Кәсіподақ қызметінің үздігі
Қоғам мен адам қажеттілігі үшін туындаған, салауатты да берекелі өмір сүру үшін тіршілікте түрлі мамандықтар бар секілді, олардың жұмысын қадағалап, реттеп, заңдық сүзгіден өткізіп, сала бойынша үздіктерін анықтап, одан әрі де өнімді жұмыс жасауға ынталандырып, оларға зиян тиген қауіптіліктерден сақтандырып, зардап шеккендер болса құқығын қорғайтын ұйым бар. Ол – кәсіподақ деп аталады.
Кәсіподақ ұйымы – тұрақтылық пен еңбек қауіпсіздігінің кепілі ретінде, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жалпы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір ретінде өз қызметтерін атқарып келеді. Елдің экономикалық дамуы мен қоғамның әлеуметтік белсенділігінің берекелі істерге бастауы алдында, салалық кәсіподақ мамандарының атқарып отырған еңбегі ауқымды. Осы мақсатта өзі басшылық ететін ұйымның жұмысын ілгерілетіп, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайларының жақсы болуы үшін заңда көрсетілген барлық жеңілдіктер мен көмек түрлерін алуды және еңбек заңдылығының сақталуын қадағалап келеді. Жұмыс барысында туындаған келіспеушіліктерде әр адаммен жеке жұмыс жасап, заң бойынша көмек беріп, екі жақты бітістіріп, атқарылып жатқан жұмыстың да берекесін кіргізе білген, кешегі кәсіподақ қызметкері, депутат, бүгінгі еңбегінің зейнетін көріп отырған Ахметова Қалжан Қапсалимқызы туралы әңгімелемекпіз.
![]()
Қандай ортаға барса да, жібек мінезімен, биязы жүрісімен, әділдігімен, сыпайы әрі парасаттылығымен жақсы ой, жағымды энергия қалдырып кететін Қалжан Қапсалимқызы 1957 жылдың 22 сәуірінде Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор кентінде дүниеге келді. Өмір бұлағының бастауы болған әкесі – Аюшев Қапсалим Ахметұлы Индер ауданындағы Борат руднигінде ұзақ жыл бухгалтер, бас бухгалтердің орынбасары, бас экономист қызметтерін атқарса, мейірімі таң нұрынан да жылы анасы – Абдрахманова Қалығыз Абдрахманқызы Борат руднигінің жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде сатушы, коммуналдық қызмет көрсету бөлімінде есепші қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Өздерінің адалдығымен, сыйластығымен, еңбекқорлығымен ағайын арасында абыройға ие болған алтын жүректі жандар бүгінде арамызда жоқ болса да, адами асыл қасиеттерін перзенттерінің бойына сіңіріп кете білді. Оны бүгінгі таңда затым нәзік демей, ер жігіттің де жауырынына батар жауапкершілігі мол жұмыстарды атқарып, ел құрметіне бөленген Қалжан Қапсалимқызының кісілік келбеті мен тұлғалық болмысынан біле аламыз.
![]()
Төсінде малы мыңғырған, шөбін тартсаң мұнайы көрінетін берекелі де, даласына ырыс пен құт дарыған Атырау өңірінде дүниеге келген пендеде арман бар ма... Бақытты балалығын ырыстың желі ысқырып соққан өлкеде өткізген бала Қалжан 1964 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің бірінші сыныбына қабылданды. Білім – түн қараңғылығында жарық нұрын шашатын, өзіне қарағанның жүзін нұрландырып, тереңіне ене білген жұмыр жүректі пенденің болашағын да жарық ететін ерекше дүние. Қолына алған істі жандандырып жіберетін қолының икемі бар оқушы мектеп қабырғасында жүріп, сыныпішілік өткізілген сайыстар мен мектепішілік болатын қоғамдық, спорттық, мәдени іс-шараларда өзін жақсы қырынан көрсете білді. Айтқан сөзді қағып алатын, таным түйсігінде зерделік пен зейінділік жатқан, бір істі сеніп тапсыра алатын қай ұстаздың да мақтанышы емес пе, өзінің алғырлығымен мұғалімдерінің ыстық ықыласына бөлене білген Қалжан сыныптағы белсенді әрі сынып көшін алға сүйреген үздік оқушылардың бірі болды. 1-10 сынып аралығында 10 жыл бойы сынып старостасы болған Қалжанды сыныптастары кездестіре қалса біздің старостамыз деп амандасып жатады. Бұл да бір мектеп кезіндегі өзіндік абырой-беделдің белгісі болар.
![]()
Орта мектепті 1974 жылы бітірген жас түлек, ұлы армандарға қол созып Ақтөбе қаласына аттанады. Тәлім тәрбиесінде өнегелілік пен адамгершілік тұнып жатқан оқушы Қалжан Ақтөбеге келген соң Ақтөбе геологиялық училищесіне оқуға түседі. Оқуға құмар, ізденімпаз, әрдайым тың деректерді жинап, танымдық журнал-кітаптарды оқығанды жақсы көретін студент білім ордасының қабырғасында жүріп те бойындағы қабілет бұлағының көзін аша білді. Таңдаған мамандығын толық игеруде түрлі кітаптар ақтарып, өзге де іс-шараларға қатысып, таным көкжиегін кеңейтумен қатар, сала бойынша біліктілігін арттырды. Осылайша, училищені 1976 жылы ІІІ разрядты лаборант мамандығы бойынша тәмамдаған Қалжан Қапсалимқызының алғашқы еңбек жолы Борат руднигінің коммуналдық қызмет көрсету бөлімінде контролер болып басталып, білімімен байланысты оның техникалық бақылау бөлімінде лаборант болып ауысты. Адамзат игілігі үшін іс жасап жатқан мамандықтардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, қасиеттері, алдынан кездесер қиындықтары болады. Шыңға шығу үшін тау мұзы мен аяқ астынан үйіре кететін қарлы-аязына шыдау керек секілді, өзің таңдаған мамандықтың шырқау шегіне жетіп, білікті маман атану үшін барлық қиындықты да жеңіп шығуға тиіссің. Бұл жағынан келгенде Қалжан Қапсалимқызы моральдық мықты, физикалық шыдамды болды.
Лаборант болып қызмет атқарып жүріп те, кітапқұмарлығының арқасында әдеби ортамен байланысын үзбеген Қалжан Қапсалимқызы 1979 жылы жұмыс орнымды өзгертіп, С.Сейфуллин атындағы орта мектепке кітапханашылық қызметке ауысты. «Адамды адам еткен – кітап, Адамзат еткен – кітапхана» демекші, осы тәлім мен тағылымға толы жан руханиятының бай ортасында кітапханашы болып қызмет ете жүріп, тіпті, білімділігінің арқасында басшылық пен педагогтардың сенімі мен құрметіне ие болған кейіпкеріміз жекелеген пәндерден сабақ беріп те жүрді. Тұлғалық болмысында табандылық пен сабырлылық, пайымында парасаттылық көзге ұрып, үлгі тұтар адамға айнала білген Қалжан Қапсалимқызы білімін жоғарылату мақсатында, 1986 жылы Гурьев педагогикалық институтының «Физика-математика факультетін» математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты.
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы, Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы» деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, ұстаздық – үлкен міндет, ұлы абырой. Ол жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарытып қана қоймай, үлкен өмірге бағыт-бағдар береді. Міне, осындай ұстаздық мамандықты да меңгеріп, оқушылармен жұмыс жасау барысында өзіндік қабілетін танытып, шәкірттердің сүйікті апайына айнала білген Қалжан Қапсалимқызы пән мұғалімі болып 1979-1986 жылдар аралығында жұмыс жасап, кейін аудандық әдістемелік кабинетке әдіскер қызметіне ауысты. Білімді жас, қолынан іс келетін маманның одан арғы қызметтік жолы 1986-1988 жылдар аралығында Индер аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, 1988 жылдың тамызынан 1989 жылдың қазанына дейін Индер аудандық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып өріліп, 1989 жылдың қазан айынан күні бүгінге дейін білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Индер аудандық комитетінің төрағасы болып қызмет етіп келеді.
«Қазақстан кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік – еңбек қатынастарының базалық элементі» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, кәсіподақ – қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен құқықтары толық сақталып, жұмыс беруші мен еңбекшілер арасында тиімді еңбек қатынастарының орнауына ұйытқы болатын негізгі күш. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан, қоғам дамуында кәсіподақтар ұйымының жұмысын барынша нығайтып, жұмыс берушілермен әлеуметтік диалогты, кәсіби байланысты жетілдіру, еңбек адамының құқықтарын лайықты деңгейде қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, еңбек жемісті болуы үшін жұмыс берушілер мен қызметкерлердің арасында келісімді қарым-қатынас орнап, олардың мүдделерінің тоғысуы маңызды.
Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап жүрген қайраткерлер. Олардың белсенді өмірлік ұстанымдары мен ұйымдастырушылық қабілеттері, шығармашылық күш қуаттары Отандастарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Міне, осындай еңбеккерлерге лайықты құрмет көрсетілетін жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға ықпал етіп келе жатқан еліміздің кәсіподақтары ұйымының белді мүшесі Қалжан Қапсалимқызы 2004-2015 жылдар аралығында аудандық әдістемелік кабинеттің математика, физика және информатика пәндерінің әдіскері болып қосымша жұмыс жасады.
Бірнеше дүркін Атырау облыстық кәсіподақтар Федерациясының, Білім қызметкерлері кәсіподағы Атырау облыстық комитетінің облыстық конференцияларына, сонымен қатар 3 рет білім қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің Х, ХІІ, ХІҮ сьездеріне делегат болып қатысты. Ғасырлар тоғысында аунап түскен нарықтық қоғамнан, қай маманнан да заман талабына сай сауатты болуды, жаңарған технологияны меңгеруді, үнемі ізденіс пен тынбас еңбекті, ұжыммен жақсы қарым-қатынаста болуды талап етеді. Бұл жағынан келген де біздің кейіпкеріміздің жолы болды десек те болады. Ахметова Қалжан өзі жұмыс істеп отырған саласының жан-жақты маманы, ұжымымен тіл табысып, қойған міндеттерін абыроймен атқарып жүрген білікті басшы ретінде өзін таныта білумен қатар, өзіне жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен атқарып, қызмет барысында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін сан мәрте ісімен дәлелдеді.
Уақытпен санаспай етілген адал еңбектің алатын бағасы да болады, нәтижелі ісімен, біліктілігімен атқара біліп, «Лучшие люди в образовании» жинағына, «Атырау облысы мұғалімдерінің» 3 томдық энциклопедиясына, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Әйелдер – кәсіподақ қозғалысының көшбасшылары» жинағына, «Кенді елім менің – Дендерім» атты Индер ауданының шежіре жинағына, Индер ауданына – 90 жыл энциклопедиясына есімі енген Қалжан Қапсалимқызының қол жеткізген жетістіктері мен мерейін өсірген марапаттарына кезек берсек:
✦ 1976 жылы Қазақ ССР химия өнеркәсібі министрлігінің «Құрмет грамотасы»;
✦ 1978 жылы «Гвардеец пятилетки» төсбелгісімен;
✦ 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен»;
✦ 2004 жылы Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының «Құрмет грамотасымен»;
✦ 2004 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен»;
✦ 2004 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің «Алғыс хатымен»;
✦ 2007 жылы Атырау облыстық мәслихатының «Құрмет грамотасымен»;
✦ 2008 жылы Атырау облыстық кәсіподақтар Федерациясының «Алғыс хатымен»;
✦ 2007 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен;
✦ 2008 жылы «Атырау облыстық кәсіподақтар Федерациясына 60 жыл» мерекелік медалімен;
✦ 2014 жылы Атырау облыстық мәслихатының «Құрмет грамотасымен»;
✦ 2015 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен;
✦ 2016 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен;
✦ 2017 жылы «За вклад в развитие образование» медалімен;
✦ «Кәсіподақтардың қазіргі жағдайдағы қызметі» курсын бітіргені жөнінде Cертификат;
✦ «Қоғамның санасында қазіргі әйелдердің бейнесін жетілдіріп, көшбасшы әйелдің саясатта және әлеуметтік процестерде рөлін көтеру» атты облыстық семинар-тренингтен Сертификат;
✦ Атырау облыстық әкімшілігі мен облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасы» сынды дәрежелі марапаттардың иесі.
Индер аудандық мәслихатының ІІ шақырылымының депутаты болып сайланған Қалжан Қапсалимқызы жолдасы да ел құрметіне бөленген, еңбек адамы. Биғазиев Табылды Құмарұлы 1947 жылы 4 қаңтарда Гурьев облысы, Есбол ауданы, Кулагино елді мекенінде туған. Қазір зейнеткер. Мамандығы мұғалім. 1971 жылы еңбек жолын мамандығы бойынша өзі оқып бітірген Жамбыл атындағы орта мектептен бастады. 1973 жылы аталған мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды. Осы жылдың желтоқсан айында өткен Индер аудандық комсомол конференциясында аудандық комсомол комитетінің хатшысы, 1975 жылы қараша айында екінші хатшысы қызметтеріне сайланды.
1977-1985 жылдары Индер аудандық партия комитетінің нұсқаушысы ал 1985-1987 жылдары аудандық партия комитетінің саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі жұмыстарын атқарып, кейіннен мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы, Индер аудандық мәслихатының аппарат басшысы қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шыққан ұлағатты ұстаз «Индер ауданының Құрметті азаматы».
Кәсіподақ қызметінде болып, жұмыс тиімділігін арттырып, бейбіт өмір сүруде еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз салиқалы ғұмыр кешіп келеді.
Ықыласында ыстық мейірім, шапағатында шуақты нұр, азаматтық айбыны аласармаған, құм астында жатса да шірімейтін қанжардай уақыт өте келе манаураған Алатаудай ұшар шыңы биіктеп келе жатқан Қалжан Қапсалимқызындай өз саласының білікті мамандары бары көңіл қуантады. Алла ісіне береке беріп, кейіпкеріміздің өмірі салиқалы, дені сау болғай!