Кішкенбаева Гүлмира

Рейтинг:
 
Өмірі қазына, көңілі дария
 
Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем? 
Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен. 
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, 
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.  
Төлеген Айбергенов
 
      Тіршілік  несімен   бағалы? Тіршілік - қиян-кескі күреске толы көп бұлтақты, кедір-бұдыр тар соқпағымен бағалы. Ойлап көрсек, қызыл иегі көрінген шиеттей сәбиден басқа көз алды шыланбаған, көңіліне қаяу түспеген кім бар бұл дүниеде?! Тағдыр - тұтас тіршілікке ортақ өзгермес заңдылық десек те, соның ішінде, әсіресе, адам баласының өзі аңсаған арманы мен бақыты жолында аумалы-төкпелі күндерді бастан кешуі, әрі оның көп жағдайда басқалар жағынан түйіні шешілмес тұңғиық сыр болып қалуы таңданарлық іс емес.
      Ал, нағыз қажырлы жан иесі сондай қиын тағдырдан тек өзіне ғана тән жолмен жүріп өтіп, алға қойған мақсатын іске асырып, биік белестерді бағындырып, көпшілік құрметіне бөленеді. Бүгінгі бізді тәнті етіп отырған кейіпкеріміз де соған сай келетін, ауыз толтырып айтуға татырлық нәзік жандылардың бірі - Кішкенбаева Гүлмира Үсенқызы. 
      Бүгінде белгілі кәсіпкер атанып, еселі еңбектен өмірлік бақытын тапқан Гүлмира Үсенқызы 1962 жылдың 22 желтоқсанында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жетікөл ауылында дүниеге келген. Адамның бала күнінде көргендері, көңіліне түйгендері өмір бойына санасынан өшпейтіні анық. Адам бойындағы ізгі қасиеттер, ең алдымен ананың сүті, атаның қаны арқылы бойға дариды. Тектілік – адам бойындағы бар ізгі қасиеттердің, көркем мінездің жиынтығы. Тектілік дегеніміз – ата-анаңның тәлімді тәрбиесін бойға сіңіру, туған-туыстарыңа қарайласып, айналаға мейірімді болу, қай істе болсын ірілік таныту. Ал, мұндай мінез адамға, біріншіден, ата-анасынан, бабасынан дарыса, екінші жағынан, тәрбиемен келеді. Өзін-өзі тәрбиелеуі арқылы да адам жақсылық жасай алады, ізгілікті тарата алады. Әркім – өз амалының тұтқыны десек, кішкентай жақсылықтары арқылы өзгелерге көл-көсір пайда тигізіп, тектілік, көргенділік танытуға болады.
      Атам қазақ «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады» деп бекер айтпаса керек. Гүлмираның әкесі Үсен Кішкенбаев Жетікөл ауылында 4 жылдық мектеп ашып, 16 жасында директор атанған. Бозбала болса да рухани қуатты адамдардың қатарына жататын әкесі ұстаздық жолды басқа қызметтерге жалғастырды. Совхозда экономист, кассир қызметтерін атқарып, кейінірек мал бордақылау пунктінің төрағалығына тағайындалған Үсен ағамыз бұл қызметті де абыроймен атқара білді. Үсен Кішкенбайұлы мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіптің жандануына өзіндік үлесін қосқан жан. 
      Мал шаруашылығын өркендетуде ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесін басшылыққа алып жұмыс жасаған Үсен ағамыз: «Ауылдың дана қарттарын өз басым кейбір академиктерге айырбастағым келмейді. Олар өмірді терең зерттеген жандар... Бір саланың ғана жілігін шағып, майын ішкен кейбір ғалымдардан гөрі олардың сан қырлы білігі, талғамы, таразысы мені тәнті ететін. Олар шөптің, жәндіктің, желдің, судың, топырақтың тілін білуші еді. Малдың күйін, күтімін олардан артық білемін деп кеуде соғу тіптен ағаттық», - дейді өз әңгімесінде.
      «Үйлену оңай, үй болу қиын» міне, бұл өмірдегі өзгермес ақиқат. Шынтуайтында, бір жаңа отаудың уығын шаншып, оның отымен кіріп, суымен шығу, болмаса, еңсе көтеріп ел қарасына ілесу біріншіден, іскерлікті қажет етсе, екіншіден, асқан қажырлылық пен аңғарымпаздықты қажет етіп тұрған сөз. Әкесі де, анасы да отбасын құрудың, ұрпақ өсірудің жауапкершілігін жас та болса, терең сезінген жандар болатын.   
      Ата-анасы өте қонақжай адамдар еді. Ағайын-туыстары, құда-жекжаттары, жора-жолдастары бірі келіп, бірі кетіп жататын. Қай кезде де марқұм анасы Мария солардың бәрін қабақ шытпай қарсы алып, күлімдеп шығарып салып жүретін. Мария анасы әркез қосағын құрмет тұтатын. Әрі балаларынан да осыны талап ететін. Келіндеріне әрдайым «Ер-азаматыңды құрметтеп, отбасын қадірлей біл!» десе, ұл-қыздарына «Әкеңді, бауырларыңды сыйла» деген сөздері балаң Гүлмираның көкірегінде жатталып қалды. Марқұм анасы Ләйлі мен Берік атты немерелерін өз бауырына салып, тәрбиеледі, өзінің әжелік қамқорлығын көрсетті. Бала тәрбиесіне жауапты әрі бала жанының бағбаны болған асыл анасына Гүлмира апайдың айтар алғысы шексіз.
      Гүлмира Үсенқызы №1 темір жол мектебін бітіргеннен кейін бірден еңбекке қызу араласып кетті. Қызылорда қаласындағы АТП-1 мекемесінде аспазшы болып жұмыс жасағаннан кейін 1981 жылы туған ауылына қайта оралып, Жетікөлдегі балабақшаға тәрбиеші болып орналасады. Кейінірек, яғни  1984 жылы Сырдария ауданы, Киров ауылы, Бесарық бөлімшесінде аспазшы, 1986 жылы ата кәсіп мал шаруашылығы саласына келіп, сауыншы болып жұмыс жасайды.
      Қазақ жұрты – ежелден малсақ халық. Қазақтың ықылым заманнан тыныс тіршілігі, күн көрісі өзі қадірлейтін төрт түлікке, оның өсіміне, өніміне байланысты болғаны рас. Сонымен бірге халық арасында «мал-жанды» қатар сұрастырып жатуы да төрт түліктің тіршілігіне бей-жай қарамайтындығын көрсетсе керек. Тәуелсіздікке қол жеткізген сонау тоқсаныншы жылдардан күні бүгінге дейін мал шаруашылығын жүйелі түрде дамыту, мал басын көбейту, оның сапасына мән бере отырып, тұқымын асылдандыру ісін қолға алғандар қатарында ерлі-зайыпты Жалекеевтар отбасы да болды. Бүгінгі заманда қазақ үшін ата бабасы ерекше қадірін білген мал өніміне қатысты көзқарасты одан сайын тереңдете түсетін уақыт жеткенін түсінген Жұмабай Жалекеев пен Гүлмира Кішкенбаева мал шаруашылығын меңгеруге бел шеше кірісіп те кетті. 
      Гүлмира үшін бұл сала бала күнінен таныс, етене жақын. Әкесі Үсен Кішкенбаевтың салып кеткен сара жолы мен ақыл-кеңесін басшылыққа алған қайратты жас ата кәсіптің қыр-сырын меңгеруді мақсат етті. Екеуі қол ұстасып Киров совхозының Бесарық бөлімшесіне келді. Отағасы Жұмабай бақташылыққа барса, зайыбы Гүлмира алдымен асханада аспаз болып, кейін сауыншылық жұмысқа ауысты. «Елге мал көптік қылмайды, Жерге тал көптік қылмайды» деген  тәмсілді жүрегімен қабылдаған Гүлмира Үсенқызы қиын істің қыбын тауып, жойқын күш-жігерін аямай күндіз-түні еңбек етті. Ер азаматтың қиылған қанаты мен қайырылды деген құлашын қайта жайдыратын да, тұз татыған өміріне бал жағып, сөніп қалған үміт отын қайта үрлеп жандыратын да, тегі таяздың тегіне қасиет дарытып, көңілін көктем ететін  әйелдер де болады. Міне, осындай әйелдердің бірі – Гүлмира Үсенқызы десек, артық айтқандығымыз емес. Жұмабайдың жігерін жанып, тұралап тұрған шаруашылықты алға сүйреу үшін аянып қалмағаны анық.
      Өмір – үмітпен жасауды өзгермес заң етеді. Қуансаң, құдды қиялда айтылатын ғаламат бейіш тәрізді  қамықсаң, түңісең күн батып таң атпайтын тастай қараңғы түн сияқты. 2000 жылы жан серігі Жалекеев Жұмабай бақиға аттанғанда, келешек есігін айқара ашып, жол көрсеткен де - осы үміт қой...
      Бес баланың анасы болғандықтан, белін бекем буды, ендігі жерде балалары үшін әрі ана, әрі әке болатынын, осы міндетті адал атқару үшін өзіне үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінді. Хакім Абайдың «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме» деген ұлағатты сөзінің мәнін ұқты, тек алға қадам басуға тастүйін бекінді. 
      Кәсіпкерлікті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуге бет алған Қазақстан үшін кәсіпкерлікті даму мәселесі – өзекті мәселелердің бірі. Мемлекеттің кәсіпкерлерге арналған бағдарламаларын зерделеп, өзінің мүмкіншіліктерін ой елегінен өткізген Гүлмира Үсенқызы ендігі жерде өз кәсібімен айналысуға шешім қабылдайды. 2013 жылы «Жұмабай-Ерхан» шаруа қожалығын құрып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі.
     – «Шындығы сол, жеке кәсіпкерлікті қолға алған алғашқы жылдары істің мәнісін білетін көмекшімнен басқа жанымда ешкім болған жоқ. Дегенмен, «Тәуекел түбі-желқайық, өтесің де кетесің» деп, қолға алған ісімізді қиындықтарға қарамастан жүзеге асыруға бел будық. Кез-келген шаруашылықты жандандыруға, тұралатуға да болады. Бәрі де адамына байланысты. Меніңше, сенімі күшті адам өзгелерді де соңына ерте алады. Ал, жаңбыр жаумай су болып отыратын, қолға алған ісіне күдікпен қарайтын, ісінен жақсы нәтиже шығарына сенімі жоқ адам ештеңеге қолы жетпей, орта жолда қалып қояды. Сонау тоқсаныншы жылдары біздің елімізді ғана емес, әлем елдерін тығырыққа тіреген экономикалық дағдарыс толқыны біздің жеке қожалығымыз тәрізді шаруашылыққа жеңіл тиген жоқ. Дегенмен, дағдарыс жағдайындағы қандай қиындықты да жеңіп шығу үшін, бәріне төзімділік таныта білдік. Содан бері бірнеше жылдар өтіп, біздің шағын кәсібіміз  ел нарығынан берік орын алып, мал шаруашылығының дамуына өз үлесін қосумен қатар, іргелі де ауқымды шаруа қожалығына айналды».
      «Сыбаға» бағдарламасының мақсатқа жетудің тиімді жолы екенін түсінген Кішкенбаева Гүлмира ет бағытындағы ірі қара малының экспорттық әлеуетін арттыруға байланысты күрделі жоба жасайды. Жоба негізінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы берілетін несиені алып, ойға алған мақсатын жүзеге асыра бастайды. Төмен пайызды несие алудың нәтижесінде шаруашылыққа қажетті 32 бас  ірі қара, 2 бас асыл тұқымды бұқа алып, кәсібін одан әрі дамытуға мүмкіншілік алады.
      Төгілген тер, ұйқысыз түндер, қажырлы еңбек арқылы қол жеткен табысты еселей білген жөн. Малдың жем-шөбіне қаражат шығындамай, өз ішінде дайындауды қолға алған Гүлмира Үсенқызы бұл істе де табандылық танытып, алға қойған мақсатына жетеді. 20 гектар жерге жоңышқа егіп, жем-шөп мәселесі шешілгеннен кейін, шаруашылық алға басып, ірі қара мал саны 92 басқа жетіп, осының арқасында 5 адамға тұрақты жұмыс көзі табылды. 
      Бір өзі бірнеше саланың басында жүретіндер бар. Бір қызығы, барлығына үлгереді, істеген ісі тиянақты. Мұндай жандарды көріп, көңілің марқаяды. Гүлмира Үсенқызы тек мал шаруашылығы саласымен айналысып қоймай, кәсіп көкжиегін кеңейтіп келеді. Ол мейрамхана ісін де қолға алып, 250 адамдық мейрамхана ашып, 15 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар сүт өнімдерінен йогурт жасап шығаратын цех ашуды да межелеп қойған, бұл жоспардың да жүзеге асатын күні алыс емес.
      Қайырымдылық - көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық - адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Үлкен байлықпен адамға үлкен қайырым бітпейді, керісінше, үлкен қайырымдылық - жинаған байлығыңды абыройлы етеді. Қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды. «Қолы ашықтың-жолы ашық» деп атам қазақ бекер айтпаған. Қасиеттi Құранда: «…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi», – делiнген («Ниса» сүресi, 127-аят). Демек, қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды. Гүлмира Үсенқызы айналасындағыларға тек жақсылық ойлап, оларға мейір-шапағатын төгіп, жанашырлық, қамқорлық, қайырымдылық  жасауға әзір тұрады, әркімге әдеппен, ізетпен, инабатпен қарайды. Тұрмысы төмен, көмекке зәру жандарға қол ұшын беру парызым деп білетін жан өзгенің жоғын түгендеп, барымен бөлісуден шаршаған емес. Жалғыз басты аналарға, асыраушысынан айырылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға азық-түлік, киім-кешек, отын-судан қарасып жүреді. Жағдайы өте төмен бірнеше отбасының балаларын өз қамқорлығына алып, оларға барынша жағдай жасап келеді.
      Ақсуат ауылында Жалекеевтар отбасын бірлігі жарасқан берекелі шаңырақ ретінде құрметтесе, осы шаңырақтың отанасы Гүлмира апайды мейірімді, озық ойлы, өресі биік, жүрегі дархан жан есебінде қадірлейді. Қашан көрсең де елдің қамын ойлап, игі істердің басында жүретін Гүлмира Үсенқызы жыл сайынғы ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясының тұрақты қатысушысы, бала біткеннің қамқор анасы.
      Баланың адам ретінде қалыптастыруда, ержетіп, азамат болуына, олардың жанына азық, бойына қуат, өнеге беретін аялы алтын дінгегі – ата-анасы. Тіршіліктегі барлық нәрсенің бір-бірімен сабақтас болғаны сияқты, баланың бойындағы, әдетіндегі небір жақсы, жаман қасиеттің көздері осы кісілерде. Гүлмира Үсенқызының ана ретіндегі үлкен мақсаты - балаларын үлкен әріппен жазылатын азамат етіп тәрбиелеу. Осы істе табысқа жету үшін 5 перзентін ерінбей еңбек етуге үйретіп, айналасындағы адамдармен  сыпайы қарым-қатынас жасап, өз ісіне есеп беруге, заңды сыйлауға, өз құқығын қорғай білуге, соңында өзін-өзі тәрбиелеу білуге үйретіп, күнделікті өмірінде дос, сырлас болды. Балаларын тәрбиелеуде асыл анасы Мария үнемі ақыл-кеңесін айтып, бағыт берер шамшырағы бола білді. Өзіне тағылымды тәрбие берген анасы немерелеріне де көпшіл, ақ жарқын, ұстамды, жинақы, жауапкершілігі мол етіп тәрбиелеуге барын салды.
      Белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері атанған Гүлмира Үсенқызы бүгінде бақытты ана, сүйікті әже қатарында. Балалары аналарының үкілі үмітін ақтап, әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, түрлі салаларда қызмет етіп, аналарын алақандарына салып аялап отыр. Бақытын еңбектен тапқан жан немерелерінің қызығына тоймай, солардың тілеуін тілеумен жүр.
      Отбасының тұңғышы Берік Жұмабайұлы ата-баба кәсібін жалғастырып, мал шаруашылығында жемісті еңбек етуде. Ол «Бесарық» кешенінде төрт түлік мал басын көбейтуде. Берік шаңырақ көтеріп, отбасын құрған. Шаңырақтың тұңғыш келіні Сағындықова Жадыра ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі. Екеуі отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
      Қыздары Ләйлә Жұмабайқызы «Болашақ» университетінде есепшілік қызметте. Ләйлә өз теңін тауып, тұрмыс құрды. Жолдасы Мырзаев Ерік құқық қорғау органдарының қызметкері. Жарасымды отбасында бір ұл, екі қыз өсіп келеді.
      Екінші ұлы Серік Жұмабайұлы ата дәстүрін жалғастырып, асқар тау әке мен кеңпейілді ананың ізін басып, отбасылық кәсіпті абыройлы атқарып жүргендер қатарында. Қазіргі кезде Қызылорда қаласында тұратын Серік өзінің екінші жартысын тауып, отбасылы. Зайыбы Аида екеуі шаңырақта қызғалдақтай үш қыз бен атұстар ұлға тәлімді тәрбие беріп, үлгілі отбасы атанып  отыр.
      Өркендеудің кілті – өміршең кәсіпті игеру, өз туған жеріңе адал қызмет етіп, кәсіптің заманауи түрлерін меңгеру. Заман талабына сай жеке кәсіптің бел ортасында жүрген осы шаңырақтың тағы бір ұлы Бағдат Жұмабайұлы қуаныш пен шаттыққа арналған  салтанат сарайын салып, елдің қуанышын еселеп жүр. Сүйіп қосылған жары Лаура екеуі болашақ ел қорғайтын ұл мен келісті қызды тәрбиелеп, сүйікті жар, бақытты ата-ана қатарына кірген.
      Кенже ұл – шаңырақ иесі. Басқа балалар еншісін алып, бөлек отау құрып жатса да, кенже ұл  шаңырақта қалады. Жігіттік болмыс-бітімі өзгеше, қасиетті шаңырақтың иесі Жұмабайұлы Ерхан темір жол саласында күзет бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып жүр. Қазақта «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген  қанатты сөз бар. Ерханның жұбайы, осы шаңырақтың кенже келіні Айзада да сүйікті жар, үлгілі келін атанды. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» демей ме ата-бабаларымыз, ауыл-аймаққа қадірлі Гүлмира Үсенқызының келіні Айару есімді қылығы балдай қызды дүниеге әкеліп, шаңырақты шадыман шаттыққа бөледі. «Үйің жанға, Қораң малға толсын» деген жақсы сөз бар ғой, игі тілекке біз де қосыламыз!
      Халқымыз «Мал баққанға бітеді» демеуші ме еді. Данагөйлігімен дараланған бабаларымыздың осы бір сөздері шын мәніндегі кәсіп иесінің шынайы бейнесін суреттеп беретіндей. Ендеше, қанатын кеңге жайған қасиетті кәсіптің көркін қыздырушы қожалықтың жұмысына сәттілік тілейміз!
      Ойына алған арман-мақсатына жету әрбір адамның маңдайына жазылмаған бақыт. Табысқа жетуде әркімнің өз әдіс-тәсілдері бар. Гүлмира Үсенқызы табысқа жетудің басты және маңызды шарты еңбек деп санайды.
      - «Табысқа жету үшін тер төгу керек. Табыс – тердің төлемі. Адам, ең бастысы, еңбектенуге, бір іске күш-қуатын, ақыл-ойын жұмсауға ерінбеуі керек. Өйткені, жалқаулық, еріншектік адамның өзін және өмірін тоздырады. «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап» деген данышпан Абайдың сөзін ешқашан естен шығармаған жөн. Ал, ерінбей еңбек етсең мақсатыңа, арманыңа жетесің. Арманың орындалса, өзіңді бақытты санайсың. Өзгелерге шын жүректен көмектесіңіз. Бірақ, өзіңіз қалаған адамға ғана қол ұшын созыңыз. Көмек көрсетуді достарыңызбен және туысқандарыңызбен шектемеңіз. Мейілінше көп адамға көмек көрсетсеңіз, барынша көп адам Сізге жәрдемдеседі. Жоқшылықпен күресіңіз, жоқшылық – барлық адамдардың жауы, кім онымен жақсы күреседі, сол бай және табысты болады», - дейді биік болмыс иесі.
      Жақсы көріну - мәртебе үшін керек болса, жақсы адам болу ауыр жүк арқалағанмен тең. Тек, өз жүгің ғана болса тәйірі, ештеңе етпес еді... Ел Сені жақсы деп таныған соң, бар жүктерін саған артады да өздері соңыңнан ілеседі...  Гүлмира Үсенқызының ел құрметіне бөленуі, өз ортасында сыйлы болуы, еңбек ету қабілетінің жоғары болуынан өмір жолының сәтті өрілуі, үлкен табыстарға, тіпті, отбасылық бақытқа жетуі де – ата-анасының көкірегіне еккен «тәрбие» деген жемісінің, ізгілігі мен табандылығының, сезімталдығы мен төзімділігінің, жан сұлулығы мен рухани күш-қуатының, қала берді парасат-пайымының, көрегенділігінің арқасы.        
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости