Есимбекова Гульназия

Рейтинг:

Ұлттық өнерді ұлықтаушы

      Сән – киім кию мәдениеті.
      Сән – өмірдің әр түрлі сферасында жеке талғамның уақытша үстемдік етуі.
      Сән – әлеуметтік, экономикалық құбылыс. Иә, әйелдер қауымы үшін бұл сөздер таңсық емес. Көздің жауын алатын сан мың көйлектер, нақыштап жасалған әшекей бұйымдар бәрі-бәрі дерлік кімді болсын бейжай қалдырмасы анық. Ал, ұлттық киімді заман көшіне сай етіп тіге біліп, тұтынушының көңілінен шығатындай ұсына білу өзінше бір ерлік демекпіз. Міне, бүгін біз сөз еткелі отырған кейіпкер ескі мен жаңаны жандандырып, бүгінде туындылары отандық брендке айналып отырған іскер ару – Есимбекова Гульназия Азимбайқызы. 
      Гульназия ханым 1967 жылдың 1 қарашасында ОҚО облысына қарасты, Төле би ауданы, Көксаяқ селосы, Тұрсынбай ауылында дүниеге келген. Аталмыш елді мекенде орналасқан 8 март орта мектебінде білім алып, 1984 жылы тәмамдап шығады. Әрдайым әсемдік пен сұлулықты жанына серік еткен қазақ қызы болашақ мамандығына таңдау жасап, совет сауда сатылымына қарасты Алматы техникумын «Тауартанушы, киім дизайнері» мамандығы бойынша аяқтап шығады. 
      Алғашқы еңбек жолын шырайлы Шымкент қаласында орналасқан Горпромторг мекемесінде 1985 жылы бастайды. Араға бірнеше жыл салып 1990 жылы кейіпкеріміз кіші сатушы, сатушы және үлкен сатушы лауазымына, атқарған еңбегінің арқасында жоғарылап отырады. Жауапкершілік пен тиянақтылықты жанына серік еткен Гульназия ханымның бұл жақсы қасиетін өзгелер де байқап 1991-1993 жылдар аралығында №1 коммерциялық бөлімнің меңгерушісі қызметін атқарады.
      Бүгінде нәзік жандылардың кәсіпкерлігінің дамуы еліміздің жалпы іскерлік ахуалымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып, біршама адамды жұмыспен қамтып, шағын және орта кәсіпкерлікті барынша дамытуда тап осы жандардың ықпалы зор. Міне, Гульназия ханым да 1993 жылы жеке кәсіпкер болып тіркеліп өзінің жеке кәсібін ашады. Жеке «маталар әлемі» дүкенін ашып, өзі жетекшілік етеді. Аталмыш дүкенде жұмыс жасай жүріп, тұтынушылармен тікелей қарым-қатынас жасап әр тұтынушымен жеке жұмыс жасап, сатып алған матасына киім үлгісін сызып маталардың түр-түсін қалай үйлестіру керек екенін, қай мезгілде кие алатынына дейін дайындап беретіндігімен тұтынушыларын тәнті етіп отырады. Сол тұстары еліміз енді тәуелсіздігімізді алып, тәй-тәй басып келе жатқан уақыт болғандықтан, таңдау аз болып, дайын киім тұтыну қиынға соғатын. Көп уақыт өтпестен, кейіпкеріміз мата саудасымен айналысып жүріп, матаны тек сатып қана қоймай тігіп беруді ойластырып, кішігірім шеберхана ашып, өз кәсібіне аяқ басады.
      Адам бойындағы кішкене арманды мақсатқа айналдыра білсе, ол бел-белестерді бағындырарлықтай мүмкіндік туғызатындығы ақиқат. Гульназия ханымның шеберханаға деген қызығушылығы үлкен өндіріс ашуға итермелеп, 2009 жылы киім тігу өндірісін ашу мақсаты жүзеге асады. Әр саланың, әрбір істің өзіндік қиындығы бар. Кейіпкерімізде өндіріс саласында кезіккен қиындықтары болғандығын жасырмайды. Алғашқыда үш тігін машинасымен жұмыс атқарып, одан қалды маман тапшылығы орын алғандығы Гульназия ханымның мақсатқа жету жолын одан әрі ынталандырмаса өз кезегінде жабырқатқан емес-ті.
      Өндіріс саласына аяқ басысымен күнделікті қолданысқа енетін ұлттық қазақы нақыштағы киім үлгілерін ұсынуды місе тұтқан кейіпкеріміз алғаш киім үлгісін еш ойланбастан Қыз Жібек образындағы көйлектің көшірмесін жасаудан бастайды. Көптің тісі бата бермейтін түрлі ою-өрнектер, қызылды-жасылды әшекей тастар бәрі-бәрі өз орнын өз орайын тауып, бүгінгі күнге дейін халық қызығушылығын арттырып келеді. Кезінде ұлттық нақыштағы киімдер тек сахнада не арнайы мерекелерде ғана киілетін болса, ол ой бүгінде өз маңызын жойып, күнделікті қолданысқа еніп келеді. Гульназия Азимбайқызының кішкене шеберханасы бүгінде өндіріске арналған заманауи автоматтандырылған жабдықтармен жабдықталып, әртүрлі қызмет атқаратын сегіз түрі бар тігіс тігетін тіптен жиектерді көмкеретін, жылдам тігіс тігетін жиырма машинамен жабдықталған. Бүгінде өндірісте ерлер киімдері, әйелдер киімдері, сахналық киімдер өндіріледі. Олар: қонаққа, күнделікті киетін, іскер киімдері, сырт киімдері, бас киімдер. Арнайы тапсырыспен жұмыстар жасаланып отырады.
       Қазақтың әрбір киімдеріне салынған ою-өрнек «тұмар» болып есептелетіндігі жасырын емес-ті. Ертеден мән-мағынасымен көптің ойында өзгеше мәнімен есте сақталатын бұл сөзді Гульназия ханым өз өндіріс орнының атауы етіп қойғандығының өзіндік бір мәні бар. Қазіргі таңда «Тұмар» өз өнімдерінің сапасымен қайталанбас үлгілерінің нәтижесінде отандық брендке айналып отыр. Бір өнімді шығару үшін қаншама адамдар қызмет жасайтындығын бірі білсе, бірі біле бермейді. Әрбір жаңа туындыны өмірге әкелу үшін кімге? қандай кісілерге? қандай жастағы? қайда киеді? деген сұрақ бірінші қарастырылады. Дизайнер оның үлгісін сызады одан ол зат моделер конструкторларға түседі, мата сол жерде пішіліп кестешілердің қолына барады, содан кейін тігін цехына барады, тігін цехынан шыққаннан кейін әрлеу жұмысына, кейін сапа тексеретін жерге келіп ол жерден өтіп бәрі керемет болған жағдайда ғана сатылымға шығарылады. Бүгінде өндірісте жоғары білімді, өз жұмыстарына жауапты, мамандықтарының майталмандарына айналған жандар жұмыс атқарады. Оларға тоқталып өтсек, киім пішуші, дизайнер, технолог, кестешілер және тігіншілер (ерлер маманы, әйелдер маманы, бас киім мамандары) жұмыс жасайды.       Өз ісіне аса ұқыптылықпен, сатып алушылардың әрбіріне жауапкершілікпен қарайтын Гульназия қазақ қызына тән қандай да болмасын ізет пен ілтипатқа лайықты демекпіз. 
       Бүгінде аядай орыннан үлкен өндіріске айналған «Тұмар» шеберханасының жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтсақ, 2010 жылы ОҚО облыс әкімі А.Мырзахметов «Конкурс және көрме»,  «Қазақстанның үздік тауары» Алғыс хатын иеленсе, 2012 жылы ҚР Премьер министрінің орынбасары Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев мырзадан «Қазақстанның үздік тауары» Алғыс хатын еншіледі. 2012 жылы әдет-ғұрып, салт дәстүр орталығынан «Ұлттық киім – қадірі аты» фестивалінің 3-орын иегері, 2013 жылы «Қазақстанның үздік тауары» конкурсынан 3-орын дипломымен марапатталса, 2014 жылы «Лучший арендатор года» ТОО Цум, 2015 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған конкурста «Халық мұрасы» номинациясы бойынша 2-орынмен марапатталды. 2015 жылы ҚР мәдениет басқармасы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай арнайы дипломмен, 2016 жылы «Жібек жолы айшықтары» конкурсында «Ең үздік жұмыс киім үлгісі» үшін 1-орынмен марапатталды. 2017 жылы «Ұлтық киім» дизайнерлер конкурсынан Гран-при иеленсе, 2018 жылы «Ұлттық құндылықты жаңарту» ҚР мәдениет басқармасының «Алғыс хатын» еншіледі. 2019 жылы «Ontustik Fashion Week» Этно топтамасы үшін 2-орын иегері атанып, 2021 жылы «Регионалдық конкурста» «Алтын оймақ» ең үздік ұлттық киімдері үшін Гран-при иегері атанып үлгерді. 2021 жылы «Выставка легкий промышлености Шымкент» «Is Qoldau» «Алғыс хатпен» марапатталды. Бұдан бөлек аталмыш өндіріс орнының ауыз толтырып айтарлық «Алғыс хаттары» мен сертификаттары және жеткен жетістіктері жетерлік демекпіз.
       Қазақ қызына тән көркем мінезбен сұлулықты бойына жиып, он саусағынан бал тамған, бүгінде бүтіндей бірнеше сән саласының басын қосып, бір отбасының өнегелі келіні болып отырған Гульназия Азимбайқызының ерен еңбегіне алғысымыз шексіз.
       Қорыта келе, міндетті мінсіз бөлісіп, кадрларды кінәратсыз орналастырып, жұмыс барысында шынайы шығармашылық ахуал туғызып, тұтынушылар мен сатып алушыларға сапалы дүниелерді жеткізе білудің жолдарын үздіксіз іздестіру, идеялық және мәдени, ғылыми және кәсіби кемелдікке ұмтылыс бәрі-бәрі дерлік бүгінгі кейіпкеріміз Гульназия ханымға қарастырылып айтылғандай.Өнер мен білімді қатар ұстаған адам əрқашан арманына жетеді дей келе, Гульназия ханымға болашағыңыз жарқын, арман-мақсаттарыңыз бен шығармашылық шабыттыңыз арта берсін демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...