Бақытты жан
Адам баласы өмірге бақытты болуы үшін келеді. Бақытты жан-жақтан іздеудің қажеті де жоқ, ол әрбір адамның басында тұрады. Ал оны бағалап, қадіріне жету-жетпеу әркімнің өз еншісінде болмақ. Өмірден бақыт тапқан жандардың жүзі жайнап, әрдайым күлімдеп, жан-
![]()
жағына жылы шуағын шашып жүреді. Азға қанағат етіп, үлкен жетістігіне шүкірлік білдіреді. Ақшадан гөрі рухани байлықтан бақыт табатындардың ортасы парасат пен мәдениетке, сыйластық пен құрметке тұнып жатады. Рас, адамға бақытты болу үшін барлық мүмкіндіктер берілген. Барлығы да тек адамның қолында. Бақыттың бағасын, құндылығын түсірмес үшін әр адам өздерінше қадамдар жасайды. Жалғыздықтан бақыт табатындар бар шығар, алайда бақыттың өзі көпшілікпен, достармен, бала-шағасымен, отбасымен туған-туыспен бірге болғанда ғана толықтай сезіледі. Бақыт демекші, мына бір әдемі жазба бір кездері көптің көңілін аударғаны бар. Бразилия жазушысы Пауло Коэльоның «Заир» деген романы бар. Ол қазақ тіліне де аударылған. Бразилия жазушысы кітабының кейіпкерлері бақыт деген ұғымның мәнін махаббатпен, сүйгенімен қосылудан іздейді. Өз бақытын махаббат күшін өзіне кері қайтарумен байланыстырады. Адамның салмағын өлшеп білеміз, кісінің дене қызуын өлшеп білеміз, ал адамның бақытын өлшейтіндей аспап жоқ. Бақыт ол әркімнің басындағы өзінің бағалап, қастерлеуіне байланысты болатын дүние. Бақыт адамға берілген кішкентай ғана көзге көрінбейтін сый делік. Сонан айырылып қалмас үшін де әр адам бақыты үшін өмір бойы күресіп жүреді.
![]()
Сондықтан да, атам қазақтан «Әр адам өз бақытының ұстасы», - деген әдемі тәмсіл қалған. Бақыттың үлкен-кішісі болмайды дегендегі түсінікке келер болсақ, адам қанағатшыл болуы керек. Қарапайым нәрсенің өзі адамды үлкен етіп, елден ерек ете түсері де сөзсіз. Адал еңбек, жақсы нәтиже, өнегелі өмір – адамды нағыз бақытты жан етеді. Сондай жанның бірі, бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз – Лидия Тегісқызы.
Кең көлемді мақаламыздың кейіпкері болып отырған Бегалиева Лидия Тегісқызы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Бірлік ауылында 1956 жылы 9 қазанда қарапайым, көпбалалы жанұяда дүниеге келген. Отбасында жеті ағайынды, үш қыз, төрт ұл болды. Әкесі – Тегіс мал дәрігері болып бірнеше жылдар бойы абыройлы еңбек етті. Кейін аудандағы жеке азаматтық қорғаныста басшылық қызметте болды. Ақ адал пейіліне қарай, қай жерде, қай ортада қызмет етпесін, ұжымына сыйлы, беделді әріптес, білікті де білімді көшбасшы бола білді. Ұжымын ауызбіршілікте ұстап, көптің алғысын да алды. Оны танитын замандастары ақ көңіл, адамгершілігі мол, еңбекқор, өте қазақшыл екенін айтады. Тілінің жанашыры болды. Қызмет бабында ылғи да өз ұжымын таза қазақ тілінде сөйлеуге шақыратын. Өзі зиялы қауым ортасында болғандықтан үнемі кітаптан бас алмайтын. Ұзақ күнгі қызметтен шаршап келіп, ас-суы дайын болғанға дейін балаларын
![]()
жанына шақырып алып, келесі бір кітаптың бетін парақтап отыратын. Әкеге қарап өскен бала қашанда тәрбиеге бай болып есейеді емес пе?! Әкелерін жұмыстан сағына күтіп отыратын балалары да әкелері жантаймай, ұйқыға кетпейтін. Олар үшін әкенің әңгімесі, айтар ақылы, ойы маңызды болатын. Сонан соң күні бойы істеген істерімен, оқыған кітаптарымен, мектептегі жаңалықтарымен бөлісетін. Аналарына қолғабыс беріп, үй шаруасын да тындыруға болысқандарын жарыса айтып жататын. Тіл жанашыры болған азамат барлық балаларын тек қазақ мектебінде оқытты. Лидияның анасы Бүбі жан-жағына шуағын шашып тұратын көпшіл, қонақжай, екі ененің көңілінен шыққан сыйлы да, дана жан болды. Дастарханы дәмнен ажырамайтын, үйінен құдайы қонақ арылмайтын, берекелі, көпшіл, жүрегі даладай кең, балажан, адам жатырқамайтын, биязы да салмақты, иманжүзді, ажарлы, аузынан «айналайыны» түспейтін, аса мейірімді, көпке қамқор жан болатын-ды. Осындай ата-ананың тәлім-тәрбиесін көріп бойжеткен Лидия да табиғатынан өте зерек жан болды. Ұғымтал, нәзік, уәдеге берік, адал, «сөзім ұстанымым» дейтін ер жігітке бергісіз бойында қайсарлығы да бар, білімге құштар, жан-жақты, ізденімпаз болды. Мектепте үздік оқушылар қатарында болған ол, сыныбының көшбасшысы болды. Ұстаздарының сүйікті шәкірті болған Лидия 1973 жылы Қордай ауылындағы Абай атындағы орта мектепті ойдағыдай
![]()
үздікке бітіріп шықты. Мектепті бітіргеннен кейін, арман жетегімен Жамбыл қаласындағы сауда техникумына құжат тапсырды. Жолы болып өзі қалаған оқу орнына оқуға түсті. Аталмыш техникумды да жақсыға тәмамдап, қолына дипломын алып, ауданда орталық универмагқа сатушы болып жұмысқа орналасады. Осылайша, алғашқы еңбек жолын бастап, ел қатарлы еңбек етеді. Жұмыс істей жүріп, білімге құштар жас маман Қарағанды кооператив институтына оқуға түседі. Универмаг басшылары жас маманды үнемі мақтап, оның тиянақты әрі адал еңбегін бағалап, тауар сарапшысы міндетін атқаруды сеніп тапсырды. Басшылық сенім артқан жұмысқа құлшына кіріскен Лидия аз уақытта жақсы жетістіктерге де қол жеткізе бастады. Өзінің ұқыптылығымен, талапшылдығымен мінсіз қызмет атқарды. Тауар сарапшысы жұмысын істеп жүріп, бірнеше жыл қосымша кәсіподақ комитетінің төрайымы міндетін атқарды. Еңбекке деген сүйіспеншілігінен, таза маңдай тер еңбекқорлығынан қандай да жұмысты болмасын дөңгелентіп әкететін Лидия экономист, бас экономист мамандығы бойынша да жұмыс істеді. Сол уақытта, универмагтың қарамағына кітап, жиһаз, ыдыс, шаруашылық, балалар әлемі, Жан-Сая, универмаг дүкендері кіретін. Ұжымда 130-ға жуық қызметкерлер мен жұмысшылар еңбек етті. Атап айтқанда: дүкенші, шопыр, жүк тасушы, тауар сарапшысы, экономистер, бухгалтерлер, басшы, басшының көмекшісі, іс жүргізушілер болды.
«Сол жұмыста жүрген балауса балғын кезімде, қаншама жігіттер көз тігіп, «қарындас» деп жүретін. Әсіресе бұйра шашты, қара торы жігіт қыр соңымнан қалмады. Құр жүрген жоқ, бірде «Қарындасым сенің қара көзіңе» деп басталатын әнді салып жүрегімді жаулады. Осылай менің өмірлік жарым, балаларымның ардақты әкесімен бас қостым», - деп Лидия өзінің отбасылық өмірінің басталуын осылай баяндайды. Бақыт пен берекені өзінің жасаған еңбегінен тапқан нәзік жан отбасында жары Қалдыбаймен бірге үш бала тәрбиелеп, өсіріп, екі ұл, бір қызының қызығын көріп, немерелер сүйіп отыр. «Менің бақытым да, барым да отбасым. Қызмет ете жүріп, отбасының жылуын сезініп жүретінмін» деген сөзін айтты. Лидия жемісті еңбегінің арқасында кәсіподақ комитетінің төрайымы болып қайта сайланды. Өзінің бұл жұмысын адал әрі тиянақты орындауымен көпшіліктің көңілінен шығып, алғысын алды. Сол бір бақытты күндерін сағына есіне алған кейіпкеріміздің, сыр мен сезімге толы шақтарына назар салсақ:
- «Сол кезде жиналыс жұмыстан кейін болатын. Жиналыстан үйге кеш оралдым. Жан жарым Қалан киелі дастархан жайып, тәтті палау басып, балалармен бірге, қолында шоқ гүлімен алдымнан шығып, құттықтап қарсы алған сәттері әлі күнге көз алдымда. Отбасындағы сыйластықтан артық ештеңке жоқ дер едім. Бар бақыт адамның өз қолында. Мен жарымның атын атаған емеспін, осы уақытқа дейін «Қалан» деп, ал балаларымды «Алтыным» деп атап келемін. Қалан үлкен қызметте болды. Күн ұзақ, кейде жұмыстан кештетіп келетін уақыттар болатын. Ас дайындап, балаларымен бірге күтіп отыратынмын. Жаспыз. Көлігінің даусы естілген сәтте қуанысып, шуласып, аулаға шығып, мен болсам мойнынан құшақтап, балалар болса бойларының жеткеніне қарай, екеуі белінен, бірі
![]()
бұтынан құшақтап қарсы алатынбыз. Ас дастарханға келгенде әкесі ауыз тимей балалар қолдарын салмайды. Сол кезде ерке қызымыз Әселя «папа ауыз тиіңізші біздің тамақ ішкіміз келді» деп еркелейтін. Міне, бақыт деген осы емес пе? Жаратушыма мың алғыс білдіремін!», - дейді, жарына да жаратушысына да ризашылығы мен мың да бір алғысын білдірген Лидия Тегісқызы.
Кеңес Одағы ыдырап, халықтың жағдайы төмендей бастаған кезде, нан табудың өзі қиындаған еді. Ауданда дүкендердің бәрінде сататын зат болмай, сауда орталықтары, дүкендердің бәрі жабыла бастады. Дүкен сөрелері жалаңаштанып, іліп аларға зат табылмады. Жейтін тамақтан бастап, киер киімге дейін ештеңе болмаған шақ еді. Лидияның балаларының алды енді мектеп баспалдағын жаңа аттаған кезі. Ал, ата-ана үшін ең маңыздысы балаларына тәлімді тәрбиемен қоса, жақсы жағдай жасау. Жағдай дұрыс болғанда ғана білім биікке жетелейтінін білді. Екеуі де жас болатын. Алайда, жары, Лидия сеніміне шүбә келтірмей, бос қызғанышқа бой алдырмай, жағдайға түсіністікпен қарап, өзінің ой-өрісінің жоғары екендігін білдіріп, шет елге шығуына рұқсат берді. Осылайша, Лидия Турция, Қытай, Араб Әмірлігі, Пәкістан, Польша, Египет елдеріне барып түрлі заттар, оның ішінде, үлкен-кішіге бірдей киім-кешек, аяқ-киім, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды әкеле бастады. Халықтың қажеттілігіне, сұранысына орай күнделікті тұтыну заттарын сататын дүкен де ашты. Халыққа қол жетімді бағамен сауда жасай отырып, өзінің кәсіпкерлік өрісін кеңейте түсті. Сол кездегі ауданда әйелдер ішінде жеке кәсіпкерлікпен айналысқан алғашқы Лидия Тегісқызы болды. Соған орай «Деловым женщинам без %» несиесі берілді. Талай қиындықтар да болды. Мойымады. Кәсіпте береке болатыны рас. Тек шыдамдылық, төзімділік, сабырлылық деген қасиеттерді игере білсе болғаны. Кәсіпті алғашқы бастаған кездері, жағдай бүгінгіден де ауыр еді. Сол кезде шет елде қазіргідей жағдай жасалмаған, алған заттарымызды өзіміз тасып, өзіміз жүктейміз, содан әуежайға алып кететін.
- «Өмірдің өзі еңбектен тұрмай ма, балаларыма тәрбие болу үшін «заттар қалай келіп жатыр, анасының қандай еңбекпен әкеліп жүргенін білсін, оңай еңбек жоқ екенін түсінсін, өз көздерімен көрсін деген мақсатпен, жоғарғы 8,9-сыныптарда, яғни, жазғы демалыстарында ұлдарым мен қызымды кезекпен-кезек шетелге өзіммен бірге алып кететінмін. «Талбесік қалай тербелсе, талшыбық солай қисаяды» деген, барлық нәрсе тәрбиеге байланысты, міне, бүгінгі таңда адал еңбектің оңай келмейтінін, тынбай, аянбай еңбектену керек екендігін түсінген перзенттеріміздің әрқайсысы да бір-бір беделді мамандықтың иелері. Әкесі екеуміз соның жемісін көріп отырмыз. Алтындарыма ризамын, ризамын,аналық ақ батамды беріп отырамын.
Үлкен ұлым Бауыржан кітапқа өте әуес, көп қызығып оқиды, кішіпейіл, ақ көңілді, бауырмал, қамқоршы секілді қасиеттері бойында бар. 11-сыныпта оқып жүргенде бөлмесінен шығып, кешке әкесі екеуміз теледидар қарап отырғанымызда: «Мама, мен осы оқуға түскім келеді!» деп мойнымнан құшақтағанда, жүрегімде бұрын соңды болып көрмеген үміт пен қуаныш, ерекше махаббат сыйлаған түсініксіз бір жағдай пайда болған еді... Уақыт өте келе Жаратушы Алла қолдап, өзінің мектебінен алған үздік білімінің арқасында, қалаған оқуына түсіп бір қуанғанымыз бар. Ия, баланы іс-қимыл әрекетіне, мінез-
![]()
құлықтарына қарай мектепте оқып жүргеннен бастап, «Генералым» деп атайтын болдым. Ал кіші ұлым Әсет еңбекқор, өз ісіне берік, тыңғылықты, өте зерек, кітапқа деген махаббаты ерекше. Үздік білімнің арқасында беделді оқу орнына түсіп одан «Болашақ» бағдарламасымен шет елде магистратураны тәмамдап, елге оралды. Белді маман иесі болып қызмет атқарып жүр. Бастауыш сыныптан бастап-ақ өз атын «Әсет» деп ыдыс жиһаз, оқу құралдары тағы басқа заттарға жазып тастай берген соң, «Президентім» деп атап кеттім. Ал арпа ішіндегі бір бидайым, екі ұлдың ортасындағы ақылды да ерке қызым Әселя беделді оқу орнын бітіріп, қызмет істеп жүріп тұрмыс құрды. Қызым бауырмал, үлкен-кіші, ағайын туысты, қайын жұртын сыйлай білетін, әулетін ұйытқыдай ұйытып, үлгілі келін атанған, қалжыңы жарасқан, бауырларын жоғары құрметпен сыйлай білетін, келін жеңгесімен әпке-сіңілідей сыйластықты сақтай білетін сыйлы жан.
- Адам жұмыс жасау үшін өмір сүрмейді, Өмір сүру үшін еңбектенеді» сондықтан адал еңбекпен қатар, әділ де адами асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, өсіп, адам болып қалыптасу қиынның қиыны. Ал осы бір даңғыл жолға түсіп, ең алдымен ата-анасының баласына берген тәлім-тәрбиесінде жатыр. Мерекелер мен әр жексенбіде, «Өтеген» ауылында тұратын анамыз, балалардың Жуария әжесіне барып тұратынбыз. Күндердің күнінде ауылға баратын уақытта, аулаға шығып, сыртқы есікті құлыптап жатқанда, кенеттен үлкен ұлым: «Мама біз, бүгін ауылға бармасақ бола ма, сабақтарымыз орындалған жоқ» деп айтқан сөзі маған ерсі көрінді. Сонда мен сабақты ойлап отырған ұлыма: «сабақтарың орындалмаса азар болса жаман баға аларсыңдар, ал, әжелеріңді қайтесіңдер!? Білесіңдер әжелеріңе әр жексенбі сайын баратынымызды. Ол кісі сендерді күтеді, келеді деп алаңдап отырады. Әжелерің - әкелеріңнің анасы, ертең мен де сендердің әжелерің секілді қартаямын, сол кезде сендердің балаларың осылай айтса, сендерге ұнай ма?!» деп қатаң айтқаным бар-ды. Сол айтқаннан кейін, мама ауылға қашан барамыз деп жиі сұрай беретін болды. Айта берсем әңгіме жетерлік.
Балаларым мектепте, кішісі 2-сыныпта, екеуі 5,6-сыныпта оқитын. Ол кездері балаларды үйге қалдырып, өзіміз тойға кететінбіз. Ертесінде ұзын еденде текпіршекте отырып тойдың қалай өткендігін, той иелері балаларының өте жақсы екендігін, үлгі болсын деп айтсам, керісінше, тамаша жанұялардың балалары ата-анасының еңбегінің бағаламайтынын, олардың дұрыс емес екендігін, ондай болмауларын айтып отырамын. Сонда мен не үшін айтып отырмын деген сұрақты қоятынмын. «Сіз жақсы бала болыңдар, жаман қылық жасамаңдар, оларға ұқсамаңдар деп айттыңыз» - деп жауап беретін. Бала болса да осындай бір жауаптарына, ана ретінде мен де риза болып қалатынмын. «Өте дұрыс айтасыңдар, алтындарым менің!» деп, біз де қария болармыз, сендердің арқаларыңда біз бақытты боламыз. Ол үшін жақсы оқып, мектепті үздік бітіріп, жоғарғы оқуға түсіп, мықты маман иесі болып шығуларың керек. Сол кезде, өздеріңнің де жағдайларыңды жасап, бақытты да, берекелі өмір кешесіңдер! Кейін жасымыз ұлғайғанда қолдарыңа барамыз, әзірге өз тіршілігіміз бар» - деп, шаштарынан сипап, маңдайларынан иіскейтінмін! Балаларыма жексенбі күні келгенде алғашқы айлықтарыңнан әжеңе, әкеңнің әпкесі Нұрсила әпкемізге сыйлық-тәттілер мен дәндер молынан алып келіңдер деп үлкен ұлыма, келе қызыма, кейін кіші ұлыма айтып отыратынмын. Әрине, балаларым айтқанымды орындап, әжесі мен әпкеміз мәз мейрам болып, баталарын беретін. Апамның айтқаны әлі есімде бұлар бала ғой «айналайын» сен айтпасаң қайдан білсін деп, екеуің Алланың берген ұрпақтарының бақытын көріңдер, немере, шөбере сүйіңдер деп, бізге де батасын жаудырғанда көңілім көкке көтерілгендей болатын.
Әңгімемде Нұрсила әпкемізді атап өткен едім. Ол кісі талай жылдар үлкен қызметте болып, бір отбасының ғана қызы емес Қордай ауданының қызы болды. 2018 жылы Тәуелсіздік күнінне орай Елбасымыздың жолдауын қолдай отыра заманауи талабына сай Қордай ауылы орталығынан әпкеміздің құрметіне «Нұрсила Әже» бөбекжай-балабақшасын аштық. Балабақша ашу мақсатымыз жасөспірімге саналы тәрбие сапалы білім беру жолында біздің де бір пайдамыз тисін деген ойымыз еді. Балабақша ішінен Нұрсила әпкеміздің «өнегелі өмір жолын баяндайтын жас ұрпаққа үлгі болсын» деген мақсатпен бұрыш ұйымдастырдық.
Ауданда қамқорлық іс-шараларға қол ұшымызды тигізіп келеміз: қарттар күні, балалар күні, халықаралық әйелдер-наурыз мерекелерінде тағы басқа мерекелерде жағдайы төмен жандарға азық-түлік, киім-кешек, қаражат жағынан көмегімізді беріп тұрамыз. «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы пайдалана отырып, «Өтеген» ауылын көгалдандыру мақсатында жүз түп алма ағашын тіктік. Өтеген бабамыздың шырақшысы тұратын үйінің есік терезесін ауыстырып, кілем, көрпе-төсек, ыдыс-аяқтармен көмек көрсеттік. Зейнетке шықсақта көштен қалмай еңбек етіп келеміз. Аллаға шүкір «жас кезде бейнет қартайғанда зейнет дегендей» балаларымызға берген тәрбиеміздің жемісін көріп отырмыз.
Әлі де немерелер, шөберелер сүйсек деген арман бар. Біздің отбасымыздың ұстамы «ала жіпті аттамай, сүрінгенге сүйеу, жығылғанда тіреу болу». «Құдаң құрдасыңдай, құдағиың сырласыңдай» - дегендей құдай қосқан құдаларым: Қордай ауылынан – Күлбаршын құдағиым, Алматыдан – Сыдық, Люба құда - құдағиым, Павлодардан – Бейбіт, Асия құда-құдағиларыммен сағына, тамаша көңіл-күй, қарым-қатынаста үлкен сыйластықпен араласып жатқан жайымыз бар.
Отбасымыздың берекесін, ынтымағын сақтауын қызымызбен ұлдарымыздың жарлары: күйеу бала – Әділет, келіндер – Камшат пен Айгерім жалғастыруда. Күйеу баламыз кішіпейіл, көпшіл, тамаша жан, келіндерім болса, келіндік өз міндеттерін атқарып, ер-азаматтарын құрметтеп, бағалай білетін, немерелерімізге жақсы тәрбие беріп, ал біздерге сыйластықпен қарап, бізді бағалай білетін жандар. Ал мен болсам, келіндерімді қызымдай көріп, келіндік міндеттерін атқаруларын айтып отырамын. Аллаға шүкір! Қызыма, күйеубалама, ұлдарым мен келіндеріме РИЗАМЫН!
Сол кездерде айтқаным келді, қазіргі уақытта, Қордайда балаларымның әкесі Қалан екеуміз берекелі де бақытты өмір кешіп жатқан жайымыз бар. Ал балаларым немерелерімізді демалыс уақытында үнемі жіберіп тұрады. Олар да келіп, «ата-әже» деп қуантып кетеді. Ал балаларым өздері, мерекелерде, демалыс уақыттарында жолдастарымен келіп, демалып, біздің мерейімізді өсіріп кетеді. Міне, өмір осылай өтіп жатыр», - дейді кейіпкеріміз.
Лидия ханым, сіздерді лайым осындай сыйластықтан айырмай, ұрпақтарыңызбен мың
жасауды жазсын дейміз!