Кәсіптің көзін тапқан
Еліміздің экономикасындағы негізгі саланың бірі – ауылшаруашылығы. Аталмыш саладағы мамандықты яки, агрономия мамандығын үздік меңгеру үшін маман өсімдік шаруашылығы, егіншілік, ауылшаруашылық дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығы, мал азығын өндіру және өсімдіктерді қорғау сияқты пәндерден терең білім алуы шарт. Агрономдар оқу барысында егіншілік заңдары мен өсімдіктердің қоршаған сыртқы орта факторларына қоятын талаптарымен танысып, алған білімдері агрономдарға жоғары өнім өсіруге және ауылшаруашылық дақылдарының жаңа сорттарын шығаруға көмектеседі. Жалпы агроном – кең ауқымды мамандық, олар ауылшаруашылық мекемелерінен бастап, мемлекеттік құрылымдарға дейінгі агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларында еңбек ете алады. Міне, бүгін сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де осы саланың тізгінін ұстап бүгінде жеке шектеулі серіктестіктің негізін қалап ел экономикасының жандануына өз ықпалын тигізіп жүрген білікті мамандардың бірегейі – Демесінов Қанат Әубәкірұлы.
![]()
Қанат Әубәкірұлы Сыр өңіріне қарасты, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылында 1965 жылы 16 наурызда дүниеге келген. Қанат мырза көпбалалы отбасында тәрбиеленген.
Әкесі – Демесінұлы Әубәкір 1906 жылы дүниеге келген, қарапайым шаруа адамы болып қызмет етіп, өз кезінде тарих сахнасында алтын әріптермен сақталған Ұлы Отан соғысына қатысып, ардагер атанған.
Анасы – Айдаралықызы Хафиза 1919 жылдың тумасы.
Хафиза ханым аудандық байланыс бөлімінде хат тасушы болып қызмет еткен. Әубәкір мырзамен Хафиза ханым алты ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде балалары ер азамат ретінде еңбек етіп, ел азаматы атанды десек артық айтпағандығымыз.
Қанат мырза аталмыш ауылда орналасқан № 166 орта мектебінде білім алып, 1982 жылы тәмамдап шығады. Мектеп қабырғасын аяқтағаннан кейін, өз ауылында жұмысшы болып еңбек етеді. Әрбір ер-азаматтың парызы Отан алдындағы борышын өтемекке 1983-1986 жылдар аралығында Совет Әскери теңізі флотында, әскери борышын атқарады. Елге оралғаннан кейін Қанат мырза ауылда қайта жұмысшы болып қызмет атқарады. Болашақ мамандығын ауылшаруашылығымен байланыстыруды жөн санап жүрген кейіпкерімізге шаруашылықтың жолдамасымен мүмкіндік беріледі. Қанат мырза Қызылорда қаласында орналасқан совхоз техникумының агрономия бөліміне оқуға түседі. 1989 жылы оқуын аяқтап, жас маман ауылына оралып, механизатор болып қызметке тұрады. Мамандық тандау – өте маңызды іс. Өйткені, біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз. Міне, Қанат мырза да 1994 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін өзі таңдау жасаған мамандық бойынша агроном қызметінде еңбек етіп келеді.
![]()
Еңбек жолында тәжірибе жинақтап, нәтижелі қызмет атқара білген Қанат мырза 2003 жылы құрылған «Сарке батыр» ЖШС-де бас агроном болып жұмысқа орналасады. Кейіпкеріміз аталмыш мекеменің 2018 жылдан бері шаруашылық басшысы болып тағайындалып, нәтижелі қызмет атқарып келеді. Ел экономикасының қуаттылығы оның қазба байлықтары мен минералдық ресурстар базасының көлеміне емес, алысты аңғаратын экономикалық реформалар стратегиясының бәсекелестікке қабілетті жоғарғы технологиялық тауар мен сапалы қызмет жасауға жағдай туғызуында демекпіз. «Сарке батыр» ЖШС-ның жылдан-жылға техникалары көбейіп, халықтың хал-ахуалы да жақсарып, жоғары өнім өндіру жағынан үздік шаруашылықтар қатарынан көрініп жүр.
Мекеме облыс, аудан, ауыл көлемінде өткізілетін іс-шараларға белсене қатысып, тұрмысы төмен отбасыларына, ерекше жағдайда дүниеге келген балапандарға әрдайым қолдан келгенше көмек қолын созады. Сонымен қатар, мекеме тарапынан ауылда орналасқан мәдениет үйі мен спорт ұйымына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіледі. Шаруашылықтың алға жылжуының нәтижесінде ауылдағы «Әжелер би ансамбліне» қатысушы ондаған әжелердің сахна образын толық қамтамасыз етіп, киімдерін, кейбір жарақтарын алуға және мәдениет орындарының жаңаруына үлкен үлесін қосуда. Мекеме білім ордасына да көмек қолын созып, көпбалалы отбасының және тұрмысы төмен отбасының балаларына тынығу, ем алу орындарына жолдамамен жіберуге қаражат бөліп отырады. Міне, осы еңбектің басы-қасында жүрген Қанат мырзаның еңбегі бағаланып 2017 жылы «Нұр Отан» партиясының «Алғыс хатымен», «Құрмет» медалімен, 2020 жылы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
![]()
Иә, қызмет барысында білікті маман, тәжірибелі басшы болып қызмет етіп жүрген ел азаматы бүгінде бір шаңырақтың бетке ұстар отағасы демекпіз. 1988 жылы Қанат мырза жары Шарипова Зейнеш екеуі шаңырақ көтереді. Зейнеш ханым «Сарке батыр» ЖШС-да есепші болып қызмет атқарады. Бүгінде бақытты отбасының ата-анасы үш ұл тәрбиелеп, төрт немеренің ата-әжесі болып отырған жайы бар. Үлкен ұлдары Демесінов Бақытжан 1989 жылдың тумасы, Қызылорда қаласында орналасқан Қорқыт Ата атындағы университеттің түлегі. Бүгінде Қызылорда ауылшаруашылық басқармасында кадр жөніндегі маман болып еңбек етеді. Ортаншы ұлдары Демесінов Наурыз 1991 жылы дүниеге келген. Жалағаш аудандық ауылшаруашылық колледжінің түлегі. Әке жолын жалғастырып, механизатор болып еңбек етуде. Кенже ұлдары Бекжан 1998 жылы дүниеге келген. Қызылорда медицина колледжінің түлегі. Фельдшер қызметінде еңбек етуде.
Ер азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Ел экономикасының дамуына үлес қосып, өн бойынан қазақилық пен ерекше тәрбие есіп тұрған ел азаматы Қанат Әубәкірұлының еңбек жолына толағай табыс, отбасына амандық, деніне саулық, шығармашылық шабыт тілемекпіз!
![]()