Ізтілеуов Әділжан

Рейтинг:

Өресі биік азамат   
 
      Қайсыбір отбасының болмасын іргетасы мызғымас махаббаттың күшімен тұрғызылады. Оның әрбір қаланған кірпішіне асқан төзімділік пен татулық ұялап, арасы мейірімділікпен нығыздалады. Сондықтан да әке мен ананың сүйіспеншілігінен құралған отбасының іргесі берік, ынтымағы ырысты болмақ. Ата-ананың қанымен берілген, отбасындағы түбірлі тәлім-тәрбиемен қалыптасқан қарымды қасиеттер адамның өмірлік серігі болады. Әңгімеге арқау болып отырған Ізтілеуов Әділжанның әкесі Сәдір ақсақал өз ортасында сыйлы, барынша меймандос, өмірде көргені мен түйгені көп көшелі кісі болды. Оған қоса қазақ тілінен бөлек латын, араб, орыс тілдерін жетік меңгеріп, еркін сөйлеген. Ол кезінде өз ұрпақтарын айтпағанда, аталас ағайындарының балаларының да білім алып, жақсы жұмыс жасауларына ықпал жасады. Бұл оның көпшілдігі мен көрегендігін көрсетеді. Ол жүзінен нұры төгіліп тұрған, өте бір биязы, құдайына қараған жақсы адам еді. Міне, осындай орнықты отбасынан тағылым алып шыққан кейіпкеріміз ата-ана даңқына ешқашан қылау түсіріп көрген емес.
      Мұнай саласында бірнеше жыл қызмет атқарған Ізтілеуов Әділжан Садырұлы 1961 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Сұлутөбе ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала күнінен оқу-білімге құштар болған ол №152 қазақ орта мектебінде білім алып, оны 1978 жылы жақсыға бітіріп шығып, Телкөл совхозында слесарь мамандығы бойынша жұмыс істеп, 1979-1981 жылдары Совет Әскері қатарында өзінің азаматтық борышын өтеді. Өзінің қалауымен қазақ химия-технологиялық институты 1981-1987 жылдары оқып, «Мұнай мен газды өңдеудің химиялық технологиясы» бойынша тәмамдады. Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, 1999-2002 жылдары бітіріп шықты. Мәскеу қаласындағы Әлеуметтік саладағы экономика Губкин атындағы академиясын 2010-2011 жылдары «Мұнай өндіру» мамандығы бойынша біліктілігін арттырды.
      Білімді де білікті маман 1987-1989 жылдары «Ақтөбе мұнай» өндірістік бірлестігі инженер-химик, химиялық зертхананың меңгерушісі, 1989-1992 жылдары «Южнефтегаз» ӨБ химиялық зертхана меңгерушісі, қызметінде болды. Өзінің табандылығының, жауапкершілігінің арқасында саласында беделі биік көшбасшы, талай істің оңтайлы шешілуіне, жұмыстың уақытылы орындалуына бас-көз бола білді. 1992-1995 жылдары «Южнефтегаз» өндірістік бірлестігі Сыртқы экономикалық байланыстар басқармасының 1-разрядты инженері және негізгі әрі алғашқылардың бірі болып мұнай өндірісін сыртқа экспорттаушы маманы болған. 1995-1996 жылдары «Южнефтегаз» өндірістік бірлестігі Сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің жетекші инженері болып еңбек жолын жалғастырды. 1996-2006 жылдар аралығында «Торғай Петролеум» АҚ сату және жабдықтау қызметінің бастығы қызметінде болды. 1998-2020 жылдары «Садир и К» ЖШС құрылтайшысы болды. Ал 2006-2009 жылдары «Торғай Петролеум» АҚ жабдықтау бөлімінің бастығы, 2009-2011 жылдары «Торғай Петролеум» АҚ зертханасының меңгерушісі, 2011-2013 жылдары «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары, 2013 жылдан қазірге дейін «Жирен» шаруа қожалығының директоры қызметін абыроймен атқарып отыр.
      2012-2017 жылдар аралығында «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы Республикалық бірлестіктің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болды. 
      Әділжан мырзаның бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесі ретінде: «Торғай-Петролиумның 20 жылдық» медалімен, «Қожамберді батырдың 500 жыл» толуына орай медалімен, «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалімен, «Қызылорда қаласына 200 жыл» медалімен, «Ұлы Отан соғысына 70 жыл» медалімен, 2018 жылы IV облыстық малшылар слетінде «Үздік мал өнімдерін өңдеу кәсіпорны» номинациясы бойынша ІІ-дәрежелі дипломмен марапатталған. Адал еңбегі лайықты бағаланып, марапатталып та келеді. Атап айтқанда оның омырауында «IV Қысқы Универсиада» медалі, «Құмкөл 25 жыл» медалі жарқырап тұр. «Бизнес-процестер негізінде кәсіпорынды стратегиялық және оперативті басқару» жобасының курсына оқыту және белсенді қатысқаны үшін Сертификат иегері болды.
      «Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді», - дейді қазақ даналығында. Шынымен, білікті басшы өзі бастаған кәсіпті жемісті етуге, ұжымын жеңіске әкелуге қабілетті. Атына заты сай азамат әрдайым әділдікті, адалдықты жақсы көреді. Ол өзі бір қарағанда, бірмойындау, сөзге сараң және кез келген адаммен әңгіме құра қоймайтындай көрінеді. Ал шын ниетпен, адал сеніммен, ақ көңілмен араласа кетсең, оның шынайы бейнесіне, керемет келбетіне көзің жетеді, көңілің тояды. Сәл тілін тауып, әңгімеге тартсаң, шаруашылық ісін былай қойғанда, тарих, шежірені майдан қыл суырғандай қылып баяндай жөнеледі. Кейде, жылдың қай мезгілінде де науқандық жұмысы үзілмейтін өзінің ісінен уақыт тауып, соның бәрін қайдан оқып-білген деп таңғаласың да. Көш бастап еңбеккерлермен жұмыс жүргізе білу де оңай емес. «Еңбегіне қарай – бермегі» демекші, жұмысты жүргізудің түрлі әдісін қысқа мерзімде игеріп, үлкен көрсеткіштерге қол жеткізу де екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Уақыт озған сайын, талап та жаңаша болады. Бұл ретте Әділжан Садырұлы өзінің іскерлігімен, біліктілігімен, талапшылдығымен және ізденімпаздығымен ерекшеленіп тұратын азамат.
      «Жақсы адамға мал бітсе, ағайынның жоқ-жітігіне қарасады» деген сөз тура Әділжан Садырұлына арнап айтылған секілді. Негізінде, адамның адамгершілік абзал қасиеттері, азаматтық тұлғасы, өресінің биіктігі, болмысының бейнесі, төңірегіндегілерге жанашырлығы айқын көрінетін бедерлі тұстары болады. Мұндай қасиеттер былайғы қым-қуыт тіршіліктің тінінде, жайбарақат күндердің күресінде аса байқала бермеуі де мүмкін. Бұл үшін оған дүмпу беретін өзгеше бір оқыс оқиғалар, төтенше жағдайлар, суыт хабарлар орын алуы керек. Сондай сәттерде кімнің-кім екені, кімнің неге тұратыны айқын аңғарылып қалады. Әділжан Садырұлы бұл ретте де ешқашан жолынан жаңылған емес. Ол дәйім қиналған ағайынның алғауынан шығып, қасынан табылды, сүрініп жатса демейді, құлап жатса тұрғызады. Бұл да әрине, екінің бірінің қолынан келетін мәрттік пен жомарттық емес. Сол қалпынан өмір бойы танбай келеді. Осындай таза пейілді, мейірбан жүректі адал азаматты ауыл аймағы мен жан-жағындағылар түгел құрметтейді. Өзі достыққа адал, антына берік, ісіне мығым. Қарапайымдылық пен байсалдылықты қатар ұстанған, тумысынан көркем мінезді дегдар азамат жарқылдаған жайдары қалпымен айналасына шуақ шашып жүреді. Оның киім киісі мен жүріс-тұрысының, сөйлеу мәнері мен қарым-қатынас мәдениетінің өзі баршаға үлгі-өнеге боларлықтай. Өзінің отбасын жан мейіріміне бөлеп, ұрпақтарын адамдық асыл қасиеттерге баулып, өнегелі тәрбие беріп отыр.
       Әділжан мырзаның жұбайы – Сердалиева Зауре Сайлаубайқызы 32 жыл еңбек өтілі бар облыстық кеңес беру диагностикалық орталығының жоғары санатты дәрігер-пульмонологы, Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас пульмонологы. Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін бірнеше марапаттардың иесі. Үлкен қызы Айдана «Эрнст энд Янг Қазақстан» үлкен төрттігі халықаралық компаниясының аға кеңесшісі. Асылжан қызы 5 жыл еңбек өтілі бар кәсіпкер. «Mars Kazakhstan» брендті дамыту жөніндегі маман, «Efes Kazakhstan» брендті дамыту және цифрлық коммуникациялар бөлімінің басшысы. Ұлы Саламат Назарбаев университетінің информатика факультетінің студенті. Күйеу баласы Азат «PETROSUN» ЖШС шикі мұнай маркетингі бойынша маманы. Айдана қызы мен Азат күйеу баласынан Ару, Арсен есімді немерелері өсіп келеді.
      Иә, Әділжан Садырұлы өзі өскен ортаның ащылы-тұщылы тәлімін өз зердесінен, сүзгісінен өткізіп, керегін алып, керек емесін қалдырып, бүгінде өр тұлғаға айналып отырғанын байқауға болады. Ол алдын, жолын, жөнін саралай білетін өресі биік, пайымы жоғары азамат.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....