![]()
Тың саланың тәжірибелі маманы
Медицина – сан салалы, тамырлы, түбіне үңіле білсең, мұхиттан да терең, тау шыңынан да биік, ардың жүгін арқалаған азаматтар ғана шыға алатын, әділдік пен адалдықты, мамандығына деген сүйіспеншілікті, сабырлылық пен табандылықты, қайсарлық пен тазалықты
![]()
жанына серік еткендер ғана шыға алатын асқаралы шың. Елдің денсаулығына алаңдап, науқастың хал-жағдайын біліп, анықтап, қайсыбір дерттің алдын алуда ақ халатты абзал жандардың еңбегі өлшеусіз екенін жақсы білеміз. Олардың еңбектерінің жоғары дәрежеде бағалануы, үлкен марапатқа кенелуі қызметіне деген қызығушылықтарын арттырып қана қоймайды, сонымен бірге күш-қуаттарын арттыра түседі.
Иә, адам қоғамның басты байлығы. Сол адамның өміріндегі ең бағалысы ол әрине денінің саулығы болып табылады. Сондықтан да науқастың жанына шипа беріп, көңіліне үлкен үміт сыйлап, оған екінші өмір сыйлайтын денсаулық сақшысының еңбегі жоғары марапатқа лайықты. Дәрігер болу үшін үлкен жүрек, шыдамдылық, білім мен біліктілік, сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын да емдей алатын психолог бола білуі керек. Бастысы мамандығын шексіз сүйіп, сол жолда әрдайым ізденісте болып, қиындықпен күресе алуы маңызды.
Міне, осындай жылдан-жылға құрмет төріне көтеріліп келе жатқан ақ халатты абзал жандарымыздың бірі, заман талабына сай жаңа дамып келе жатқан «Медициналық туризм» бойынша дәрігер-кеңесші, «Денсаулық Тур» компаниясының негізін салушы Пасат Гүлнұр Наматуллақызы туралы әңгіме өрбітпекпіз. Медицина саласына бет бұрып, әлемнің медицинасы дамыған елдерінде болып, тәжірибе алмасып, бүгінгі күні Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатса да, шетелдік азаматтарға Оңтүстік Корея, Түркия мемлекеттерінде ем алуға көмектесіп, инстаграм желісіндегі жазылушыларына пайдалы ақпараттарды бөлісіп отыратын Гүлнұр Наматуллақызы 1986 жылдың 7 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келді. Ырысы мен берекесі шалқыған, мәдениеттің астанасына айналған Оңтүстік өңірдегі «Болашақ» мектеп гимназиясында білім алып, таңдаған мамандығы бойынша С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттык Медицина университетіне оқуға түсті.
Кішкентайынан бір іске ұмтылып тұратын есті, алғыр, мектеп қабырғасында жүріп-ақ ерекше қабілетімен ұстаздарының мақтанышына айналған ол, жоғарғы білім ордасында жүріп те өзінің осы қабілетінен айнымады. Медицинаның нәзік әлеміне еніп кеткен Гүлнұрдың медицинасы дамыған елдерде тәжірибе жинауға деген құлшынысы артты. Талаптыға тау да аласа болады емес пе, өзінің деңгейінің жоғарылығының арқасында қандай ортада болмасын өз ісінің озығы болды. Таным-түйсігімізге сыналай енген мамандық болғаннан кейін, мақаламызды Гүлнұр Наматуллақызының өз сөзімен жалғастырғанды жөн көр
![]()
дік.
- «9-сынып оқып жүргенімде, жануарлар мен адамдар ағзасын зерттеуге ынтықтым. 9-сыныпта биология пәнінен олимпиадаға да қатыстым. Әрі қарай да биология пәнін таңдап медицина саласына оқуға түсіп, дәрігер-эпидемиолог болып диплом алып шықтым. Оның үстіне өзімнің туысқандарым да медицина саласына жақын болған соң, әртүрлі ауруларды естіп жүрдім. Бұл да дәрігер болуыма әсер етті.
Жоғарғы оқу орнында 5 курста оқып жүргенімде бірінші рет Оңтүстік Кореяға емге барып келген таныстарымнан естіп, «Дамыған ел, медицина саласы да озық, осы жақта жұмыс істесем…» деген ой болған. Алайда, оқу бітірген соң Латвияға маркетолог мамандығына оқуға түстім. Одан соң Ресейде 2-3 жыл жұмыс істедім. Сөйтіп, Корея туралы ұмытып та кеттім. Қазақстанға оралып, жұмыс істеп жүргенімде, Оңтүстік Кореяға барып тіл үйренсем деген ой болды. Кішкентай кезімнен шетелде тұрсам деген ұмтылыс болды. Жасөспірім кезімде де шетелдіктермен араласқанды жақсы көретінмін. Студент кезімде де достарым әртүрлі ұлт өкілдері болды. Ресейге тез үйреністім, Латвия мен Скандинавия елдерінде де аса қиындықтармен бетпе-бет келмедім. Оңтүстік Кореяға келген кезде алғашқы жарты жыл қатты қиналдым. Себебі, жергілікті тағам, адамдардың түсінігі бөлек болғандықтан, қиын болды. Кейін тіл үйреніп, адамдарды түсіне бастағанда үйренісу әлдеқайда оңайға түсті. Осылайша, Кореяға алғашында тіл үйренуге келдім.
Менің негізгі мамандығым гигиенист-эпидемиолог. Бірақ, мамандық бойынша ешқашан жұмыс істемедім. Латвияда маркетинг, менеджментті оқыдым. Қазақстанда урология бөлімінде жұмыс жасадым. Енді Кореяда өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін дегенде, бұл жақта менің дипломым жарамайтынын білдім. Оңтүстік Кореяда дәрігер болып жұмыс істеу үшін дипломды Кореяда алу керек. Сол үшін 1 жыл тіл үйреніп, емханада шетелдіктер үшін аудармашы, үйлестіруші болып жұмыс істедім. Біраз уақыттан кейін ө
![]()
з компаниямды ашып, осы іспен айналыса алатынымды түсіндім. Қазіргі уақытта медициналық туризм бағытында жұмыс істеп жүрмін.
«Медициналық туризм» - деген қандай мамандық дегенге келсек, толық түсіндіре кетейін. Негізінен мен емхана мен науқастың арасында жүретін адаммын. Барлық келіссөздер мен арқылы жасалады. Орыс, қазақ тілдерінен кәріс тіліне немесе керісінше аударма жасаймын. Осы себепті тіл білу, медицина саласынан хабардар болу маңызды. Кореяда дәрігермен кеңес 5 минут болады. 5 минут ішінде дәрігер нақты-нақты сөйлеп, түсіндіреді. Ал науқастың еміне келер болса, күрделі ота немесе көп қаражатты қажет ететін ота болса сұрақтарын көбейтеді. Сондықтан негізгі сұрақтарға дәрігер жауап берсе, қалған сұрақтарға өзім түсіндіріп, жауап беремін, яғни, дәрігердің сөзін пациентке, емделушінің қалауын дәрігерге жеткіземін.
Басында мен қызмет еткен компаниялардағы клиенттерім өз таныстарына айтып, көбіне пациенттер мені солай табатын. Инстаграм желісі де маған көмек береді. Жақсы пост, ақыл-кеңес, ақпарат бөліскенде адамдар өздері жазады. Ауруы болса суретке түсіріп, онлайн кеңес те алады. Кореядағы клиенттерім өз таныстарына айтып емханаға бірге баруды немесе онлайн аударма жасауды сұрайды.
Осы елге тұрақтауымның себебі, медицинасының озықтығы, дәрігерлердің кәсібилігі мен медицина саласын дамытуға деген мемлекеттің мүмкіндіктер беріп, жағдай жасап қойғандығы. Бұл жерде тек медицина емес, мемлекеттің дамуы да ықпал етеді. Себебі, мемлекет дамыған болса, әртүрлі салалар да дамиды. Сонымен қатар, медицина студенттерін 1 курстан бастап жаңа нәрсе ойлап табуға шақырады: жаңа дәрі, жаңа әдіс және тағы сол сияқтылар. Мысалы, бір ем түрін, әдісін, жұмысын қарапайым қылу, процесті жеңілдету, жылдамдату, 3 сағаттық жұмысты 30 минутқа дейін қысқарту деген секілді нәрселер ойлап табуға баулиды. Кореяда уақытты қатты бағалайды. 빨리 (палли палли) яғни, тез-тез деген мәдениет бар, сондықтан, барлығын жылдам жасау керек. Аталған жаңашылдықты ойлап тапқан адамдарға қолдау ретінде диплом яки ақшалай сыйлықтар беріп, басқа да адамдарды шабыттандырады. Мысалы, коронавирустық инфекция басталғанда, корона-тестті (коронавирусты жедел анықтайтын тест) ойлап тауып, бір ай ішінде барлық мемлекет қолдана алатын болды. Жаңа нәрсе ойлап табылса, мемлекет бойынша қысқа уақытта қолданысқа енгізіледі.
![]()
Инстаграм парақшамды medicine_in_korea деп атауымның себебі бар. Өз парақшамда Кореядағы жаңа әдістермен, үлкен жетістікке жеткен дәрігерлермен, жаңалықтармен бөлісіп жүрдім. Қазір пациенттерімнің ем қабылдау процесі; өзімнің жұмысыммен; жалпы ем түрлері мен емханадағы мүмкіндіктермен; қызықты кейде өкінішті жағдайлармен, дұрыс тамақтану, спорт, витаминдер қабылдау туралы ақпаратпен де бөлісіп отырамын. Блог жүргізуімнің басты себебі, медициналық білімі жоқ қарапайым жандарға денсаулық, күтім, ем, өз өміріне жауапкершілік туралы насихаттау. Дәрігер керек мөлшерде жауапкершілік алмаған жағдайда, әр адам өз денсаулығына жауапкершілік ала алса, ем жолын таба алса, сақ жүрсе екен деген ниеттемін. Менің ойымша, қарапайым халық та медицина туралы негізгі ақпаратты білуі керек. Бар жүкті дәрігерге артпай-ақ ізденіске түсіп, өз ағзамыз туралы хабардар болғанымыз жөн.
Әрине, менің жұмысым медициналық туризм болғандықтан, Корея, Түркия секілді мемлекеттерге келіп емделетін адамдарға көмектесемін. Қазір Кореяға тек шақырту жіберу арқылы виза алып келуге болады. Ол шақыртулар онкологиялық ауруы бар немесе жедел отаға (м
![]()
и, жүрек, ағзаларды алмастыру) зәру адамдарға жіберіледі. Карантин кезінде Кореяға келген күнде де 14 күн карантинде отыруы керек болса, кейін 7 күн ғана. Бұрындары айына аз дегенде 10-100 адам келсе, қазір жылына 10-20 адам келеді. Сол үшін әзірге жұмыс бағытымды өзгерттім. Емханалардың әлеуметтік желілердегі парақшасын жүргізумен айналысудамын. Клиенттердің назарын аударту үшін әлеуметтік желілерде видео, ақпарат таратуға көмектесіп жатырмын. ТМД елдерінен келген адамдарға Кореяда ем алуға көмектесіп жүрмін. Тек отанымызда ғана емес өзге елден келген емделушілерге аудармашы мен қоса кеңес беруші ретінде және онлайн ретінде жұмыс жасаймын», - деп алыста жүрсе де қазақ елінің дәрігерлерімен бірлесе жұмыс жасап, дамыған елдің тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстандағы дәрігерлердің де санасын, біліктілігін көтеруде еңбек етіп келе жатқан Гүлнұр Наматуллақызы батылдығы мен медицинадағы қызметі, көмегі үшін сыйлауға лайықты, құрмет тұтуға болатын тұлға. Жас болса да бас бола біліп, медицина саласына енгізілген тың өзгерістермен әріптестерімен бөлісіп келе жатқан дәрігерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
«Қой асығы демеңдер, қолыңа алса сақа ғой, Жасы кіші демеңдер, ақылы асса аға ғой» деп аталарымыз айтып кеткендей, білім мен ғылымда жас шектеуі болмайды. - «Ең бастысы – білім. Медицинадан бөлек менеджмент, маркетинг, қаржы салаларынан да хабардар болған дұрыс. Біржақты білім алу жеткіліксіз. Әртүрлі білікті адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу болашақта жан-жақты дамуға септігін тигізеді. Қызық болған нәрсенің бәрін зерттеп көрген жөн. Өзіңе, біліміңе шекара қоймау керек», - деп болашақ медицина саласына бағыт алған жас талапкерлерге әпкелік ақылын, дәрігерлік кеңесін айтқан Гүлнұр Наматуллақызы бүгінде жолдасы екеуі 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты ата-ана.
Алыста жүрсе де, тәніне батқан ауыры меңдеген қазақстандық ағайындарға жол көрсетіп, көмектесіп, демеп, тәжірибесімен бөлісіп келе жатқан Гүлнұр Наматуллақызының деніне саулық, қызметіне табыс, отбасына амандық тілейміз!