Қоғам тірегі - іскер әйел
Нәзік жандылардың кәсіпкерлік ісінің дамуы еліміздің жалпы іскерлік ахуалымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып, біршама адамды жұмыспен қамтып, шағын және орта кәсіпкерлікті барынша дамытуда есімі ерек аталып жүрген бүгінгі кейіпкеріміз Құтыбаева Гүлназ Өмірбайқызы.
![]()
Гүлназ Өмірбайқызы 1984 жылдың 8 сәуірінде Сыр өңіріне қарасты, Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дүниеге келген. Аталмыш ауылда орналасқан №53 А.Д.Романов атындағы орта мектепте білім алып, 2001 жылы өз мамандығына таңдау жасап, Ақтөбе медицина колледжіне оқуға түседі. Колледж қабырғасынан «Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша білім алып шығады. Гүлназ ханым бастаған ісін соңына дейін жауапкершілік жүгін қоса көтеріп жеткізетін жандардың бірі. Білім жолында да жауапкершілік танытып, 2007 жылы Қызылорда қаласында орналасқан «Болашақ» университетінің «Экология» факультетін тәмамдап, жоғары білім алып, Жалағаш аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау басқармасының жалпы санитарлық-гигиеналық бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарады.
Жаста болса біршама іске бас болып, жинақтаған білім жолындағы теориясын практика жүзінде сәтті жүзеге асырып жүрген Гүлназ ханым бүгінде бизнестің қыр сырын меңгерген, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйелдердің көшбасында десек артық айтпағандығымыз болар. Бүгінгі таңда, кейіпкеріміз іспеттес кішігірім сауда-саттықтан бастап ірі бизнестің тізгінін ұстап, ісін ілгерілетіп отырған нәзік жанды ханымдар үшін
![]()
мемлекет тарапынан қабылданған түрлі қолдау бағдарламалар көбейіп, адамдарды кәсіпке баулу мен нәтижелі еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар жолға қойылып, қоғамда оң нәтижесін беруде. Гүлназ ханым да мемлекет тарапынан ұсынылған оңтайлы жобаларды дұрысынан пайдаланып, мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды екендігін ескеріп, жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасауды қолға алады. Осындай игі істердің бастамасын жасап, бала жанының қалауын тауып, бала өміріндегі алғашқы баспалдақ «балабақша» үйін үйлесімділікке сай дайындай білген ел азаматшаларының бірі атанып отырған жайы бар. Сөзіміздің дәлелі, кейіпкеріміз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында елімізде қолға алынған игі істердің бірі – мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамту мәселесі аясында, «...балабақшамен қамту елімізде 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады» деп нақты тапсырмасының негізінде қабылданған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырушылардың бірі атанды. Аудан орталығынан «Балапан» бағдарламасы бойынша бой көтерген «Жансая» балабақшасын Гүлназ ханым ашып, балдырғандар үшін ыстық ұя, жылы мекенге айналған балабақша ел игіліне қызмет етіп келеді.
Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының ежелден жалғасын тауып келе жатқан салты. Ол - ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Осы ұғым аясында аянбай еңбек ете білген жанашыр жанның біршама еңбегі еленіп, марапат пен мақтауларға ие болды. Гүлназ Өмірбайқызы облыс әкімінің «Алғыс хатын» иемденді. Мектепке дейінгі білім ордасынан бөлек, Гүлназ ханымның қолдауымен жүзеге асып, ел игілігі үшін «Алихан» сауда дүкені бір жүйе бойынша жұмыс жасап, тұтынушылардың талабын толық
![]()
қанағаттандырып, үздік сауда орындарының санатына енген. Аудан, облыс әкімінің алғыс хаттарымен «Алихан» дүкені Қазақстан сауда кәсіпорындарының «Сауда үздігі» республикалық байқауында «Қазақстанның үздік сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша ІІ орын алып марапатқа ие болды. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Қазақстанның сауда үздік бөлшек сауда кәсіпорны номинациясы бойынша дипломмен марапатталып, дүкен негізін қалаушылардың табысымен қуанта түседі. Балалығын еңбекке, жастығын ел қызметіне, азаматтығын халыққа арнаған жеке кәсіпкер ел игіліне қызмет етіп келеді.
Есіл елі үшін ерінбей еңбектеніп, тұла бойынан сын сағатта жұртына пана боларлық көшбасшылық қарым-қасиетпен қатар қарапайымдылық, мейірімділік пен ынсап, қанағат секілді кемел адам бойындағы ең асыл қасиеттер үйлесім тапқан бүгінгі кейіпкеріміз жайлы айтылар сөз де атқарған істеріне деген өлшеусіз баға да жетерлік.
Қорыта келе, кейіпкеріміз бала тәрбиесі бесіктен басталатындығын ескеріп, отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болып жүргені көз қуантады. Қазіргі заманда әр отбасында дүниеге келген сәбиді, өсіп жатқан буынды өзінің ана тілімен сөйлету – ұлттық қасиетіміздің дамуының бірден-бір жолы. Мектепке дейінгі тәрбие саласында ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі – халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін ана тілінде түрлендіріп, сол арқылы баланың тілін дамыту. Әрбір бөбектің өз ана тілінде тілі шығып, осы тілде ойлау қабілетінің дамуы – ұлттық мінез-құлықтың қалыптасу жолы. Ана тілінің қадір-қасиетін жастайынан түсініп өскен баланың жақсылыққа жаны құмар, таза, пәк, инабатты, биязы болып өсетініне өмір тәжірибесі куә. Ал бұндай жетістікке жеткізе білу біздің кейіпкерлеріміздің қолынан келетіндігі сөзсіз.
Халқымыздың салт-дəстүрін, əдеп -ғұрпын бала бойына ертерек сіңіру əрбір ата-ана мен тəрбиешілердің, ұстаздардың, тіпті бүкіл қоғамның алдында тұрған зор міндет. Осыны түсінген əрбір адам өз баласымен қоса ел баласын тəрбиелеуге атсалысуы құптарлық іс. Ел ертеңін тəрбиелеуге атсалысып, халық игілігі үшін сауда орнын дөңгелентіп отырған азаматшамызға рахмет айта отырып осындай жандар көп болсын деп тілейміз!