Рахматулла Нүркен

Рейтинг:

Білікті басшы, табысты кәсіпкер

      Жыл санап емес, күн санап дамып жатқан бүгінгі таңда, экономикасы дамыған әр ел көкпен тілдескен ғимараттар салып, алып құрылыстар жүргізіп елдік, ұлттық болмысын әлемге паш етіп келеді. Осындай мәңгілік елге ұмтылған, дамыған елдің жоғарғы сатысынан орын алуға талпынған дамушы мемлекеттердің бірі біздің еліміз. Көз сүйсінтер, қала көркіне әсемдік пен сұлулық қосатын құрылыс индустриясы қашанда экономиканың негізгі іргетасы екендігі белгілі. Сондықтан да, құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық күш қуаты мен әлеуметтік жағдайының артуына тікелей байланысты. Құрылысшы мамандығы біз-дің өмірімізде өте маңызды және сондықтан лайықты құрметпен, ерекше көңілмен қоршалған. Бұл қиын және жауапты, күнделікті қиын жұмыс талап етеді. Біздің қалаларымыз өсіп, дамып келеді, бұл құрылысшы мамандығы үнемі сұранысқа ие болатындығын білдіреді. Құрылысшыларымыздың арқасында елімізде құрылыс жанданып, халық жаңа стандарттар мен заманауи дизайнға бой үйретуде. Қаламыздың ажарын ашатын, айбарын асқақтататын келісті келбетінің көркеюіне қосқан үлестеріңіз көз сүйсінтерлік. Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай қадірлі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екені баршамызға аян. Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық.
      «Еңбегіне қарай – құрмет, Жасына қарай – ізет» деген, осындай сәулетті әрі ерекше мамандықты меңгеріп, өмірдің сынағына қарсы тұрып, еңбекқорлығымен бар мақсатына жете білген, жас та болса бас бола білген, ғылымға да шырақ алып түсіп, сәулет өнері мен құрылыс саласына да жастық жанарына қадаған кәсіпкерлеріміздің бірі – Рахматулла Нүркен Мұстафаұлы. 
      Нүркен Мұстафаұлы 1995 жылдың 10 мамырында Жеңіс күні қарсаңында әрі күллі мұсылманның қасиетті мерекесі Құрбан Айт күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар елді мекенінде жұмысшы отбасында дүниеге келді. Әкем – Жамашев Мұстафа Рахматуллаұлы Совет партиясының бір совхозының диспетчерінен Егеменді еліміздің Сарыағаш қаласындағы мұнай және оның өңделген өнімін сақтау және ОҚО аумағында тарату зауыт басшысына дейін көтерілген. Өмірі өнегеге толы тұлға болса, жүрегіндегі мейірім жүзінен нұр болып төгілген анасы Юсупова Ақмарал Жасұзаққызы үй шаруасымен бала тәрбиесі және жарының ақ жағалы болуы үшін қам жасаған Жамашевтар әулетінің келіні. 
      Білікті маманның шаруасы шатқаяқтап тұрған жерге жіберетін кеңестік жүйенің басқа есебі бар емес пе, ес білгенше Алматы қаласында, одан кейін Нүркен 4 жасқа келгенде Оңтүстік өлкеге, Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Отырар елді мекеніне көшіп келеді. Бақытты балалық шағын ата-анасының ыстық құшағы мен №18 мөлтек ауданындағы «Буратино» балабақшасында өткізеді. Жастайынан зерек, қызыққан затын қолына ұстап көрмейінше тыным таппайтын, әріптерді ерте танумен қатар есепті де тез әрі жылдам шығара білген Нүркен Мұстафаұлы білім ордасының табалдырығын №65 Ы.Алтынсарин атындағы гимназиясында аттады. Өмірге іңкәр жанның жанары от шашып, көп ішінде ерекше көрінеді емес пе, зейіндігі, зеректігімен көзге түсіп, ұстаз тапсырмасын бұлжытпай орындай білген қабілетті оқушы мектеп өміріне етене араласып кетті. 
      Одан кейінгі жылдары, яғни Нүркен бастауыш білімінің үшінші сыныбына келгенде, әкесінің қызметінің ауысуына байланысты Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қаласына қоныс аударып, Қаныш Имантайұлы Сатпаев атындағы №10 гимназия интернатында білімін жалғастырады. Сол бір білімге, ғылымға көңіл бөлініп, қабілетті балдарды ынталандыру мақсатында елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатымен үздік оқушыларды Бурабай курортына, «Балдәурен» лагеріне жіберіп жатқан кез еді. Міне, өзінің ширақы қимылымен, пысықтығымен, белсенділігімен, алғырлығымен қандай сайыста да үздік шыққан Нүркен осы бір Бурабай курортына демалыс лагеріне де барып келді. 
      - «Ол - мен үшін үлкен мақсаттармен шыңдалған армандарды ойлауыма себеп болды. Сабақты жақсы оқуыма, ынталы азамат болуыма қазіргі көп жетістіктеріме осы лагерьдің үлкен себебі тиді деп ойлаймын. Онан соң мектеп табалдырығында жоғарғы буын болған кезде физика, алгебра, геометрия пәндері сүйікті пәндеріме айналды. Мектептер арасында, жасөспірімдер арасында жарыстарда көптеген жүлделі жеңістерге жетіп, Кенгру сайысына да қатысуға ұсыныс алдым. Ол сайыста қатысып Қазақстан жастары арасында жүлделі жеңімпаз атанып Алматы қаласындағы Жәутіков атындағы Физика-математикалық мектепке шақырту алдым.
      Сонымен өзге қала Алматыға бару-бармау шешімін әкем 8-сынып оқушысы маған берді. Мен Сарыағашқа көшіп келген сәттен шекара қызметкерлерінің әуеде ұшып жүрген тікұшақтарын көріп Ұлттық Қауіпсіздікте істесем екен деген үлкен қарқынды арманым болды. Сол себепті мен шекара жанындағы қалада қалуды шештім. Солай мемлекеттік гранттан бас тарттым. 9 сыныбымда физика пәнінен түрлі ғылыми тәжірибелер жасап оларды байқауларға қатыстырып жүрген сәтімде менің істеген жобам мәңгілік қозғалтқыш ойлап табуға бағытталған бастама болатын. «Оны істеу әрине оңай емес, мейлінше мүмкін емес. Мүмкін болса маған дейін қаншама ғалымдар істей алмады» деген ойдан арылып соның жетегінде көп жұмыс істеп жүргенде, менің жұмысым ғалымдарға ұнап, сонымен көптеген физика мамандарымен жолыға бастадым. Сол жоба аясында «Пайдалы әрекет коэфициенті» деген зат бар әрбір затта ол мейлінше қажетсіздікті азайтып энергияны максималды колдану. Сол жобам аясында әскери тұрғыда көптеген істерге өзгертулер енді. От жағу пештерінде оттың біраз бөлігі жылуын сыртқа мұржа арқылы кетіп, оттың аз бөлігін су жылытуға көптеген бөлігі ауға кететін байқап оны да ретке келтірді», - деп мектеп жасында жүріп-ақ қоғамға, әскерилерге қажетті жоба ойлап тауып, оны іске асырған Нүркен Мұстафаұлы осы жұмысымен Сарыағаш қаласының арнайы шекара жасақтарына арналған №2040 әскери бөлім командирі полковнигінің көзіне түсті. Талант жас талғамайды. Өзінің ерекше қабілетімен талайды тәнті еткен Нүркен әскери бөлімнен шақырту алады. Арнайы комиссиялық топ құрылып, пәнаралық бақылаулар болып, сонымен келесі бір күні шақырылған Нүркен әскер қатарына алыну үшін тағы да психологиялық тесттер тапсырады. Содан Aлматыға ұлттық қауіпсіздікке оқуға арналған тестілеуге ұсыныс алған Нүркен кейіннен арнайы жасырын кауіпсіздік кибер сақтандыру мүшелерін даярлау университетіне тестілеу тапсыруға ұсыныс алып, «Өз арманым ғой» деп шынайы түрде дайындалып ағылшын, орыс тілі, физика және математикалық тұрғыда емтихан тапсырады.
      Осылайша талапты жас Украиналық КГБ университетіне алғашқы жылы 1 жыл даярлау курсына Қазақстан Республикасының қаржылай көмегімен артынша 4 жылдық грант жеңіп алады. Бұл жолы әкесі де, анасы да өз рұқсаттарын берді. Бүкіл құжаттарын дайындап оқуға кетемін дегенде Украинадағы кішігірім тәртіптік тұрақсыздық пен өзара митингтер болып кетті. Үкімет дипломаттары бару мүмкіншілігінің шектеулі екенін айтты. 
      Украинаға бара алмай қалған Нүркен Мұстафаұлы сол жылы жазда үкімет те біраз еңбектерін ескеріп, жартылай отбасы тарапынан жартылай білім басқармасынан Англияға Лондон олимпиадасына Қазақстан оқушылары арасынан 3 ай мерзімге әр облыстан осындай грантпен 2 лайықты оқушыға ұсыныс келді. Әрі тіл үйренуге, әрі олимпиада көру мақсатындағы жолдаманың бірін жеңіп алған Нүркен Лондондағы олимпиаданы көріп, ағылшын тілдік қолданысын одан әрі жетілдіріп, «Іntermadite» деңгейін бітіріп келеді.
      Міне солай «Бала Нүркен бала арман мақсаттарды Балдаурен Бурабай шипа жайында бала кезде құрыпты. «Негізгі арман-мақсат құратын жаста емес екенмін, міне, қазір жеке куәлігі бар ересек жігітпін» деп келесі тілектерім мен нағыз өмірлік ұстанымым деген ойларды сол Англия БУКЕНГЕМ ПАЛАС алаңында ойладым.
      Заңгер Құрылысшы боламын деп түрлі мақсаттар құрдым. Кейіннен оқу орнын қызыл куәлікпен бітірдім. Ұлттық біріңғай тестілеу тапсырып жоғары 117 балл жинап Евразия Ұлттық университетіне Сәулет құрылыс факультетіне оқуға түстім. Оқуды жақсы ынтамен оқыдым. 3 курс бітірген соң Америка Құрама Штаттарына саяхаттаушы және жұмысшы визасымен барып, біршама өзімді дамытып, түрлі жұмыстар жасадым. Ой өрісім өскен сайын, өзіме қойылатын талапты да күшейттім. Университет бітіретін курсымда әлемдік денгейде елімізде ЭКСПО павильондары соғылып жатты. BI Group компаниясына ЭКСПО-дағы павильондарды қосатын мосттың кұлауы салдарынан жаңадан жобалау, есептеу, қайта құру үшін, конструктор мамандар қажет болды. Оқу бітірмеген мені университет деканы проректорына хат жазу арқылы 1 магистрантты және 1 студентті шақыртты. Сонымен менің алғашқы құрылыс нысаным ЭКСПО павильоны болды», - деп студенттік жылдары туралы сөз еткен Нүркен Мұстафаұлы оқу орнын қызыл дипломға бітіріп, BI Group қомпаниясында қызмет ете жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Еңбек жолы BI Group құрылыс фирмасының бастауымен жүргізілген «Арт Резидент» құрылыс жұмыстарын аяқтап, кейіннен қызметі өсіп, ЖК «Берекет», ЖК «Аманат», ЖК «Асыл тау» обьектiлерiн салдыру бастығы болып қызмет атқарды.
      Әркім өз ісінің білікті маманы болғанда ғана, кәсібіне береке еніп, қоғамға пайдасы тиіп, еңбек еткен салада өз қолтаңбасын қалдырады. Бала кезден еңбекқор, ізденімпаз, бір істі бастауға ұмтылып тұратынын Еуразия Ұлттық университетінде оқып жүріп те өзінің ашықтығымен, қолынан көп іс келетіндігімен көзге түсе білді. Топырағы құнарлы болса қызғалдақ - қырда да, сырда да, таулы аймақта да қауыз жарып құлпырады. Қандай іске де білек сыбана кірісіп кететін, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі, жас маманды өз ісінің тиянақты, білікті де білгір маманы етіп шығарды. Өз-өзіне деген сенімділігі басым, күрделі жұмыс болса да табандылық пен сабырлылық таныта отырып жеңіп шығатын, болмайды деп шегеріп тастамай ебі мен ыңғайына қарап, істі аяғына дейін нәтижелі жеткізе білетін білікті жас өзінің еңбексүйгіштігі мен үнемі ізденімпаздығының арқасында ұжымдастары алдында беделге ие болды.
      - «Құрылыс компаниясында қызмет ете жүріп, мол тәжірибе жинау барысында өзімнің де жеке құрылыс фирмамды ашып, осы салаға кәсіпкерлік бағытында келсем деген ой туындады. 
      Ең алғашқы компаниям «RN Holding» сауда саттықпен айналысатын компания болды. Компания құруыма негізгі себеп болған отбасымызға ұлымыз Мұстафа Дінмұхаммед Нүркенұлы келуі еді. Несібе арта түсті. Атаулы еден төсеме жабындары, ламинат, линолеум, кафель, паркет тасымалдаушы болып, шет елден әрі Қазақстан ішінде Нұр-Сұлтан қаласында дүкендерге таратушы компания бола жүріп, соңында шетелдермен қарым-қатынас жасау арқылы жеке дистрибьюторлық компанияға айналдық. Солайша, Нұр-Сұлтан қаласында қарқынды дами бастадық. Қаладағы еден-төсеме жабындарын таситын компаниялардың үздік ондығына ендік.
      Одан әрі 2020 жылы басында RN Stroy компаниясы дүниеге келді. Басында едәуір жеңіл жұмыстарды атқарушы тәжірибесіз құрылыс компаниясы болды. Кейіннен балабақша, мектеп аулаларын абаттандыру, әрлеу, сәндеу балалар ойын алаңын даярлаушы компания бола бастадық. Уақыт өте келе жұмыстар күрделене түсіп, мектеп балабақша күрделі жөндеу жұмыстарымен айналыстық. Сонымен қатар, үкімет тарапынан халыққа көмектесу бағдарламасы бойынша «Проблемный» нысандардың кешіккен мерзімін қысқартып сол жетегіне жетпей қалған жұмыстарды аяқтадық. Пәтер иелеріне пәтер кілтін табыстап, көптеген халықтың алғысы мен махаббатына бөленіп жүрміз. Қазіргі таңда бір сауда орны мен бір құрылыс компаниясының басшысы болып қызмет атқарып келе жатқан жайымыз бар.
      Мейірімі шексіз Аллаға алғыстан, мадақ мақтаудан басқа айтарымыз жоқ. Өмірлік ұстанымыма кең болсаң кем болмайсың деген қазақтың сөзі айналды. Жиырма жеті жасымда ұлды, қызды болуыма тұрақты табыс көзіне жетуіме бірінші Алла, кейіннен себебі тиген жандар өте көп оларды бөліп жара алмаймын тек алғыс айтамын. Өз сөзімнің соңында жарық нұрлы өмір, жақсы балалық шақ керметтей жұртпен сыйысып кететін мінез қалыптастырып тәрбие бергеніне, білім алу жолымда көп ынта-жігерін жұмсаған ата-анама басымды иіп алғыс айтамын. Мен қажы болған әке-шешемді мақтан әрі үлгі тұтамын. Алдымда туған әпкем Ақбота бар ол кісі де оқуыма көп үлесі болды. Ендігі мақсаттардың бірі артымнан ерген туған екі ініме Өркен мен Нұрсұлтанға үлгілі аға болу. Себебі, олар да ер жетті. Өркен інім биыл «Кибер безопасность» мамандығы бойынша Астана ІТ Экспо-2017 орнына ашылған университетті ағылшын тілінде бітіретін алғаш түлектері. Нұрсұлтан інім Нұр-Сұлтан қаласының дарынды балаларға арналған мектебінің оныншы сыныбын бітіруде. Алға қойған мақсаттары өте көп. Оларды өмір ретімен көрерміз», - деп өткенінен сыр шертіп, сөзін аяқтаған табысты кәсіпкер Нүркен Мұстафаұлы жары Айгерім Сұлтанғалиқызы екеуі шаңырақтың шаттығын кіргізіп, әке аманатын орындап, оларды құрметтеп келе жатқан бақытты отбасы.
      Құрылыс компаниясын заман талабына сай жабдықтармен қамтамасыз етіп, еліміздегі іргелі құрылыстарды жүргізген Нүркен Мұстафаұлы қоғамдық іс-шараларға белсене араласатын белсенді, құрылыс жұмыстары барасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік және еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтайтын абыройлы да сөйлеген сөзі мен атқарған істерінен адалдық сезіліп тұрған құрметке лайықты азамат. Басшы ретінде өзінің ісін үлкен жауапкершілікпен қысқа мерзімде сапалы орындаушылығымен және стратегиялық ойлаушылығымен, бастамашылдығымен және талап қойғыштығымен, үлкен көлемді жұмыс атқару қабілеттілігімен ерекшеленеді. Тапқыр, алға қойған мақсатына қол жеткізуде тез шешім қабылдай алады.
      «Ер – еңбегіне бір тойсын» деген, жергілікті халықпен етене араласып, тонның ішкі бауындай біріге жұмыс жасап, табиғат апаттарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын соза білген, «оң қолым бергенді сол қолым көрмесін» деген ұстаныммен, талай мұқтаждың көмегін өтеген жомарт жүректі жан Нүркен Мұстафаұлы еткен еңбегіне байланысты үкімет, жергілікті әкімшілік, өзге де ұйымдар тарапынан мақтау қағаздарға ие болып, алғыс хаттармен марапатталды. Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Осы сала қарқынды дамыған аймақта жалпы экономиканың барлық бағыттарындағы тірліктің өркен жайып отырғанын аңғаруға болады. Содан болса керек, құрылысты «экономиканың локомотиві» деп атау осы түсінік негізінде қалыптасқан. Бүгінгі таңда заман талабына сай заманауи үлгілермен салынған құрылыс кешендері аймақтың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беруде. Бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері болған Нүркен Мұстафаұлын осы саланың ақтаңгері, құрыш қолды құрылысшы, табысты кәсіпкер деп айтсақ болады.
      Аймақ экономикасының өрлеуіне сеп болып, өркенденуіне үлес қосып келе жатқан іскер Нүркен Мұстафаұлының кәсібіне толғай табыстар тілейміз!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....