Ерлердің ісін еңсере білген жан
Бүгінгі қоғамда ерлер немесе әйелдерге арналған мамандықтардың шекарасы жойылуға шақ қалған. Ер-азаматтар нәзікжандылардың
![]()
жұмысын шебер меңгерсе, арулар да ауыр саналатын тірліктің бел ортасында жүріп, өз істерінің үздіктері екенін дәлелдеуден қалыс қалып жатқан жоқ десек артық айтпағандығымыз. Сондай сала қызметкерінің бірі - «Сәт-Сервис» ЖШС-нің құрылыс фирмасының құрылтайшысы әрі басқарушысы – Иманова Роза Сәдібекқызы.
Роза Сәдібекқызы 1960 жылдың қазан айының 26 жұлдызында Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты 1 Май ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз аталмыш ауылда орналасқан № 141 мектепке оқуға барып, мектеп қабырғасын 1974 жылы үздік тәмамдап шығады. Сол жылы болашақ мамандығына таңдау жасап, Қызылорда қаласында орналасқан іргелі оқу орны Политехникалық техникумына оқуға түсіп, «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығын 1978 жылы алып шығады.
Құрылыс – жұмысы ауыр, жауапкершілігі жоғары, тек ер азаматтарға арналған мамандық сынды. Соған қарамастан Роза ханым 1979-1994 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы СПМК-1 мекемесінде өндірістік-техникалық бөлім инжинері, одан әрі бөлім бас-тығы, бас инженер қызметтерін абыроймен атқарады. Өндірістен қол үзбей жүріп кейіпкеріміз 1986-1991 жылдар аралығында Жамбыл гидромелиоративтік институтының «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша жоғарғы білім алып шығады.
«Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес». Бұл Елбасының әйелдердің қоғамдық істердегі белсенділігіне берген бағасы. Бұл сөздердің нағыз иесі екенін дәлелдей түскен кейіпкеріміз 1994-2002 жылдар аралығында «Дәнекер» АҚ вице-президент қызметін атқарады. Роза Сәдібекқызы ғұмыр жолында биік белестерді бағындыра білген нәзік жанды. Бүгінгі таңда кейіпкеріміз 2002 жылдың қаңтар айында құрылған «Сәт-Сервис» ЖШС-нің құрылтайшысы, әрі директоры қызметін атқарып келеді.
Нәзік болмысымен мейірімді жүрегін, аялы алақанын қиналған жанға тосатын кейіпкеріміз қайырымдылық жасауға қашанда даяр тұрады. Ел экономикасының дамуына барынша үлес қосып, нәтижесінде ерен еңбегі бағаланып, Сыр өңірінде еңбегі сіңген азаматтар мен
![]()
азаматшалардың арасында 5 номинация бойынша ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» сыйлығының жеңімпазы атанды. Байқаудың «Туған өлке» аталымы «Сәт-Сервис» ЖШС директоры Роза Имановаға бұйырды. Роза Сәдібекқызы туған жерімізді түлетуге айрықша үлес қосып, қаламыздағы 10 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, халық арасында ұйымдастырылған қайырымдылық шараларына белсене қатысып, әлі күнге дейін демеушілік көрсетіп келеді.
Көптің құрметіне бөлену дегеніміз елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе. Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені, адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін жан мойнына алады. Оның сол іске деген махаббатын жауапкершілік жүгін жүрексінбей арқалағанынан-ақ байқайсың. Демек, Роза Сәдібекқызы өзінің асыл арманына қол жеткізіп, мақсатын орындады. Ата-анасының алдында перзенттік борышын өтеп, елінің алдында адал еңбегінің лайықты бағасын алып, алғысына бөленді. Адам үшін бақ пен бақыт осы болса керек-ті. Басқалардың бақыты үшін уақытын аямайтын аяулы жанның ең қымбат марапаты да осы.
Роза Сәдібекқызына алдағы уақытта шығармашылық табыс, еңбек жолында талмас қанат, отбасына береке-бірлік тілейміз!
![]()
![]()