Мамыкова Ләззат

Рейтинг:


ЖІГЕРІ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗГЕН
 
 
Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым.
Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты,
мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана,ағайынға қамқор,
ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі.                                                                                                     Мұхтар Мағауин

      Мамыкова Ләззат Жұмағалиқызы 1964 жылы 4 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келеді. Қаладағы №235 мектепті ойдағыдай аяқтап, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының “филология” факультетіне оқуға түсіп, оқу орнын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жас кезінен еңбекпен көзін ашқан, ұяда көріп көңіліне түйген еңбексүйгіштігімен, жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен қоса орысша сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, ата-анадан алған үлгі-өнегесімен еңбекке бірден араласып кете барады.
      Алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №7 училищеде “орыс тілі мен әдебиеті”  пәнінің оқытушысы болып бастаған Ләззат Жұмағалиқызы екі айдан кейін комсомол ұйымының хатшысы қызметіне ауысады. Кейінірек бұл қызметті медициналық ущилищеде де атқарады. 1990 жылы өзінің білімділігімен, біліктілігімен көзге түскен Мамыкова Ләззат өзі бітіріп шыққан білім ордасына оқытушы болып қызметке қабылданады. Институт қабырғасында оқып жүріп, арманы үндесетін, жүрегі тілдесетін Шиелінің тумасы, жігіттің сұлтаны Ермат Әріпбаевты кездестіріп, өз өмірін сеніп тапсырады. Осылайша Ләззат тағдырдың жазуымен өз теңін тауып, бір әулеттің келіні атанады. 
      Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Көп нәрсе әйелге байланысты ғой. Дос та, туыс та, жолдас та әйелің жақсы болса жаныңда болады. Ал әйел шайпау, жалқау, долы болса, ешкім сенің жаныңа жоламайды: үйіңе жұрт кірмейді, жолдасың бас сұқпайды, жақының алыстап кетеді» деген сөзін көргені көп Ләззат ешқашан есінен шығарған емес. «Ерін сыйлаған әйел – есікте қалмайды» дейді дана халқымыз. Шынында да, ері төрде отырған әйелдің төмен жақта отыруы мүмкін емес, қой. Елге қадірлі азаматты сыйлаған халық оның жұбайын да құрметке лайық деп есептейді. Ендеше, отбасындағы береке сыйластықтан бастау алады. Ал сыйластық үлкен сүйіспеншіліктен туындайтыны айтпаса да түсінікті. Өмірде болатын түрлі ауыртпалыққа төзе білетін, шыдамды һәм ақылды әйелдің бақыты қашанда баянды болатынына сенетіндердің бірі де – Ләззат Жұмағалиқызы. Ол өзінің өмірдегі қол жеткен табыстарының ең үлкені – Ерматтай асыл азаматқа лайық жар бола білуімде деп есептейді. Ләззат апайдың жарқырап, жайнап жүруі, мұңсыз  өмір сүруінің Жаратушы Алладан кейінгі басты себепшісі, ер азаматы – Ермат аға. Қай істе болмасын, қолдау көрсетіп, қамқорлық танытатын жолдасы Ермат аға Ләззат апайға үнемі «Сен бастаған ісіңді аяғына дейін жеткіз! Сенің қолыңнан бәрі келеді», - деп ұдайы айтып жүреді. Осындай жанға қуат берер ерінің сөздерінен кейін Ләззат апай талай істің басынан табылып жүр.
      Жаратқан иеміз әйел пешенесіне қаншама бейнетті үйіп төксе де, соның қайтарымы шығар, мейірім нұрына шомылдырып, еміреніп бала сүйіп, ана болу бақытын сезінуді маңдайына жазған. Өзінің қанынан, жанынан жаралған құртақандай тіршілік иесінің омырауына мұрнын тығып, алпыс екі тамырын идіріп, ет жүрегін елжіретуі, болмаса соның пысылдап, жұмақ исі бұрқырап ұйқыға кеткен сәтін көру – бұл жалғандағы теңдесі жоқ бекзат дүние. Міне, осындай бақытқа ие болған Ләззат Жұмағалиқызы 1992 жылы тұңғыш қызы Адинаны өмірге әкеледі. Дегенмен, алма кезек дүние адамға тек жақсылығын сыйлай бермейді ғой, оны алда тоқырау кезеңінің “сынағы” мен “сабағы”  күтіп тұрған еді. 
       Ел басындағы қиын күнде адамдардың басым көпшілігі ала дорба асынып базарға шығып кетті. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» - дегендей,  =ақылдаса келе жас жұбайлар тәуекелге бел буып елге қоныс аударып, кәсіп бастауды жөн деп тапты. Өтпелі кезеңнің қиыншылығымен күресу үшін Шиеліде тұратын Ерматтың ата-анасының жанына көшіп барып, алдымен мал шаруашылығына қаражат салды. Екеуі  білекті түріп, таңның атысы күннің батысы тыным көрмей еңбектенді. Бастапқыда қолда бары үш мың теңге болса, араға бір жыл салып бұл қаржыны бір жарым миллион теңгеге жеткізді. Сауда-саттыққа техникаларды қосты. 90-шы жылдары қазіргідей несие алатын дамыған банктік институттар мен жүйелер болған жоқ. Қаржыны жеке адамдардан алды немесе сауда-саттықтан түскен пайданы қайтадан айналымға салып, тынымсыз еңбек ету арқылы белгілі бір дәрежеге көтерілді. Әдепкіде сауда нүктелерін жалға алса, қазір Шиеліде отбасына тиесілі үш бірдей сауда орны жұмыс істеп тұр. 
      « - Адам армандай білу керек, жігерлі жанды тағдырдың тауқыметі жасыта алмайды. Асқақ армандарым мені жігерлендіріп, алға жетеледі. Соның арқасында, ақыры шағын кәсіпкерлікті кеңейте келе, әуелгі кезде сауда нүктелерін жалға алсақ, қазір өз сауда орындарымыз бар. Екіншіден, менің «осыны істей аламын», «бастаған ісімнен нәтиже шығарамын» деген жігер-күшімнің болуы. Өз басым осы екі нәрсе кәсіпкерліктің әрі қарай дамуына мүмкіндік берді деп ойлаймын. Маған жолдасым Ермат пен анамның қолдауы көп күш берді. Ең бастысы, айналамызда жақсы адамдар көп екендігіне көзім жетті», - дейді Ләззат Жұмағалиқызы.   
      2004 жылы облыс орталығынан жер алып, көшіп келуді ниет еткен ерлі-зайыптылар ойласа келе алдымен тұрғын үй емес, кәсіпкерлік нысанын салуды ұйғарды. Екі жылдан соң халықтың қуанышына ортақтасар «Сарыарқа» тойханасы ашылды. Тойханалардың алғашқысы болып ашылғанмен, кейіннен күрт көбейіп кеткен соң, басқа бір бағытта жұмыс істеуді ұйғарады. Бұған себеп: Елбасы баса мән беріп келген мәселелердің бірі – балалардың мектепалды даярлығының тиісті деңгейде жүргізілуіне көңіл бөлуі. «Сіздер білесіздер, мен басты міндетті балаларымыздың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтердім» деді Қазақстан Президенті өз Жолдауында. 
      Елбасымыздың балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мақсатындағы «Балапан 2011-2020» бағдарламасы жарыққа шыққаннан бастап халықтың қызу қолдауына ие болды. “Балапан” болашаққа арналған бағдарлама екенін түсінген және осы бастамаға қолдау көрсету міндетім деп білген Ләззат Жұмағалиқызы көп ойланбастан іске қызу кірісіп кетті. Тойхананы жедел түрде күрделі жөндеуден өткізіп, оны балабақша нысанына айналдырды. Көп уақыт өтпей, «Сәулет» шағын ауданынан «Сарыарқа» балабақшасы бүлдіршіндерді қабылдауға дайын болады. Сол уақыттағы ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов пен облыс әкімі Б.Қуандықов ашылу салтанатына қатысып, бұл игі бастаманы қолдап, Ләззат Жұмағалиқызының тапқырлығына тәнті болып, ризашылығын білдірген болатын. Осылайша қажеттіліктен бастау алған бизнес әлемі Ләззат Мамыковаға есігін айқара ашып, алдынан даңғыл жол ашылды. Міне, содан бері «Сарыарқа-1», «Сарыарқа-2» балабақшалары Сыр жұртшылығына қалтқысыз қызмет көрсетіп, ата-аналардың ризашылығына бөленіп келеді. Ынта-жігермен әрекет етушінің соңғы аялдамасы – жеңіс, Аллаға ұнамды жол, жеңілдік. Ләззат Жұмағалиқызы алға қойған мақсатына табанды әрі жүйемен әрекет ететін ең сенімді әдісті қолданушылардың бірі. Табандылық пен жүйе – табысқа жетудің кілті. Бұл екеуінсіз бір биікке жеттім деу бекерлік. Имам Ғазали бір сөзінде: «Тәтті армандар жалқаулардың жүрегінде қаза болады» деген екен. Адам әрекет еткенде ғана түрлі мүмкіндіктерге жолығады. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, кім бай болмайды?» демей ме данышпан Абай.
      Бақ-береке тұрақтаған киелі шаңырақта Ермат Әріпбаев пен Ләззат Мамықова үш бала тәрбиелеп отыр. Отбасының тұңғышы Адина Ерматқызы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжін грант негізінде бітіріп, бүгінде Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінде білім алуда. Оқу мен жұмысты бір-бірімен ұштастырған талапшыл жас сұлулық саласында «Hairstylyst» және «Makeup artist» болып жұмыс істейді. Адина Астана қаласынан сұлулық салонын ашуды армандайды. Сондай-ақ, Қазақстанның танымал дизайнері болып, өзінің туындыларын шығаруды алдына мақсат етіп қойған.
      Шаңырақтың үлкен ұлы Ердәулет Ерматұлы да әпкесі тәрізді жан-жақты. 5-9 сыныптарда музыкалық мектептің виолончел сыныбында оқыған. Астана темір жол колледжінде білім алып жүрген кезінде-ақ Америка құрама штаттарына барып, онда болған екі ай ішінде біраз тәжірибе жинап, ысылып келген. Колледжді бітіргеннен кейін Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында білім нәрімен сусындаған. Шет тілдерін еркін меңгерген Ердәулет салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Жас талаптың болашақта қазақ елінің намысын қорғар азаматтардың бірі болатыны хақ.
      Отбасының кенжесі Бекдәулет Ерматұлы музыкалық мектептің фортепиано сыныбын тәмамдаған. Бұл күнде оныншы сыныптың белсенді оқушысы. Спорттың бірнеше түрін меңгерген Бекдәулет бос уақытын тиімді өткізуді әдетке айналдырған. Сонымен қатар оның музыкаға және заманауи техникаға деген қызығушылығы басым. Жалпы бұл әулеттің қай перзенті болмасын ата-ананың ақ үмітін ақтап, егемен еліміздің кемел келешегі үшін қызмет ететін азамат болып шығатынына сеніміміз мол.
      Міне, сол текті ұрпақтың қолынан қандай іс келетінін бүгінде халқына жасап жатқан адал қызметі арқылы сезіндіріп жүрген қазақтың қайраткер қызы Мамыкова Ләззат Жұмағалиқызы  тектілігін өнегелі істерімен, инабат әлемімен, кеңпейіл мінезімен, ерік-жігерімен, жаңашыл көзқарасымен, адами болмысымен дәлелдегендей. Заман көшінің алдыңғы қатарында келе жатқан іскер әйелге ендігі жерде сүйікті әже атанып, бақыт биігінен түспеңіз дегіміз келеді.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости