Тәуелсіз бағалаушы - нарық талап еткен мамандық
Бозарып атқан таңда, шуағын төккен күн ұясына қызыліңірленіп батқан соң түн қараңғылығын сейілтіп өткен ай секілді, жарықтың
![]()
жылдамдығынан да зымыраған уақыт, өз дегеніне көндіріп келеді. Жүйріктің жалына жармасқан уақытпен бірге қоғамда, заман да, өмір сүріп отырған адам да дамып, жаңа технологиялар мен тың өзгерістер тіршілікке енеді. Өткенді қимасақ та, тарихтың сары парақтарын жауып, ертеңгі күнге ерекше ұмтылыспен, махаббатпен, экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы елдердің сапына қосыламыз деп аяғымызды алшақ басып, тың ғылыми технологияларды өз әлімізше меңгеріп келеміз. Аталарымызға арман болған айға қонып, ат тұлпарының тұяғы тимеген шетелге бару бүгінгі таңда, қолжетімді болып қалды. Міне, осындай заман талап еткен, қоғамның қажетін өтеген, демократиялы, зайырлы, құқықтық ел азаматтарына заң бойынша қызмет етіп келе жатқан тәуелсіз бағалау саласы.
Кәсіпкерліктің тасы өрге домалап, көп қызмет нарықпен өлшенген заманда тәуелсіз бағалаудың керек жері мол. Атап айтсақ, «Жылжымайтын және жылжымалы мүліктің құнын бағалау», «Зияткерлік меншік объектілерінің және материалдық емес активтердің, Бизнестің құнын бағалау» түрлері бар. Тәуелсіз бағалау қызметі бүгінгі заң мен кәсіпкерліктің арасындағы дау жиі туындап тұрған бүгінгі шақта керек-ақ. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғАлардың сату-сатып алу қызметі, салық төлеу саласына да, Банктен несие рәсімдеу де тәуелсіз бағалау орталықтарының қызметімен жүзеге асатыны белгілі. Осындай, тың саланың тінітін тарқатып, заң және қаржы саласы бойынша қызметін тұрғындарға көрсетіп келе жатқан азаматшаның бірі – «GARANT» Тәуелсіз Бағалау Компаниясы ЖШС негізін қалаушы директоры Асанова Эльмира Қалдыбекқызы.
«Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген, бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміздің өмір жолын, жеткен жетістіктері мен ел үшін атқарып келе жатқан қызметтерін оқырманға тереңірек таныстырып өтсек. Эльмира Қалдыбекқызы 1989 жылдың 5 тамызында Алаштың анасына ғана емес, өнердің ордасына айналған Қызылорда қаласында дүниеге келді. Бір адамды шырайын шығарар болсақ, атақты да ұлы тұлғаларымен мақтанатынымыз анық. Бүгінгі таңда өз саласының білікті маманына айналған Эльмира киелі сахна төрінде, руханият әлемінде қанатын кең жайған ақындар мен жазушылар, таңды таңға ұрып жырлаған термешілердің кіндік қаны тамған өңірде бақытты балалығын өткізіп, бірнеше елді елдестіріп, байланыстар ағып жатқан Сырдария өзенінің салқын да сырлы, сырға толы самалына бұрымын сүйдіріп өсті.
Кейіпкеріміз дүниеге келген жылдары Кеңес одағының да қабырғасына сызат түсіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған шаруашылықтардың шаруасы шатқаяқтап жатыр еді. Тек көңілдегі бір жұбаныш тәуелсіздіктің ақ таңы шапағын шаша атып келе жатқан еді. Ғасырлар тоғысы қазақ еліне өтелмес сый таратқанымен, елдің жағдайы мәз емес еді. Міне, осы бір жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына балалығы тап келген Асанова Эльмира да сол бір қысылтаяң шақтарды басынан өткерді. Шаңырақтың ішін шаттыққа бөлеп, тұңғышы болып өмірге келген оның артынан Абылайхан есімді бауыры да дүниеге келді. Мықты деген зауыттар мен фабрикалардың есігін қара құлып күзетіп, мектепте мұғалімдер ғана шықпа жаным шықпамен отырған, жоқшылық пен жетіспеушілік тобық
![]()
тан қаққан кездері Эльмираның ата-анасы да елмен бірге базарға шығып, тапқан табасымен ер жеткізіп, тәрбиелі қыз етіп өсірді...
...Балалық шақ демекші, кейіпкерімізбен әңгімелескенде, Эльмираның болашақ мамандығына деген ынтасының бала кезден бастау алғанына да куә болдық. Кішкентай Эльмира сол кезде-ақ келешекте есеп-қисаппен жұмыс жасайтынын білгендей екен.
– «Бала күнімізде өзіммен қатар көршінің қыздары бар, әпкелерім бар, бәріміз есіктің алдында ойнайтынбыз. Сонда басқа қыздар балшықтан тамақ жасап, біреуі үй жинап, енді біреуі мама-папа боп ойнап жатқанда, мен анандай жерде жұмыс жасап жатқандай ойнаймын деп әлек болатынмын. Қағаздан ақша жасап беріп, маған да келіңдер деп отыратынмын», - деп балалық шағының бір сәтін еске ала күлді кейіпкеріміз...
Білім ордасының табалдырығын 1996 жылы Қызылорда қаласы, Ақмешіт мөлтек ауданындағы №136 Темірбек Жүргенов атындағы қазақ орта мектебінде аттаған Эльмира алғашқы сәттен-ақ зеректігімен, айтқан сөзді екі етпей қағып алатындығымен, ұстаздарының көзіне түсе білді. Білімге деген құштарлық пен ынтызарлық оны сынып ішіндегі үздік оқушылардың бірі етіп қана қоймай, мектепішілік, сынып-ішілік өткізілген сайыстарда топ жаруына алып келді. Жасымайтын, сабақ оқуда ұстазынан бестік баға ала білген оқушы мектептің мәдени, рухани және қоғамдық өміріне белсене араласты. Қолымнан келмейді демеді, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге тырысты, білмеймін демеді, түрлі кітаптар ақтарып, таным көкжиегін кеңейте білді. Өзінің білімімен алғырлығымен, жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетімен сынып көшін алға сүйрей білген Эльмира негізгі мектепті, яғни, 9-сыныпты қызыл аттестатқа бітірді. Бұл құжат талапкердің ертеңгі күнге деген, жарқын болашаққа деген жолын аша білді десек қате айтқандығымыз емес.
Осы жерден тағы да әңгімемізге тұздық ретінде кейіпкеріміздің өзі айтқан мына бір ақпараттарды оқырманмен бөліссек, кейбір болашақ мамандығын таңдайтын жастар өзіне керегін алар деген ойдамыз.
– «Мектепте оқып жүргенде, әсіресе анам інім екеуіміздің сабақты тек беске оқығанымызды қатты қадағалады. Бар ойымыз әке-шешеміздің атына кір келтірмей, бізге артқан үмітін ақтау болды. Соның нәтижесінде інім «Алтын белгі» иегері болды да, мен тек «Үздік аттестат» алдым. Анамның айтуы бойынша мен биология пәнін таңдап, болашақта дәрігер болуым керек еді. Сөйтіп қалалық, облыстық олимпиададан топ жарып, биология пәні бойынша республикалық олимпиадаға дайындалып жүрдім. Бір күні математика пәнінің мұғалімі – Даумегенова Гулшат апайым: «Эльмира, сенен дәрігер шықпайды. Сен медицина саласының адамы емессің! Саған заңгер немесе экономика саласын таңдау керек. Әлі де ойлан, болашағыңа дұрыс қадам жаса!» деп кесіп айтты. Ұстазымның айтқан сөзі миымның әрбір клеткасына дейін жетіп, қатты әсер етті ме, мектептегі мұғалімдерімді де, әке-шешемді де дүрліктіріп, биология пәнін емес, география пәнін таңдаймын деп қиғылық салып, ақырында Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша география пәнін таңдап, өз шешімімді бәріне дәлелдеп, межелі отыз балдың отызын жинап шықтым. Әйтсе де, мектеп әкімшілігі жеме-жемге келгенде төртінші пәнімді ауыстырғаныма байланысты ұсынып отырған «Алтын белгі» иегерлерінің тізімінен мені алып тастаған болатын. Бірақ мен 120 балдың 113-ін жинап, «Алтын белгі» иегерлерімен бір деңгейдегі көрсеткішке ие болдым. Мейлі, «Алтын белгі» алмасам да, жүрек қалауымдағы мамандығымды қатесіз таңдап, өзімнің де, әке-шешемнің де абыройын асқақтатып, осы күнге жетіп отыруыма сол кездегі дұрыс қадам жасағаныма ешқашан өкінбеймін», - деп Эльмира ағынан жарылды.
...Түбі терең, дауылды толқында білім теңізіне қадам бастырған білім ордасын 2007 жылы тәмамдаған дарынды жас, армандар қаласына айналған Алатаудың етегіндегі Алматыға аттанды. Ондағы ойы жоғарғы оқу орнына түсіп, өзінің қалаған мамандығын иге
![]()
ріп шығып, елге бір пайдасы тиер мамандықтың білікті де білімді егесі болу. «Талпынған жетер мұратқа» деген, өз-өзіне деген сенімділігі басым Эльмира емтихандарды өте жақсыға тапсырып, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Экономика және бизнес» факультетіне оқуға түсті. Соңғы курстарда өзінің бір қырын байқап көрмек боп, алып қаладағы шағын компанияларға барып, ол жерлерде риэлторлық, бағалаушының көмекшісі сияқты қызметтерді атқарып, оқумен қатар қосымша табыс табуды да қолға алды... Ол оған үлкен тәжірибе болды Білім алып жүріп, өзі таңдаған саласы бойынша тәжірибелік практикадан өтіп, «Бағалау» мамандығы бойынша оқу орнын бітірген соң, 2011 жылы Қызылорда қаласындағы «Оценка Бисс» мекемесіне бағалаушы болып орналасады. Өз ісіне мығым, бағалау ісі бойынша теориялық қана емес, практикалық өтілі бар Эльмира Қалдыбекқызы жаңа жұмыс орнында да аз ғана уақыт ішінде жауапкершілігі мен адалдығының арқасында басшылықтың алғысына ие болды. Қолынан іс келетін жас қандай ортада да сұранысқа ие емес пе, артынан адам жүргізбей ісін тиянақты бітіретін, бастағанын аяқсыз қалдырмайтын, жауапкершілікпен әрі жылдам бітіретін жас маманның еңбек етуге, жұмыс жасауға деген ерекше қабілетін байқаған басшылық Эльмира Қалдыбекқызына үлкен сенім артып, «Оценка Бисс» мекемесін басқаруды тапсырды. Жоғарғы оқу орнын жаңа ғана бітіріп, оқығаны мен тоқығанын, көргені мен түйгенін енді өндіріске араластыра бастағанда, басшылық қызметті сеніп тапсыру жас маман үшін күтпеген, әрі мүмкіндіктерге жетелейтін үлкен мүмкіндік еді. Жұмыстың күрделілігінен қорықпайтын, қиын шақтарда тез әрі дұрыс шешім қабылдай білетін, әрдайым өзіне деген сенімділігі басым кейіпкеріміз осылайша өзгелерге ұқсамайтын, өзінің жұмысты жүргізе білу, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 22 жасында басшылық қызметке келді. Жауапкершілік жүгі қашанда ауыр салмақ тартып, арқаңда тұратыны бар. Оны сана-түйсігімен сезінген Эльмира Қалдыбекқызы өзіне сеніп тапсырылған жұмысты өз деңгейінде орындап, бүгінгі тапсырманы ертеңге қалдырмай, білетінін іске салып, өзгелерді де жұмысқа жұмылдырып, барын салып жұмыс жасады. Осы бір бағалау компаниясынан ол тек қана ұжымдастарының жылы лебізі мен алғысын алып отырды.
Қанаты қатайған соң қыранның балапаны да қияға өрлейді емес пе, осы бір бағалау компаниясында тәжірибе жинақтаған Эльмира Қалдыбекқызы 2013 жылы өзінің тәуелсіз бағалау компаниясын ашып жұмыс жасады. Осы кезеңдерде тәуелсіз бағалаудың сұранысы артып, нарықта да, банк ісінде де, жеке тұрғындар сапында да үлкен сұраныс болды. Нарықтың осы бір сұранысын қанағаттандыру мақсатында араға екі жыл салып, шағын компаниясын үлкейтіп, «GARANT» тәуелсіз бағалау компаниясын ашты. Облыс бойынша тәуелсіз бағалау компаниясын ашып, кейіннен оны үлкейткен, әрі әйелдер арасындағы алғашқысы болды.
- «Нарық деген алып жаһандастыру емес пе, енді ғана есік ашқан мені бірден қабылдай қоймады. Бұрын соңды кезікпеген көптеген қиындықтарға тап болдым. Қызылорда қаласында тәуелсіз бағалау компаниясын ашқан алғашқы нәзік жанды болғасын ба, бәсекелестер тарапынан көптеген кедергілер болды. Бірақ, болат қайнаған сайын шыныға түседі емес пе, қиындық көріп, кедергілерге тап болған сайын, қайрала, шыңдала түстім. Оның үстіне, қазақы тәрбиеміз бен өжеттігімнің арқасында ешқандай қиыншылыққа сынбай қайта, өмір сабақтарын одан әрі үйрене түстім. Дос пен ағайын басыңа іс түскенде танылады емес пе, сол бір кездері мені қолдаған, ісімнің алға басуына дем берген жандарға айтар алғысым шексіз! Себебі, олардың қолдауынсыз мен сол кездегі, бірінің соңын бірі қуған қиыншылықтарға төзе алар ме едім?! Сондықтан, сол кездері жас демей, маған сеніп, көмектескен адамдарға мың алғысымды білдіремін. Бүгінгі таңда өзімнің атқарып жатқан жұмыстарымды мақтанышпен айта аламын.
Көрсеткіштеріміз де жаман емес, облыстағы алдыңғы қатарлы 3 тәуелсіз бағалау қызметінің сапына кіреміз. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Осы бір жетістіктің артында қаншама уақытпен санаспай еңбек ету, қиындық, шаршап-шалдығу, сенім мен күдік, ұмтылыс пен қайралу, қайсарлық пен өжеттілік, сабырлылық пен төзімділік жатыр.
Біз Тәуелсіз бағалаудың барлық қызмет түрлерін көрсетеміз. Тапсырыс беруші жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар, қаржы нарығындағы банктермен, Мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс орнатып, етене жұмыс жасап келеміз. Компаниямды үлкейту туралы идея болып, 2019 жылдан бері Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Семей, Өскемен қалаларында өз филиалдарымды тіркеп, жұмыс жасап келемін. «Талпынғанға тау да аласа» демей ме, халқымыз, Алла қаласа алдағы уақытты Қазақстанның өзге де қалаларында филиалдар ашу ойымда бар. Сол бағыт бойынша тынбай жұмыс жасап келеміз. Сәттілік, бақ пен бап ізденушіліктің, тынымсыз еңбектің арқасында келмей ме?! Өзім кішкентайымнан талғамым жоғары, қандай істі бастасам да әділ әрі адалдықпен жұмыс жасауға талпынамын. Қазір де сапалы әрі кәсіпқой тұтынушыларымызға қызмет көрсетіп келеміз. Еңбегіміздің өтелгені, қызметіміздің жақсы болғаны ғой, біз қызмет көрсететін тұтынушыларымыздың қатары күннен-күнге толығып келеді. Барынша, компанияның брендін, логотипін, өз фирмалық стилін қалыптастыруға да ерекше мән беремін», - дейді Эльмира Қалдыбекқызы өзінің қызметі туралы сөз етіп.
Эльмира ханымның осындай білікті де білімді, тәрбиелі тұлға болып қалыптасуында ата-анасының зор еңбегі жатыр. Әкесі – Асанов Қалдыбек Колхозбайұлы 1964 жылы 8 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Полиция қызметкері болып жұмыс жасаған. Анасы қолынан өнер тамған, ісмер, 40 жыл бойы тігінші болса, әкесі күріш заводында инженер болған. Отбасында 5 ағайынды, бауырмал бауырлары бар, үлкен әулеттің ұрпақтары. Ал анасы – Жанабатырова Дана Абдрашқызы, 1964 жылы 16 қарашада Шиелі ауданында дүниеге келген. Семей технологиялық ет-сүт өнімдері институтын бітірген, мамандығы сүт өнімдерінің инженер-технологы. Қызылорда қаласында отбасын құрған. Әкесі қойма меңгерушісі, аңшы, қолөнерші болса, анасы мұғалім болған. Отбасында 5 ағайынды. Эльмираның артынан ерген інісі Қалдыбекұлы Абылайхан 1992 жылы 13 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматыдағы ҰҚК Академиясын бітіріп, қызметін жалғастыруда. Отбасылы, 1 ұл 1 қызы бар, Айрандай ұйыған, ұлағатты отбасының отағасы болып отыр.
Еткен еңбектің өтеуі елеусіз қалмақ емес. Қызмет еткен жылдары тұтынушылар тарапынан Алғыс хаттар мен Грамоталар иеленіп, Қызылорда қаласы әкімінің Алғыс хатына да ие болды. «Ізденісті тоқтату кейінге қарай кету деген сөз» деп, кәсіпкерлік саласында, өмір көрген адамдар айтпақшы, Эльмира Қалдыбекқызы өзін үнемі сауатын көтеріп, жаңа тың дүниелерді танып-біліп, сала бойынша тренинг, семинар, марафондарға қатысып отырады. Бұл да кейіпкеріміздің күн санап өзгеріп, дамып, түрленіп келе жатқан сала бойынша тың дүниелерді меңгеріп, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуіне үлкен сеп болары анық. Жас болса да бас болып, көлденең кездескен қиыншылықтарға мойымай, өз ісін дамытып жалғастырып, жауапкершілігі мол саланы ілгерілетіп келе жатқан, Қызылорда қаласы бойынша ең бірінші нәзік жан болып тәуелсіз бағалау компаниясын ашқан және филиалдарын республика бойынша таратып жатқан Эльмира Қалдыбекқызының деніне саулық, отбасына бақыт, кәсібіне береке тілейміз!