Сейдуллаева Айгуль

Рейтинг:

Әке ізін жалғаған

      Жұдырықтай жүрегін қабырға астында бүлкілін соқтырып, тәңірден несібесін тілеп келе жатқан бүгінгі заманда, қандай мамандық та маңызды. Нарықтық заманда дағдарыс қаржы саласына салқынын тигізіп жатқанда, өзгеге алақан жаймай, өз кәсібін көркейтіп жатқан жандарға сүйсіне қарайсың. Қай адам болмасын өзінің алдына мақсат қоя білуі керек. Сонда ғана көздеген шыңын бағындырады.
      Кәсіптің үлкен-кішісі болмайды, жеке шаруа деген аты болмаса, көпшілікпен ғана біте қайнасып жататын тіршілік жалғыз адаммен өспейді де, өрбімейді де. Жалпы еңбек етемін деген адамға барлық мүмкіндік бар. Есепші сұранысқа ие мамандық. Қанша уақыт өтсе де, әлем қалай өзгерсе де, экономикалық қатынастар болған кезде есепшілер қажет болады. Әрине, бұл мамандықтың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері де жоқ емес. Бір білетініміз есепшілік барлық адамға тән емес мамандық. Бұл мамандыққа келетін адам ең алдымен шыдамды болуы қажет. Шыдамдылық! Сондай-ақ, нақтылық пен ұқыптылық та маңызды. Ал уақытқа келетін болсақ, ол жасалатын жұмыстың ауқымына байланысты. Сондықтан да есеп-қисапқа көп адам келе бермейді. Бұл жұмысты жан-тәнімен қалап, сүйіп жасағанда ғана жемісін береді. 
      Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, саналы ғұмырын қаржы саласында атқарып келе жатқан маман Сейдуллаева Айгуль Алмахановна туралы сөз болмақ. Нарықтық қоғам есігімізді қағып кіріп, табалдырығымыздан аттағалы бері, елдің де жағдайы көтеріліп, кәсіпкерліктің көк дөнені де жолға түсіп, заман талабына сай, қаржы саласына қажетті мамандықтар пайда болды. Пайда болды дегеніміз әсірелеу шығар, бұрынғы бар мамандықтың жаңа нарыққа икемделіп, өзгеріп, мақсат-мүдделері де жаңаланды. Міне, осындай түрленіп, дамып, ілгері жылжыған қаржы саласында жүріп, мол тәжірибе жинақтаған, кәсіпкерлік саласына бет бұрған шаруашылықтарға қаржылай көмек көрсетіп, есептік-салықтық жұмыстарын реттеп беріп келе жатқан Айгуль Алмахановна Түркістан облысы, Сарыағаш қаласында дүниеге келді.
      Әке тәлімін көріп, ұлағатын сезінген перзентте арман бар ма, кейіпкеріміздің бүгінгі жетістігінің барлығының бастауында әке өнегесі мен үлгісі, тағылымы мен парасаты жатыр. Әкесі Алмахан Сейдуллаұлы қаржы саласында еңбек еткен бас бухгалтер, мықты банкир, табысты кәсіпкер, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарының «Құрметті азаматы», ел қамын ойлайтын депутат, халыққа өте көп сөзбен емес ісімен қамқор болған жан. Ал, дариядай көңілінде дарқандық, аялы алақанына аналық мейірім шуағы төгіліп тұрған анасы – Раушан Әуелбекқызы мықты дәрігер, қамқор, асыл ана, тамаша ұстаз бола білді.
      Жарқын болашаққа бастар жолын Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептен бастаған бала Айгульдің қаржы саласына келуіне әкесімен қатар кішкентай кезінен есеп-қисаптарға ден қойып, күрделілігіне байланысты бірнеше жолмен шығаруынан басталған еді. Жанындағыларды бір іске үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті мен зейінділігі, зеректігі, зерделігі алға жетелей білген Айгуль мектепте математика, алгебра, геометрия пәндерінен олимпиадасының жүлдегері болып, волейбол, баскетбол, домбыра үйірмелеріне қызыға қатысып, белсенділігінің арқасында мектепте үздіктер ғана орын алатын арнайы стендке шықты. Ол жерде, «Үлгілі отбасы» деп мәліметтер мен жеткен жетістіктері туралы жазылды.
      Математика – ғылымның алтын табалдырығы. Шын жүректен имене аттағандардың бәрі өзіне керектісін алып, бірі ғылым соңына шам алып түссе, енді бірі қаржы саласындағы мамандықты игеріп, экономика саласында қызмет етіп келеді. Өмірде ең жақсы көретін адамның сөзі мен істеген ісі, тіпті қимылдарына дейін ерекше болып көрінетіні бар емес пе, оның үстіне, әрдайым арқасынан қағып қолдап, қандай істе де алғашқы ұстазы бола білген әкесінің мамандығына бала көңілмен, ерекше қызығушылықпен қарайтын Айгуль 1996 жылы мектепті үздіктер қатарында бітірген соң, есепші болуға бел байлады. Осы арманмен шырайлы Шымкент қаласына аттанып, 1996-2000 жылдары М.Әуезов атындағы ОҚМУ экономика факультетінде бухгалтер және аудит мамандығын оқып, білікті маман болып бітіріп шықты. 
      Заман өзгерген сайын адам да заман талабына сай өмір сүруі керек. Уақыт өткен сайын қоғамға қажетті мамандықтар саны да артуда. Адам өмірінде тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар, оның біріншісі – өмірлік жарын дұрыс табу болса, екіншісі – мамандық таңдауда қателеспеу. Мамандық таңдау өте жауапты іс. Себебі, сол таңдаған мамандығы арқылы өмір бойы жұмыс істеп, адал жолмен нәпақасын табады. Мамандық таңдауда адам бойында соған деген сүйіспеншілігі және өзіне деген сенімділігі болуы керек. Өмірде сан алуан мамандық бар, мәселен дәрігер, мұғалім, заңгер, әнші, есепші, сатушы, аспазшы, іс жүргізуші. Расында адамдар өздерін таңдаған мамандыққа кездейсоқ келмейді. Біреулер бала күнгі арманымен келсе, ендігілері ата-анасының ізін жалғап, сол мамандыққа еріксіз барады. Асылында адам өзінің жүрегі қалаған мамандығына барғаны құба-құп. Адам қандай да бір мамандық иесі болмасын өз саласында көшбасшы қабілетке ие бола алғанда ғана биік жетістіктерге қол жеткізеді. Мамандық ол тек ғана ақша табуды ғана көздемеу керек, сол салада жаңалық ашуға талпынып, биіктерге ұмтылуы керек.
      Міне, біздің кейіпкеріміз Айгуль Алмахановна да әкеге қарап өнеге алумен басталған ұмтылысын, қабілетін, өзі таңдаған қаржы саласымен ұштастырып, бүгінгі таңда түрлі бағытта жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлерге, шаруашылықтарға бухгалтерлік саласында қызмет көрсетіп келеді. Бұл туралы өзінің оң жамбасына келген мамандық туралы кейіпкеріміздің өз аузынан естісек:
      - «Мектеп кезінен білікті бухгалтер болуды армандадым. Әкеме ұқсағым келді. Мектепте белсенді оқушы болдым, достарым көп болды, сынып жетекшім Сауле Саттаровна керемет ұстазым әрі ақылшым болатын. Ол кісі бізді достыққа үйретті. Жиі саяхатқа (экскурсия) шығатынбыз, ұйымшыл сыныптастарыммен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Ең жақын, өзіме берік сырласым Әлия құрбыммен әлі де байланысымыз үзілмеген.
      2000 жылы жоғарғы оқуымды бітіре сала май зауытына кассир болып жұмысқа кірдім. Сбытта жұмыс жасадым. Кассада бір күні клиентіміз бір қалта ақша тастап кетті, оны санап болған соң үлкен артығын анықтадым, бұл жайды өзіне хабарлап, сүйіншісін алған болатынмын.
      2000 жылы тұрмыс бабымен басқа қалаға көшіп кеттік. Кәсіпорында бухгалтер көмекшісі болып жұмыс атқардым.
      2007 жылы банк мекемесінде үш жыл бухгалтер болып жұмыс атқардым. Жұмыс қызық болатын, бірақ, ауырлығы да болды, уақытымның көбін алып қоятын. 2010 жылы университетке лектор болып кірдім, экономика және менеджмент пәнінен дәріс оқитынмын, студенттермен жұмыс жасау қызық болды. Байқайтыным қазақ ұлдары бастары салбырап кафедраға кіре алмай, дегенін сұрай алмайтынын аңғардым. Бастарын жинап: «Еңселеріңді көтеріңдер, ешқашан мұңаймаңдар, сендер біздің болашағымызсыңдар ел басқаратын, халықтың қамын ойлайтын сендерсіңдер, түсінбегендеріңді, білмегендеріңді сұраңдар» деп қолдау көрсететінмін.
      Бір компанияға аудиторлық тексеру жүргіздім, бұл жұмыс маған үлкен тәжірибе әкелді. Енді ашылған май зауытқа үш айға келісім шарт бойынша барлық бухгалтерлік білімнің қыр-сырын жас маманға үйретіп, мықты маман етіп шығардым. Бір мешітке бухгалтер жалдағанға дейін ақысыз ұзақ уақыт бойы қызмет көрсетіп жүрдім. 200-ге жуық шәкіртке білім бердім, көбісі өз ісінің кәсібін дамытып үлкен жетістіктерге ие. Әрдайым ризашылығын білдіріп отырады. Ең қызығы нөлден бастап үйретіп мықты табысты кәсіпкер бухгалтер шығарғаныма ризамын. Өз жұмысымды қатты жақсы көретініме қуанамын», - деп өзінің жұмысынан сыр тартқан Айгуль Алмахановна: «Менің арманым жас кезімнен білікті бухгалтер болу, осы арманыммен жұмыс жасаймын» деп есепшілік саласына білек сыбана кірісіп кетті. 
      Қаржылық сауаттылық та шыдамдылық пен ұқыптылықты, елгезектік пен дәлдікті талап ететін, өз алдына қиындығымен қатар қызығы да көп жауапкершілігі мол сала. 2013 жылы қаржылық сауатын одан әрі жетілдіру мақсатында бухгалтерлік саланың тәжірибелі маманы Сарсенбаева Шолпан ұстазымнан сабақ алып, іздене келе одан кейінгі жылдары өз ісінің маманы, ұстазым Кенжеева Гүлбанудан тәлім алып, өзімді шыңдай білдім. Есепшіге білімін жыл сайын толықтырып, есеп саласындағы өзгеріп жатқан заңға сәйкес құбылып тұратын бағдарламаларды меңгеру жолдарын үйреніп шықты. Осылай білім іздене жүріп, өзі де білікті мамандардың қатарынан табыла білді. 2017 жылы Кәсіби бухгалтер мамандығын және Салық кеңесшісі мамандығын игерген Айгуль Алмахановна: «Жылда өте көп білім ізденіп оқимын бірақ оның барлығы орысша, ал қазақша білім жоқтың қасы. Осыдан мен қазақ тілінде білім беремін», - деп шешім қабылдап, бүгінгі таңда қызметін сұранысқа сай қазақ, орыс тілдерінде көрсетіп келеді. 
      «Алланың қалауымен бар білгенім мен түйгенімді еліме қызметіммен өтеймін» деген сөзді ұстаным етіп алған Айгуль Алмахановна 2015 жылы өзі де осы қаржы саласында кәсіпкерлік бастап, шағын мекемелерге ЖШС, ЖК бухгалтериялық қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар, тәлімгерлік ете жүріп 200-ден аса қаржы саласының мамандарын дайындап шығарған, «АКТИВ» бухгалтерлік компаниясының негізін қалаған, «Бухгалтер универсал» және «1С Бухгалтер» үйрену курсының авторы Айгуль Алмахановна кәсібін заман талабына сай сапалы түрде жүргізіп келеді. 
      Өмірде болатын жақсылы-жаманды сәттер ешқашан да өздігінен болмайды. Ал жанымыз бен жүрегімізді жылытатын, күлдіретін, қуантатын адамның өзі, сөзі, көзі. Ортамыз қаншалықты жағымды болса, соғұрлым өмірге құлшыныс арта түседі. Шетел ғалымы Х.Марти: «Адам бола білу – ең қиын мамандық» депті. Сондықтан әр адам бойындағы адами қасиеті оның жүріп өткен жолында сайрап жатады. Жақсы да бар, жаман да бар. Өмір түп-түзу, тап-таза бірізді емес. Адамның алдынан талай белес, талай тау-тас жолығады. Ал соның барлығын жүрекпен сезіп, ақылмен ұғына білу адамның өз қолында. Адам бір-бірінен озып, асып түскісі келеді, бәсекелеседі. Жақсы адам көрсе сондай болмаққа ұмтылады. Өмір тәжірибесі мол, шәкірттеріне әлі күнге дейін көмегін аямай келе жатқан, қиюы көп кәсіпкерлік саласының тігісін жатқызып, шаруалардың ісін алға жүргізуге сеп болып келе жатқан Айгуль Алмахановна жоғарыда атап өткендей, әке тәлімі, ана өнегесімен бойына сіңген адами асыл қасиеттерінің арқасында, ісімен де, сөзімен де кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетіп келеді. 
      Қызметпен қатар, отбасының да берекесін кіргізіп, шырайын шалықтатып келе жатқан Айгуль Алмахановна, арқа сүйер азаматы, отбасының тірегі, дәрігер, лектор ЮКГМА кеңесшісі, ақылшысы Байдуллаев Бахрам Музаффарұлы екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты ата-ана. Үлкен қыздары Лаура Қ.Сәтбаев университетінің студенті, бухгалтер-практик, программист, кез келген жұмысты алып кететін білікті маман болса, екінші қызы Ұлмекен Арман гимназиясының 9-сыныпта оқиды, үздік оқушы. Кіші қызы Ажар мектеп-гимназияның 3-сынып оқитын үздік оқушысы болса, үйдің кенжесі Мухаммедәлі 2 жаста.
      Ата-ана еңбегін бағалай білетін саналы ұрпақтың болғаны екі есе бақыт. Өмірдің мәні сыйластықта. Ал бақыттың кілті еңбекте. Әркім өз орнын адаспай тапса, сол кәсібі арқылы айналасына жақсылық жасай білсе, одан асқан ештеңе жоқ. Қаржы саласының мамандарының шаңырағына қызыға қарап, берекелі тірлігіне сүйсінесің де. Дастарқаны жиылмайтын қонақжай Айгуль Алмахановнаның жүзінен нұр шашқан бақыт лебі айналасын нұрландырып тұрғандай.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
17 июня 2023 11:18
Айгуль

Айгуль,
Рахмет! 
16 июня 2023 18:31
Айгуль

Айгуля и в универе была старостой,активисткой,удачи и процветания тебе,очень ответственный человек 👍👍👏👏
16 июня 2023 17:32
Айгуль

Маржан,
Рахмет!
16 июня 2023 10:25
Маржан

Тек алга саттилик тилеймин
16 июня 2023 00:18
Айгуль

Айсулу,
благодарю! 
3 июня 2023 12:30
Айсулу

Айгуля очень грамотный,  деловой, и ответственный человек!!!
Желаю огромных успехов и процветания!!!!

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....