Қазыбаева Сәуле

Рейтинг:

Өресі биік, ойы терең

Ғалымға азық берер қайнар көзі кітап бетімен,
лаборатория аумағымен ғана шектелмейді,
 өмірді танумен, еңбек адамының 
жасампаз ісін танумен кең өрісін табады.
 Қаныш Имантайұлы Сәтбаев
 
      Өрге тасы домалаған маман болу – тынымсыз ізденіс пен төгілген маңдай тердің жемісі. Нәзік жанды ғылым саласының білгірі,білімді де білікті болудың өз саласында аса қажет екенін түсінген. "Артық болмас білгенің» деп жатамыз. Бұл – өмірдің өзі туындатқан қағида. Оған қоса, бүгінгідей ілім-білім бірінші кезекте тұрған ғасырда іздену мен үйренудің маңызы арта түспекші. Өсімдік шаруашылығын зерттеу саласындағыларға тән, оның қыр-сырын меңгеруде білімі мен біліктілігі жоғары, талабы таудай, тәжірибелі әрі талапшыл маман, жаңашыл ғалым – Қазыбаева Сәуле Жамбылқызы туралы айтар сөз бен жақсы лебізіміз көп.
      «1993 жылдан бастап жүзімнің биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны өсіру әдістерін, мол өнім алу жолдарын зерттейтін ғылым саласында үздіксіз қызмет етіп келемін. Жүзім шаруашылығы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына айтарлықтай үлес қоса алатын өсімдік шаруашылығының бір саласы. Жалпы,жүзім шаруашылығы – жүзімнің биологиялық ерекшелігін, экологиясын және өсіру технологиясын зерттейді. Жеке жүзім шаруашылығы – әртүрлі бағытта қолданатын жүзімдер үшін, олардың әртүрлі топырақтық-климаттық жағдайларға бейімделген үлгілерін, ампелография-жүзімнің ботаникалық сипаттамасы мен сұрыптық ерекшелігін зерттейді; жүзім селекциясы-шаруашылық –құндылығы зор жүзімнің жаңа сұрыптарын шығарумен айналысады. Мен осы саламен айналысуды таңдадым және жетістікке жеттім. Бұл тәжірибемнің және бойымдағы еңбекқорлықтың жемісі деп білемін. Түйгенім, кез келген іске бар күш-қайратыңды жұмсасаң, асығың алшысынан түседі. Бір орында тапжылмай, үйренуден жалықпау қажет. Қосымша білім алып, өзіңді жетілдірген ләзім. Жаңа технологиялар қолданысқа еніп, жүзім өсірудің соңғы тәсілдері кәдеге жаратылуда. Оған ілесе білу – заман талабы. Біз тек қана атақ үшін емес, қатарыңның ең үздігі болуға талпынуымыз қажет. Мен үшін,халықыңа пайдаң тиіп, олардың алғысына бөлену – аса маңызды. Оның арқасында күнделікті жұмысыма асығып, өзімді жаңа жетістіктерге қамшылаймын, жинақылық, талпыныс пен еңбекқорлық – оның бір парасы ғана», - дейді Сәуле Жамбылқызы.
      Павлодарлық нәзік жан үшін сенімділік пен табандылық – табыстың басты кілті. Оның пайымынша, адам қандай да бір істен ат тонын ала қашпай, өзіңді сынаған жөн. Мақсат айқын болса, оның нәтижесі мен жемісі сезілетіні хақ. 
      Қазыбаева Сәуле Жамбылқызы Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Алға ауылында көп балалалы отбасында 1967 жылы дүниеге келді. Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген.Ата-анасы әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, көпшіл, еңбекқор етіп тәрбиелейді. Көпшіл адам көптің көңілінен шығып, көппен бірге жұмыс істеп, барын көппен бөлісіп, айналасындағылармен тез тіл табыса алатын адамдар өмірде де жетістікке жететіні рас. Сәуле Жамбылқызының жетістікке жетуі - ата-ананың тәлімді тәрбиесінің жемісі. Қазіргі таңда, сол ата-ананың 8 сәбилері, өсіп-өнген үлкен шаңырақ иелері.
      Әкесі Қазыбаев Жамбыл болмысы бөлек, бар өмірін жұмысы мен балаларына арнаған өте еңбекқор, ізденімпазжан болатын. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы үшін қуанып, балаларын бақытына балайтын. Сондықтан, Сәуле әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі дегенді ерте түсінді. «Әкеге бағыну – аллаға бағыну» депті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз хадисінде. Зерделі жас мұны да көкірегіне түйіп өсті. Ардақты әкесі Ұлы Отан соғысының зардабынан әкесінен ерте айрылып Алға ауылының еңбек майданына жастайынан араласып кеткен. Соның арқасында машина, тракторлардың құлағында ойнайтын білікті маман болып, кейін С.Мүткенов ауылында (орталық)бас инженерлік қызметіне жас маман ретінде жолдамамен келеді, ұзақ еңбек жолында директордың орынбасарына дейін жоғарылаған, ел сыйлаған азаматтардың бірі, тәлімі мол көргенді жандардың қатарынан еді.
      Анасы Қазыбаева Бақтылы 8 баланы дүниеге әкелген, бала тәрбиелеумен қатар,мал дәрігерлік мамандығы бойынша өз ауылының мал шаруашылығы саласында дәрігер ретінде қызмет жасаған, кейін жергілікті мал дәріханасында меңгерушілауазымын атқарып, бала тәрбиесі мен еңбекті ұштастыра білген. Бақтылы ана Сәуле үшін – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары болғаны хақ.Қылықты қыз болу, ибалы келін атану, аяулы жар болу, бала сүю, қызметте абыройға кенелу, ардақты әже атану, саналы ұрпақ тәрбиелеу... Түсіне білген жанға мұның барлығы - үлкен жауапкершілік. Осындай міндетті нәзік иығымен көтеріп жүруді Сәулеге үйреткен де аяулы анасы десек артық айтқандығымыз емес.
      Ақтоғай ауданындағы Алға ауылының сегізжылдық мектептің табалдырығын 1974 жылы аттаған Сәуле Жамбылқызы 1984 жылы Мүткенов атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдап шығады. Осы жылы жоғары білім алу мақсатымен Алматы қаласына келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжаттарын тапсырады. Оқуға түсе алмай қалған Сәуле осы қалада қалып бағымды сынап көрейін деген ниетпен Қазақ жеміс, жидек және жүзім шаруашылығы ғылыми зерттеуинститутына лаборант болып жұмысқа тұрады. Осылайша, Сәуле Жамбылқызының келешек өміріне бағыт-бағдар берер алғашқы еңбек жолы да басталып кеткен еді.
      Талапты да тиянақты, ұғымтал Сәуле жұмысын тез меңгеріп, бірден алып кетеді. Таудай талабының арқасында көп нәрсе үйреніп, өзінің бұл жұмысты игеріп әкететініне айналасындағылардың да көзін жеткізеді. Мұны алғаш байқаған зертхана меңгерушісі Р.Т.Тенеряднова жас маманға: «Байқауымша, осы салаға қызығушылығыңыз зор. Жұмысты бар ынтаңызбен жасап жүрсіз. Меніңше, осы сала бойынша оқуға түсіп, біліміңізді жетілдіру қажет», - деп ақыл-кеңес берді. «Дәулеттің ең маңыздысы, асылы – білім» деп білген Абай жастарға ғылымды әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ғана емес, бүкіл прогреске апаратын жол деп түсіндіреді. Жастарды білім-ғылымға шақыра отырып, тек қажырлылықтың, құштарлықтың арқасында ғана ғылымға қол жеткізуге болатынын айтады. Данышпан Абай мен ұстазының айтар ойы бір болса, ал Сәуле ғылым жолына түсер жас емес пе?! С.Ж. Қазыбаева 1986 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетіне оқуға түседі.
      Өмірдің баспалдақтарымен ешқандай саты қоймастан, талмас жігерімен, қажырлы еңбегімен шаршамастан, өрлеп келе жатқан ғалым-анаға кім болса да бас иері даусыз. Ауылдың мектебі, қаланың университеті, жоғары академиялық оқудың одан арғы сатыларын үздіктер қатарында абыроймен тәмамдау, қала берді ғылымның даңғыл жолына соқпақсыз сүрлеуімен сүрінбей адымдау үшін де адамға қажет - күш-жігер, арманды мақсатқа жетелер асқақ намыс керектігіне дау айта қояр жан табылар ма екен, сірә да?!
      1992 жылы аталған оқу орнын бітіріп, Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтындағы жұмысын әрі қарай жалғастырады. Өсу, кемелдену кепілі – ізденіс. Ғалам болмысы мен жаратылысын тануға мол мүмкіндік берер қасиеттердің бірі де осы ізденіс төркінінде жатыр.Әдетте «Оқу – білім инемен құдық қазғандай» деп жатады. Түптің түбінде ғылымдағы нәтиже - ізденіс, еңбекпен ұштасқан табандылықтың нәтижесі. Қанша қиындықтарға толы болса да, әрбір еңбектің зейнеті, машақаттың арқалатар қуанышты шақтары да болады. Сәуле Жамбылқызы өзіндік өмір жолында табиғи дарындылығының арқасында әрі өзінің еңбекқорлығының нәтижесінде ғылым жолында жоғары жетістіктерге жетті. Ол өз өмірін ғылыми жаңалықтар ашуға, талантты шәкірттерді тәрбиелеуге арнады десек болады. 
      С.Ж.Қазыбаеваның өмірбаяндық жазбаларына көз жүгіртсек, ол жүзім селекциясы, сұрыптарды зерттеу және агротехникасы зертханасында лаборант ретінде қабылданып, 1998 жылдан агроном, 2003 жылы кіші ғылыми қызметкер, 2009 жылы аға ғылыми қызметкер дәрежесіне көтеріледі. 2010 жылы жеміс,жүзім шаруашылығы мамандығы бойынша «Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс жағдайында сырттан енгізілген және селекциялық сұрыптар мен гибрид түрлерінің шаруашылық-биологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2011 жылдан бастап жүзім селекциясы, сұрыпты зерттеу және агротехникасы зертхана меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.      Өмір өткелдерінен өтіп, талмай ізденген Сәуле Қазыбаеваның ғылым саласындағы өзі жүріп өткен дара жолдары осының дәлелі іспеттес.
      Сәуле Жамбылқызы Қазыбаева  2010 жылдан ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. «Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, сатуды дамыту үшін жағдай жасау» 255 бюджеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жауапты орындаушы. Ол көп жылдар барысында жеміс және жүзім шаруашылығы саласында еңбек етіп, осы мамандық бойынша білікті маман атанған жан. Оның қатысуымен шет елдерден көптеген жеміс, жүзім сұрыптары әкелініп, Қазақстанның әр түрлі климаттық жағдайында зерттеліп, соның негізінде көптеген отандық жаңа сұрыптар шығарылған. 
      С.Ж.Қазыбаеваның 50-ден аса ғылыми жұмыстары бар, соның ішінде 10 ұсыныс, 16 селекциялық жетістіктерге патент, 16 авторлық куәлікке ие болған. 2015 жылы 1 PhD докторын, 12 магистр және 35 бакалавр мамандарын дайындады.Ол еңселі елу жасын осындай жетістіктермен қарсы алды. ҚАЗҰАУ докторлық кеңесінің мүшесі, 2004, 2010 жылдары Оңтүстік Корея мемлекетінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғылыми тағылымдамаданөтті.             
      «Тәуелсіз елімнің әр таңын қуана қарсы аламын. Күліп оянамын. Тәуелсіз елімнің болашағы жолында қолға алынған әрбір игілікті істен қуат алып, шабыттанамын. Әрдайым, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын мұқият оқып шығамын. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік жайында кеңінен сөз қозғалған Жолдауында Елбасы «Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек», – деді. Сол жолда, ғалым ретінде өзімнің мүмкіндігіме қарай қосар үлесім бары, маған қуаныш сыйлайды.Кез келген ғалымның еңбегі, негізінен, ізденіс, тынбай еңбектенуден тұрады. Өз басым ылғи жаңа тақырыптарға қызығамын. Жаңа істі бастар алдында ол жөнінде білетінім әрдайым тым аздау көрінеді. Содан көп ойлану, мақсат тұрғысынан жаңа ғылыми еңбектерді игеру басталады. Ғылыми жұмыстың қызығы да осында. Көкейіңдегі идеяға қатысты бір ілік көзге түскенде, ойың толықсып, қанаттанасың. Сосын ондаған, жүздеген, тіпті одан да көбірек материал ақтаруға тура келеді. Жарқ етіп жақсы ой қалыптаса бастағанда талай ізденіс нәтижесін бергені, одан әрі алға ұмтылдырады. Жастық қайрат, сергек ақыл, қаны тасыған жүрек қана шынайы махаббатпен айналысқанда ғылымның көсегесі көгереді» деген Сәуле Жамбылқызы өз ойымен бөлісті.
      С.Ж.Қазыбаеваның қатысуымен шет елдерден енгізілген алма және жүзім сұрыптары әртүрлі климаттық жағдайларда зерттеліп, іріктелінген болашағы зор сортүлгілерінің жиынтықтарын пайдалана отырып, солардың негізінде Қазақстандық жаңа сорттар шығарылған. Қазақстанның оңтүстік жәнеоңтүстік-шығыс аймақтарында жергілікті жаңа сұрыптар өндіріске енгізіліп, «Қазақстан республикасында пайдалануға руқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне» енгізілген. Ауыл шаруашылық саласындағы шаруашылық қожалықтарында ғылыми кеңесші.
      Әлбетте, ғылым жолы – ауыр жол. Десе де, қоғамды алға ілгерілететін бірден-бір күш – ғылым екенін жақсы түйсінген кейіпкеріміз  деген пікірде. Әлемдегі қай мемлекет те өзінің экономикасы әлеуетті, халқы ауқатты болғанын қалайды. Осы жолда тартысты бәсеке басталғалы қашан?! Бүгінгі таңда бәсекелестік тіпті күшейе түсті. Дамыған елдер қазіргі жетістіктеріне тек қана ғылым мен білімнің арқасында қол жеткізіп отыр. Жаһандық жарысқа түскен Қазақстан да келешекте әлі де биік белестерді бағындыруды көздейтіні анық. Ұлы Абай: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген жоқ па?! 
      Сәуле Жамбылқызы Қазыбаева бірнеше рет Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және ұжымның Құрмет грамоталарымен марапатталды.С.Ж.Қазыбаева Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Республикалық біліктілікті растау және беру орталығы» РМҚК ұйымдастыруымен  2007 жылғы қазанның 8-і мен 12-сі аралығында 50 сағаттық Мәскеу қаласы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор В.С.Аванесовтың «Тесттік бақылау жүйесін әзірлеу» тақырыбындағы бағдарламалық курсты оқып сертификат және 2015 жылдың 28 тамызында «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ұйымдастыруымен «Қазақстанның оңтүстігінде қарқынды жеміс-жидек және жүзім шаруашылығын тұрақты дамыту: қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында өткізілген аймақтық ғылыми-практикалық семинарға және далалық мастер-классқа қатысқаны туралы сертификат,Білім сапасын қамтамасыздандыру Тәуелсіз қазақстандық агенттігі «Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу шеңберінде білім беру ұйымдарының өзін-өзі бағалау есебін дайындауы» семинарына қатысып, сертификат иегері атанды. 
      Сонымен қатар,С.Ж.Қазыбаеваға Алматы қаласында 2016 жылдың  28-30 қыркүйек аралығында өткізілген Продовольственная и сельскохозяйственная организация Объединенных Наций ТСР/КАЗ/3502: «Поддержка развития органического сельского хозяйства и укрепление институционального потенциала в Казахстане» ұлттық семинарында «На пути к зеленой экономике: Развитие органического плодоовощеводства на юге Казахстана» тақырыбы бойынша сертификат табысталды.
      Кезінде ағылшынның көрнекті мемлекет қайраткері, саясаткер Уинстон Черчилль «ақыл империясы-болашақ империясы болмақ» деген екен.Тегінде, зиялы қауымға мұғалімдер, дәрігерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар жатады. «Бір кезде мен Алматыға арман қуып аттанған көкірегім қуанышқа толы жалын атқан жас қыз болатынмын. Ойға алған мақсатыма жету қолымнан келді, намысқа тырысып, ғылымға да, қызметке де, отбасына да үлгердім. Ғылымда жетістікке жетіп өз арманымды, тұрмысқа шығып 2 баланың анасы атанып, әкем мен анамның үмітін де ақтадым», - дейді ағынан жарылған Сәуле Жамбылқызы.
      Көптеген әлеуметтік функцияларды атқарушы, қоғамдағы әлеуметтік құрылымның қажетті құраушысы ретінде отбасы қоғамдық дамуда маңызды орын алады. Сәуле Жамбылқызы жалын атқан жастықтың қызығын кешіп жүргенде, Демеуов Шоқан Кеңесбайұлын кездестіреді. «Жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» - дегендей, арманы үндесіп, жүрегі тілдескен екі жас 1990 жылы отбасын құрады. Өмірлік жары Демеуов Шоқанның да отбасы 6 балалы, көргендігі көп ортадан. Әкесі Демеуов Кеңесбай, Алматы облысы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылының бас зоотехник маманы. Анасы Асылбаева Күмісжан сол ауылдың Қапез Байғабылов атындағы мектептің ардақты тіл маманы.Жас шаңырақты таусылмас қуанышқа бөлеп, 1992 жылы отбасының тұңғышы Диана Шоқанқызы өмір есігін ашса, 1994 жылы шаңырақты ұстар ұл бала – Дидар Шоқанұлы дүниеге келді. 
      Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді дейді атам қазақ. Отбасының жарқын болашағы үшін нәзік жандылар еш қиындықтан қашпайды, кедергіде мойымайды. 
      Сәуле Жамбылқызы жолдасымен екеуі баланы жастай тәрбиелеуде оның рухани саулығына көңіл бөлуіміз керек деп шешті.  Рухани саулыққа көңіл қойылған жағдайда адам елмен сыйласымды, ойлау қабілеті жоғары, шама-шарқын білетін, ақылмен іс істейтін, өте сезімтал, табиғатты сүйетін, әдемілікті көре білетін жан болады. Міне, ата-анасынан осындай тәлімді тәрбие алған перзенттері де ер жетіп, саналы, білімді азаматтар қатарына қосылды, өмірге бір кірпіш болып қаланды.
      Қазіргі кезде қыздары Диана Шоқанқызы Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы университетін бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс жасап жүр. Диана өзінің өмірлік серігін кездестіріп тұрмыс құрған, қазіргі кезде отбасылық өмірдің қыр-сырын меңгеруде.
      Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат, ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Шаңырақтың иесі Дидар Шоқанұлы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін бітіріп, бүгінде заңгер мамандығы бойынша қызмет атқаруда.
      Қазыбаева Сәуле Жамбылқызы үнемі ізденіс үстінде, ой үстінде жүреді. Ол уақытты тиімді пайдалануды жастайынан әдетке айналдырған. Себебі, зуылдап өтіп жатқан уақытты ұстап тұра алмайсың.        
      - «Уақыт жоқ» дегенді сөздік қорымыздан шығарып тастағанымыз дұрыс. Уақытты тиімді пайдалансақ, бəріне үлгеруге болады.Ата-анамнан үлгі алып, солар салған сара жолмен жүріп келемін. Олар қанша қиындық көрсе де, тура жолдан таймай, төтеп берді. Маған дарыған қасиеттер əкемнің бойынан табылады. Бір орында отырмайтын, үнемі ізденіс үстінде жүретінеңбекқор жан еді. Баспасөз беттерінен әлем жаңалықтарын оқимын. Саясат емес, ғылымдағы жаңа өзгерістер мен қызықты деректер туралы оқығанды ұнатамын. Жаңалық оқып, демаламын. Хоббиім əрі таным кеңейту десек те болады. 
      Ғылымда да, өмірде де азаматтық орынды ойып тұрып алған  С.Ж.Қазыбаеваның еңбектерін тереңдей зерттейтін болсақ, осы күні бүтін бір энциклопедия жасақтауға жүк болары да сөзсіз. Алдынан білім алған шәкірттерінің алды қазірдің өзінде ауыл шаруашылығының түрлі салаларында, жалпы ғылым жолында игі істер атқарып, ел аузына ілігіп те үлгерді.
      Сәуле Жамбылқызының ғылымдағы ғұмыры мен ұстаздық жолдағы қызметі, бойындағы тектілік пен қарапайымдылық болмысы отбасы, әріптес, тілектес дос-жарандары үшін мақтаныш, қазақ ғылымы үшін абырой болса, жас ұрпақ, бала-шағасы үшін нағыз өнеге мектебі бола алатындығы даусыз.Сүйікті жар, ардақты ана, жаңашыл ғалым Сәуле Жамбылқызының отағасымен бірге қос қанаты – Диана мен Дидардың ортасында жүзінен нұр, мейірінен шуақ шашып жүріп жатқан жайы бар. Лайым осы қуаныштарын ұзағынан сүйіндірсін, отбасында қашанда береке-бірлік, баянды бақыт болсын деп тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости