Жылқайдаров Әмірқұл

Рейтинг:

Бедел биігіндегі тұлға

      Пифагор: «Бақытты қуып қара тер болма, оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде» деген екен. Тамаша парасатты адами қасиеттерімен талай беделді қызметтерді абыроймен атқарған Жылқайдаров Әмірқұл Романқұлұлы 1959 жылы 13 сәуірде Өзбек КСР-нің Ташкент облысы, Шыршақ ауданында дүниеге келген. Қызмет бабымен талай жандармен әріптес болып, жақсы мен жайсаңдарды жанына жинап, сыйластығы артып, уақыт өткен сайын кішіге ағалық ақылын айтып, өзінің ізбасарларын тәрбиелеп, ізгілікті жол көрсетіп келе жатқан нағыз өр тұлға. Оның сабырлы мінезін, ел-жұртпен сыйластығын, жан тазалығын, мәдениет пен өнерге жақындығын, биік болмысын, кісілік келбетін, бір сөзбен айтқанда қандай тамаша азамат екенін көпшілік жақсы білді. Осындай ізгілік үлгілерін бір бойына жинаған оның бойынан адами асыл қасиеттердің ғажайып үлгісін көруге болады.
      Қарапайым қазақ отбасында туып-өскен Әмірқұл Романқұлұлы 1966-1976 жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылындағы №158 Киров атындағы мектепті жақсыға бітірген. Мектеп бітірген жылы Төңкеріс ауылында механизатор болып жұмыс істеп еңбек жолын бастады. Қандай іске болса да бейімді, тынбай, жалықпай еңбек ететін жас ә дегеннен-ақ басшылықтың көзіне түсті. Еңбектің қиындығынан қашпайтын, нар тұлғалы жасты көтермелеп, мақтап, өз ортасында беделін арттырып отыратын. Ұжымның жас та болса тындырымды, табанды жұмысшысы болды. Өзінің алдына мақсат қоя білетін жас 1983 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының құры-лыс бұйымдары мен конструкцияларының өндірісі факультетіне оқуға түсті. Оны инженер-құрылысшы-технолог мамандығы бойынша оқыды. 2004 жылы «Болашақ» университетінің қаржы және несие факультетін экономист мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2005 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің «Заңтану» факультетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Қазақ және орыс тілдерін жатық меңгерген азамат жаңалыққа жаны құмар әрі жаңашылдықты жатсынбай қабылдай білетіндігімен де ерекше. Үнемі өзінің білімін арттырып, қоғамдағы өзгерістерге баға беріп, сыни тұрғыдан өзінің ойын білдіріп те жүреді. Ақпараттық технологиялардың дамыған заманында көштен кеш қалмас үшін, ерінбей-шаршамай кейінгі дүниелерді жастардан үйреніп отыруды да әдетіне айналдырған. Қай кезде көрсең де ой үстінде жүреді. Әлдебір істі тындыруға күш жұмсап, жан-жақтан ақпарат жинап отырады. Бір қасиеті жақсыны жақсы, жаманды жаман деп бетке айтады. Адам артынан артық әңгіме айту табиғатында жоқ. Кірпияздығы да бар. Адамның жамандығын сезсе, онымен байланысын күрт үзеді. Алайда кешірімшіл. Әрбір әріптесіне, қызметтесіне түсіністікпен қарап, оның жағдайына кіріп, түсіне алады. Сол үшін де оны былайғы ел қатты сыйлайды. Жанындағылар құрметтейді. Шығармашылыққа да жаны жақын. Көңілі алай-дүлей құлазыған сәттерде томаға тұйық болып алатыны бар. Ондайда тілдесер жалғыз досы кітап. Бұрын соңды оқыған кітабы ма әлде жаңасы ма оны ешкім білмейді. Жаны жайланғанша кітап оқып, көңілін көтереді. Болмаса қолына қаламын алып, жазу жазуға кіріседі. Бірақ қандай нәрсе жазатынын өзгеге тіс жарып айтпайды. Сондай сақ. Сыр сақтай білетін нағыз мықты азамат. Жұрт дүр сілкініп күліп жатса, бұл кісі жай жымиып қоя салады. Оның салмақтылығын осыдан-ақ бағамдауға болады. Талай қызметте болды. Талай адаммен таныс, дәмдес, дастарқандас болды. Көптің сырын да жақсы біледі. Адамның аласын алыстан танитыны және бар.
      Мықты көшбасшы, жанашыр әріптес, таптырмас ақылшы ретінде көптің аузында жүретін, өмірбаянында үздіксіз басшылық қызметтер атқарып келе жатқан Әмірқұл Романқұлұлы жайында талай нәрсе айтуға болады. Ол 1983 жылдан «Қызылордақұрылыс» тресі Тұрғынүйқұрылыс комбинатының шебері учаске бастығы қызметін атқарды. 1990 жылдан «Қызылордабасжабдықтау» МТБ жетекші инженері, бөлім бастығы болды. 1997 жылдан «Продкорпорация» ЖАҚ Қызылорда өкілдігінің директоры болды. 2003 жылдан «Технологиялық көліктің Құмкөл басқармасы» ЖШС атқарушы директоры, 2005 жылдан Қызылорда облыстық жұмыла дайындалу, азаматтық қорғаныс және апаттар мен зілзала нәубаттардың алдын алуды ұйымдастыру басқармасының бастығы қызметін атқарды. Облыстық мәслихаттың 1-ші, 2-ші шақырылымдарының депутаты (өзін-өзі ұсынған 1999-2005 ж.ж.). 2011 жылдан «Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының» бастығы, 2012 жылдан «Қызылорда облысының құрылыс басқармасының» бастығы, «ҚР Парламентінің Шаруашылық басқармасы» мемлекеттік басқармасының бөлім бастығы (шілде-желтоқсан 2013 ж.), Өндірістік мәселелер бойынша «Эксперттік Аграрлық Компания» ЖШС («ҚазАгро» ҰБХ» АҚ) директорының кеңесшісі (ақпан-мамыр 2014 ж.), 2014 жылдың мамыр айынан «Агрофирма «Astana Agro» ЖШС («ҚазАгро» ҰБХ АҚ) директоры, 2016 жылдан «Қазақ Құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Астана филиалы директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Қазақ Құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институты» АҚ бас директорының кеңесшісі.
      Іскер, ұйымдастырушылық қабілеті зор азамат атқаратын істі алдын ала жоспарлап, қандай жерге баратынын, не жөнінде жиналыс өткізетінін, ондағы жиналған елдің қандай сұрақ қойып, оған қалай жауап айтатынына дейін егжей-тегжейлі дайындалып жүреді. Өзінің сөзінің нық болуына қатты мән береді. Тапсырмасын да нақты береді. Ертеңгі істі бүгін шешіп тастауға ұмтылады, әрі басқаларды да солай бағыттайды. Қызметкерлері ұстаз алдындағы тәртіпті оқушыдай қағаздарын реттеп, тек айтқанын орындап қана отырады. Содан болар жұмысында ешқандай көлденең кедергі болған емес. Кез келген істі қолға алғанда ол ақыл айтудан бұрын, жол көрсетіп, өзі тындыруға бейім. Бастысы қарамағындағы қызметкердің сағын сындырмайды, керісінше, оларға ақыл-кеңесін айтып, рухани-моральдық тұрғыда қолдап отырады. 
      Әсіресе, өмірлік іс-тәжірибесі аз жас мамандарға жанашырлықпен көмектесе біледі. 
      Білімді де білікті азаматтың бірнеше мемлекеттік наградалары мен құрметті атақтары бар. «Құрмет ордені», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл мерекелік медалі», «Ғарыштың алғашқы ұшуына 50 жыл. РФ» медалі, «Төтенше жағдайлардын алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін медалі ҚР ТЖМ» (2011 ж.), ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің «Құрмет белгісі» және «Қазақстан Республикасының Құрметті Құрылысшысы» (2012 ж). Әскери атағы – полковник. Дінге деген көзқарасы жақсы. Ата салтымен жүріп, ұрпағына ізгілікті ислам дінін насихаттап отырады. Аңшылық, атпен салт жүру қашаннан бергі әдеті. Сүйіп оқитын әдебиеті – қазақ классикасы, оның ішінде І.Есенберлин, Қ.Жұмаділовтің шығармалары. 
      Өнегелі отбасында Алла қосқан қосағы Күлтаева Меруерт Бижігітқызымен Жандос, Айдос, Анара, Жанара есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Екі немересі бар. Сырт келбеті, ажары қандай мейірімді болса, ішкі жан дүниесі де сондай саф алтындай таза азаматтың мінезі мизам шуағындай жайлы. Туа біткен таудай талабы басыңдағы бағымен әлі де мұзарт шыңдардай асқақтай берсін дейміз. Халықтың болашағы жолында атқарып жүрген игі істеріңіз ұзағынан болып, өз ортаңызға ізгіліктің шуағын шашып, аман-есен жүре беріңіз деген тілектеміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...