Баталы ердің баласы
Қазақтар қара шаңырақты қадір тұтып, қашанда қастерлеген. Оның киесі сол адамзат баласы өсіп-өніп, жан-жаққа кетсе-дағы, ата-ана, бауырларын сағынып көрісетін мекені сол болып табылады. Қанша уақыт, қандай заман ауысса да киелі шаңырақтың аты киелі
![]()
шаңырақ болып қалады. Себебі, ол – ата-ананың иісі сіңген қымбатты құтты мекен. Ұрпақтар жалғастығы бас қосқанда өткен ата-бабалары үшін құран бағыштап, еске алатын жер болғандықтан қымбатты болмақ. Міне, сондай киелі Қабетеновтер шаңырағында дүниеге келіп, сол қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Мейрамбек Жүнісұлы әңгімемізге арқау болмақ.
Қабетенов Мейрамбек Жүнісұлы 1966 жылы 1 қарашада Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі елді мекенінде дүниеге келген. Мейрамбектің әкесі Жүніс Қабетенұлы кеудесін от пен оққа тосқан, ел бостандығын қаһармандықпен қорғаған Ұлы Отан Соғысының ардагері. Соғыстан аман-есен оралған ол алдымен аудандағы Сунақата каналын қазуға қатысып, кейін «Бірлік» кеңшарында мал шаруашылығымен айналысқан. Ауыл-аймағына сыйлы, баталы ақсақал, балаларының ақылшысы болды. Анасы Тұрыскелдиева Үрбибі туған-туысқа жайлы, иманжүзді, ақылды жан болған. Өмір бойы отбасының қамымен, бала тәрбиесімен айналысқан. Соңғы 10 жылдан аса уақыт Түгіскен ауылында Сыр маржанын өсіріп, зейнетке шықты. Мейрамбектің әкесі Жүніс ақсақал 100 жасын тойлап, ғасырдан аса жас жасап 2016 жылы 103 жасында өмірден озды.
Қазақы тәлім-тәрбие алған Мейрамбек Жүнісұлы Қосүйеңкі ауылындағы №161 «Ынтымақ» орта мектебінің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданды. Қатарластарынан қалмай, барынша білімге ынта-жігерін салып оқыды. Мектептің қайсыбір іс-шараларынан қалмайтын ол, ұстаздарының оң қолы болды деуге болады. Елгезек, табанды, қолынан іс келетін шәкіртімен ұстаздары да мақтанатын. Аталмыш орта мектепті ойдағыдай 1984 жылы бітіріп шықты. Жас түлек
![]()
1984-1986 жылдар аралығында Ресей Федерациясы, Коми Республикасының Печора қаласында әскери борышын өтеді. Әскери борышын өтеп келген соң, 1986-1989 жылдары Ванновка қаласында Ванновка гидромелиоративтік техникумына оқуға түсіп, оны «Су шаруашылығы» мамандығы бойынша жақсыға оқып бітірді. Білімді жас ең алғашқы еңбек жолын 1990 жылы Түгіскен шаруашылығында инженер-гидромер болып бастады. Ұжыммен ауызбіршілікте араласып, әріптестері арасында беделді де сыйлы болып, 1996-2005 жылдар аралығында есепші қызметін атқарды. Бала кезінен білімге деген ынта-ықыласы зор азамат оқып білім алуды ешуақытта тоқтатқан емес. Өзінің саласына қатысты кітаптар мен оқулықтар үнемі жанынан табылып жатады. Қызметіне адалынан берілген азамат қоғамдық өмірге де белсене араласып отырады. Жергілікті газет-журналдарды науқан сайын өз еркімен жаздырып алып оқып отырады.
Білімін жетілдіруден тайынбаған ол 2005-2008 жылдары Шымкент қаласындағыМ.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Су ресурстары және суды қолдану» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Үнемі жан-жақты ізденіп, жаңалықтарға құлақ түре жүретін ол, жаңашылдықтарды жатырқамай жылы қабылдайды. Қажет дегендерін өзінің пайдасына жаратып, білмегенін жас толқын мамандардан үйренуден қашпайды. Заманауи технологияларды жақсы меңгерген. Көпжылдық тәжірибесі бар маман ретінде жас мамандарға ақыл-кеңесін берер мықты ұстаз болып келеді. Бар білгенін айтудан шаршамайды.
2008-2016 жылдары «Айдана-1999» балабақшасының құрылтайшысы болып, қызмет атқарды. 2016 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Арал» СЖКБД филиалы Жаңақорған аудандық оқшау сумен жабдықтау өндірістік бөлімшесінің басшысы қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ, биылғы жылғы қаңтар айынан бастап «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық мәслихат депутаты болып сайланды.
М.Қабетенов өз ісін жетік білетін, тәжірибелі маман. Өзінің еңбек ету жолында көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтатын болсақ, 2014
![]()
жылы «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігінің «Элита» медалін омырауына жарқырата тақты. 2018 жылы жыл қорытындысы бойынша «Лучший производственный участок по работе с потребителями питьевой воды сельских населенных пунктов» иегері атанды. 2018 жылы Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталса, 2016 жылы және 2021 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Алғыс хатын» алды. Алған марапаттарымен марқайып, мақтанудан сақ жүретін азаматтың парасаттылығына, байсалды мінезіне, адамдармен жылы қарым-қатынасына, биік тұлғасына, сөз саптауына, шыншылдығы мен адалдығына қарап шын тәнті боласың.
Тамырын тереңге жайып, мәуелі шаңыраққа айналған отбасының отанасы, өмірлік жары Шайхсламова Бибісара Сейтбекқызы Түгіскен ауылына қарасты №19 «Раушан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарады. Білім саласының дамуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан ол, 2007 жылдан бері балабақша меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Педагогикалық еңбек өтілі әуелі қатардағы тәрбиеші қызметінен басталып, балабақша меңгерушісі деңгейіне көтерілген Бибісара Шайхсламованың еселі еңбегі көпке үлгі боларлық. Көпке үлгілі отбасы бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, төрт немере сүйіп, оларға тәлім-тәрбие беріп отырған өнегелі отбасы. Ұл мен қыздары өмірден өз орындарын тапқан, сондай-ақ, барлығы жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған.
«Тәрбие басы – тал бесіктен» демекші, бала тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталады. Жастайынан балаларына «Адал болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар!» деп үнемі ақылын айтып отыратын әке шығыстың ғұлама ғалымы Жүсіп Баласағұнның «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деген сөзін үнемі назарда ұстайды.
- «Ата-бабаның тілеуімен, дұға-тілектерімен келе жатқан ұрпақпыз. Олай дейтін жөніміз де бар. Баһадүр бабаларымыз елі мен жерінің тұтастығы үшін аянбай тер төкті, болашақ ұрпағына берекелі батасын беріп, өнеге қалдырды. Ал бұл өнеге пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан игі дәстүр еді. Қазірге дейін үлкен кісілерден «Көсегең көгерсін», «Жасың ұзақ болсын», «Қатарыңның алды бол» деген сияқты игі тілектерді көп естиміз. Санамызда үлкендер солай болу керек деген ұғым қалыптасқан. Дегенмен, дәстүрлі тәрбиеден, рухани қайнарлардан сусындамаған кейбір кейінгі толқын өкілдерінен мұндай тілеуқорлық сипатты байқай алмаймыз. Шындығында, жастарға әрдайым жақсы тілек тілеп отыру мына біздерге тән қасиет дер едім. Қазір мен балаларыммен мақтанамын! Себебі, осы уақытқа дейін ешқайсысы мені ренжіткен жоқ. Ешкім менің алдыма балаларымды жамандап келген емес. Мұны мен еңбегімнің зая кетпегені деп түсінемін. Балаларымның бәрі дерлік өз істерін жақсы білетін, әр саланың білікті мамандары», - дейді кейіпкеріміз ұл-қыздарын мақтан етіп.
Тұңғышы Гүлнұр 1990 жылы 5 қазанда дүниеге келген. Білімі – жоғары. Қазіргі таңда жұбайы Балтаев Әбдірахманмен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя.
Үлкен ұлы Жүнісов Қанат 1992 жылы 4 қарашада дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2018 жылы «Заң» факультетін бітірген. 2016 жылы келіні Аллаберген Гүлнұрмен шаңырақ көтеріп, бүгінде Хантөредей атұстар жігіт пен Көзайым атты сұлу ханшайымның ата-анасы. Келіні Гүлнұр білікті де білімді маман. Ол №209 Ә.Әбутәліпов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі.Кіші ұлы Жүнісов Алмат 1995 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. 2016 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. Бала кезінен жылқыны жақсы көретін ол 5 жылдан астам уақыттан бері көкпар тартып, республикалық бәйгелерде жүлделі орындардан көрініп жүр. Қазіргі таңда, Атырау облысының «Нарын» көкпар құрама командасының белді шабандозы. Алмат биыл көктемде келіні Бекмағанбетова Жазирамен отбасын құрып, шаңырақ көтерген жас отбасы. Жазира да білім беру саласына өз үлесін қосуда. Ол Қызылорда қаласындағы «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектебі» директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Үйдің ең кенжесі, еркесі Жүніс Айдана 1999 жылы 29 наурызда дүниеге келген. Қазіргі таңда, Алматы қаласында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 4-курс студенті. Тұрмыс құрған. Күйеу баласы Шерехан Шаншархан Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Электр және энергетика» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында мамандық бойынша жұмыс жасауда.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, Қазақ елінің қара шаңырағына уық боп қадалған әрбір отбасының болашағының жарқын болары сөзсіз. Баталы ер Жүніс Қабетенұлының баласы Мейрамбек Жүнісұлына тынымсыз еңбек ету жолында абырой мен толағай табыстарға жете беруіне шын жүректен тілектеспіз.
Әрдайым отбасыңыз аман, жүзіңіз жарқын, мерейіңіз үстем болсын!