Сақтағанова Айзада

Рейтинг:
ӨНЕГЕСІМЕН ӨРКЕНІН ЖАЙҒАН
Әлі орын теппеген, алайда толғандыратын, 
жүзеге асуы мүмкін болып елестейтін мұратты 
жетекшілікке ала отырып, өмір өрістей береді.
 Максим Горький
 
      Жылтыраған дүниеге қызығып құлаш ұрғаннан, ізденіп, қиыннан маржандай білім жинап, тергендер түбінде ұтады. Ол ғылымның жетістігі – бүкіл адамзатқа кемелді жаңалықты жарықтай мәңгі ортаймас бақыт сыйлайтыны белгілі. Кезінде Айзада Әбдірахманқызының жаңашыл, талапшыл, ізденгіштігіне талайлар құмартып, ізіне еріп те жүріп өнеге теріп, үлгі алды. Оған марқайып қызығасың да, өзіндік жолыңды аршып, жақсылыққа құлаш ұра шарықтай ұмтылғың келіп тұрады. Білгенге осы жолды таңдағанның қателеспейтіні белгілі. Айтары бар, өзіндік өмір өрнегі бар, өмірге берері бар жандардың бірі – Сақтағанова Айзада Әбдірахманқызы. 
      Данышпан ұлы ақын Абай айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегі» арқылы өз ой-арманының биігінен табылып, жұрт мақтап, өнеге етіп айта жүретіндей із қалдырып жүрген жаны таза, жүрегі мейірімділікке толы жан үшін азаматтық биіктіктің шыңындай сүйсіне қаратып, ақ бауыр бұлттар төсіне байланған құс қанаты талып ұшып жетпес баянды бақыттай болып көрінеді. Шынында да солай шығар?!
      Біз әңгімемізге арқау етіп отырған Айзада Әбдірахманқызының  өзіне тән әлемі ғибратты, нұрлы да сырлы. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы озат оқушы, үздік студент. Одан соң 38 жылды құраған педагогикалық және еңбек өтілінің 20 жылын балабақшаны басқару ісіне арнаған ұлағатты ұстаз, іскер ұйымдастырушы, білікті кәсіпкер. Сақтағанова Айзада Әбдірахманқызы 1953 жылы 13 наурызда Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келеді.
      1970 жылы А.Иманов атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, білім қуып, Алматы қаласына келеді. Бағы жанып Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түсіп, студент атанады.
      Жастықтың оты жалындап,
      Жас жүректе жанған шақ.
      Талаптың аты арындап,
      Әр қиынға салған шақ, – деп Абай атамыз жырлағандай, жастықтың жалынды шағы Айзада бойжеткенге сүйіспеншілік сезімін сыйлады. Тіршіліктің негізгі тірегі – сүйіспеншілік. Сүйіспеншілік – тіршіліктің сәні мен мәнін келтіретін нұр әрі ең басты қуат көзі. Жарық дүниеде барша кедергі-кесепатты жеңетін күш те осы сүйіспеншілік. Көңілі сүйіспеншіліктің түбіндегі әрбір тасын санап алуға болатын кәусар бұлағынан мейірін қандырған жанның рухы кемелдік көгінде қырандай қалықтап, мәңгіліктің жасыл жайлауына қанат қағады. Айзаданың осындай сезіміне себепші болған – Қызылорда облысының тумасы Нәбиев Амангелді есімді жігіт болатын. Жүрек қалауымен бірін-бірі ұнатқан екі жас 1975 жылы отау құрып, Айзада киелі Жаңақорған ауданындағы Нәбиевтер отбасына келін болып түседі. 
      Айзаданың бағына қарай, оның келген жері де өнегелі, өсіп-өнген ынтымағы жарасқан отбасылардың бірі екен. Оның оқуын әрі қарай жалғастыруына барлық жағдайды қарастырып, оған қолдау мен демеу көрсетеді. Ата-енесінің, жолдасының қолдауының арқасында Айзада 1978 жылы химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша дипломды маман атанып, елге оралады. Келгеннен кейін сәби сүйіп, ана атануына байланысты бір жылдай үйде отырып, 1979 жылы №2 «Балдырған» балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Осы балабақшада бес жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап, ұжымның, ата-аналардың ыстық ықыласына бөленеді.
      Сақтағанова Айзада 1983 жылдан бастап Аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі балалар бөліміне методист болып қызметке қабылданады. Жауапкершілікті терең сезіне білген ізденімпаз А.Сақтағанова осы сала бойынша кейінірек инспектор болып қызмет жасайды. Адал еңбек әрқашан кімнің болса да абыройын арттырады емес пе, Айзада Әбдірахманқызы 1993 жылы №2 «Балдырған» балалар бақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Басшылық қызметтің қыр-сырын меңгеріп, балабақша ісін қолға алуды бастаған кезінде оның алдында үлкен қиыншылық күтіп тұр еді. Қазақстан тарихындағы “тоқырау жылдары” деп аталатын қиын кезеңнің білім саласына да салқынын тигізіп тұрған кезең болатын. 1997 жылы аталған балабақша да жекешелендіруге берілді.
      «Таршылықты көрмеген, кеңшіліктің парқын білмейді» дейді қазақ мақалы. Бала тәрбиелеуде отбасынан кейінгі бала тәрбиесіне жауапты саналатын балабақшаның алатын орны ерекше. Баланы ерте жастан адами құндылықтарға үйретудің адамгершілік, өзін-өзі тану, даралық пен патриоттық негізін қалауға көмектесетінін түсінген Айзада Әбдірахманқызы балабақшаны жекешелендіру жұмысына құлшына кірісті. Ол 1998 жылы балабақшаны жекешелендіріп, кенже қызының есімімен «Меруерт» деп балабақшаны қайтадан ашады.
      Тәрбиенің тал бесігі – балабақша табалдырығынан бастау алып, ізгілік пен парасаттылыққа жол көрсетер іргелі орынның бала тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын есімізден шығармағанымыз жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: "Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларға жақсы білім беріп, тәрбие беруге ұмтылуымыз керек", – деген еді. Қашанда абырой мен бақыт, жаңарулар мен жаңғыртулар  оңайлықпен келе қоймайтыны анық. Қазіргі таңда балабақшада тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтың өз қоғамынан ойып тұрып орын алатындай, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, тәрбиелі, ізетті, көрегенді, жаңашыл болып шығуы үшін балабақша ұжымының қажырлы еңбегі мен үнемі ізденісте болуы қажет деп санаған Сақтағанова Айзада алдына айқын мақсат қойып, ұжыммен бірлескен еңбек арқылы табысқа қол жеткізу үшін жоспар құрып, оны орындауға кірісті.
      «Қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы бар әлеуметтік сұраныс негізі жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруды   қажет етеді. Оның бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру - педагогтардың  және барша халықтың міндеті. Бала бойындағы қабілет нышандарын дамытып, оны қоғамның белсенді мүшесі етіп дайындауда, білім беру мен тәрбиелеуде жеке тұлғаны дамыту қатар жүргізілгенде ғана өз дәрежесінде жүзеге асады. Тәрбие саласындағы басты мақсатымыз-рухани-адамгершілігі терең ұрпақ тәрбиелеу болса, оған апарар жол баланың өзін-өзі тануына, қабілетін ашуына баулу. Өзін-өзі тану арқылы өзгені тануға жол ашып, өмірдегі өз орнын табуға көмектеседі деп ойлаймын. 
      Тәрбие – оқытуға қарағанда әлдеқайда кең ұғым. Тәрбие туралы сөз еткенде, ақыл-парасатқа, қарапайымдылық пен кішіпейілділікке жүгінбесе болмайды. Ақыл дегеніміз – баға жетпес байлық, асыл қасиет. Білім де, тәрбие де сол ақылдан нәр алады. Ақыл мен білім егіз. Екеуінің алмайтын асуы, бұзбайтын қамалы жоқ. Баланың ақылды болуы тиянақты тәрбиеге, көп оқып, көп үйренуге байланысты. Бала өзінің есейгенін, ойлануға, пікір айтуға тиісті екендігін күнделікті балабақша өмірінен сезініп өседі», -дейді тәжірибелі меңгеруші А.Сақтағанова өз ойымен бөлісіп. Иә, бұл пікірді осы балабақшада тәрбиеленіп жатқан 90 баланың ата-анасы да қолдап-қуаттайтыны анық. Себебі, қиын күндерде балабақшаны сақтап қалған, балдырғандарға ұлағатты тәрбие беруде өз ісімен өнеге болып жүрген балабақша меңгерушісі және құрылтайшысы Айзада Әбдірахманқызына олардың айтар алғысы шексіз.
      Адами болмыс-бітімі бөлек, кісілігі мен кішілігі ерек Айзада апай балабақшада ұлағатты ұстаздарды қонақ етуді дәстүрге айналдырған. Сыпайылық, кішіпейілділік, сыйластық бәрі де адам бойындағы асыл қасиеттер болса, бұл кездесулер "үлкен" мен "кіші" арасындағы қарым-қатынастарды нығайтса, екінші жағынан, үлкен тәжірибе мектебі болса, үшіншіден, "Үлкенге-құрмет" деген ұлы сезімді білдіреді. Осындай тәлім-тәрбие мектебінен өткен балабақша тәрбиеленушілері қандай жағдай болмасын  өз кісілігін, адамгершілігін жоғалтпайтыны хақ. 
      «Ақылың астам болғанмен, ойласпай етпе, ісіңді» дегендей басқарып отырған ұжымыңдағы әрбір жанмен тіл табысып, жұмылған жұдырықтай боп, бірлесіп жұмыс істеу ләзім. Бұл жағынан да Айзада Әбдірахманқызының көрегендігіне таң қаласыз. Өзінің қарамағындағы қызметкерлеріне шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың ізденісі мен талпынысына үнемі қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырады. Бүгінде зейнет жасына жеткен балабақша меңгерушісі Айзада Сақтағанова халық үшін қызмет етіп, ел алғысына бөленіп жүрген іскер әйел. 
      Бір орында табан аудармастан жиырма жыл тынбай еңбек етіп,  іскерлігімен, біліктігімен және адамдармен жұмыс істеу мәдениетімен ұжымның зор құрметіне бөленген жан қашан да зор құрметке лайық. Айзада Әбдірахманқызы Сақтағанова еңбек еткен жылдарының барлығында түрлі марапаттар мен мақтауларға ие болған. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Алғыс хатымен», Аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің, облыстық білім бөлімінің, облыс әкімінің «Алғыс хаттарымен», сонымен қатар облыс әкімінің, "Нұр Отан" ХДП аудандық филиалының, Білім басқармасының және Білім беру жүйесіндегі басшы және ғылыми педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру институтының «Құрмет грамотасымен» марапатталып, Қазақстан Конституциясының 10 және 15 жылдығы мерекесіне орай төсбелгі иегері атанып, «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталған, «Ел құрметтісі» деген атақты иемденген.
      Адам қоғамы үй ішінен басталады. Перзент жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Есті тәрбие шаңырақтан басталады. Айзада Сақтағанованың отбасынан тәлімді тәрбие алғанына оның бүгінгі күнгі жетістіктері куә. Әкесі Сақтағанов Әбдірахман шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан, бар күш-жігерін ұстаз болуға арнаған кісі – қызы үшін биік адамгершіліктің символы іспеттес десек, артық айтқандығымыз емес. Кезінде биік шыңдарды бағындырған әкесіне арналған «Ыбырай жолын жалғастырған» деген атпен кітап та жазылған болатын. Білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін Сақтағанов Әбдірахманға "Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі" санаты беріліп, қазіргі кезде бұл құжат мұражайда сақталуда. Ал ардақты анасы 11 баланы тәрбиелеп өсірген, ұл-қыздарының саналы азамат болып өсуіне көп еңбек сіңірген «Батыр Ана» болатын. 
      Айзада Сақтағанқызы өнегелі отбасынан алған тәрбиесін қаймағын бұзбай өз перзенттеріне жеткізе білді. Сонау жетпісінші жылдардан бері өмірдің ащы-тұщысын бірге бөлісіп келе жатқан жолдасы Нәбиев Амангелді екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бала тәрбиелеудің майталманы Айзада Сақтағанова мен медицина саласының маманы Амангелді Нәбиев бүгінде ынтымағы жарасқан мерейлі отбасының түпқазығына айналған. Амангелді Нәбиев Алматы Мемлекеттік медицина институтын бітіріп келгеннен кейін  еңбек жолын аудандық емханада тіс дәрігері болып бастап, кейіннен меңгерушілік қызметке тағайындалған. Жекшелендіру кезеңі басталғаннан кейін, өзі қызмет етіп жүрген мекемені жекешелендіріп, жеке кәсіпкер ретінде жұмысын бастаған. «ҚР жоғары дәрежелі стоматологы» медалімен марапатталған. Отбасындағы әке мен ананың түсінігі, бір-біріне адалдығы мен сыпайы сыйластығы балаларының азамат болып өсуіне ықпал етеді. Жарасымды отбасында тәрбиеленген ұл-қыздары заман көшіне ілесіп, ат жалын тартып мінер азамат атанғаны да рас.
      Отбасының тұңғышы 1975 жылы дүниеге келген Ғалымжан Амангелдіұлы бүгінде өз отбасын құрып, 4 балаға әке атанған. Ол аудандық емханада жоғары дәрежелі уролог-дәрігері болып қызмет етеді. Шаңырақтың үлкен келіні Гүлмира Рахымбердіқызы болса, балабақша меңгерушісі әрі құрылтайшысы. «Біздің халқымыздың балаға деген ықыласы ерекше. Оның үстіне еліміздегі балаларды балабақшамен қамту қажеттілігін баса айтқан сарабдал саясаткер Елбасымыздың бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен   балабақша ашу керек болды. 2005 жылы туылған немеремнің атымен «Бөбек- Арай» деген атау беріп, балабақша аштық. Оған келінім Гүлмира Рахымбердіқызы меңгеруші болды.
      Қазақ халқы - өте данышпан халық, "халық айтса, қалт айтпайды" – демекші, "Келін қайын ененің топырағынан" - деген ұғым бізде кең таралған. Сол сөздің мағынасына  өзім келін болған соң түсіне бастадым. Ол баста, жігіттер өзіне қалыңдық іздегенде, анасына келбеті жағынан да, мінезі жағынан да ұқсас қыз іздейді екен,өйткені әрбір баланың жүрегінің түкпіріндегі идеалы - ол анасы. "Келін қайын ененің топырағынан деген сөз де рас екен. Келінім барлық жағынан көңілімнен шықты, қызметін ойдағыдай алып кетті. Ашылғанына 13 жыл болған  балабақшада бүгінде 40 бала тәрбиеленуде. Алдыңғы қатардағы балабақшалардың бірі. Немеремнің алды Рамазан 8-сынып оқушысы болса, Нұрайлым 6-сыныпта оқиды. Арайлым 4-сыныпта оқып жүр, ал Арман болса 1-сынып оқушысы, 7 жастағы менің тәттім», - дейді бақытты әже  Айзада Сақтағанқызы.
      Отбасының үлкен қызы 1978 жылы туылған Алмагүл Амангелдіқызы жоғары білімді медицина маманы. Ол Қарағанды медицина институтын акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітірген. Алмагүл өз теңін тауып тұрмыс құрған. Жолдасы Әшірбеков Ғалымжанмен бірге Алматы қаласында тұрады. Ғалымжан –заң қызметкері. Екеуі Даниэль есімді атқа мінер ұлды тәрбиелеп отыр.
      1980 жылы туған шаңырақтағы екінші ұл Асылжан Амангелдіұлы жастайынан әділдік жолында қызмет көрсететін заң қызметкері болуды қалады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай заң институтын бітірген Асылжан Нәбиев ел сақшысы қызметін абыроймен атқарып, қазір құрметті демалысқа шыққан. Гүлмира есімді жұбайынан Жансая және Мырза есімді балалары бар.
      Отбасының кенжесі Меруерт Амангелдіқызы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін есепші-экономист мамандығы бойынша бітіріп, Алматы қаласында «Сбербанкте» бас бухгалтер қызметін абыроймен атқарып жүр. Меруерт те отбасылы болған. Жолдасы Алмат та жеке шаруашылық серіктесігінде бас есепші. Жарасымды жұп отбасында Аружан, Маржан, Раяна есімді қызғалдақтай үш қызды тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
      «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген халық даналығы тағы бар. Ұл қыздарымыздың бәрі өте жақсы оқыды, жоғары білім алды, үмітімізді ақтады.Басқалар да осындай жақсы перзент тәрбиелесін деп тілеймін. Бойларына табиғат дарытқан киелі қасиеттерін өз дәрежесінде ақыл-ойға салып, жастарға үлгі боларлықтай тірлік істеп жүрген қарияларымыз аман болсын. Әр отбасының ұрпақтары: үлгі, өнегелі істерімен, ақыл-ой парасатымен, білімділіктерімен халық алдында көріне білсе, біздің мемлекет дүние жүзінде алдыңғы қатарлы мемлекет қатарына қосылады. Үлгі, өнегелі қағиданы әрдайым есте сақтаңыздар, күнделікті тұрмыста пайдаланыңыздар. Жақсы күндеріміз алда, әрі көп болса екен,-дейді Айзада ана толқи-тебірене сырын жайып.
      Жас ұрпақтарға өнеге-үлгі сөзімен, ісімен, ақыл-парасатымен тәбие беріп жүрген өз ісінің шебері Айзада Әбдірахманқызы Сақтағанова «Егер сіз бір жылдық өміріңізді ойласаңыз, онда арпа ек, егер мыңжылдық өміріңізді ойласаңыз, онда ағаш ек, ал, ғасырлық өміріңізді ойласаңыз, онда бала тәрбиеле» деген ұлағатты ұғыммен өмір сүріп келеді. Жүрегі жұмсақ, қоршаған ортаға көз алартпай аяушылықпен қарайтын, адамгершілігі мол, сана-сезімі жоғары, елжанды, ұлтжанды, отансүйгіш, талапшыл, табанды ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек етіп жүрген қадірлі жанға біз де елдің бағы мен бақытына орай аман-сау болып, халқыңызға қызмет етіп жүре беріңіз деген тілегімізді жеткізгіміз келеді. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости