Палымбет Нәйла

Рейтинг:
  
Ағаштың биіктігі ұшар басымен өлшенеді
 
Әйел затының ерлігі мен қажырлығы ер-азаматқа бекзаттық, сұлулық, 
ақ ниеттілік, адамдық қасиеттерін бітіретініне мен сан мәрте көз жеткіздім. 
                В.А.Сухомлинский

      Еңбек жолын ұлағатты ұстаз болудан бастап, қайраткерлік деңгейге көтерілген  тұлға жайлы айтар сөз көп-ақ. Қазақта намысын қолдан бермейтін қайсар мінезді, қайраткер, алғыр арулар жетерлік. Солардың ішіндегі бірегейі де, табанды, өжет, ұлтына адалы да Палымбет Нәйла Әбілқасымқызы екені анық.Нәйла Әбілқасымқызының еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолындағы еңбегі орасан. Сондықтан да, абыройлы азаматтың бүгінге дейін алған атағы да айтып тауысқысыз деңгейде. Нәйла Палымбет«Ыбырай Алтынсарин» атындағы  және «Шапағат», мемлекеттік медальдарымен, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған, сонымен қатар «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Шиелі ауданына -80 жыл», «Ыбырай Жақаевтың - 120 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 20 жыл» медальдарының иегері болып табылады. Габриэль Гарсиа Маркес «Не іске де әйел араласса, бәрі жақсы аяқталатынына сенімдімін. Әйел әлемді басқаратынын түсіндім» деген қанатты сөзі қазақтың қайсар қызы Нәйла Әбілқасымқызына арналып айтылғандай.
      Ол ең алдымен өз жанына үңіліп, жүрегін жайып тастап, жер пендесіне бұйырар жарық дүние ризығының қыруар құбылысын ізгілік, абзалдық мәйегінен саралауға тырысатын. Жастығына қарамай, көпті көрген кемелдік талғам-танымымен армандай аялы, адами қадір-қасиеттері арқылы жұртшылық алдында суырылып танылған қабілет-дарыны күндердің күнінде, жаңа бір ізденіс алаңында көптің көкейкесті үмітінен шығып жатса, бұған тек таңданасыз да қоясыз. Ұлағатты ұстаз, білікті кәсіпкер, балдырғандардың бағбаны Палымбет Нәйла Әбілқасымқызы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында,Ұлы Отан соғысының ардагері Әбілқасым атай мен Сыр өңіріне белгілі атақты баспагер, 80 жылға жуық тарихы бар «Өскен өңір» газетінде қызмет істеген Нағима ананың  өнегелі отбасында 1959 жылы 10 қаңтарда дүниеге келді.
      Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің болашақта шәкірттерді білім нәрімен сусындататын ұстаз болатынын шешіп қойған Нәйла Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Филология» факультетіне оқуға түсіп, орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Ол осы оқу орнында да белсенді студенттердің бірі болды. Студент боп жүріп, басқаларды спортқа баулып, әрдайым өз ортасында абыройлы болды. Сөйтіп жүріп, көпке таныла бастады. Нәйла өз кафедрасын жандандырып алып кетті. Спортқа етене жақын Нәйла Әбілқасымқызы алғашқы еңбек жолын 1976 жылы Шиелі аудандық жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастады. 
      Ол 1982 жылы қалалық ҚКТУ-152 училищесінің комсомол комитетінің хатшысы қызметін, 1983 жылы Шиелі аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Палымбет Нәйла осыдан  кейін ұстаздық қызметке ауысады. Ол 1983-1986 жылдары Шиелі ауданындағы Ыбырай Жақаев атындағы №244 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге   жастық жігері мен жалынын жұмсайды.Мұғалім бейнесі – ұмытылмас тұлғалардың бірі. Нәйла Әбілқасымқызы балалардың ұшқыр қиялын, ойын дәл ұғып, олардың дүние танымын дамытып, жүрек жылылығын, мейірім нұрын, адамгершілік қасиеттерді шәкірттерінің бойына дарыта білді.Оқытудың әр түрлі әдіс – тәсілдері мен жаңа технологияны ұтымды пайдаланып,  әрбір сабағын сапалы жүргізеді.
      Палымбет Нәйла 1986-1990 жылдар аралығында Шиелі аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарды.Педагогика әдістемесінің басты ерекшелігі адаммен жұмыс істеуде, білім мен тәрбие беруде болып табылады. Нәйла Әбілқасымқызы әдістемеде бір күнге де тоқтап қалуға болмайды, өйткені, бүгінгі күнделікті даму оны кешірмейді деп санайды. Әдістеме қаншалықты мықты болғанымен, оны оқытушы меңгере алмаса, шығатын нәтиже де төмен болады. Палымбет Нәйла әдістемені жақсымеңгерген ұстаз «Өзі білмейтін нәрсені де басқаға үйрете алуы мүмкін» деген ұстаныммен жұмыс жасайды. Үнемі өз білімін жетілдіріп отыру арқылы өзгеге де көмек беріп, талмай ізденіп, тәжірибе жинақтайды.
      Жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін жан-жақты болуы: оның білімі, физикалық мықты болуы, моральдық-психологиялық мықты болуы, осының барлығы бәсекеге қабілетілігін арттыратын негізгі күш екені айқын. Осындай жастардың бірі Нәйла Әбілқасымқызы 1990 жылы Шиелі ауданындағы №1 «Ақ қайың» балабақшасының меңгерушісі болып тағайындалады. Осы қызметте болған бес жылдың ішінде ол балабақша ісінің қыр-сырын меңгеріп, бұл қызметті де абыроймен атқарды. Нәйла Әбілқасымқызының тікелей басшылығымен әрбір ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде дидактикалық ойындарды қолдану арқылы балалардың қиялын шарықтатып, ойлау қабілетін ұштап, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән беріледі. Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын сабағы ең негізгі орын алады. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгеріп шығады.
     Блез Паскальдың байқауынша, «Адам өзі қаншалықты ақылды да қайырымды болған сайын басқалардың бойындағы ізгіліктерді де көбірек сезетін болады».Өздігінен емес, көңілге түйген, мән-мағынасын солай түсінгенгендердің бірі – Палымбет Нәйла. Әр күнін жақсылыққа арнап, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Дұрыс өмір сүру үшін қатесіз шешім мен мағыналы, мәнді мақсат керек. Алдына айқын мақсат қойып, оған жетуге тырысатын Палымбет Нәйла Әбілқасымқызы 1995 жылы Шиелі ауданы әкімі аппаратының Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ал 1996 жылдан бастап Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Нәйла Әбілқасымқызы 2001 жылдан бастап, Шиелі аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
      Ертеде бір данышпан: «Білгеніңді сабырлықпен ішіңде сақта. Тойымсыз, қанағатсыз оқып үйрен. Содан соң осыдан өзім не ұғып, не алдым деп өзіңе-өзің сұрақ қой»деген екен. Атам қазақ: «Өз қанатың болмаса, өзгенің қанатымен ұша алмайсың» демейтін бе еді?! Жақсылыққа, ізгілікке құмар болған сайын жаны тазарады, біліктілікке, білімділікке ұмтылған сайын ой-санасы тазарады. Жан сарайының тазалығынан болар Палымбет Нәйла Әбілқасымқызы елмен етене, әлеуметпен әріптес «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғанын мақтаныш етеді. «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалында 11 қалалық және аудандық филиалдар  бар. 2001 жылы Нәйла Әбілқасымқызы«Нұр Отан» ХДП Шиелі аудандық филиалының төрайымы және Шиелі аудандық Әйелдер Кеңесінің төрайымы болып сайланып, бұл қызметті 2008 жылға дейін абыроймен атқарды.
      «Нұр Отан» – аймақтарда тарам-тарам желілері бар, қатары көп, жалпыхалықтық билікшіл партия. Біз қаншалықты әртүрлі болсақ та, бәрімізді адамның амандығы, бостандық, бірлік, ар-намыс, әділеттілік, заңның ұлықтығы, отбасы мен салт-дәстүр, болашаққа ұмтылыс секілді құндылықтар біріктіреді. Бұлар Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту кезеңінде қалыптасып, партияның жаңа Доктринасында бекітілген. Палымбет Нәйла қызметте де, жеке өмірінде де осы құндылықтарды басшылыққа ала жүреді.
      2009 жылы  Нәйла Әбілқасымқызы Аудандық мәслихаттың ІІІ шақырылымының депутаты болып сайланды, халық қалаулысы аудандық мәслихаттың «Нұр Отан» фракциясының мүшесі ретінде де сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, сонымен бірге ауыл әкімдерімен ұдайы байланыста болып, жұртшылық үшін маңызды мәселелердің оң шешім табуына ықпал етіп отырды. 
      «Менің депутат ретіндегі мақсатым: халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын арттыру; қалың бұқараның саяси мәдениетін көтере отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру; ауылға бөлінген қаражатты тиімді, мақсатты жұмыстарға жұмсау; білім сапасын арттыру және мекемелердің материалдық базасын жаңарту; тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол ұшын беру», – дейді Н.Палымбет.
      Нәйла Әбілқасымқызы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында белгіленген кестеге сай аптасына бір рет қабылдау жүргізіп, сайлаушыларымен бетпе-бет кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше көмек беруге тырысады. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде жеке азаматтардың өтініштері мен елді мекендердің ең өзекті деген мәселелері бойынша 8 облыстық департаменттерге, аудандық мекемелерге, бюджеттік комиссияға депутаттық сауалдар жолдаған. Ондағы көтерілген мәселелер оң шешімін тапты немесе құқықтық түсіндірмелер берілген жазбаша жауаптары алынды. Нәйла Палымбеттің ұйымдастыруымен қайырымдылыққа жұмылған ел азаматтарының арқасында көп балалы отбасылар, қоғамның әлсіз топтары жеңілдетілген бағамен азық-түлік алуға мүмкіндік алды. Ол жылына екі рет сайлаушылардың алдында есепті мерзімдегі жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарымен бөліседі.
      Аудандық партия филиалы үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі түрде жұмыс жасауда. Белсенді ұйымдармен бірігіп жұмыстар атқару партияның басым бағыттарының бірі болып табылады. Еліміздің болашағы – жастармен де жұмыс жүргізіліп, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділігі артып келеді. Нәйла Әбілқасымқызы сайланған округтеріндегі өткізілетін түрлі мерекелік іс-шаралар мен мәдени-көпшілік, спорттық сайыстар мен ұлықтауларға үзбей қатысып, осы шаралардың жоғары дәрежеде өтуі үшін тұрақты түрде демеушілік жасап келеді.
      Бір қызығы, Палымбет Нәйланың өзіндік харизмасы, қайраткерлік бет-бейнесі, аудандық кеңестегі тәжірибесі үнемі көзге ұрып тұрады. Ә дегенде, аудан жұртшылығы Нәйла Әбілқасымқызының үш ерекшелігін ұнатты. Біріншісі – отаншылдығы. Атқарған барлық жұмыстары, көтерген бастамасының бәрі дерлік ел, ұлт қажетінен туындайтындығы. Екіншісі – ақсақалдармен, білікті азаматтармен ақылдаса білетіндігі. Маман сөзіне құлақ асатыны. Үшіншісі – спортқа жақындығы, өнерді сүйетіндігі. Қаршадайынан ауыл-аймақ, ата-жұртына аян бауырмал ұстаз бір кездері өзі тәрбиелеп өсірген жеткіншек-шәкірттері қылықтарына, дәм-тұзы аралас өткен талай жақсылар тәліміне орай ой бөлісе отырып-ақ, жас-кәріге бірдей, бәріне ортақ, жалпы замандастарын толғандырар имандылық тақырыптарына мейлінше еркін бара алатын Нәйла Әбілқасымқызының басқалардан бәсі жоғары екені рас.
      Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:«...Еңбек етуші халықтың 60%-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады...» деген болатын. Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті кең ауқымды қолдауды іске асыру, шағын және орта бизнесті кеңейту мәселелері баса айтылып келеді. Бүгінгі таңда, елімізде кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып, жыл сайын кәсіпкерлікпен айналысушылар саны артып келеді. Кәсіпкерлікпен айналысуды Н.Палымбет 2009 жылдан бастаған болатын. Ол 2009-2010 жылдары «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» АҚ оқу орталығының директоры, 2010 жылдан 2016 жылға дейін «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» «Демеу-Шиелі» ЖШС-і филиалының директоры қызметтерін атқарды.
      Нәйла Әбілқасымқызы 2016 жылдың тамыз айынан бастап, Қызылорда қаласындағы жаңадан ашылған 280 орындық «Сыр шуағы» балабақшаның меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Палымбет Нәйла балалардың жақсы көру, мейірімділік,жақсылық, сүйіспеншілік туралы түсініктерін кеңейту арқылы, әлемдегі бар жақсылық осы сүйіспеншілік арқылы келетініне көз жеткіздіру керек деген айқын мақсатқа қызмет етуде. «Баланың жан дүниесіне үңіліп, түсіне білуге, сүйіспеншілікті танып, оны құрмет тұтуға баулу керек. Өзіне, ата-анасына, Отанына деген сүйіспеншілікке байланысты ой-өрістерін дамыту арқылы сүйіспеншілік, мейірімділік сезімдерін ояту, жандарын нұрландыру, көңілдерін қуанышқа бөлеу, ізгілікке тәрбиелеу – міне, біздің алға қойған мақсатымыз да осы емес пе?! Мен осы биік мақсат үшін де атқарып жүрген ісімді жақсы көремін», - дейді балдырғандардың сүйіктісіне, ата-аналардың кеңесшісіне айналған ұлағатты ұстаз  Нәйла Әбілқасымқызы өзінің қазіргі қызметіне көңілі толатындығын жасыра алмай.
      Ғасырлар жотасынан жарқырап көрінетін ұлылық тағылымдары мен ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасар ең қастерлі құндылықтар дәстүрін ақыл сарабына салып, санаңа сіңіріп, сабақ алып, парқын байыздай білу үшін жаны жомарт, жайсаң адамның, парасатты сарапшының сезімтал, сұңғыла көкірек-көзі керек. Халқы қалап сенім артқан Шиелі аудандық мәслихатының ІІІ шақырылым депутаты Палымбет Нәйланың жалпы адамдар қатынасын, ел тағдырын қадағалау параметрі күрмеуі күрделі қандай қиын-түйіндер талқысында болсын, азаматтық, адамгершілік қағидаттарына ешқашан қылдай қиянат жасай алмайды деген сенімдеміз.
      Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек», - деген сөзі Палымбет Нәйла Әбілқасымқызы секілді қоғам қайраткеріне  арналған тәрізді.  Палымбет Нәйланың бойында, оның жасаған тірлігінде нағыз бәсекеге қабілетті, ұлтының бір кәдесіне жарайтын кемел сипат айқын аңғарылады.
 
 
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости