерекелі, мәуелі күзге ұқсап, жемісін беруде. Яғни, өз өмірінің мизам шуағына бөленіп жүр. Осы тұста Әбу Насыр Әл-Фарабидің: «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса - адамгершілік ұтады» - деген сөзі еске түсіп, кейіпкеріміздің осы қағидаға сай екенін атап өткіміз келеді.
     Сөзімен ғана емес, ісімен де халық көңілінен шығып, басқаларға үлгі болып, өнеге көрсетіп, қарым-қатынас жасаудың, дұрыс сөйлеудің жөн-жобасын көрсетіп жүрген жан бизнес әлемін бағындырып, кәсібін өркендетіп, халық игілігі үшін қызмет етіп келе жатқандардың бірі - Имандосова Шахарзат Жұманқызы десек, артық айтқандығымыз емес. “Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын” дегендей, өнегелі адамдардың өмірі жайлы жазып та, айтып та жүрсек, жастар зердесіне құя берсек, одан ұтпасақ, сірә да ұтылмаймыз!
 
 
 
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости