АБЫРОЙЛЫ ЖАН
Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін.
Шәкәрім
Адам бойындағы ең ұлы қасиеттердің бірі – көркем мінез. Әсіресе, нәзік жандылардың бойынан осы қасиет табылса, отбасы да, қоғам да бақытты болады.
Көркем мінез – иесін әсемдейтін әшекей іспетті. Ол адамды рухани тазартады және мәртебесін асқақтатады.Көркем мінез – Алланың, сосын адамдардың алдында мәртебеңді көтереді. Бұл жайлы Алла елшісі (с.ғ.с.) «Шынында, сендердің ең жақсыларың – көркем мінезділерің» деген.
Нағыз әйелде көркем мінез, яғни,ақылдылық пен биязылық, еңбексүйгіштік пен бауырмалдылық, адалдық пен ұяңдық, қажырлылық пен нәзіктік бөлінбейтін бірлікте болатын тұтас әлем сияқты. Нағыз әйел отбасын басты орынға қояды. Ол отбасындағы барлық жанның сүйіктісі, балаларының мақтанышы, аяулысы, қамқоршысы.Жақсы әйелдің мінезі кесеге құйған шайдай, әуелі ыстықтау, аздан соң қоңыр салқын болады. Міне, сондай нағыз жандардың бірі – абзал ана, аяулы жар, білікті кәсіпкер Махатова Ақшагүл Такирқызы туралы сыр шертеміз.
![]()
Түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл Қорқыттың «Менмен, тәкаппар адамды Тәңірі сүймейді. Басқалардан өзінжоғары ұстаған адамға Тәңірі бақ бермейді» деген сөзі өмірлік ұстанымына айналған,қиын кезде әйелге тән жауапкершілікпен бизнесін бастап, қазіргі таңда алдыңғы қатарлы кәсіп иесі болып отырған Махатова Ақшагүл 1959 жылы 17 сәуірде Қостанай өңірінде дүниеге есігін ашады.
Тағдырдың сан тарау жолдары Ақшагүлдің отбасын сұлу Сырдың бойында орналасқан қасиет қонған құт мекен – Қызылордаға бастап әкеледі. Тереңөзек кентіндегі Жданов атындағы №36 орта мектепке шәкірт боп енген Ақшагүл Махатова оқуға ерекше ықыласпен ден қояды. Мектептегі барлық пәндерден үлгірім көрсеткіші жақсы болады, әсіресе, математика пәніне деген қызығушылығы басым болатын. Есепке жүйрік, ойы ұшқыр, алғыр қыз жас кезінен бастап еңбекке етене араласып кеткен еді.
Олай деуімізге негіз бар: анасы дүкенде сатушы болып жұмыс жасайтын, ал тұлымшағы желбіреген елгезек Ақшагүл анасына зыр жүгіріп,жүріп қолғабыс жасайтын. Есейе келе дүкеннің ішкі-сыртқы жұмыстарын бір кісідей меңгеріп әкетті. Есеп-қисап жұмыстарын жүргізуде де жаңылыспайтын қызының ісіне анасы іштей шүкіршілік етіп отыратын.
– Менің өмірімнің 75%-ы аяулы ата-анамның тәрбиесінде болды десем, қателеспес едім. Қалған 25% тәрбиені достан, жолдастардан, еңбек ұжымдарынан, аралас-құралас жандардан, қоғамдық ұйымдардан алдым. Ана тәрбиесінде көп болғандықтан, адамдықтың ала жібін аттап, пайда еткен емеспін. Адалдық жолды мәңгілік етуді анамыз айтып отыратын, ол менің ойымның бір түпкірінде мәңгілік сақталған. Ана сөзінен асыл, ардақты сөзді маған ешкім айтып көрген жоқ.
Мен, әкемді мақтамаймын, мен керісінше, әкеммен мақтанамын. Әкем – отбасы үшін ешкіммен салыстыруға келмейтін ең құрметті тұлға. Бізге о баста анамыз солай санамызға сіңірген және солай болып әлі күнге жалғасын тауып келеді. Әкем жалтақтауды білмейтін, бетің бар, жүзің бар демей, кері кеткенді бетке айтатын турашыл кісі болғандықтан сол қасиет балаларының бәріне дарыған. Әкеміздің де анамызға деген сыйластығы болар, ешқашан анамды ренжіткен емес. Маған әжем «Әкең күйеу, анаң келін болғалы екеуінің жүз шайысқандарын көрмеппін» - дейтін.
Мектеп бітіріп, үлкен өмір есігін ашып, таңдау жасайтын уақыт келгенде Ақшагүл абдырап қалған жоқ. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, анасы секілді Ақшагүл де сауда саласындағы қызметті таңдады. Ол Жамбыл облысындағы есеп және статистика техникумына «есепші» мамандығы бойынша оқуға түседі. Ақшагүл Махатова 1979 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, алғашқы еңбек жолын аудандық Тұтынушылар кооперативінде сатушылық қызметтен бастады. Өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, кішіпейілділігімен, мейірімділігімен, сабырлылығымен көпшілік көңілінен шыға білген көркіне ақылы сай Ақшагүл Такирқызы осы салада есепші, тауар жеткізуші қызметтерін де 1996 жылға дейін мінсіз атқарады.
Өмірді өзенге теңеп жатамыз. Өзеннің бастауы мен сағасы бар. Алайда сол бастау мен сағаның арасында қаншама құбылыстар, өмір иірімдері жатыр десеңізші! 1980 жылдардың соңында Кеңестің «тоқырауы» келіп, жұрт не істерін білмей дағдарып, әуре-сарсаңға түскен алмағайып кезең басталған еді. Титықтаған талай жанның нәпақасын айырып, көбісі жұмыс таппай қиналды. Ақша болғанымен, дүкен сөрелері қаңырап бос қалды, халық күнделікті тұтынатын тауарлар да қат болды. Осы жағдайларды ой елегінен өткізген Ақшагүл Такирқызы көпшілік тұтынатын тауарларды халыққа жеткізуді мақсат тұтып, сауда саласына түбегейлі бет бұрды.
Алдымен елдің қажеттілігін өтеп, азық-түлік жеткізіп тұрды. Кейінірек көпшіліктің тұрмыста күнделікті тұтынатын тауарлары мен бұйымдарын әкеліп, халықтың ризашылығына бөленді. Антон Чеховтың «Күндіз-түні үнемі еңбек ету, мәңгілік оқу, оқуға әбден жаттығу, соншалықты өжет болу қажет. Ол үшін әрбір сағат өте қымбат» деген сөзі Ақшагүл Такирқызының ойымен үндесіп жатты. Себебі, уақыт өткен сайын ол кәсіпкерлік сырына тереңдей еніп, «Бейбарыс», «Сұлтан» май құю бекеттерін де іске қосты.
Адамның асыл қасиеттерінің бірі - мейірімділік, турашылдық, шыншылдық. Әділдік шын мәнінде адамның іс-әрекетінің нормасы болуы керек. Бұл - өмірдің қажеттілігі. Бұл қасиеттер Ақшагүл Такирқызына тән, ол үшін - жақсы өмір сүрудің алғышарты. Ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің «Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер» деген сөзі біздің кейіпкерімізге арналып айтылғандай десек, артық айтқандығымыз емес. Ақшагүл Такирқызының ең асыл қасиеті – сыйластық, ол жоғарғы мақсаттарға бағытталған.Махатова Ақшагүл аудандағы мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандарға жәрдемін тигізіп, сұйық отынмен қамтамасыз етуді өз жауапкершілігіне алды.
Қайырымды, мейірімді жан өзгелерді, басқа адамдарды ойлап, соларға қол ұшын беруді әдетке айналдырады. Әкесі ылғи айтып отыратын “кісі ақысын жеме”, “мақтанба”, “қайыр-садақаны ешкімге білдірмей бер”дегенді есінен шығармай,
Ақшагүл апайтұрмысы төмен, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсады.
Иә, сырт келбеті мен жан дүниесі әдемі үйлесім тапқанбойжеткен Ақшагүл, жас шағында жүрек қалауымен өзі теңдес бір азаматпен көңіл қосты. «Ерін өзінен бір саты жоғары қойған әйел ұтылмайды» дегенді есте ұстады жас келін. «Менің арманым – екеуміз құрған шаңырақтың маңдайында адалдықтың ақ туындай желбіреп тұрсам деймін» - деп жазды Ақшагүл Такирқызы күнделігіне сол кездері. Бақытына қарай жолдасы Алмас Досымов жігерлі, біліміне білігі сай болып кезігіп, отбасы тізгінін бірден өз қолына алды. Отанасы бардың бағасын білді. Үй шаруасын ұршықтай үйірді. Мұндай жандар жайында дана Абай:
Толқынын жүрегінің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңіліне бір жанын пида қылып,
Білместігі бар болса, қылар сабыр, – деп толғаған.
Бала – өмірдің гүлі. Болашағымыздың кепілі. Бала тәрбиесінің қай елде болсын маңызы зор. Өмірдің базарын бала деп білген халқымыз «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игендей» - демей ме? Халқының қамын ойлаған Елбасы «Сіздер білесіздер, мен басты міндетті балаларымыздың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтердім» деген болатын Жолдауда.
Ана ретінде бала тәрбиесіне өз үлесін қосуды парызым деп білетін Ақшагүл Махатова осы Жолдауды оқып, үлкен тебіреністе болды. Елбасының сарабдал саясатына сүйсінді, толқыды, қуанды. Нәтижесінде заман талабына сай «Балнұр», «Жасұлан» балабақшалары Жалағаш ауданында, «Хадиша ана» балабақшасы Қызылорда қаласында ашылып, халықтың игілігіне пайдалануға берілді.Сонымен қатар кәсіп көкжиегін кеңейтуді ойлаған Ақшагүл Такирқызы «Баһадүр» техникалық байқау орталығын ашты. Бұл да көпшілік сұранысын қанағаттандыру мақсатында орындалған жұмыс еді.
– Ел үшін игілігі бар істің үлкен-кішісі болмайды. Рас, егер өзге саладағы істерді де қолыма алсам, үйіріп кетуге білімім де, ішкі қуатым да жетер еді. Ал мен ең үлкен, ең игілікті іс – бала тәрбиесі деп білемін. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген жоқ па еді? Ұлы адам бұл жерде бала тәрбиесін басты мәселе етіп көтеріп отыр. Біздің тәуелсіз еліміздің тілі де, ділі де балабақшадан басталады. Балабақша ісіне келуімнің сыры да осында.
90-жылдары нарық келген кезде ең алдымен зардап шеккен бүлдіршіндер болды. Ауыл түгіл қалаларда балабақшалар шетінен жабылып жатты. Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында Кеңес Одағы кезінде салынған типтік балабақша ғимараттары қаңырап бос қалды. Соңғы жылдары облыста балабақшалар қатары көбейіп келеді, дегенмен ғимарат жағы тапшы екенін жұрт біледі. Балабақша – киелі орын, ал балалар - біздің ортақ қазынамыз емес пе?! Ортақ мақсат жолында бірге болайық деген ой ғой. Маған бойына білім мен текті тәрбие дәнін еккен бүлдіршіндеріміздің еліміздің тамаша азаматы болып қалыптасқанын көруден артық марапат жоқ.
Қазіргі кезде Алмас Досымов пен Ақшагүл Махатова балаларын мәпелеп өсіріп, саналы азамат етіп тәрбиелеген, сол тәрбиенің жемісін жеп отырған бақытты ата-аналардың қатарында. Ізгі адам өнегелі, ізгі отбасының жемісі. Ерлі-зайыптылардың екеуі де иманды, қайырымды, адал, парасатты болып келген бұл отбасынан өндірдей үш ұл өнегелі тәлім-тәрбие алып, ұядан ұшты. Тәрбиесі мол бала ғана тереңге тамырын жаяды. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасында еліміздің ертеңі, ұлт тізгінін ұстар білімді ұрпақ тәрбиеленгендігі айқын.
Адамның бір қызығы - бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім, - деп хакім Абай жырлағандай, балаларының барлығы жоғары білім алды, әр саланың маманы атанды, бүгінде түрлі мамандықты меңгерген қоғамға пайдалы азамат атанып жүр. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса, ас көп» дейтін халқымыз әулеттегі келіндердің ынтымақшыл болғанын қалаған. Мерейлі отбасының келіндері де ибалы, тәрбиелі, көпшіл, мейірімді жандар. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді қазақ. Келіндерінің ата-анасы да көргені мен түйгені мол зиялы жандар болып шығып, енді ерлі-зайыптылар құдаларымен дос-жарандардай сырласып, сыйласып отыруды әдетке айналды.
Бүгінде үш ұлдан тараған 9 немере Алмас аға менАқшагүл апайды шексіз қуанышқа бөлеп, киелі шаңырақтың шаттығын еселеп жүр. Жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет деп санайтын Ақшагүл Такирқызы әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, адамгершілік негіздерін көруге болатынын дәлелдеп жүргендердің бірі.
«Кәсіп түбі – нәсіп» халқымыздың даналық сөзі бар. Кәсіпкерлік кез келген кісінің қолынан келе бермейді. Кәсіптің көзін тауып, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген адам ұтады. «Адал еңбекпен мал іздемек - арлы адамның ісі» деп бабаларымыз еңбек етудің маңыздылығына терең тоқталған. Еңбек ету қашанда берекет пен ризықтың бастауы саналады. Адал еңбегі мен тынымсыз ізденісі арқылы жетістікке жетіп жүрген кәсіп саласының майталманы Ақшагүл Махатова 2007 жылы және Елбасының «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл құрметке ол екінші рет 2015 жылы да лайықты деп табылды.
Сонымен қатарол Сыр өңірінің тарихында өзіндік орны бар, ерлігі ел есінен кетпейтін батыр «Бұқарбай Естекбайұлының 100 жылдық мерейтойына арналған» медальдың иегері атанды.Өз ісінің майталманы болумен шектеліп қалмай, өскелең ұрпақ тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосып жүрген, шағын және орта кәсіпті өркендетем деп жүрген жастардың ұстазы болып жүрген Ақшагүл Такирқызы аудан, қала, облыс басшыларының «Алғыс хаттарымен» бірнеше қайтара марапатталып, халық құрметіне бөленген жан.
«Дәл қазір сізге не қымбат?» деген сауал қойылса, Ақшагүл Такирқызы ойланбастан: «Отанымның біртұтастығы, отағасының денсаулығы, отбасының амандығы мен береке-бірлігі» деп жауап берері сөзсіз. Бүкіл өмірін балаларына арнап, өмірлік серігіне адал жар, ардақты ана бола білген, бүгінде немерелерінің сүйікті әжесі болып отырған, келісті келбетіне келелі істері сай, аймақ халқының әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып жүрген жан Махатова Ақшагүл Такирқызын “нағыз әйел” десек, көпшіліктің бұл пікірімізді қолдайтынына сеніміміз мол.